"Америка дауысы" радиосының хабарлауынша, "Трамп Сауд Арабиясына қару тасымалдауды тоқтатқысы келмейді, себебі бұл америкалық еңбек нарығына шығын келтіруі мүмкін". Соған қарамастан, Америка президенті Сауд Арабиясы журналисінің өліміне алаңдаушылық білдірген.
"Бәрін жан-жақты зерттейміз, оларды қатаң жаза күтіп тұр" - деді репортер Лесли Сталмен сұхбаттасқан Трамп.
"Сауд Арабиясының мұрагер ханзадасы Мұхаммед бин Салман Хашоггиді өлтіруге тапсырыс берген бе?" деген сауалға Трамп "оны әлі ешкім білмейді, бірақ анықтаймыз" деді. Президент журналисті Сауд Арабия билігінің бұйрығымен өлтірген болса, Вашингтонның "қатты қапаланатынын" жеткізді.
АҚШ-тың жетекші қару-жарақ өндіруші компаниялары бұған дейін конгресмендер Хашоггидің өлімінен кейін Сауд Арабиясына қару тасымалдауды тоқтатуы мүмкін деген қауіптерін айтқан. Әйткенмен президент Сауд Арабиясына қару сатуды тоқтатқысы келмейтінін, оны Ресей мен Қытай сияқты АҚШ бәсекелестері өз мүддесіне пайдалануы мүмкін екенін айтты.
Boeing, Lockheed және Raytheon компанияларын атап өткен Трамп "бұндай тапсырыстан айрылғым келмейді" деген. "Жазалаудың басқа да түрі бар" деді ол, бірақ нені тұспалдап тұрғанын ашып айтпаған.
Сауд Арабиясынан қашып шығып, АҚШ-та тұруға ықтиярхат алған Хашогги The Washington Post газетіне арнап мақалалар жазған. Ол қазанның 2-сі күні Сауд Арабиясының Стамбулдағы консулдығына кірген соң жоғалып кетті. Хашогги қалыңдығы Хадидже Ченгизбен некеге отыру үшін одан алдыңғы некеден ажырасқаны туралы құжат алуға консулдыққа барған.
ЖУРНАЛИСТІҢ ЖОҒАЛУЫНА ҚАТЫСТЫ ЖОРАМАЛДАР
Түріктің Sabah газеті мен CNN телеарнасының дерегінше, Хашогги "өмірінің соңғы сәтін" Apple Watch "ақылды сағатына" жазып алған. Sabah репортажында Хашоггидің қазанның 2-сі күні Стамбулдағы Сауд Арабиясы консулдығына кірген сәттен бастап сағатқа орнатылған диктафонды қосқаны айтылған.
Сағаттағы ақпарат iCloud сақтау орны мен ұялы байланыс телефонына түскен, журналист телефонды консулдыққа кірер алдында қалыңдығына тастап кеткен. Оның қалыңдығы – Түркия азаматы Хадидже Ченгиз журналистің шығуын күтіп ғимараттың алдында тұрған, бірақ ол сол беті шықпаған. Газет материалында сағатқа Хашоггиді тергеу ғана емес, оны азаптап, өлтірген сәті де жазылғаны айтылады.
Бұған дейін АҚШ және басқа елдердің барлаушылары журналист жоғалар алдында Стамбулға Сауд Арабиясының арнайы қызметінің 15 өкілі келгені туралы ақпарат алған. Түркия журналисті ұрлауды жоспарлағанын мойындағанмен, өлтіру ойларында болмағанын айтты.
Кейбір расталмаған дерек бойынша, Хашоггиді Түркиядан отанына жеке ұшақпен алып кетулері мүмкін. Бірақ WP дереккөзі журналисті консулдық ғимаратында өлтірді деп санайды, сосын арнайы қызметтің 15 қызметкері Сауд Арабиясындағы консулдар үйіне барған, сол жерде оларға әдеттегіден ерте үйлеріне қайту туралы бұйрық түскен.
ЖАМАЛ ХАШОГГИ ДЕГЕН КІМ?
59 жастағы Хашогги – корольдіктегі қазіргі биліктің оппоненті, танымал сауд арабиялық журналистерінің бірі. Ол көбіне Сауд Арабиясындағы "либералдандыруды" бастаған, бірақ өз режимін сынаушыларды қатаң қысымға алатын мұрагер ханзада Мұхаммед ибн Салман туралы жазды.
Сауд Арабиясында құқық қорғау саласы өкілдері, феминистер мен клериктер және мәдениет өкілдері жиі сотталады. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен БҰҰ Сауд Арабиясын Йемендегі гуманитарлық дағдарысқа себеп болды деп айыптайды. Ол жерде эр-Рияд әскерилері көтерілісші хуситтерге қарсы қазіргі үкіметті қолдап отыр.
Жамал Хашогги жоғалғанға дейін Вашингтонда бір жыл тұрды. 2017 жылдың күзінде жақын достары – журналистерді билік тұтқынға алған соң ол Сауд Арабиясынан қашып шықты.
Хашогги отанында al-Watan газеті мен Saudi TV жаңалықтар телеарнасының редакторы болды, al-Hayat газетіне арнап мақалалар жазды.
Ол ұзақ уақыт бойы король отбасына жақын журналистердің бірі саналды, корольдіктегі аға шенеуніктердің кеңесшісі болды. "Өз үйімді, отбасымды, жұмысымды тастадым. Дауысымды көтеріп сөйлей аламын. Басқаша істеу мүмкін емес, ол түрмеде отырғандарды сату болып саналады. Басқалар айта алмай жатқан нәрсені айта аламын" - деп жазды ол 2017 жылдың қыркүйегінде.
ПІКІРЛЕР