Accessibility links

Еуро бағамының құлдырауы және Ресей рублі


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Еуропа Одағы еуро бағамының күрт құлдырауы Еуропа экономикасы үшін тиімді әрі тұтынушыларының жағдайын жеңілдетеді деп санайды. Ресей азаматтарына валюта бағамының құбылуына ауа-райы сияқты қарауға кеңес береді.

Апта бойы құлдыраған еуро бағамы бейсенбі күні күрт өсті. Биыл жыл басынан бері еуро бағамы 12 пайызға түскен еді. Осы аптаның аяғында Еуропаның валюта нарығында еуро бір доллардан сәл қымбатқа, яғни орта есеппен бір доллар тоғыз центтен сатылды. Кейбір болжамдар бойынша, көп ұзамай доллар еуромен теңеседі әрі күшейе түседі.

International Business Times газеті наурыздың 12-сі күні жариялаған «Еуро неге құлдырап барады? Валютаның әлсіреуіне түрткі болған төрт фактор» деген мақаласында еуро бағамының құлдырау себептерін түсіндірген. Газеттің жазуынша, біріншіден, наурыздың 1-інде Еуропа орталық банкі облигацияларды кері сатып алу бағдарламасын іске қосқан. Демек, аймақ экономикасының өсімін қолдау үшін алдағы бір жарым жыл бойы Еуропа экономикасына ай сайын 60 миллиард еуро түсіп отырады.

Екіншіден, еуро бағамы құлдыраған тұста АҚШ-тың федералдық резерв банкі долларды нығайтуға кірісті. Пайыздық мөлшерлемелердің рекордты деңгейге төмендеуі және Еуропа одағы мен Грекия арасындағы қаржылай көмек туралы тартыс – еуро бағамы құлдырауының тағы екі себебі.

ЕУРОПАДАҒЫ ОПТИМИЗМ АҚШ ҮШІН УАЙЫМ

Американың Wall Street Journal басылымы наурыздың 12-сі күні жариялаған «Әлсіз еуро корпоративтік Еуропаның үмітін оятып, АҚШ-ты уайымға салды» деген мақаласында еуро бағамының құлдырай бастауы Еуропа бизнесінің үмітін оятты деп жазады. Бірақ шетелдегі сатылым көлемі азайып бара жатқандықтан, еуропалық компаниялардың Америкадағы корпоративті бәсекелестері үшін еуроның құлдырауы тиімсіз.

Газеттің жазуынша, Еуропада сауда жасауға әдеттенген Америка және Қытай туристерінің арқасында еуро бағамы құлдырауынан еуропалық сән брендтері ұтқан. Швейцариядағы қосымша құн салығын қайтарумен айналысатын Global Blue компаниясы өкілінің Wall Street Journal газетіне хабарлауынша, биыл Қытай туристері былтырға қарағанда 34 пайыз көп ақша жұмсаған.

РЕСЕЙДЕГІ «АУА-РАЙЫ»

«Рус-Рейтинг» агенттігінің аймақтық рейтингтер мен инфрақұрылымдық жобалар директоры Антон Табах «РосБизнесКонсалтинг» (РБК) сайтында жариялаған «2000 жылға оралу: доллар-еуро паритетінен не күтуге болады» деген мақаласында валюта бағамының құбылуы ресейліктердің көпшілігіне әсер етпейтінін жазады. Оның айтуынша, Ресей компаниялары мен банктерінің еуромен алған міндеттемелері онша көп емес, бірақ доллардың нығаюы мұнай бағасының әлі арзандайтынын білдіреді.

Антон Табахтың болжамынша, Еуропа тауарлары арзандайды, ал Еуропа елдеріне туристік сапар қол жетімді бола түседі де, жұрттың «былтырғы девальвацияда кеткен есесін сәл қайтарады». Ресейлік сарапшы азаматтарға валюта бағамының құбылуына «ауа-райы сияқты» сыртқы фактор ретінде қарауға кеңес береді.

XS
SM
MD
LG