Accessibility links

Шекара бекетіне шабуылдың салдары қандай болмақ?


Өзбекстанмен шекараға жақын маңда "шабуыл жасалды" деп хабарланған жерден түсірілген бұл суретті Ішкі істер министрлігі таратқан. Тәжікстан, 6 қараша 2019 жыл.
Өзбекстанмен шекараға жақын маңда "шабуыл жасалды" деп хабарланған жерден түсірілген бұл суретті Ішкі істер министрлігі таратқан. Тәжікстан, 6 қараша 2019 жыл.

Қарашаның 6-сына қараған түні 20 шақты қарулы адам Тәжікстанның шекара бекетіне шабуыл жасады. Билік өкілдері елде тыйым салынған "Ислам мемлекеті" экстремистік тобының жасағы Тәжікстанға Ауғанстан жақтан басып кірген деп хабарлады. Орталық Азия мен өзге аймақтағы сарапшылар осындай қауіп барын бірнеше жылдан бері айтып жүр.

Сәрсенбіде Тәжікстанның шекара бекетінде болған қарулы шабуылдың үрей туғызатын себептері көп. Билік шабуылды "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік тобы ұйымдастырды деп мәлімдеді. Шабуыл барысында қауіпсіздік қызметінің екі өкілі мен 15 содырдың қаза тапқаны хабарланды.

Бұл шабуыл Орталық Азияның оңтүстігінде алаңдаушылықты күшейтіп, ресми өкілдері мұндай жағдай болуы мүмкін деп бұрыннан айтып келген Кремльді де бей-жай қалдырмасы анық. Ташкенттің де қамсыз отырмасы түсінікті.

Тәжікстан қауіпсіздік органдары оқиғаның жай-жапсарынан болмашы ғана ақпарат берді. Шекара қызметінің хабарына қарағанда, қарашаның 3-і күні Ауғанстанның Кундуз уәлаятындағы Қала-и-зол аймағынан Тәжікстанның Қубодион ауданына 20 адам өтіп кеткен. Оқиға болған жер Өзбекстан шекарасынан бірнеше километр, ал тәжік астанасы Душанбеден 60 километр қашықта жатыр.

Тәжікстан Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, арасында бір әйел бар қарулы топ төрт көлікті тартып алып, Рудаки ауданындағы Ишкобод шекара бекетіне айдап барған. Шабуылшылардың кейбірінде бес қаруға дейін болған. Шекара әскері оларды қоршап алып, 15-ін өлтірген. Ресми мәлімдемеге қарағанда, атыс орнынан қашып кеткен қалған бес адамды шекарашылар бірнеше километр жерде қолға түсірген.

Билік органдары таратқан фотолардан қираған көліктердің арасында күйіп қалған адам денелерін көруге болады. Бір машина түгелдей жанып кеткен. Қолға түскен содыр деп көрсетілген, қолына пластик кісен салынған адамның суретін қарашаның 6-сы Ішкі істер министрлігінің вебсайтынан алып тастады.

Әзірге дейін содырлардың шекара асып, Ауғанстаннан Тәжікстанға өткенін дәлелдейтін айғақ жоқ. Оның үстіне, шабуыл болды деген Ауғанстанның солтүстік-шығыс аймағы "Ислам мемлекеті" экстремистік тобының емес, "Талибан" қозғалысының бақылауында деп саналады.

Тәжікстан ішкі істер министрлігі қарулы шабуыл жасалған шекара бекетінде түсірілген деп таратқан сурет. 6 қараша 2019 жыл.
Тәжікстан ішкі істер министрлігі қарулы шабуыл жасалған шекара бекетінде түсірілген деп таратқан сурет. 6 қараша 2019 жыл.

Кей сарапшылар шабуыл туралы ақпараттың тым жұтаңдығына назар аударады, әрі "Ауғанстанда қарудың сан түрі тұрғанда, содырлар неге шекара бекетіне шабуыл жасады?" деген сұрақ қояды.

Ресейдің Федералды қауіпсіздік қызметі мен Қорғаныс және Сыртқы істер министрліктеріндегі лауазымды тұлғалар Ауғанстанда "Ислам мемлекеті" экстремистік тобының күш алып келе жатқанын, мұның Орталық Азияға қауіп төндіруі мүмкін екенін бірнеше жылдан бері айтып жүр.

Ресей қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Николай Патрушев 30-31 қазанда Душанбе мен Ташкентке жасаған сапарында аймақ "қауіпсіздігіне төнетін қатер жайлы" ескерткен еді.

Ресей басшылары Ауғанстанның Орталық Азиямен жапсарлас солтүстік аймағында ИМ экстремистік тобының мыңдаған жасағы жүр деп болжаған.

Бірақ осы шабуылға дейін ИМ содырларының Ауғанстаннан Орталық Азияға қарай өткені жөнінде ешқандай мәлімет болған жоқ. Тек 2018 жылғы шілденің соңында Дангара қаласы маңында велосипед мінген шетелдік туристерге шабуыл жасалған.

ИМ тобына қосылғандарын жариялаған шағын топ велосипедшілерді автокөлікпен қағып өтіп, оларға балта мен пышақ ала жүгірген. Соның кесірінен төрт кісі қаза тапқан. Қауіпсіздік күштері төрт содырды атып өлтіріп, тағы бірнешеуін қолға түсірген. Барлығы - Тәжікстан тұрғындары.

КӨҢІЛДЕ АЛАҢ ТУҒЫЗҒАН ШЕКАРА

Тәжікстан ресми орындары соңғы шабуылға қатысқандардың аты-жөнін жарияламай отыр, дегенмен олар Ауғанстаннан келді деген ақпараттың өзі тек тәжік-ауған шекарасында ғана емес, соғыс өрті шарпыған елмен шекаралас жатқан Өзбекстан мен Түрікменстанда да қауіпсіздік мәселесіне байланысты алаңдаушылық туғызды.

Өзбекстан мен Түрікменстан Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына (ҰҚШҰ) кірмейді. Осы ұйымға жетекшілік ететін Ресейдің өкілдері Ауғанстанның солтүстігінде ИМ тобы күшейіп жатыр дегенді бірнеше жылдан бері айтып келеді.

Бір қызығы, қарашаның 6-сында Ташкентте Тәуелсіз мемлекеттер достастығы (ТМД) мен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің ресми өкілдері жиналып, терроризмге қарсы күрес жайын талқылаған.

Ресейдің ресми тұлғалары Орталық Азияның Ауғанстанмен шекарасын "ТМД-ның оңтүстік шебі" деп жиі атайды және ұйымның қауіпсіздікті күшейту шараларына қатыспағаны үшін Түрікменстанды жиі сынайды.

Шанхай ынтымақтастық ұйымының мүшесі Қытай да Ауғанстандағы содырлар Тәжікстанға өтіп, одан әрі Қытайға кіріп кетпеуі үшін Тәжікстанның шығысындағы адам аз қоныстанған аудандардың қауіпсіздігін күшейтуде Душанбеге көп көмектескен.

Қарашаның 6-сы күні болған шабуылды Тәжікстанның тергеу барысын жіті бақылап отыруға Пекиннің ниет танытары анық.

Шабуыл жасалған күн де кездейсоқ таңдалмаған сияқты. Қарашаның 6-сы – Тәжікстан Конституциясы күні. Осыдан 25 жыл бұрын Тәжікстан халқы елдің жаңа Конституциясын қабылдап, Эмомали Рахмон алғаш рет президент болып сайланған.

Басты мәселе - шабуыл жасағандардың мақсаты қандай болмасын, қанды оқиғаның артында кімдер тұрмасын, Орталық Азияда Ауғанстаннан келді деген адамдар шабуыл жасаса, оған "Ислам мемлекеті" тобын кінәлайды.

Оқиғаның тәжік өкіметі айтқан нұсқасын жоққа шығаратын сенімді айғақтар болмаса, онда Орталық Азия елдері, Ресей және Қытай бұл аймақтағы гипотетикалық емес, шынайы қауіп-қатерді негізге ала отырып, стратегияларын қайта әзірлеуі тиіс болады.

(Автордың пікірі Азат Еуропа/Азаттық радиосының көзқарасын білдірмеуі мүмкін.)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG