Жексенбіге қараған түні Дамаскінің жанында орналасқан Шығыс Ғута анклавының бір бөлігі Дума қаласында хлор толтырылған химиялық бомбаны жару салдарынан 49 адам мерт болған: Олардың дені - балалар. Сириялық "Ақ дулыға" деп аталатын бүлкіші топ бақылайтын аудандарда жұмыс істейтін Сирия-АҚШ медициналық қоғамы мен Сирияның азаматтық қорғаныс қызметі бірлескен мәлімдемесінде шабуылды Сирия президенті Башар Асад күштерінің авиациясы жасады деп хабарлады. Бұл шабуыл Асад Идлиб провинциясында бекінген бүлікшілер позицияына шабуыл кезінде зарин газын қолданғаннан кейін тура бір жылдан соң жасалып отыр.
Оқиға орнынан түсіп жатқан көптеген айғақтарға қарамастан, Ресей сыртқы істер министрлігі Сириядағы химиялық шабуылды "фейк" деп атады. Сириядағы қарсылас тараптарды татуластыру орталығының бастығы генерал-майор Юрий Евтушенко Башар Асад режимі Шығыс Ғутада химиялық қару қолданды деген ақпарат "шындыққа сәйкес емес" деп мәлімдеді.
ВИДЕО: Дума қаласындағы ықтимал химиялық шабуылдан соң.
Дума қаласында жасалған химиялық шабуылды Түркия мен АҚШ қатаң айыптады. АҚШ президенті Дональд Трамп шабуылға "хайуан Асадты" қолдайтын Ресей мен Иран жауапты" деп мәлімдеді. Трамптың сөзінше, осы шабуыл үшін Асад "үлкен құн төлеуге тиіс болады".
Ертеректе АҚШ Сирияда химиялық қаруды тағы қолданатын болса, қатаң әрекетке баруға уәде еткен. Ресей болса, мұндай тұрғыдағы шабуылдар туралы кез-келген ықтимал хабарламаларды алдын ала "арандатушылық әрекеттер" деп атап келген. Химиялық қару қолданылған соңғы шабуыл тура бір жыл бұрын жасалған. 2017 жылғы 4 сәуірде Идлиб провинциясының солтүстігіндегі Хан-Шейхун қаласына жасалған шабуылдан 72 адам мерт болған. Ол кезде Ресей құжат "антисириялық сипатта екені айқын" деп мәлімдеп, БҰҰ-ның әлгі шабуылды айыптайтын қарарына ветомен жауап берген.
Былтыр 7 сәуірде АҚШ Хан-Шейхунда жасалған химиялық шабуылға қарымта ретінде Сирия үкіметі әскерлерінің Шайрат әуе базасын зымыранмен атқылады. Осы шабуылдан 5 адам өліп, бірнеше ұшақ жойылған.
Думада химиялық қаруды қолдану Асад пен Ресей үшін немен аяқталады? Ондаған баланың мерт болғаны жайлы Интернетте тарап жатқан сұмдық видеоларға қаншалықты сенуге болады және бүлікшілер тастап кетуге келіскен анклавты бомбалаудың Сирия армиясы үшін мәні болды ма? 7 сәуірдегі шабуылға қатысты осы сұрақтарға Азаттықтың Орыс қызметіне Conflict Intelligence Team зерттеу тобының сарапшысы Кирилл Михайлов жауап берді.
- Думада қолданылған қару түрі қандай?
- Соққы жасалған жерден ішінде хлор бар сары түсті газ баллоны табылды. Бір қызығы, бұдан ертеректегі нұсқаларымен салыстырғанда, бұл баллон жетілдірілген және құйрығында қанаты бар. Жалпы Сирияда хлор қолданылатын химиялық шабуылдар жиі жасалады. Тіпті өрескел оқиға саналатын зарин газының өзі Сириядағы соғыс басталғалы кемінде алты мәрте қолданылған. Ал хлорға келсек, бұл - жыл басынан бері бір ғана Дума қаласында жасалған бесінші шабуыл. Алдыңғы шабуылдарда да Иранда жасалған зымырандарға орнатылған газ баллондары пайдаланылған. Көбі қолдан құрастырып, қарабайыр етіп жасалған. Бұл жолғы шабуылға әлемдік БАҚ назар аударды. Өйткені оқиға салдарынан көп адам мерт болды.
Bellingcat тобын құрған Эллиот Хиггинс: "Сол жақта – Думаға шабуыл кезінде пайдаланылған хлор толтырылған баллонның жетілдірілген түрі. Оң жақта – Хан-әл-Ассальге шабуыл жасау үшін хлор қолданылған 2017 жылғы тамыздағы фотосурет. Екеуінің ұқсастығы анық көрініп тұр. Баллондарды ілу үшін тесік ойып жетілдірген сияқы.
Бірінші кезекте бұл жуырдағы бітімнен кейін қарсы тараптар қалаға қатысты келісімге келе алмағаннан кейін Думаны Сирия ғана емес, Ресейдің де толассыз бомбалап жатуына байланысты болса керек. Бомба тастаған кезде жергілікті тұрғындар жертөлелерге тығылады. Ал хлор тозаңы жер астына тығылған адамдардың өзін қатты зақымдайды. Бұдан бөлек, ол жақта медициналық мекемелердің көбі жұмыс істемей тұрғандықтан, зардап шеккендерге дер кезінде дәрігерлік көмек көрсетілмегендіктен де адамдар өліп жатыр. Жалпы, хлордан кейін адамның өліп кетуі сирек кездеседі.
- Ресей Думадағы химиялық шабуылды "фейк" және "қойылым" деп атады. Мұның олай емес екенін дәлелдеуге бола ма? Оқиға орнынан түсірілген видеолардың рас-өтірігін анықтауға бола ма?
- Ресей билігі бұрынғы әдетіне басып, бүлікшілер "өз-өздерін улаған" немесе "ештеңе болған жоқ" деп айтатынына сенімдімін. Ресей насихаты әлдебір үлкен айыптауларға жауап беруге тырысқанда ылғи осылай істейді. Қазір видеоның рас-өтірігін Bellingcat тобындағы әріптестеріміз тексеріп жатыр. Bellingcat қызметкерлерінің бірі Ник Уотерс видеолардың көбі ішінде өте көп адам өлген бір ғимаратта түсірілгенін анықтады. Ол тіпті әлгі ғимараттың шатырында әуеден тасталған баллон немесе өзге бірдеңе ойып кеткен тесік барын байқаған.
Егер мұнымен БҰҰ мен Химиялық қаруға тыйым салу ұйымы зерттеулерінің бірлескен механизмі жұмыс істей алса, мұның бәрін тексеруге болушы еді. Амал нешік, 2017 жылдың аяғында БҰҰ қауіпсіздік кеңесінде Ресей 2017 жылы зарин газын Асад қолданғанын анықтағаннан кейін әлгі механизмнің мандатын ұзартуды бұғаттап тастаған. Сондықтан Ресей қорғаныс министрлігі айтқандай, шабуыл жасалған жерде ресейлік химиялық қорғаныс сарапшылары ғана жұмыс істей алады. Ал әлгі сарапшылардың алдын ала болжанғандай ұйғарым шығаратынына еш күмән жоқ. Бұған қоса, Думада зарин газы да қолданылуы мүмкін деген болжам бар. Өйткені уланған адамдарда жүйкені жансыздандыратын заттарға тән кей симптомдар болған. Бірақ бұл да тәуелсіз халықаралық сарапшыларға қойылатын сұрақ. Әрине, оларды әйтеуір бір кездері оқиға орнына кіргізсе...
- Ресей билігі Асад үшін Дума мен Шығыс Ғутаға шабуыл жасаудың, оның үстіне химиялық қаруды қолданудың мәні жоқ болған. Өйткені қаланы тастап шығу туралы келіссөздердің нәтижесінде бұл анклавтан содырлар онсыз да кетіп жатқан деген уәж айтады.
- Ол жақта химиялық қару жиі қолданылған болатын. Жаңа ғана айтып кеткенімдей, бұл - жыл басынан бергі бесінші шабуыл. Олардың негізгі мақсаты бейбіт тұрғындардың өмірін сақтап қалу үшін жергілікті топтарды қаладан кетуге мәжбүрлеу болатын. Иә, бүлікшілер онсыз да беріліп жатқан, бірақ бәрі емес. Шығыс Ғутадағы бүлікшілер мүлде ұйымшыл болмағанын түсінген жөн - Асад әскерлерінің шабуылына дейін олардың арасында қарулы жанжалдарға ұласқан қақтығыс болған. Хараст елді мекені "Ахрар аш-Шам" тобының, ал Шығыс Ғутаның оңтүстік-батыс бөлігі "Файлак ар-Рахман" тобының бақылауында болған. Бұдан бөлек, қазір Дума қаласын бақылауында ұстап тұрған "Джейш аль-Ислам" тобы бар. "Ахрар аш-Шам" мен "Файлак ар-Рахман" топтары берілді. Ал "Джейш аль-Ислам" қаланы ерекше шартпен ғана береміз деген талап қойған. Олар бұл қалада жергілікті полиция рөлін атқарғысы, бітім аясында тәртіпті қадағалағысы келген. Қысқасы, қалада қалу мүмкіндігін талап еткен. Олар ауыр қару-жарақты тапсыруға келіскенімен, қаладан кетуге келіспей қойған.
"Джейш аль-Ислам" – үшеуінің ішіндегі ең мықты топ. Дума үшін шайқас өте ұзаққа созылып кетуі мүмкін еді. Ал Сирияда соғысуға жарамды онша көп халық қалған жоқ – біреулері мерт болды, біреулері елден кетіп қалды. Ресей тіпті мұндай шешімге де келісуге дайын болған деген сөз бар. Өйткені бұл әлем БАҚ-тағы Ғута тақырыбын жауып, бұл бүлікшілер қаруын тастап берілген соңғы анклав болар еді. Бірақ Асад Сириядағы билікті кіммен болсын бөліскісі келмейтін тәрізді. Мәскеу бұл жанжалдан бірдеңе етіп шығуға баяғыдан тырысып жатқанына қарамастан, Асад шабуылды үдетіп жатыр. Думаға химиялық шабуыл жасалғаннан кейін "Джейш аль-Ислам" тобы Думаны ешбір шартсыз беріп, бүлікшілер мен олардың отбасыларын қазір Түркия бақылауындағы Идлиб провинциясына депортациялауға сол күні-ақ толық келіскен. Асад бүлікшілерді капитуляцияға мәжбүрлеу арқылы Шығыс Ғутаны толық әрі сөзсіз тазарту тактикасын ұстанған. Бұл тактика өз жемісін берді.
Егер Сирияға қатысты әлдебір қарқынды стратегия жайлы айтар болсақ, кезінде Иракқа басып кіргендегідей әрекет ғана нәтиже беруі мүмкін.
- Өткен жолғы химиялық шабуыл Асадтың әуе базасын атқылаумен аяқталды. Ал бұл жолы немен аяқталуы мүмкін? Израиль авиациясының операциясы деп болжанатын Хомс ауданындағы Т-4 әуе базасын іле-шала атқылауды Думаға жасалған химиялық шабуылмен байланыстыруға бола ма?
- Хан-Шейхун мен Думадағы химиялық шабуылдардың арасында хлорды қолдану арқылы ондаған ұсақ-түйек шабуыл жасалғанын түсінген дұрыс. Ондай шабуылдар кезінде зардап шеккендер саны ондаған адамға жеткен. Хлор әлі де химиялық қару деп саналады, бірақ Батыс елдері хлорды пайдалануға онша қарсы болмаған. Көп адам өлген мына шабуылға дейін оған көз жұма қарап келген. Әлдебір реакция бола ма дейсіз бе? Қазір мұны болжау өте қиын. Өткен жолы Трамптың мәлімдемесі мен әуе базасын атқылау арасында 32 сағат өткен, сондықтан оның әлі уақыты бар. Кез-келген қарымта соққы шектеулі сипатта ғана болатынын түсіну керек. Өйткені қазір Асадпен стратегиялық тұрғыдан тіресу мүмкін емес. Қазір оны биліктен тайдырып, ауыстыруға қауқары жететін күш жоқ. Асад Ресей мен Иранның көмегімен жеті жыл бойы бәсекелестерін біртіндеп жойғанының арқасында қазір оған балама ешкім қалған жоқ. Егер Сирияға қатысты әлдебір қарқынды стратегия жайлы айтар болсақ, кезінде Иракқа басып кіргендегідей әрекет ғана нәтиже беруі мүмкін. Қазір Батыс елдерінің ешқайсысы бұл қадамға бармайды. Сондықтан қарымта жауап болып жатса, ол әуе базаларын, химиялық қаруды құрастырып, шығарған Сирия институттарын, Иранның әлдебір базаларын атқылаумен ғана шектеледі.
Көп адамдар Израиль соққысын химиялық шабуылмен байланыстырып жатыр. Бірақ кей дерекөздердің айтуынша, бұл екеуі - бір-біріне байланыс жоқ оқиғалар. Израиль жоспарлы түрде Иранның Сириядағы нысандарына дүркін-дүркін соққы беріп тұрады. Т-4 әуе базасында Иранның да ұшқышсыз басқарылатын ұшақтары тұрған. Олардың бірі Израиль территориясына ұшып кірген кезде израильдіктер оны атып түсіріп, басқару пунктін де талқандаған. Бірақ өздері де ұшағынан айырылған. Қазір Ресей қорғаныс министрлігі израильдік ұшақтар Ливаннан ұшып кірді, Сирияның әуе шабуылына қарсы жүйелері израильдік сегіз зымыранның бесеуін жойды деп жатыр. Шын мәнінде қорғаныс министрлігі Шайрат әуе базасын атқылаған кездегідей зымырандардың бір бөлігін байқамай қалуы мүмкін. Өйткені Ресей Сирияда орналастырған әуе қорғанысы кешендері мүлде өзге ауданда тұр, олар Тартус порты мен Хмеймим әуе базасын бақылайды.
Ресей мен Иран арасындағы қайшылықты да ұмытпаған жөн.
Израиль соққысынан Т-4 базасы қандай зардап шекті деген сұраққа спутниктен түсірілген суреттен жауап беруге болады. Қазіргі жағдайда Т-4 базасының үстін бұлт басып тұр. Сондықтан әлгі суреттерді сәл күте тұруға тура келеді. Немесе ол жаққа ресейлік журналистер де барып қалатын шығар, РИА Новости агенттігінің фотолентасын қарау керек. Ол жақтан нақты не жойылғаны әзірше түсініксіз. АҚШ немесе Франция тарапынан Думадағы химиялық шабуылға қарымта жауап бола ма, жоқ па, бұл жағы да әзірше түсініксіз. Бірақ бұл мүмкін дер едім.
- Демек, Асад Ресейдің қолдауымен Сириядағы мақсаттарына баяу да болса қол жеткізіп келе жатқаны ғой?
- Иә, солай. Бірақ оның проблемалары да жетеді. Түркия өз ықпал аймағына айналдырып алған Идлиб провинциясы, Алеппо провинциясының солтүстігі бар. Бұған қоса, АҚШ қолдайтын «Сирия демократиялық күштері» деп аталатын күрд-араб жасақтары бар. Голан жоталары жанындағы Израиль басып алған аймақ бар. Бірақ Ғута, Хомс провинциясының солтүстігі, Дамаскіден оңтүстікке қарай орналасқан Ярмук лагері сияқты территорияларды алсақ, Асад ол жақтағы қалған қарсыластарын ерте ме, кеш пе бәрібір талқандайды. Бұл жағынан оған бөгет бола алатындай ешкімді көріп тұрған жоқпын. Қазір бұл үшін үлкен күштер керек, ал бұған сыртқы күштерден де ешкім дайын деп ойламаймын. Иә, Асад мақсаттарына жайлап қол жеткізіп келеді, бірақ бұл жолда текетірес пайда болуы мүмкін. Ең әуелі Түркиямен... Астана бейбіт келіссөзі бойынша Анкара формалды түрде Мәскеу мен Тегеранның серіктесі саналады, бірақ Асад күштері мен қазір Сирияға кіріп жатқан Түркия әскерилердің арасында ылғи да жанжал болып тұрады.
Асад күрдтермен де мәмілеге келе алмайтын сияқты. Егер Асад Сирияны федералдандыруға уәде етсе, оның билікте қалуына күрдтер қарсы емес. Ал Асад соғысқа дейінгі статус-квоны, яғни өз диктатурасын қайта орнатқысы келеді. Негізі, бұл жолда ол тіпті Ресейдің өзімен де қақтығысып қалуы ғажап емес. Кремль әлдебір бейбіт бастамалар туралы үнемі жар салады. Бірақ сонысы ешбір бітімнің шартын орындамаған Асадтың кесірінен сәтсіздікке ұшырайды да жатады. Ресей мен Иран арасындағы қайшылықты да ұмытпаған жөн. Өйткені қазір Сирияны қалпына келтіру жөніндегі келісім-шартқа талас жүріп жатыр. Әңгіме азаматтық инфрақұрылымды қалпына келтіру емес, телекоммуникация, ауыл шаруашылығы, пайдалы қазбалар сияқты ауқымды дүниелер жайлы болып отыр. Бұл жерде Ресей мен Иран екеуінің қайсысының бизнес мүддесі үстем болып шығады деген сұрақ туады. Бұл талас Ресей-Иран коалициясына сызат түсіруі мүмкін. Сириядағы соғыс мүлде болжамға көнбейтін соғыс болып тұр, бірақ алдағы проблемалары өте көп болғанымен, Асад біртіндеп өз дегеніне жетіп келеді.
(Азаттықтың Орыс қызметінің тілшісі Марк Крутов алған сұхбат орысшадан аударылды)