Accessibility links

Швейцарияға жеткен қазақ пен өзбектің алтыны Ресейдікі ме?


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Осы аптада Батыс басылымдары Қазақстан мен Өзбекстан соғыс басталғалы Швейцарияға алтын экспортын күрт арттырғанын жазды. Шетелдік сарапшылар "екі ел санкцияға іліккен Ресейдің алтынын қоса тасымалдап жатқан болуы мүмкін" деп топшылайды. Одан бөлек басылымдар Ресейдің "Росатом" мемлекеттік корпорациясы Орталық Азияда өзінің ядролық реакторларын ілгерілетіп жүргеніне, ондағы халықтың алаңдаушылығына тоқталған. Тағы бір басылым Астанада өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындары "түркі елдерінің бірлігін көрсетіп, халықаралық аудиторияға қазақ мәдениетін таныстырды" деп жазды.

КҮРТ ӨСКЕН АЛТЫН ЭКСПОРТЫ КҮМӘН ТУДЫРДЫ

Ресей Украинаға басып кіргелі Қазақстан мен Өзбекстан Швейцарияға алтын экспортын күрт арттырған. Мұны зерттеген Швейцариядағы Swissinfo порталы "алтынның бір бөлігі санкцияларды айналып өтіп, жасырын жолмен Ресейден келуі мүмкін" деген қорытындыға келген.

Ұлыбритания мен Швейцария сапасы жоғары саналатын Ресей алтынын сатып алатын негізгі нарық еді. Бірақ 2022 жылдың ақпанында Мәскеу Украинаға қарсы соғыс бастаған соң, Батыс елдері Ресейден бағалы металл сатып алуға тыйым салды. Бұл Қазақстан мен Өзбекстан сияқты елдерге көбірек алтын экспорттауға жол ашты. Дегенмен бұл мемлекеттердің алтын экспортын күрт арттыруы күмән тудырады.

Ресейлік алтын өңдеу зауыты.
Ресейлік алтын өңдеу зауыты.

Швейцарияға алтын қайдан келіп жатқанын сауда және кеден мәліметтері арқылы алты ай бойы зерттеген Swissinfo журналистері – Доминик Согель мен Полин Турбан Қазақстан мен Өзбекстан былтыр өздері өндірген көлемнен асып түсетін алтын жөнелткенін анықтаған. 2023 жылы Ұлыбритания Қазақстаннан – 220 тонна, ал Швейцария 59 тонна алтын импорттады. Бірақ Қазақстан былтыр 130 тонна алтын өндірген. Сол жылы Өзбекстаннан Швейцария – 100 тонна, Ұлыбритания 40 тонна алтын импорттаған. Алайда Өзбекстанның ол кезеңде өндірген алтыны 100 тонна еді.

Сонда артық алтын қайдан шықты? Журналистер мұны түсіну үшін осы елдердің орталық банктері сатқан алтын көлемін есепке алған. Өзге елдердің орталық банктері өз активтерін сатпай ұстап отырғанда, Қазақстан мен Өзбекстанның бас банктері кейінгі кездері алтынның ірі сатушысына айналды. "Кейінгі жылдары олар бірталай резерв жинағандықтан, алтынның қымбат бағасынан пайда көріп жатқандай" деп жазады авторлар.

Swissinfo ашық деректер, компаниялар мен сала бойынша сарапшылардың мәліметіне сүйеніп, Қазақстан мен Өзбекстан 2023 жылы елде өндірілгеннен және орталық банктер сатқан көлемнен әлдеқайда көп алтынды сыртқа экспорттады деген қорытынды жасаған. Өзбекстан мен Қазақстанның орталық банктері ақпараттық порталдың сұрақтарына жауап бермеген.

Алтын өндіретін зауыттағы жұмысшы.
Алтын өндіретін зауыттағы жұмысшы.

Алтынның халықаралық саудасын бақылайтын не реттейтін ұйым жоқ. Лондондағы бағалы металдар нарығы қауымдастығы (London Bullion Market Association; LBMA) – қадағалаушы органға ұқсас, алтын нарығын бақылайды, бұл органға инвесторлар мен орталық банктер жүгінеді. Орган сапа стандарттарын белгілеп, жоғары сапалы алтын құймаларына сертификат береді, алтын аффинажерларының тізімін басқарады. Алтын тасымалдау үшін ұйымның аккредитациясын алған алтын аффинажерларының тізімінде Қазақстанның екі, Өзбекстанның екі зауыты бар. Бұлардың үшеуі Swissinfo жолдаған сауалға жауап бермеген. Қазақстанда бағалы металдардың ең ірі өндірушісі Kazzinc компаниясы сұрақтарды компанияның негізгі акционері − Швейцариядағы Glencore трансұлттық компаниясына бұрған. Glencore жылдық есептерге сілтеп, нақты сұрақтарға жауап беруден бас тарқан.

Лондондағы бағалы металдар нарығы қауымдастығының бас техникалық директоры Нил Харби "екі ел өндірген және сатқан алтын көлемінің арасында айырма жоқ" дейді. Харби мәліметтер базасында Қазақстан мен Өзбекстаннан Швейцарияға Ұлыбритания арқылы реэкспортталған бір алтын екі рет саналған болуы мүмкін дейді. Басылым олай санаған күннің өзінде алтын көлемі бәрібір артық шығып тұр деп жазады. Харбидің ойынша, тағы бір ықтимал себеп, алтын құймасы импортталған жыл мен құйма өндірілген жыл әртүрлі болуы мүмкін. "2022 жылы импортталған құйманың бәрі 2022 жылы шықпаған, құймада алдыңғы жылдар көрсетілген" дейді ол.

Бірақ екі ел Швейцарияға тасымалдаған алтынның бір бөлігі Ресейде өндірілген деп топшылайтындар да бар. Базель университетінің қылмыстық құқық профессоры, Швейцариядағы алтын өндіру өнеркәсібі жайлы кітап жазған Марк Пит Орталық Азиядағы екі ел Ресей алтынан реэкспорттап отыр деп пікір айтқан.

Ресейлік алтын құйма.
Ресейлік алтын құйма.

"Украинада соғыс басталғанда Швейцарияға алтын импорты күрт артқан себеп, екі елге (Қазақстан мен Өзбекстанға) Ресей алтыны тасымалданған, кейін ол алтын Ұлыбритания мен Швейцарияға жөнелтілген" дейді Пит.

Астана бұған дейін бірнеше рет "Қазақстан Ресейге санкцияны айналып өтуге көмектеспейді" деп мәлімдеген. Бірақ осыған дейін ел ішінде соғыстан соң құрылған бірнеше жеке компания Ресейге реэкспорт жасаумен айналысып отырғаны анықталып, АҚШ пен Еуропа одағының санкциясына іліккен. Қазақстандық экономистер "Қазақстан мен Ресейдің еркін сауда айналымы бойынша келісімі сауда-саттықты жіті бақылауға кедергі келтіріп отыр" дейді.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ МЕН "РОСАТОМ"

Eurasianet басылымы Ресей Орталық Азияда өзінің атом электр станцияларын ілгерілетіп жүргеніне назар аударды.

"Кремльдің Украинадағы соғысын қолдау үшін ақша табуға үмітті Ресейдің "Росатом" мемлекеттік корпорациясы ядролық энергия Орталық Азияның энергетика проблемасына экологиялық шешім бола алады деп сендіреді. Бірақ Ресейдің АЭС-ті пайдалану ережелерін бұзуы Орталық Азия халқын Ресей ядролық технологиялары қауіпсіз және экологиялық таза деп сендіру әрекетін жоққа шығарады" деп жазады мақала авторы.

Орталық Азияның энергетика инфрақұрылымы тозып, аймақта электр энергиясының тапшылығы байқалып жатыр. Қазақстан, Өзбекстан мен Қырғызстан ядролық энергия бұл проблеманы шешуге көмектеседі деп есептейді. Бірақ аймақ қауіпті сейсмикалық аумақта орналасқандықтан, жұрт АЭС қаншалықты қауіпсіз деп алаңдайды.

Қырғызстанның Kaktus Media басылымына берген сұхбатында "Росатом Қырғызстанның" бас директоры Дмитрий Константинов Ресейдің атом реакторлары қауіпсіз дегенге сендіреді.

"Өңір қауіпті сейсмикалық аймақ саналғандықтан атом станциясының қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуіміз керек. Ресейдің реакторлары [қауіпсіздік нормаларына] толық сәйкес келеді» деді ол.

Константиновтың айтуынша, "Росатом" Орталық Азияда қуаты төмен, шағын РИТМ-200H деп аталатын реакторлар салмақ. Оның сөзінше, бұл реакторлар 8 балдық жер сілкінісі кезіндегі апаттардан қорғай алады.

"Росатомның" Венгрияда салып жатқан АЭС құрылысынан көрініс.
"Росатомның" Венгрияда салып жатқан АЭС құрылысынан көрініс.

Константинов "Росатом" Қырғызстанда алты РИТМ-200H реакторымен 60 жылға дейін жұмыс істей алатын, қуаты жылына 330 мегаватт АЭС салу бойынша келісімге келуге жақын» дейді. Қырғызстан парламенті биыл уран өндірісін жаңарту туралы заң жобасын мақұлдаса да, ресми тұлғалар АЭС салу туралы ешқандай жария мәлімдеме жасамаған.

Маусым айында Өзбекстан мен Ресей қуаты төмен алты реактор АЭС салу туралы келісімге қол қойды. Әр реактор 55 МВт электр энергиясын өндіреді. 6 қазанда Қазақстанда АЭС салу туралы референдум өтеді. Қазақстанның лауазымды тұлғалары референдумда халық АЭС-ті қолдаған жағдайда оны кім салатынын әзірге ашып айтпады.

Басылым Ресей ядролық реакторлары халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сай болса да, бұл ел станцияны пайдалану мен радиоактивті қалдықтарды жою ережесін бұзғанына тоқталады. Мысалы, 2023 жылдың аяғында "Росатом" "Академик Ломоносов" атом электр станциясына ядролық отынның жаңа партиясын жеткізу үшін қауіпсіздік ережелерін бірнеше рет бұзған жүк кемесін пайдаланды. Былтыр сәуір айында Қиыр Шығыстағы Хабаровск қаласында радиацияның шығуына байланысты төтенше жағдай жарияланған.

"Ресейдің пайдаланған ядролық отынды утилизациялау жағы да ақсап тұр. Мәскеу бар ресурсын Украинадағы соғысқа жұмсағандықтан, мемлекеттің Арктиканы ядролық ластанудан тазарту әрекеті тоқтап қалған" дейді мақала авторы.

ТҮРКІ БІРЛІГІ МЕН ҚАЗАҚ МӘДЕНИЕТІ

Астанада осы аптада Бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтті. Бейресми түрде "Көшпенділер олимпиадасы" деп аталатын ойынға 89 елдің 2500 спортшысы қатысқан.

Eurasianet басылымына осы туралы мақала жазған британ журналисі, өзі Алматыда тұратын Джоанна Лиллис "пиарға әуес Астана бұл ойынды өзінің жұмсақ күшін көрсету мүмкіндігі ретінде пайдаланып, қазақ тарихы, мәдениеті мен салт-дәстүрін халықаралық аудиторияға таныстырып, ел ішінде ұлттық бірегейлік пен патриотизм сезімін күшейтуге тырысқан" дейді.

"Көшпенділер ойынының" ашылу салтанаты.
"Көшпенділер ойынының" ашылу салтанаты.

Автор "жергілікті халық пен шетелдіктердің сүйсінген реакциясына қарағанда, бюджеттен 12 миллион доллар жұмсалған ойын екі майданда да мақсатына жеткендей" деп қайырады.

Бұл ойындардың ашылу салтанатын қазақ президентімен бірге Өзбекстан президенті Шавкат Мирзяев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Түркіменстанның экс-президенті Гурбангулы Бердымұхамедов пен Түркияның дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті, Түркия президентінің ұлы Біләл Ердоған бірге тамашалады. Автор "олардың бірге отыруы түркі бірлігі мен Ресей Украинаға басып кіргеннен кейінгі ынтымақтастықтың өркендеуін көрсетті" дейді.

"Көкбөрі" ойыны.
"Көкбөрі" ойыны.

Басылымға сұхбат берген саясаттанушы Досым Сәтпаев "көшпенділер ойындары Қазақстан үшін имидж және рухты жаңғыртуға бағытталған жоба болғанын" айтқан.

"1930 жылдары Иосиф Сталин тұсында Совет одағы көшпенділердің малын тартып алып, ұжымдастыру салдарынан халықты ашаршылыққа ұшыратты, бұл Орталық Азияда көшпенділер мәдениетінің жойылуына алып келді" дейді ол. Сәтпаев "жастар өткенін білгісі келеді, сондықтан бұл – Совет одағында жойылған сол рухты жаңғырту әрекеті" дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG