Сәуірдің 16-сы күні Ресей президенті Владимир Путиннің дәстүрлі «тікелей эфиріне» рекордты деңгейде – үш миллионнан аса сұрақ түсіп, президент оның 70-ке жуығына жауап бергені хабарланды. Сұрақтар елдің әр аймағында тұратын ресейліктермен сөйлескен тілшілерден, студиядағы адамдардан, телефон, интернет және әлеуметтік желілер арқылы түскен.
БЕДЕЛ НЫҒАЙТУ ШАРАСЫ
Владимир Путинді «шоумен» деп атаған америкалық Foreign Policy журналының жазуынша, кейбір сұрақтарға жауаптар «Ресей басшысы Украинадағы қақтығыстан кейін азайған беделін нығайту үшін мұндай спектакльдерді қалай пайдаланатынын көрсетті» деп жазады.
Американың New York Times газетінің жазуынша, 2014 жылы Владимир Путин «Қырым аннексиясы мен ұлт мақтанышы критерийлерін дәріптесе, биыл Путин мырза Ресейдің әр түкпірінен қойылған сиыр сүтін өндіру, шағын несие беру және автокөліктерді сақтандыру бағасының қымбаттауы жайлы сұрақтарға жауап берген. Путин «тұтастай алғанда, экономикадағы жағдайды жақсы жағынан көрсетуге тырысқан» әрі сарапшылардың «қиындықтардың қарқыны бәсеңдеді» деген пікіріне сілтеме жасаған.
Wall Street Journal журналының жазуынша, рубль күрт құлдыраған желтоқсан айында өткізілген «үлкен сұрақ-жауап сессиясымен салыстырғанда, президент сөздерінің жалпы сарыны мүлде өзгерген».
УКРАИНАДА ӘСКЕР БАРЫН ЖОҚҚА ШЫҒАРУ
New York Times газетінің жазуынша, «тікелей эфирде» шетел саясатына қатысты мәселелер қозғалғанымен, «бұл тақырыпқа қатысты алғашқы сұрақ бағдарлама басталғанан кейін бір сағат өткенде ғана қойылған». Путин көбінесе бұрынғы тезистерін қайталаған.
Украинаға қатысты айтқан сөзінде Владимир Путин «Украина Минск келісімінің атысты тоқтату, конституциялық реформалар жүргізу, сепаратистік аймақтарды қаржылай қолдау туралы шарттарын орындамай отыр, бірақ Ресей келісім шарттарын ұстанады» деп мәлімдеген. New York Times газеті «Путиннің мәлімдеуінше, Украинада Ресей әскерлері жоқ» деп қорытады.
Foreign Policy басылымы ресейлік оппозициялық саясаткер Ирина Хакамаданың «Шығыс Украинада ресейлік солдаттар соғысып жатыр ма?» деген сұрағына президенттің «жоқ» деп жауап бергенін жазған. Кейінірек ол Украина мен Ресей арасында соғыс болуы «мүмкін емес» деп мәлімдеген. Ал С-300 зымыран кешендерін «тек қорғаныс мақсатындағы қару» деп атап, оларды Иранға сатуға салынған тыйымды алып тастауға Ресейдің «суверенді құқы» барын айтқан.
Ұлыбританияның Independent басылымы «Путин мырза өзіне тән салқынқандылықпен «Украинаның сепаратистік шығысын экономикалық блокадада ұстап отыр» деп Киев билігін айыптап, Мәскеу бүлікшілерге қару-жарақ жеткізіп және әскермен көмектесіп отыр деген айыптауды тағы жоққа шығарды» деп жазады.
ПУТИН ЖӘНЕ ИМПЕРИЯЛЫҚ ПИҒЫЛДАР
New York Times газетінің жазуынша, Владимир Путин АҚШ-ты «Саддам Хусейнді биліктен тайдыру арқылы Ирактағы жағдайды шайқалтып, «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымы ықпалының күшеюіне мүмкіндік берді, екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуының 70 жылдығын Мәскеуде мерекелеуге қатысудан бас тарту үшін әлем елдері басшыларына қысым көрсетті» деп айыптаған.
Wall Street Journal басылымының жазуынша, Путин «АҚШ-ты екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Шығыс Еуропа елдеріне коммунистік режим орнатқан Совет одағымен салыстырған». Басылым Путиннің «сол сияқты қазір америкалықтар да өзге елдерге өз саясатын таңғысы келеді, олардың әрекеті де сәтсіздікке ұшырайды» деген сөздерін келтірген.
New York Times газеті Владимир Путиннің сөз сарыны «мүлде қарама-қарсы бағытқа» өзгергенін айтады. Газеттің жазуынша, күзде Путин орыстілді жұртты қорғау үшін көрші елдердің, әсіресе бұрын патшалық Ресей басқыншылықпен алған Украинаның оңтүстік-шығыс бөлігін басып алуға дайын екенін айтқан. Бірақ, соңғы «тікелей эфирінде» Владимир Путин Ресейдің «империялық пиғылы жоқ» екенін, алайда «шетелде тұратын орыстардың лайықты өмір сүруін ынтымақтастықты дамыту арқылы қамтамасыз ете аламыз» деп мәлімдеген.