Accessibility links

Ресейдегі Z таңбасына қарсылық қозғалысқа айнала ала ма?


Иркутск мэрінің орынбасары Z таңбасына бейнеленген баннер "Отанымызды, халқымыз бен дәстүрімізді қорғайды" дейді.
Иркутск мэрінің орынбасары Z таңбасына бейнеленген баннер "Отанымызды, халқымыз бен дәстүрімізді қорғайды" дейді.

Ресейдің Украинаға басып кіргенін ашық айыптаған ресейліктердің көбі не қамалды, не шетелге қашты. Бірақ кейінгі кезде қарсылықтың жаңа түрі тарай бастады.

2022 жылы ақпанда Ресей Украина аумағына басып кіргеннен кейін бірнеше күннен соң, Иркутскідегі драма театрдың қасбетіне соғысты қолдайтын Z белгісі салынған баннер ілінді. Бұл – жергілікті билік бастаған, Украинаға қарсы соғыс пен Владимир Путиннің саясатын қолдайтын ұраншыл патриотизмнің мыңдаған көрінісінің бірі еді.

Сыншылар Z таңбасын мемлекетке адалдық пен милитаризация белгісі көріп, фашистік символға балаған. Олар тіпті Z символын "свастика" (фашистердің белгісі) деп атайды.

Театрдың сыртына ілінген баннер бірнеше ай тұрды. Мамырда театр қауымдастығының өкілдері муниципалды биліктен баннерді алып тастауды сұрап, 2 рет өтініш бергені белгілі болды. Олардың сөзінше, баннер бірнеше рет шабуылға ұшыраған. Вандалистер Z таңбасына ішіне зеленка құйылған жұмыртқа лақтырып, баннерді бүлдірген.

Мэрия бұл өтініштерді елеусіз қалдырды. Telegram-да "Иркутский блог" деп аталатын жергілікті жаңалықтар арнасын жүргізетін Вадим Палько баннерді алып тастауды талап етіп, 440 адамнан қол жинаған. Өткен айдың соңында Иркутск мэрінің орынбасары Татьяна Макарычева өтінішті кері қайтарып, "Бұл баннер Отанымызды, халқымыз бен дәстүрімізді қорғайды" деді. Шенеунік Z символы туралы негатив ақпарат таратқан адамдар қылмыстық кодекстің "қарулы күштердің беделіне нұқсан келтіру" бабы бойынша жауапқа тартылатынын ескертті.

– Театрдан Z символын алып тастауға бағытталған күресіміз әлі аяқталған жоқ. Қазір прокуратураға хат дайындап жатырмыз, – деді Палько.

Ресейдегі Орал архитектура университетінің ғимаратынан Z баннері алынған.
Ресейдегі Орал архитектура университетінің ғимаратынан Z баннері алынған.

Иркутскідегі жағдай Ресейдің басқа өңірлеріндегі хикаяларға ұқсайды. Бұл халықтың үшінші жылға айналған, қашан бітері белгісіз, қымбат соғыстан қажығанын көрсетеді. Оның үстіне, былтыр қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путин ішінара мобилизация жариялап, басқа елде, алыста болып жатқандай көрінген соғысты мыңдаған ресейліктің үйіне әкелді.

– Соғысты әуел бастан ешкім қолдаған жоқ. Z таңбасын алғаш рет көліктен 2022 жылы сәуірдің ортасында бір-ақ көрдім. Ол кезде көлік дөңгелегіне соғыс символын салып алғандар туралы ақпарат тараған. Әлі күнге бұл таңба кең қолданысқа ене қойған жоқ. Сондықтан бұл жаңалыққа таңғалмадым, – дейді Сыктывкар қаласының тумасы Алексей Иванов. 2022 жылы ақпанда өз қаласында өткен соғысқа қарсы митингіде полиция қызметкерін фашист деп атағаны үшін Ивановтың үстінен қылмыстық іс қозғалған. Осыдан кейін белсенді шетелге қашуға мәжбүр болды.

17 жастағы Евгений Фокин бір жылдан бері биліктен Новосибирск қаласындағы қоғамдық орындардан Z таңбасы бар баннерлерді алып тастауды талап етіп келеді. 2022 жылы мамырдың соңында ол муниципалды биліктің жарнама туралы ережені бұзғанын дәлелдеп, баннерді алып тастауға көндірген.

– Бірінші баннерден кейін дәл сол ғимаратқа жаңасын іліп қойды. Жергілікті билікке тағы да шағым жазып, баннер қала стандарттарына сай келмейтінін түсіндірдім, – дейді ол.

Бір қызығы, Фокиннің екінші өтініші де орындалған. Содан бері жасөспірім соғысты қолдайтын символы бар 10 баннерді алғызып тастаған.

– Қалада баннер қалған жоқ деуге болады. Билік архитектуралық нормаларды бұзатын баннер ілмейтін болды. Алып тастаған баннерлерін де қайта ілмеді. Тек заңды, жарнамаға арналған орындардағы таңбалар ғана қалды. Қаладағы қоғамдық көліктердің бәрінен Z таңбасын алып тастады.

Z баннері Новосибирскідегі осы ғимараттан да алынды.
Z баннері Новосибирскідегі осы ғимараттан да алынды.

Фокин баннерге қарсы науқан бастағаннан кейін қалалық кеңестің тәуелсіз депутаты Светлана Каверзинаның көмекшісі болып тағайындалған.

Евгений Фокин.
Евгений Фокин.

– Депутат сауал жолдаған кезде шенеуніктер жауап беруге міндетті. Олар депутат әкімшілік берген кез келген ақпаратты тексеріп, шу шығара алатынын біледі, – дейді Фокин.

Сәуірде Екатеринбургтегі мемлекеттік архитектура және өнер университетінің студенттері оқу орнының сыртындағы Z таңбасы бейнеленген баннерді алып тастауды талап етіп, петицияға қол жинаған. Белгісіз біреулер баннерді тіліп, үстіне қызыл бояу шашып кеткен.

Петицияға 600-ден астам адам қол қойғанда, университет әкімшілігі ұйымдастырушыларды шақырып, ІІМ экстремизмге қарсы күрес комитетінің жергілікті бөлімшесіне түсініктеме жазуды тапсырған. Студенттер түсініктеме жазудан бас тартқан, ал декан баннерді орнында қалдырған.

Осы оқиғадан хабар таратқан Медиазона Пермь, Ярославль мен Санкт–Петербургте де ұқсас жағдайлар болғанын анықтады.

– Әлеуметтік желідегі жазбамды оқыған адамдар да жазады деп үміттенемін. Осындай үнсіз қарсылық формасы маңызды деп ойлаймын, өйткені бұл – ең қауіпсіз жолдардың бірі, – дейді Z таңбасы салынған баннерлерге қарсы науқан өткізген Санкт–Петербург тұрғыны Алексей Лахов.

17 қарашада Коми республикасының басшысы Владимир Уйба Telegram-арнасында "Біздің өңірде соғысты қолдайтын, патриоттық символдар аз" деп шағынды.

– Мемлекеттік органдарға соғыста жүрген азаматтарымызды қолдап, ұрандар ілуді тапсырдым. Бірақ көлік компаниялары бас тартып отыр. Неге десем, "Біреу тереземді шағып кетеді" деп қорқады. Жігіттеріміз майданда жан қиып жатқанда, біз әйнектің сынғанынан қорқып отырмыз, – деп жазды Уйба.

Ресейде тәуелсіз сауалнамалар жүргізуге шектеулер барын және ресейліктер өз пікірін еркін білдіруге қауіптенетінін ескерсек, Украинаға қарсы соғысты халықтың қанша пайызы қолдайтынын дөп басып айту қиын. Левада центр орталығының қарашада жүргізген сауалнама қорытындысы бойынша, ресейліктердің 67 пайызы "мемлекет дұрыс бағытта келе жатыр" деп есептейді, ал 85 пайызы президент Владимир Путинді қолдайды. Қазандағы деректерге сүйенсек, респонденттердің 76 пайызы – соғысты қолдайды не қолдауға бейім, ал 16 пайызы – Ресей басқыншылығына қарсы.

Орталық қызметкерлері "мемлекет дұрыс бағытта келе жатыр" деп есептейтін ресейліктерден нақты қандай саясатты меңзеп отырғанын сұрағанда, респонденттердің 14 пайызы ғана "арнайы әскери операция" деп жауап берген. Ресейдің бағытын бұрыс көргендердің 45 пайызы Украинадағы соғысты ең үлкен қателік cанайды.

Кейінгі кезде мобилизацияға ілінген жауынгерлердің туыстары наразылыққа шыға бастады. Ресейдің түкпір–түкпірінде өткен қарсылық шараларын негізінен Telegram-да 30 мың оқырманы бар "Путь домой" арнасы ұйымдастырған.

Visible Protest арнасы соғысқа қарсы ұрандар, қағаз ақшаға, қардың бетіне жазылған қарсылық немесе соғыс символдарына қарсы вандализм актілерін жариялайды.

– Әр жерде Z таңбасы ілініп тұрса және ешкім бұған қарсы болмаса, "свастика" қалыпты дүниеге айналып кетті деген сөз. Ал оған қарсы күрес белгілері халықтың бұл символды жаппай қолдамайтынын көрсетеді. Соғысқа қарсы адамдар жалғыз емесін түсінеді, – дейді Палько.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG