Accessibility links

АҚШ Сауд Арабиясымен қарым-қатынасын үзе ме?


Мухаммед ибн Салман
Мухаммед ибн Салман

Сейсенбі күні АҚШ президенті Дональд Трамп қазанның 2-сі күні Стамбулдағы Сауд Арабиясы консулдығына кіріп, із-түссіз жоғалған саудиялық журналист Жамал Хашоггиге байланысты қорытынды жасауға асықпауға шақырды. Түрік билігі "журналистің консулдық ғимараты аумағында өлтірілгеніне дәлеліміз бар" дейді.

Баспасөз дерегі бойынша, Сауд Арабиясы билігі адам өлімі болғанын мойындауға дайын. Бұл Ақ үйді қиын жағдайға қалдырды: журналистің өліміне одақтас мемлекеттің билігі араласқан болса не істеу керек?

Билікті сынаушы Жамал Хашоггидің Стамбулдағы Сауд Арабиясы консулдық ғимаратында өлтірілгені расталайын деген сияқты. Вашингтонда АҚШ-тың ұзақ жылғы одақтасы Сауд Арабиясының қатігез әрекетіне кесімді түрде жауап беруге шақырушылар көбейді.

Дональд Трамптың серіктестерінің бірі, республикашыл сенатор Линдси Грэм Foxnews телекомпаниясына берген сұхбатында мұрагер ханзада, қазір корольдікті басқарып отырған Мұхаммед бин Салман биліктен кетуі керек деді.

"Ол кетуі керек. Сауд Арабиясы, егер тыңдап тұрсаңыздар айтайын, сіздерде таңдауға лайықты адамдар көп. Мұхамед ибн Салман елдің де, өзінің де атына кір келтірді" деді Грэм.

Бұрын Эр-Риядпен жақсы қарым-қатынас орнатуды қолдаған саясаткер саудиялықтардың өздерін пайдаланғанын айтады. "Енді мұрагер ханзада ешқашан әлемдік көшбасшылармен бір сапта тұра алмайды" деді ол.

Олар журналисті консулдыққа алдап кіргізді, оны өлтіріп, денесін бөлшектеп тастады

Тағы бір республикашыл сенатор Марко Рубио осы оқиғадан соң Конгресте Сауд Арабиясын қолдаушылар қалмағанын айтады. "Қазіргі қалпында ешкім Сауд Арабиясымен байланыс орнатқысы келмейді. Олар журналисті консулдыққа алдап кіргізді, оны өлтіріп, денесін бөлшектеп тастады" деді Рубио телесұхбатта.

Сейсенбі күні комментаторлардың көбі ресми мәлімдеме кезінде саудия билігінің қылмыстық әрекетіне күмәнмен қарайтын жалғыз америкалық саясаткер – президент Трамп екенін айтты. Екі күн бұрын Дональд Трамп Сауд Арабиясының Хашогги өліміне қатысы бары анықталса, салдары ауыр болатынын ескерткен еді. Бірақ президент артынан "оның жоғалуына елден қуылған қылмыскерлер" себеп болуы мүмкін деген жорамал айтты.

Сауд Арабиясының королімен және мұрагер ханзадасымен телефон арқылы сөйлескен Трамп екеуінің де Стамбулдағы жағдай туралы ештеңе білмейтінін, тергеу жүргізіп, нәтижесін бірнеше күннен соң айтатынын жеткізді. Сауд басшылығымен Эр-Риядта кездескен АҚШ вице-президенті Майк Пенсті де осылай сендіріпті.

Трамп әкімшілігіне Эр-Риядпен көпшілік алдында бет жыртысудың керегі жоқ

Сауд Арабиясын "жазалау үшін" корольдікке америкалық қаруды сатудан бас тарту АҚШ-қа тым қымбатқа түсуі мүмкін. Бұл бағытта жүздеген миллиард долларлық келісім-шарт жасалған. Дональд Трамп америкалық жетекші компаниялар мен жұмысшылардың жапа шеккенін қаламайтынын ашық айтты.

Оның үстіне ірі мұнай өндірушілердің бірі Сауд Арабиясымен ынтымақтас болу Иран мұнайынан бас тартуды жоспарлап отырған Трамп әкімшілігі үшін өте маңызды. Тегеранмен қарым-қатынасы "салқын" АҚШ үшін Таяу Шығыста Сауд Арабиясының маңызы зор. Яғни, Трамп әкімшілігіне Эр-Риядпен көпшілік алдында бет жыртысудың еш керегі жоқ.

Линдси Грэм
Линдси Грэм

Таяу Шығыс бойынша америкалық маман, Джордж Мэйсон атындағы университеттің профессоры Марк Катц Ақ үйдің қиын жағдайда қалғанын айтады.

Марк Катц: - Бір жағынан америкалық бизнес, қорғаныс истеблишменті Сауд Арабиясымен тығыз байланыста болғысы келеді. Екінші жағынан, Сауд Арабиясы АҚШ-та саяси тұрғыда маңызға ие емес – демократиялық партияның солшыл қанаты ғана емес, көптеген консервативтік республикашылдар да саудиялықтарға күмәнмен қарайды: "Олар қыркүйектің 11-інде болған террорлық шабуылды ұйымдастырды" деп санайды. Мұрагер ханзаданың саясатына қауіппен қараушылар көп, оның сыртқы саясаттағы қадамдары тым тәуекелге толы, көп қате жасады, журналисті өлтіру соның бірі болса керек. Сондықтан оны король отбасының басқа мүшесі алмастырғаны жақсы еді. Бірақ АҚШ бұл процеске ықпал ете алмайды, ал мұрагер ханзаданың таңдау жасау мүмкіндігі бар, ол Ресей немесе Қытайға бұрыла салады. Аталған екі мемлекет АҚШ-Сауд Арабиясы қарым-қатынасы нашарласа жағдайды өз мүддесіне пайдалану жағын ойланып жатқанына сенімдімін.

Азаттық: Бұл жағдай қалай шешіледі деп ойлайсыз?

Марк Катц: - [Екі ел] қарым-қатынасын сақтап қалатын сияқты. Вашингтон тарапынан көп сын естуіміз мүмкін. Тергеу нәтижесінде "адам өлімі кездейсоқ болды, біреу билікті тыңдамай, өзінше әрекет етті деген нұсқа айтылады" деп ойлаймын. Қалай болғанда да, Америка саудиялықтар осы оқиғадан сабақ алса дейді. Себебі олар кез келген авторитарлық режим сияқты мұндай әрекеті үшін жазалануы мүмкін екенін сезінбейді. "Өз азаматтарымызға қандай қарым-қатынас жасауды өзіміз білеміз, онда ешкімнің шаруасы болмасын" деген ұстанымда сияқты. Ресеймен салыстырып қараңызшы. Кремль "опасыз" деп санаған адамдардың бәрін улап жатыр, ондай әрекеттер Ресейдің басқа елдермен қарым-қатынасына қалай ықпал ететінін ойламайды. Бірақ Ресей одан үлкен зардап шегіп отыр.

(Азаттықтың Орыс қызметінің мақаласы)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG