Accessibility links

Бішкек пен Душанбе қайтадан Қытай ақшасына үлкен жобалар бастамақ. Оның шарттары қандай?


Қырғызстан президенті Садыр Жапаров (сол жақта) пен Қытай басшысы Си Цзиньпин.
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров (сол жақта) пен Қытай басшысы Си Цзиньпин.

Орталық Азиядағы экономикасы әлсіз қос мемлекет – Тәжікстан мен Қырғызстан Қытайдың миллиардтаған инвестициясы келеді деп дәмеленіп отыр. Бірақ олардың инвестициялық арманы "қарыз тұзағына" апарып соқпай ма?

Кейінгі 20 жылда Қытай Орталық Азия елдері үшін тікелей шетелдік инвестиция көзі болып келді. Осы кезеңнің орта тұсында өңірдегі ең кедей екі ел – Қырғызстан мен Тәжікстан Қытай стратегиялық инвестициясына қарық болған. Қытай компаниялары осы кезде көлік және энергетика саласындағы инфрақұрылымды күрделі жөндеуден өткізу, астаналарда электростанция салу немесе бар нысанды жаңарту, табысты кен орындарын сатып алу жөнінде келісімдерге қол қойған.

Мұндай келісімшарттар көбіне Қытайдың мемлекеттік банктерінен берілетін несиемен қатар жүрді. Бұл Пекиннің "Бір белдеу, бір жол" жобасы аясында жүзеге асты. Кей келісімдер 2013 жылы Қытай басшысы Си Цзиньпин "Бір белдеу, бір жол" инвестициялық бастамасын жарияламай тұрып-ақ жасалған.

Бірақ кейінгі жылдары Пекин қатысқан ірі жобалар байқалмады.

Жақында Қырғызстан мен Тәжікстан Қытайдың жаңа инвестициялық бастамасына қызығушылық білдіріп отырғанын хабарлады. Қос мемлекетті қызықтырған жобалардың бірі – миллиардтаған қаржы жұмсалатын Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан темір жолы. Бұл бастама Пекиннің өңірдегі ең ірі жобаларымен таласқа түсе алады.

Мұның бәрі жақсы, әрине, бірақ Қырғызстан мен Тәжікстан инвестициядан пайда көріп, қарыз тұзағын айналып өте ала ма?

ҚЫТАЙ НЕГЕ ТЕМІР ЖОЛ САЛҒЫСЫ КЕЛЕДІ?

2010 жылы Қырғызстанда болған екінші революциядан кейін Қытайдан жүздеген миллион тікелей шетелдік инвестиция тартылды.

Ең сәтті жобалардың бірі – құны 400 миллион доллар болатын, елдің солтүстігі мен оңтүстігіндегі электр желілерін байланыстыратын "Датқа Кемин" жобасы болды. Жоба құрылысы 2015 жылы аяқталды. Осыдан кейін инвестициялық құлдырау басталды.

Кей сарапшылар мұны Қырғызстандағы қауіпсіздік мәселесімен байланыстырады. Бұл әсіресе, тау-кен өнеркәсібіне кері әсер етті. Бірақ қытай инвестициялары үкіметтің ұлттық деңгейдегі жоспарларының көбін жүзеге асыруға көмектескенін атап өту керек.

1990-жылдан бері талқылаудан әрі аспаған жобаның бірі Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан темір жолы еді. Жобаны қолдаушылар темір жол құрлықаралық саудаға елеулі өзгеріс әкеледі деп сенеді.

Қырғызстан, Қытай және Өзбекстан өкілдері үш елді қосатын темір жол құрылысы туралы келісімге қол қойып жатыр. Пекин, 6 маусым 2024 жыл.
Қырғызстан, Қытай және Өзбекстан өкілдері үш елді қосатын темір жол құрылысы туралы келісімге қол қойып жатыр. Пекин, 6 маусым 2024 жыл.

Бұл Қазақстан, Ресей және Беларусь арқылы өтетін жолдармен салыстырғанда, Қытай мен Еуропа нарығын байланыстыратын ең жылдам дәлізге айналуы мүмкін.

Осы айда Азаттықтың Қырғыз қызметіне берген сұхбатында Орталық Азияны зерттеуші Дэвид Канкарини Пекин үшін Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан темір жолының маңызы артқанын, өйткені санкция қаупіне байланысты дәстүрлі дәліздер арқылы тауар тасымалдау қиындап бара жатқанын айтты.

Әзірге құрлық жолдардың бәрі жұмыс істеп тұрғанымен, "Қытайға Шығыс пен Батысты жалғайтын, Ресей арқылы өтпейтін жол табу маңызды болды", – дейді Канкарини.

Пекин дәл осы логикамен қытай тауарларын Қазақстан арқылы Кавказ, Еуроодақ елдеріне шығаратын "Орта дәлізге" инвестиция құя бастады.

Темір жолдың Қырғызстандағы бөлігі – 300 шақырым. Бұл жол таулы өңірді басып өтетіндіктен, оны салуға әдеттегіден көп қаржы кетеді деп күтілген.

Сондықтан 6 маусымда Пекинде Қырғызстан, Өзбекстан және Қытайдың өкілетті тұлғалары видеобайланыс арқылы сөйлесіп, жобаны талқылауы "үлкен прогресс" деуге болады.

Кездесуден кейін бір аптадан соң, Қырғызстан министрлер кабинетінің төрағасы Ақылбек Жапаров "[Өзбекстан мен Қырғызстанның] көлік министрлері мен Қытайдың даму және реформа бойынша мемлекеттік комитетінің төрағасы келісімге отырып, жобаның қаржылық моделін мақұлдады. Инвестор табылды. Құрылыс тамызда басталады", – деді.

Бірақ "инвестор табылды" деген сөзді тереңірек зерттеу керек.

Пекинде жасалып, кейін Жогорку Кенеште жарияланған келісім өте маңызды, өйткені онда қаржылық жауапкершілік қалай бөлінетіні анық жазылған.

Құжатқа сәйкес, үш мемлекет бірлескен кәсіпорын құрады. Компанияның 51 пайызы – Қытайға тиесілі. Өзбекстан мен Қырғызстан қалған акцияны 24,5 пайыздан бөліп алады.

Бішкектің есебінше, Қырғызстан арқылы өтетін темір жолға 4,5-8 миллиард доллар аралығында қаржы кетеді. Жапаровтың өзі де көбірек соманы атап отыр.

Келісімде жоба құрылыс-пайдалану-өткізу моделі бойынша жұмыс істейді делінген. Бұл шарттар Қырғызстан мен бірлескен кәсіпорын арасында шешіледі. Ал бірлескен кәсіпорында Қытай шешуші рөлге ие екенін ұмытпайық.

Жоғарыда аталған принцип теориялық тұрғыда, Қырғызстанды шектен тыс қарыздан қорғауға тиіс. Бірақ іс жүзінде Бішкек құрылысқа кеткен шығындарды толық өтемейінше, темір жолдың транзиттік төлемдерінен түсетін табыстың бір бөлігінен қағылуы мүмкін.

Құрылыс жобасында 50-ге жуық туннель, 90 көпір салынады деп жоспарланған. Кей көпірлер 3000 метр биіктен өтеді. Осыны ескерсек, Қырғызстан қазынасынан шетке кететін табыс көлемі әлдеқайда көп болуы ықтимал.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров (Ақылбек Жапаровтың туысы емес) маусымда өткен шарада темір жолдан жылына 200 миллион доллар табыс түседі деді.

Ресми дерек бойынша, Қырғызстан жобаға 600 миллион доллардай қаржы құюы керек. Шамасы Бішкек бұл үшін Қытайдан несие алады, ал қарыздың қандай шартпен берілетіні белгісіз.

Бірақ Пекиннің саяси еркі бәріне аян.

Осы айда жергілікті ақпарат құралдары Қытайдың сыртқы істер және сауда министрлігі Қырғызстанның "қауіп рейтингін" орташа деңгейге түсіріп, елдегі 7 өңірдің темір жол өтпейтін екеуін ғана "қаупі жоғары" тізімде қалдырғанын жазды.

Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан темір жолы – Қытай мен Қырғызстанның қатысуымен жүзеге асатын ең ірі, әлеуеті жоғары жобалардың бірі.

Бішкек Қытай елдегі басқа жобаларды да қолға алады деп үміттенеді.

Қазанда Ақылбек Жапаров "Қамбар ата –1" cу электр станциясын салуда Қытайдың көмегінен үмітті екенін жеткізген. Қуаты 2000 мегаватқа жететін нысан құрылысына 3 миллиард доллар кетеді деп жоспарланған.

Жапаров бұдан көлемі кіші "Жоғарғы Нарын" су электр станциясына 10 жыл бұрын 700 миллион доллардан аса қаржы жұмсалғанын атап өтті.

Бұл жобалар басында ресейлік инвесторларға арналған еді. Бірақ Бішкек келіссөздерде ілгерілеу жоқ деп, олармен жұмыс істеуден бас тартты.

20 маусымда Ақылбек Жапаров парламентте сөйлеген сөзінде "Қамбар ата-1", темір жол сияқты жобалар Қырғызстанның даму траекториясын өзгертеді деп, президент Жапаровты алысты болжай білетін Ресей патшасы І Петрмен салыстырды.

Министрлер кабинетінің төрағасы Қытаймен бірлескен жобалар мемлекеттік қарызды арттырады дегенді жоққа шығарды. Бірақ сөзіне айғақ келтірмеді.

Тамызда Жапаров Қытайдың Қырғызстандағы елшісі Ду Дувэнмен Пекиннің Сары жаз өзеніндегі гидроэнергетикалық нысанға инвестиция салу ықтималдығы туралы келіссөз жүргізген. Алты блоктан тұратын, қуаты 1100 мегаватт болатын нысан салу идеясы Совет Одағы кезінде айтылған.

Тәжікстанда жақын арада күн панельдері орнатыла ма?
Тәжікстанда жақын арада күн панельдері орнатыла ма?

ТӘЖІКСТАН

Кейінгі кездері Қытай инвестициясы Тәжікстанда да жиі атала бастады.

Тәжікстандағы инвестиция және мүлікті басқару мемлекеттік комитетінің дерегінше, 21 маусымда Душанбеде өткен форумда қытайлық инвесторлар ел экономикасына 500 миллион доллар салуға уәде берген.

Инвесторларға тартымды көрінген жобалар қатарында Худжанд қаласындағы темір өңдеу зауытын салу, бас стадионды жөндеу, жергілікті такси қызметіне қытайлық электромобильдер сатып алу сияқты бастамалар бар.

АҚШ мемлекеттік департаменті Тәжікстанды Қытайдың "Бір белдеу, бір жол" жобасы аясында "түсініксіз несиелерге батқан ел" деп сипаттайды. 2023 жылғы инвестициялық климат туралы ақпаратқа сәйкес, Тәжікстанға келген тіке инвестицияның 99,8 пайызы Қытайға тәуелді.

Қытай президенті Си Цзиньпин (оң жақта) мен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон құжатқа қол қою рәсімінде. Пекин, 31 тамыз 2017 жыл.
Қытай президенті Си Цзиньпин (оң жақта) мен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон құжатқа қол қою рәсімінде. Пекин, 31 тамыз 2017 жыл.

Қытай компаниялары Тәжікстан мен Ауғанстан шекарасына жақын маңда күн электр станциясын салуға 1,5 миллиард доллар салуы керек.

Тәжікстанның экономикалық даму министрлігі мамырдың соңында айтқан инвестициялар төрт кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде 150 мегаваттқа 150 миллион доллар бөлінеді.

Бұл жоба аяқталса, Қытайдың қаржылай қолдауымен салынған басқа нысандарды, мысалы, 2016 жылы пайдалануға берілген Душанбе ГЭС-2 электр станциясын басып озады. Ол кезде құрылысқа 350 миллион доллар жұмсалған еді.

Тәжікстанда электр энергиясы тапшы, сондықтан жарық жиі өшеді.

Дүниежүзілік банк есебінше, 2013 жылы қыс мезгіліндегі электр энергиясының тапшылығы 200 миллион доллар шығын келтірген. Бұл – жылдық жалпы ішкі өнімнің 3 пайызы.

Қытай инвестицияларының соңғы раунды Тәжікстанның мемлекеттік қарызы көбейген кезге тұспа-тұс келіп отыр.

Душанбе Эксимбанкке 900 миллион доллар қарыз. 2022 жылы 1,4 миллиард доллар қарыз еді. Тәжікстан қаржы министрлігінің дерегінше, 2025 жылы Эксимбанктің несиелерге арналған жеңілдік кезеңі аяқталады.

Тәжікстандағы Рогун су электр станциясының бөгені Душанбеден солтүстік-шығысқа қарай 100 шақырым жерде орналасқан.
Тәжікстандағы Рогун су электр станциясының бөгені Душанбеден солтүстік-шығысқа қарай 100 шақырым жерде орналасқан.

2027 жылы 7 пайызбен 500 миллион доллар болатын еурооблигацияларды төлеу алдағы жылдары Тәжікстанның көпмиллиардты сыртқы қарызының қызмет көрсету құны кемі 2 есе өсетінін білдіреді.

Еурооблигацияларды сатудан түскен ақша ұлттық бюджетке салмақ салып отырған Рогун бөгетіне жұмсалады. Шенеуніктер есебінше, бөгет құрылысын аяқтауға әлі 5 миллиард доллар керек.

Бұл жобаны өзі басым рөлге ие қаржы ұйымы арқылы Қытай да қолдап отыр.

Былтыр мамырда Тәжікстанның президент әкімшілігі Азияның инфрақұрылымдық инвестициялар банкі Рогун ГЭС құрылысына 500 миллион доллар көлемінде несие беретінін хабарлады. Бұл банк акциясының 30 пайызы Қытайға тиесілі. Пекин банкте 26,5 пайыз дауыс беру құқығына ие.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG