Accessibility links

"Орталық Азия ешкімнің "артқы ауласы" емес". Тоқаевтың реформалары не өзгертті?


Қытай басшысы Қытай басшысы Си Цзиньпин (сол жақта), Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (ортада) және Ресей президенті Владимир Путин Астанада өткен Шанхай ынтымақтастығы ұйымының саммитінде. 4 шілде, 2024 жыл.
Қытай басшысы Қытай басшысы Си Цзиньпин (сол жақта), Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (ортада) және Ресей президенті Владимир Путин Астанада өткен Шанхай ынтымақтастығы ұйымының саммитінде. 4 шілде, 2024 жыл.

Батыс басылымдары бұл аптада әлемдегі геосаяси өзгерістер Орталық Азияны өзіне "сенімді ойыншыға айналдырғанын", аймақ ешкімнің "артқы ауласы" емес екенін жазды. Сонымен қатар "Жаңа Қазақстан" құруға бағытталған президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалары өзгеріс әкелді ме деген сұрақты талдады. Бұдан бөлек 6 қазанда елде АЭС салу-салмауды шешетін референдум өтетініне тоқталды.

"ЕСКІ "ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН"

Астанадағы PaperLab зерттеу орталығының директоры, әлеуметтанушы Серік Бейсембаев пен осы орталықтың зерттеушісі Әлия Тілегенова Ресей және Еуразияны зерттеу жөніндегі Карнеги орталығының сайтында "Жаңа Қазақстанды" құруға бағытталған президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалары не өзгерткеніне үңіледі.

"2022 жылдың басында мыңдаған адам өзгеріс талап етіп көшеге шыққанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев биліктен айырылып қала жаздады. Аса қатаң шара − президенттің "ескертусіз оқ ату" бұйрығы толқуды басты" дейді мақала авторлары.

Сарапшылар Тоқаев дәл осы сәтті Нұрсұлтан Назарбаевтың қамқорлығынан шығатын оңтайлы сәт деп бағалап, экс-президенттің төңірегі мен жақындарын қызметтен кетіргенін келтіреді. "Тоқаев билікті қолына шоғырландыра бастады, қазір оның билігіне ешкім шек келтірмейді. Бүкіл басқару вертикалі оған қарай ойысты, басты лауазымдарда оған адал адамдар отыр".

Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан азаматтарға қойылған мемориал. Алматы, 5 қаңтар, 2024 жыл.
Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан азаматтарға қойылған мемориал. Алматы, 5 қаңтар, 2024 жыл.

Элитааралық тартыстағы жеңісін бекіте түсу үшін Тоқаевқа қоғам қолдауы қажет болды. Ол үшін 2022 наурызында президент саяси реформаларды жария етіп, оны Назарбаев мұрасынан айырып, демократияға бет алатын "Жаңа Қазақстан" ретінде таныстырды. Реформа саяси және сайлау жүйесінің либерализациясы мен мемлекет басшысының өкілетін қысқартуды көздеді. Президент сенатқа тағайындайтын депутаттар саны 15-тен 10-ға қысқартылды, мәжіліске бірмандатты округ бойынша сайлау енгізіліп, партияларды тіркеу тәртібі жеңілдетілді.

Бейсембаев пен Тілегенованың пайымдауынша, жүйелі өзгерістерді күту аңғалдық болар еді. "Нағыз демократиялы реформалар автортарлы режимнің негізін шайқар еді, бұл режимнің басты бенефициарлары – Тоқаев пен оның айналасы".

Мақалада мемлекеттік басқару жүйесіндегі ауыс-түйіс үмітті ақтамағаны айтылады. Қазіргі министрлер мен әкімдер – Назарбаевтың басқару тобынан шыққан. Мысалы, премьер-министр Олжас Бектенов өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеп, соңғы бес жыл бойы жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінде жетекші қызметтер атқарды. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев та Назарбаев жүйесінен шыққан.

Президент Тоқаев бұған дейін ауқымды саяси реформалардың арқасында елдің саяси жүйесі түбегейлі өзгеріп, парламенттің ықпалы мен үкіметтің жауапкершілігі кеңейгенін айтқан. "Билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік орныға түсті. Саяси партиялардың қоғамдық рөлі күшейді. Азаматтарымыз өз ой-пікірлерін ашық айтып, қоғамда белсенді болуына мүмкіндік беретін нақты тетіктер пайда болды. Сайлау жүйесін жетілдірдік. Ауыл, аудан әкімдері тікелей сайлана бастады" деді президент маусым айында БАҚ өкілдерімен кездесуде.

Алматыдағы рұқсат етілген митингіден көрініс. 26 қараша, 2023 жыл.
Алматыдағы рұқсат етілген митингіден көрініс. 26 қараша, 2023 жыл.

Сарапшылардың жазуынша, биліктің айтарлықтай бөлінісі болған жоқ. "Парламент өкілеті кеңейді делінсе де, басты шешімдерді бұрынғыдай мемлекет басшысы мен оның әкімшілігі қабылдайды. Төменгі деңгейде әкімдерді сайлау көп нәрсені өзгертпеді, себебі үкіметте оларға әртүрлі тетіктер арқылы ықпал ете алады".

Тоқаев биыл жыл басында "Егемен Қазақстан" газетіне берген сұхбатында ел заңнамасында азаматтарды саяси көзқарасы үшін қудалауға негіз болатын бірде-бір заң, жарлық пен нормативті құжат жоқ екенін айтқан. Сонымен қатар реформалар нәтижесінде адам құқықтарын қорғау жүйесі нығайғанын жеткізген.

Тілегенова мен Бейсембаев "президенттігінің басында жұмсақ және қарапайым болған Тоқаев екі жылдың ішінде кәдімгі автократ-патриархқа айналды. Кейбір белгілер Тоқаев режимінің қатаң авторитаризмге айналғанын көрсетеді" дейді. Зерттеушілер саяси белсенді Марат Жыланбаевтың "экстремист ұйымды қаржыландырды" деген айыппен жеті жылға сотталғанын, "Не дейді?" Youtube-арнасының негізін қалаушы журналист Думан Мұхаммедкәрім дәл осы айыппен тура сондай жазаға кесілгенін, тіркелмеген Демократиялық партияның жетекшісі Жанболат Мамай "жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды" деген айыппен алты жылға бас бостандығы шектелгенін еске салады.

"Нақты реформалар жаңа ұрандарды емес, билеуші элитаға берілген артықшылықтар мен өкілеттілікті нақты шектеуді талап етеді. Олар оған дайын емес. Одан да белгілі бір шектеу қойып, оны бұзғандарды ұстау оңайырақ" дейді авторлар.

ГЕОСАЯСИ МӘСЕЛЕЛЕРДІ "ШЕБЕР ШЕШІП ЖАТҚАН" АЙМАҚ БАСШЫЛАРЫ

АҚШ-тағы Питтсбург университеті нарықтарды басқару орталығының директоры Дженнифер Брик Муртазашвили мен Орталық Азия бойынша сарапшы Темур Умаров Ресей және Еуразияны зерттеу жөніндегі Карнеги орталығының сайтында геосаяси өзгерістер Орталық Азияны өзіне сенімді ойыншыға айналдырғанын жазды.

Кейінгі жылдары Орталық Азия геосаяси өзгерістерге тап болды. АҚШ пен Қытай қарым-қатынасының нашарлауы, одан кейінгі сауда шектеулері, тәліптердің Ауғанстанда билікке оралуы және Ресейдің Украинаға басып кіруі аймақты сілкіндірді. Сарапшылар бұл оқиғалар аймақтың тұрақтылығына әсер етеді деп болжады. "Жағымсыз сценарийлердің ешқайсысы іске аспаса да, көпшілік Орталық Азияны әлі де әлсіз аймақ деп есептейді. Сарапшылардың көпшілігі аймақ елдері өз тағдырын өздері айқындайтынын ескермейді, аймақ ешкімнің артқы ауласы емес" дейді Брик Муртазашвили мен Умаров.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта), Ресей президенті Владимир Путин (ортада), Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев. Мәскеу, 9 мамыр, 2023 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта), Ресей президенті Владимир Путин (ортада), Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев. Мәскеу, 9 мамыр, 2023 жыл.

Авторлар аймақ елдері ірі геосаяси ойынның маңызды ойыншылары екенін және алып мемлекеттерге қалай ықпал ете алатынын түсініп отыр дейді. Олар әлемдегі ең күрделі мәселелерді шебер және батыл түрде шешіп жатыр.

Үш жыл бұрын АҚШ Ауғанстаннан әскерін шығарған соң Талибанның билікке келуі аймақты тұрақсыздандырады, босқындар аймаққа ағылып, экстремизм қаупі төнеді деген долбар айтылды. Бірақ бұл керісінше, Орталық Азия үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Аймақ мемлекеттері Талибанмен дипломатиялық, сауда-саттық және экономикалық қарым-қатынас орнатып жатыр.

Ресей 2022 жылдың ақпанында Украинаға басып кіргенде сарапшылар Орталық Азия Кремльді қолдауға мәжбүр болады, артынша санкцияға ілініп, оқшауда қалады деп топшылады. Бұл сценарий де іске аспады. Орталық Азия елдерінің ешқайсысы Ресейдің басқыншылығын қолдамады. Қайсыбірі тіпті қарсы шықты. 2022 жылдың наурызында Өзбекстанның сол кездегі сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов Украинадағы соғысты дереу тоқтатуға шақырып, Донецк және Луганск жікшіл аймақтарын танудан бас тартып, Украинаның егемендігіне қолдау білдірді. Қазақстан да Донецк және Луганск жікшіл аймақтарын мойындамай, Украинаның аумақтық тұтастығын қолдайтынын мәлімдеді. Кейін 2022 жылдың маусымында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл тезисті Санкт-Петербургтегі экономикалық форумда Ресей президенті Владимир Путиннің көзінше қайталады.

Сонымен қатар Орталық Азия аймақтағы ынтымақтастық арқылы Ресей мен Қытай тәрізді ірі ойыншылардың ықпалына қарсы тұруға тырысып жатыр. Аймақ жетекшілері өз бетінше үлкен ойыншыға қарсы тұруға әлсіз екенін, бірақ саяси және экономика мәселелері бойынша біріксе, ықпалдырақ болатынын түсінді. Орталық Азия басшылары жиі кездесе бастады. Тамызда Астанада өткен саммитте олар алғаш рет аймақ интергациясының жол картасын ұсынды.

Украинадағы соғыс, тәліптердің Ауғанстанда билікке келуі Орталық Азияның әлемдік державалармен қарым-қатынасын жандандырды. Аймақ басшылары Пекин, Берлин, Брюссель, Мәскеу, Нью-Йорк пен Сианға бірге барды. 2022 ақпанынан бері Қытай басшысы Си Цзиньпин аймаққа екі рет келіп кетті, Ресей президенті Путин аймақтағы бес елге барды. Франция президенті Эмануэль Макрон сапарлады.

Брик Муртазашвили мен Умаров Орталық Азия әлемдік сахнада өзін сенімді сезінсе де, саяси тұрақтылыққа сыртқы емес, ішкі мәселелер қауіп төндіреді дейді. Аймақ халқы саясиланып, өз үкіметтерінің есепті болуын талап ете бастады. Қазақстанда 2022 жылдың басындағы Қаңтар оқиғасы, 2022 жылдың жазында Өзбекстанның Қарақалпақстан автоном республикасындағы толқу мен Тәжікстанның Таулы Бадахшан автоном облысында 2022-2023 жылдар ішінде болған оқиғалар осыны көрсеттті.

"Аймақ көшбасшылары күрделі дипломатиялық дағдарысты шебер шешсе де, өз халқымен қарым-қатынаста ондай ептілікті көрсете алмайды. Аймақтағы тұрақтылық пен өркендеуге терроризм, Талибан мен Ресей емес, ішкі мәселелер қауіп төндіруі мүмкін" дейді зерттеушілер.

АЭС: БИЛІКТІҢ ТҮСІНДІРМЕСІ МЕН ХАЛЫҚТЫҢ УАЙЫМЫ

Eurasianet басылымы 6 қазанда елде атом электр станциясын салу-салмауды шешетін референдум өтетінін жазды.

Мақала авторы Алмаз Куменов президент Қасым-Жомарт Тоқаев референдум өтетін күнді белгілеген кезде АЭС-ті "экологиялық таза және сенімді" деп сипаттағанын келтіреді. Тоқаев 2 қыркүйекте парламентте сөйлеген сөзінде экономикада мол энергия қажет, ол сұранысты атом энергетикасы өтей алатынын айтқан.

Көпшілік АЭС салуды жақтаған жағдайда реакторды кім салатыны әзірге белгісіз. Қазақстан билігінде төрт ел – Ресей, Қытай, Франция мен Оңтүстік Корея әзірлеген ұсыныстар бар екені хабарланған. Сарапшылар таңдау Ресейдің "Росатом" компаниясына түседі деп қауіптенеді.

Белсенді Мадина Көкетаева Алматыдағы жария талқы кезінде АЭС-тің салынуына наразылық білдіріп тұр. 16 тамыз, 2024 жыл.
Белсенді Мадина Көкетаева Алматыдағы жария талқы кезінде АЭС-тің салынуына наразылық білдіріп тұр. 16 тамыз, 2024 жыл.

Электр энергиясына сұраныс өсіп жатқан уақытта үкімет атом энергиясын қолдануды ойластыра бастады. Қазақстан, Әзірбайжан мен Өзбекстан электр энергиясын Батыс нарығына экспорттауды жоспарлағандықтан, оған сұраныс өсе түседі.

Басылымның жазуынша, көптеген қазақстандық АЭС-тың салынуына алаңдайды. Оған Совет одағы тұсында Қазақстанның ядролық полигон болғаннан қалған мұра, 1986 жылы Чернобыль атом электр станциясындағы апат жайлы естеліктер себеп. Қайсыбіреулер Балқаш көлі маңында салынуы мүмкін АЭС көлге экологиялық зиян тигізеді деп қауіптенеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG