Accessibility links

АҚШ қорғаныс министрлігінің бұрынғы өкілі: Путин Украинада жеңілмес үшін ядролық қаруға жүгінуі мүмкін


Ресей басшысы Владимир Путин.
Ресей басшысы Владимир Путин.

Украинамен соғыстағы "масқара жеңіліс" Ресейге емес, президент Владимир Путинге "экзистенциал қауіп" төндіреді. Мұндай жағдайды болдырмау үшін ол ядролық қару қолдануға дейін баруы мүмкін дейді Гарвард профессоры, АҚШ-тың қорғаныс саласы жөніндегі бұрынғы өкілі Грэм Эллисон Азаттықтың Грузин қызметіне берген сұхбатында.

Грэм Эллисон – Гарвард профессоры, АҚШ- қорғаныс министрлігінің бұрынғы өкілі. Ол ядролық қару, Ресей, Қытай мен қауіпсіздікті жоспарлау салаларына маманданған. Оның 1971 жылы шыққан Кубаның зымыран дағдарысы туралы кітабы сүбелі еңбектердің бірі саналады. 82 жастағы Эллисон 1990 жылдары қорғаныс министрінің көмекшісі ретінде АҚШ-тың Совет одағы құрамында болған мемлекеттерге қатысты стратегиясын үйлестіруге араласқан.

Азаттық радиосының Грузин қызметіне берген сұхбатында ардагер дипломат Ресей президенті Владимир Путиннің Украинаға басқыншылығын неліктен жалғастыра беретінін, не үшін ядролық қаруға жүгінуі мүмкін екенін түсіндірді.

Азаттық: Осы айдың басында Путин жетпіске толды. 8 қазан күні Қырым көпірі жарылды. Мәскеу онда мина тиелген жүк көлігінің жарылғанын айтты. Содан кейін Ресей Украинаға басқыншылық басталғалы ең ірі әуе шабуылын жасады. Бұл Путиннің соғысты күшейтуге дайын екенін көрсеткендей болды. Оның ендігі қадамы қандай болуы мүмкін?

Грэм Эллисон: Путин масқара болып жеңілу мен эскалацияның біреуін таңдауы керек болса, ол екіншісін таңдайды деуге негіз бар. Қирату көлемін арттырудың алғашқы қадамы – инфрақұрылымдарды бомбалау. Қазір ол сөйтіп жатыр деп ойлаймын. Бірақ оның өзі қалағандай "ақылды бомбалары" көп емес, сәйкесінше нысаналы соққылары да көп болмайды. Бірақ осы қирату кезеңі адамдар өмірін жалмап жатыр.

Батыс пен [Украина президенті Владимир] Зеленский Путиннің көп бейбіт тұрғындарды өлтіргенін айтады. Тарихи тұрғыда алып қарасақ, бұл айтарлықтай көп емес. Ол балаларды өлтіргісі келсе, мыңдаған адамды өлтіргісі келсе, Киевті бомбалайтын еді. Оған Киевті бомбалауға немесе зымыран жіберуге ештеңе кедергі болып тұрған жоқ. Елді мекендер көп қой.

Сондықтан, бірінші кезекте ол инфрақұрылымдарды көздеп отыр деп ойлаймын, себебі Украинаның аяқ-қолын байлағысы келеді, тағысын тағы. Иә, бірақ кейін бұл адам өлтіруге ұласады. Содан кейін химиялық қару, ядролық қару [іске қосылады].

Азаттық: Шиеленістің әрі қарайғы өрбуіне байланысты өте пессимистік болжам айтып отырсыз.

Грэм Эллисон: Бұл өте қорқынышты көрініс. Тіпті, Ресейдің Украинадағы жеңілісі Ресей үшін экзистенциал мәселе болмаса да, бұл Путин үшін маңызды деп ойлаймын.

Азаттық: Путин тығырыққа тірелгенін сезетін сәтке жақындап қалдық па?

Грэм Эллисон: Солай деп ойлаймын. [АҚШ] президенті Джо Байден өткен аптада жариялаған сөзінде осы сәтке жақындап қалғанымызды айтты.

Грэм Эллисон
Грэм Эллисон

Азаттық: Украинаға расымен мақсатты түрде ядролық шабуыл жасалса, Украина ғана емес, Ресей мен әлемде не болады?

Грэм Эллисон: Вашингтондағы кез келген адам, президент Байден мен ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері де осы сұрақты қойған болар. Еуропалықтарды да осы сұрақ алаңдатады, алаңдатуы керек те. Сонымен, жалпы көрініс қандай? Біз жетпіс жыл бойы соғыста ядролық қару қолданған жоқпыз. Бұл ғажап жетістік. Ұзақ уақыт алса да, ядролық қаруға тыйым салынды. Бақытымызға орай, мемлекеттер ядролық қару қолданудан тартынып келді.

Путиннің ядролық қару қолдануға шамасы жететіні сөзсіз. Қандай да бір мүмкіндік бар деп ойласа, бұл оған жеңіске жетуге көмектесетінін білсе, ядролық соққы жасауға негіз бардай көреді. Путин өзін жолы болмаған адам деп есептемейді және АҚШ Орталық барлау басқармасының директоры [Уильям] Бернс айтқандай, тығырыққа тірелсе, қатты ашуланады.

Ол бұл қадамға барса, Байден айтқандай, жаңа әлемде өмір сүреміз. АҚШ пен Батыс елдерінің қандай реакция танытатыны белгісіз. Ядролық қару қолдануға көп нәрсе байланысты. Орманда немесе Қара теңізде бірдеңе жарып жіберіп, бомбаны көрсетуі мүмкін. Әскери нысаналарға немесе қалаларға шабуылдауы мүмкін.

Өткен аптадағы сөзінде ол [АҚШ-тың бұрынғы президенті Гарри] Трумэн Хиросима мен Нагасакиге бомба тастады деді. Американың Хиросимаға тастаған бомбасынан 140 мың адам қаза тапты. Сондай жарылыс жасай алатын, Хиросимадағыдай 15 килотонна болатын тактикалық қарумен Киевке ядролық соққы жасау да сонша адамды өлтіре алады. «Оған жауап қандай болады?» деп ойласаңыз, Вашингтон ықтимал нұсқалардың бәрін қарастырған деп ойлаймын.

Азаттық: Вашингтон ядролық жауап қайтаруды қарастырып жатыр деп ойлайсыз ба?

Грэм Эллисон: Вашингтон бәрі бақылауда дер еді. Бірақ ядролық соққы жасай қоюы екіталай, тіпті, қарастырылмайды да деп ойлаймын. Сонымен, нашар және өте жаман нұсқа бар, жақсы нұсқа жоқ жағдайда тұрмыз. Міне, сондықтан қазір мұның өзі үшін де, елі үшін де, әлем үшін де нашар идея екеніне көндіруге күш салып жатыр. АҚШ пен Батыс қандай жауап қататыны тұрғысынан да, өзі сенетін адамдардан, мысалы, Қытайдан алатын кеңесі тұрғысынан да ол бәрін өзі шешуі керек.

Азаттық: Бірнеше ай бұрын Der Spiegel басылымына берген сұхбатыңызда сіз «Әзәзілмен соғысты тоқтауымыз керек» дедіңіз. Мысал ретінде [АҚШ-тың бұрынғы президенті Франклин Делано] Рузвельт пен [Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Уинстон] Черчильдің миллиондаған адамды өлтірген [бұрынғы совет диктаторы Йосиф] Сталинмен сөйлескенін, [АҚШ-тың бұрынғы президенті Ричард] Никсонның адам өліміне келгенде тартынып қалмаған [Қытайдың бұрынғы коммунистік лидері] Мао [Цзэдунмен] келіскенін айттыңыз. Путинге келгенде «әзәзілмен мұндай келісім жасау» қалай өрбуі мүмкін?

Грэм Эллисон: Бұл мәселеге келгенде ортодоксалды пікірде емеспін. Президент Байденді тыңдап, оның сөздерін оқысаңыз, олардың келіссөз туралы ойлайтынын байқайсыз. Вашингтон соны ойлап отыр.

Оптимистік сценарий бойынша алдағы 1-2 айда тығырыққа тірелеміз деп ойлаймын. Днепрдің батысы мен Херсон маңындағы тағы бір [Ингулетс] өзенінің көп бөлігін бақылап отырған Украина мен екінші жақтың көп бөлігін бақылап отырған Ресей арасында әскери әрекеттер бәсеңдеп жатқанын көреміз. 2016-2020 жылдары Донецк пен Луганск облыстарында да солай болған.

Мұндай жағдайда Путин жетістікке жеттім деп айтуға негіз жоқ деп ойлайды. Сондықтан ол жеңіске жетіп жатқанын айтады. Ал біз Украина тәуелсіз және еркін ел ретінде тірі қалды, жерінен бас тартқан жоқ дейміз. [Украина] бұл жерлерді қазір болмаса да, қайтарып алатынын айтады. Қиын болса да, Украина жетістікке жетуді мақсат етеді және оның Батыстан қаржылай қолдау сұрауға моральды құқығы бар деп ойлаймын.

Жақсы жаңалығым сол, бұл бір, екі немесе бес жылға созылуы мүмкін. Шығыс және Батыс Германияның жағдайы есімде. Батыс Германия шығыс Германияға деген талабынан бас тартқан емес. Бұл советтік автократияға қарағанда еркін қоғамның не істей алатынын көрсетті. Оңтүстік және Солтүстік Кореяны немесе Украина үшін актуал саналатын Балтық елдерін алыңыз.

Путин Украинада ол екінші дүниежүзілік соғыс аяғында Балтық елдерінде жалған сайлау мен референдум өткізіп, Латвия, Литва, Эстонияны аннексиялап, оларды Совет одағы елдері деп атағандай жағдай болады деп ойлайды. АҚШ пен Батыс елдері Совет одағының бұл жерлерге құқығын мойындаған жоқ, сол жердегі және одан тыс жерлердегі адамдар да сөйтті. Уақыт өте келе олар тәуелсіз елге айналды.

Өкінішке қарай, бұған ұзақ уақыт кетуі мүмкін. Бірақ баламасы одан да нашар болғандықтан, мұны оптимистік сценарий деп бағалайтын едім.

XS
SM
MD
LG