Accessibility links

Олимпиада чемпионы, танымал әнші және неміс турисі. Өзбек билігі тағы кімнің сақалын күштеп алдырды?


Орталық Азия елдерінің билігі сақалды ислам дінін берік ұстану деп қабылдайды.
Орталық Азия елдерінің билігі сақалды ислам дінін берік ұстану деп қабылдайды.

Өзбек шенеуніктері елде сақалға қарсы науқан жүргізіп, ер адамдарды қырынуға мәжбүрлеп жатыр. Тіпті Париж Олимпиадасына қатысқан өзбек спортшыларынан да президентпен видео-конференцияда сөйлесер алдын сақалын алуды талап еткен. Елдегі танымал әншіні сақалы үшін телеарнаға шығармай қойған.

Жақында Ташкентте үш адам – олимпиада чемпионы, атақты әнші және Батыстан келген турист – сақалға қарсы науқанға ілікті.

Париж Олимпиадасының чемпионы спортшылар болып президент Шавкат Мирзияевпен видео арқылы сөйлесер алдын сақалын алып тастау жайлы бұйрық түскенін айтады.

Азаттықтан аты-жөнін жасырып беруді сұраған олимпиада жеңімпазы әлгі бұйрық түскенде спортшылар әлі Францияда жүрді дейді.

Өзбекстанның ақпарат құралдары биліктің сақалға қарсы қуғын-сүргін науқаны аясында жақында бірнеше жас азамат қоғамдық орында "түр-әлпетін тануға кедергі келтіретін" сақалмен жүргені үшін әкімшілік сотқа тартылғанын жазды.

Құқық қорғау органдарының тапсырмасымен көп адамның сақалын полиция бөлімшесінде күштеп алып тастаған.

Азаттық қолында сол сәттен түсірілген бейнематериалдар бар. Онда биліктен зардап шеккен азаматтардың көбі қарапайым мұсылман, қоғам белсенділері және өнер қайраткерлері екені көрінеді.

Неміс туристің әлеуметтік желідегі жазбасына қарағанда, өзбек полициясы сақалы бар шетелдіктерге де шүйлігуі мүмкін.

Турист өзін Ташкентте полиция тоқтатып, үш жыл өсірген ұзын сақалын алып тастауды талап еткенін айтады.

– Ештеңе түсіндірместен, полиция бөлімшесіне апарды, – дейді турист. – "Сақалыңды не өзің аласың, не күштеп алып тастаймыз" деді.

Неміс турисінің жазуынша, өзбек полициясы одан сақалын қыруды талап еткен.
Неміс турисінің жазуынша, өзбек полициясы одан сақалын қыруды талап еткен.

Азаттық бұл жағдайдың рас-өтірігін тексере алмайды. Бірақ кейінгі жылдары Өзбекстанда ондаған жергілікті тұрғында осыған ұқсас жағдай болған. Құқық қорғау ұйымдары 2016 жылы Мирзияев билікке келгенде басталған дін еркіндігі саласындағы азын-аулақ реформаның өзі жүзеге аспай қалды деп сынайды.

Құқық қорғаушылар полиция Ташкент пен Наманғанда сақалды кісілерді ұстап, күштеп сақалын алғызып тастаған деп мәлімдеді. Билік бұл айыптарды жоққа шығарды.

Орталық Азия елдерінің билігі сақалды ислам дінін берік ұстану деп қабылдайды.

Ұлттық телерадиокомпанияның ресми өкілі Азаттыққа анонимді түрде телеарнаға сақалды әншілердің шығуына бейресми тыйым барын айтты. Бұл тыйым мемлекеттік және жеке меншік арналарға қатар жүреді.

Шенеуніктің сөзінше, жақында поп әнші Шохжахон Жураев сақалы үшін Zor TV арнасындағы ән байқауынан шеттетілген.

"Жураев сақалын алып тастап, шоуға қазылар мүшесі болып оралды", – дейді шенеунік.

Концертте Жураев тыңдармандарына әншілерді сақалымен телеарнаға шығармайтындықтан, имиджін өзгертуге тура келгенін айтты.

Әншінің әлеуметтік желідегі суреттеріне қарағанда, ол бұрын арасында қысқа сақал-мұртпен жүрген.

ЗАҢ НЕ ДЕЙДІ?

Өзбекстанда сақал өсіруге тыйым салатын заң жоқ.

Полиция сақалға қарсы күресінде адамның түр-келбетін анықтауға кедергі келтіріп, бетті жауып алуға тыйым салатын жаңа заңға сүйенеді. Бұл заң 2023 жылы қазанда әкімшілік жауапкершілік туралы кодекске толықтырулар енгізілгенде күшіне енген.

Заңды бұзғандарға 5,1 млн сумға дейін (шамамен 400 доллар) айыппұл салынады. Ресми дерек бойынша, Өзбекстандағы орташа жалақы – небәрі 4,9 млн сум (390 доллар).

Құқық қорғау органы қызметкерлерінің талабын орындамағандарға қарсы "бұзақылық" және "полицияға қарсылық көрсету" баптары бойынша қосымша айыптар тағылады.

Мирзияев билікке жаңа келгенде, бұрынғы президент Ислам Каримовтың тұсындағы дін еркіндігін басып-жаншу тоқтағандай көрінген.

Мирзияев Каримов кезінде бейбіт діни көзқарасы үшін түрмеге жабылған жүздеген адамды босатып, мыңдаған адамды қауіпсіздік қызметінің "ықтимал діни экстремистер" деп аталатын қара тізімінен шығарды.

Бірақ кейінгі жылдары Өзбекстан үкіметі дін еркіндігі кеңейеді деген уәдесін орындамағаны үшін сынға қалып отыр.

Халықаралық Human Rights Watch ұйымы былтырғы есебінде "Өзбекстан үкіметі дін еркіндігін шектеп отыр, билік әлі де заңды түрде діни көзқарасын білдіруді "экстремизм" деп санайды" деп жазады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG