Accessibility links

Z-блогердің қазасы. Сарапшылар Ресейде репрессия күшейетінін айтады


Полицейлер жарылған кафені күзетіп тұр. Санкт-Петербургтегі бұл кафеде жарылыс болғанда, ресейшіл блогер Владлен Татарский қаза тауып, он шақты адам жараланды.
Полицейлер жарылған кафені күзетіп тұр. Санкт-Петербургтегі бұл кафеде жарылыс болғанда, ресейшіл блогер Владлен Татарский қаза тауып, он шақты адам жараланды.

"Украинаға қарсы соғысты қызу қолдап келген әскери блогердің қазасына кім кінәлі?" деген сұрақ жиілеген тұста сарапшылар Санкт-Петербургтегі жарылыстан кейін оппозицияға қысым күшеюі мүмкін деп алаңдап отыр.

Екі күн бұрын Санкт-Петербургтегі адамға лық толы дәмханада мүсін ішіне жасырылған бомба жарылып, Украинаға қарсы соғысты қолдайтын блогер қаза болды. Содан бері жарылыстың артында кім тұрғаны жөнінде көп болжам айтылды.

Жарылысты Украинаның арнаулы жасағы ұйымдастырған немесе ресейлік элита арасында келіспеушіліктер болған деген түрлі болжамдар ұсынылғанымен, бір мәселеге келгенде сарапшылардың ойы ортақ: бәрі бірауыздан "Кремль жарылысты сылтауратып, авторитар биліктің қарсыластарына қысымды күшейтеді" дейді.

"Билік қуғын-сүргінді күшейту үшін қолынан келгеннің бәрін жасайды" дейді Санкт-Петербургтің бұрынғы депутаты, оппозиция өкілі Максим Резник.

ЖАРЫЛЫСТЫҢ АРТЫНДА КІМ ТҰР?

Бірақ Резник билік оппозицияны қудалау үшін жарылысты қолдан ұйымдастырды дегенге сенбейді. Ол бұл оқиғаның артында Украина немесе Ресей элитасы арасындағы алауыздық тұр деп есептейді.

Украина жарылысқа қатысы барын жоққа шығарды.

Оппозиционер болғаны үшін ұзақ жыл қысым көрген Резник "Кремль онсыз да жылдар бойы қысымды күшейтіп келді, оған өзін ақтау үшін зорлық ұйымдастырудың қажеті жоқ" дейді.

2 сәуірде Санкт-Петербургтің орталығындағы дәмханада жарылыс болып, Владлен Татарский деген лақап атпен белгілі соғысты қолдайтын блогер Максим Фомин қаза тапты. Биліктің дерегінше, тағы 32 адам жарақат алған.

Vladlen Tatarsky (aka Maksim Fomin) Ресейдің Украинадағы соғысын қолдайтын блогер Максим Фомин. Владлен Татарский – оның лақап аты.
Vladlen Tatarsky (aka Maksim Fomin) Ресейдің Украинадағы соғысын қолдайтын блогер Максим Фомин. Владлен Татарский – оның лақап аты.

Бомба жарылған кезде Фомин майдандағы тәжірибесін айтып, презентация жасап жатқан. Бұл дәмхана бұрын "Вагнер" жалдамалы әскери тобының басшысы Евгений Пригожинге тиесілі болған.

Ресейдің тергеу комитеті мен мемлекеттік қылмыстық іздестіру басқармасы ертеңіне Фоминнің қазасына қатысы бар деген күдікпен 26 жастағы Дарья Трепованы ұстады. Ол Фоминге ішінде бомбасы бар бюст берді деп айыпталып отыр.

Ресейдің терроризмге қарсы ұлттық комитеті сол күні терактіні Украинаның арнаулы қызметі және Алексей Навальныйдың Жемқорлықпен күрес қорымен бірге жұмыс істейтін тыңшылар ұйымдастырды деп мәлімдеді. Бірақ бұған еш дәлел ұсынбады.

Ресейлік белгілі оппозиционер Алексeй Навальный 2021 жылы түрмеге жабылған. Ол тағылған айыпты мойындамайды және билік өзін саясаттан алыс ұстау үшін қылмыстық істі қолдан ұйымдастырып отыр деп есептейді.

2020 жылы Навальный жүйке жүйесін зақымдайтын заттан уланған. Ол бұған Путин мен Федерациялық қауіпсіздік қызметін кінәлайды.

Навальный түрмеге түспей тұрып, Путиннің билігі тұсында болған ең үлкен наразылық акцияларын өткізді. Билік Кремльдегі талай жемқорлықтың бетін ашқан Жемқорлықпен күрес қорын экстремистік ұйым деп танып, қызметіне тыйым салды.

Трепова 2022 жылы 24 ақпанда Санкт-Петербургте өткен соғысқа қарсы митингіге қатысқан. Осы үшін 10 тәулікке қамалған. Жемқорлықпен күрес қорының мәліметінше, Трепова ұйымға мүше болмаған. Қор өкілдері жарылысқа қатысымыз жоқ дейді.

Саясаттанушы Федор Крашенинников Ресей арнаулы қызметі Путиннің туған жеріндегі жарылыстың алдын алуға қауқары жетпегенімен қоймай, Навальный қорын Украина күштерімен байланыстырып, саяси ұпай жинап жатыр деп есептейді.

Ресейдің Украинаға бағытталған агрессиясына түбегейлі қарсы болған 46 жастағы Навальный – түрмеде отырғанына қарамастан, әлі де Ресейдегі ең ықпалды адамдардың бірі.

Крашенинников билік Навальныймен қандай да бір байланысы бар (ол ұйымдастырған митингіге барған немесе оппозиционердің бір жазбасына болсын лайк басқан адамның өзін) террорист деп түрмеге жауып тастауы мүмкін деп қауіптенеді.

"Осыған алаңдаймын. Бұл Ресейде қалған оппозиционерлер мен белсенділерге қатты әсер етеді" дейді ол.

Санкт-Петербургте жарылыстан кремльшіл әскери блогер қаза тапты
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:04 0:00

"ТЕРАКТ – ҚУҒЫН-СҮРГІНГЕ ІЛІК"

Путин саяси қуғын-сүргінге терактіні бірінші рет себеп қылып отырған жоқ. 2004 жылы Беслан мектебін террористер басып алып, 330 адам қаза тапқан кезде Ресей президенті елдегі саяси плюрализм мен демократияның дамуын тежеген қадамдарға барды.

Крашенинников пен Берлиндегі Карнеги қорының қызметкері Андрей Колесников 1934 жылы Санкт-Петербургте саяси бюро мүшесі Сергей Киров дәл осылай кісі қолынан өлгенін еске алды. Кировты не үшін өлтіргені белгісіз, бірақ Иосиф Сталин саясаткердің қазасын елдегі қуғын-сүргінді ақтау үшін пайдаланды.

"Саяси тұрғыдан алғанда, азаматтық қоғам мен Украинаға қысым күшейетін сияқты" дейді Колесников.

Фомин Украинаның шығысындағы Донбасста туған. 2014 жылы банк тонағаны үшін түрмеде отырған жерінен қашып шығып, Ресейдің жағында соғысып жүрген күштерге қосылған. Кейінірек Ресейдің Украинадағы соғысы туралы блог жүргізуді бастап, 500 мың оқырман жинаған.

Фомин – соғыс туралы жазатын ресейлік әскери блогерлердің бірі. Сарапшылар ол 2022 жылы қыркүйекте Кремльдегі шараға шақырылып, соғысқа қатысты пікір білдіргені үшін Киевтің нысанасына ілінген болуы мүмкін деп топшылайды.

Путин Украинаның Донецк, Луганск, Запорожье облыстарын Ресейге қосып алу туралы құжатқа қол қойғанда, шараға Фомин де қатысқан. Ол шарадан түсірген видеосын интернетке салып, "Бәрін жеңеміз, бәрін өлтіреміз, бәрін тонаймыз. Қалағанымызды істейміз" деп жазған.

Фомин Украинаны түгел жойып жіберуді ұсынған. Путин Фоминге қайтыс болғаннан кейін батырлығы үшін Ерлік орденін беру туралы жарлыққа қол қойды.

Украина президенті Владимир Зеленскийдің көмекшісі Михаил Подоляк "Фомин Ресейдегі ішкі кикілжің салдарынан қаза тапқан болуы мүмкін, құтыға қамалған өрмекшілер бірін-бірі жейді" деген пікір білдірді.

Бұл пікірге Резник те қосылады. Ол "Ресей элитасының өкілдері Мәскеудің Украинаға қарсы соғыста жеңіліп қалғанын түсініп, Путиннен кейінгі әлемге дайындалып жатыр" дейді.

"Әркім қара басының қамын ойлап, Батыспен келіссөз жүргізуге мүмкіндік беретін позицияға көшуге тырысып жатыр. Сондықтан қазір ішкі мәселелерін шешіп, бәсекелестерінен құтылуға кірісті" дейді ол.

Фоминнің Пригожинмен және "Вагнер" тобымен байланысы болған деседі. Жарылыс Пригожиннің штаб-пәтеріне жақын маңда болған.

Вашингтондағы Соғысты зерттеу институтының болжамынша, Фоминді Пригожинге ескерту жасау үшін өлтірген.

Пригожиннің Ресейдің әскери басшыларын ашық сынауы Мәскеудегі бәсекелес топтар арасында соғысқа байланысты шиеленіс артқанын көрсетті. Путин Киевті бірнеше күнде бағындырамын деп ойлағанымен, 13 айдан астам уақытқа жалғасқан соғыста Ресей қатарынан сәтсіздікке ұшырап жатыр.

Фомин мен националистік көңіл-күйді насихаттайтын басқа да әскери блогерлер Ресей әскерінің қимылдарына агрессия қосу керек деп есептейді.

Крашенинников Фомин ішкі күрес салдарынан қаза тапты дегенге күмәнданып қарайды. Саясаттанушының пікірінше, блогер биліктегі топтар үшін маңызы жоғары тұлға болмаған.

Сарапшының сөзінше, Путин Пригожинді сабасына түсіргісі келсе, елдің тынышын алмайтын басқа да әдістер жетіп-артылады. Ол бұрынғы экономика министрі Алексей Улюкаев пара алды деген айыппен түрмеге жабылғанын еске салды.

"Вагнер" тобының жетекшісі Евгений Пригожин.
"Вагнер" тобының жетекшісі Евгений Пригожин.

Улюкаев 2017 жылы 8 жылға түрме жазасына кесіліп, былтыр бостандыққа шыққан.

Пригожин Фомин мен Ресейдің Украинаға басып кіруін қолдайтын оңшыл идеолог Александр Дугиннің қызы Дарья Дугинаның қазасына Украина үкіметіне қатысы жоқ радикалдар жауапты болуы мүмкін деді.

Крашенинников пен Резник қылмысқа ресейлік партизандар тұр деген пікірге қосылмайды. Сарапшының сөзінше, Ресейдің арнаулы қызметі үкіметке қарсы топтарды жіті бақылауда ұстайды, сондықтан олардың жарылғыш заттар алуға мүмкіндігі жоқ.

Қазір шетелде тұратын ресейлік саясаттанушы Иван Преображенский "Ресейлік құқық қорғау органдарының дәлелдерді қолдан жасап, адамдарды саяси көзқарасына байланысты қудалайтынын ескерсек, дәмхананы кім жарғанын ешқашан анықтай алмаймыз" деді.

– Ресей билігінің осы жағдайды пайдаланып, саяси мақсатына жету тырысатынына күмәнім жоқ. Арсыздық – Ресей билігі үшін классика. Жарылыстың артында кім тұрғанына қарамастан, бұл жағдай қоғамның тұрақтылық пен қауіпсіздік кепілі көрінетін Путинге деген сеніміне селкеу түсіреді, бұл оның беделіне кері әсер етеді, – дейді сарапшы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG