Accessibility links

Намысты қоздыру науқаны. Кеше Ресеймен күрескен Шешенстанда Кремль соғысын қалай үгіттейді?


Шешенстан қауіпсіздік күштерінің қызметкерлері Ресей президенті Владимир Путиннің 70 жылға толуына орай салтанатты жиын өткізіп тұр. Грозный, 7 қазан 2022 жыл.
Шешенстан қауіпсіздік күштерінің қызметкерлері Ресей президенті Владимир Путиннің 70 жылға толуына орай салтанатты жиын өткізіп тұр. Грозный, 7 қазан 2022 жыл.

Шешенстан президенті Рамзан Қадыров пен оның қол астындағылар соғысқа ерікті түрде барғысы келмейтіндерге қарсы медианауқан бастады. Биліктің сөзінше, ішкі істер министрлігі мен ұлттық гвардияда мыңнан астам адамның орны бос тұр.

Ресей әскері де, Шешенстан әскері де Украинадағы соғыста көп шығынға ұшырады. 24 қазанда Херсон облысындағы Каиры қаласында ғимаратқа жасалған артиллерия шабуылынан ондаған шешен қаза тапты.

Тура сол күні Шешенстанның кремльшіл президенті Рамзан Қадыров Telegram-да Украинадағы шешендер "дінін, отбасы құндылықтарын" қорғап жатыр деді. Ол – Шешенстаннан соғысқа аттанатын адамдардың санын күрт арттыруды ұсынды.

– Бізде 1,6 миллион адам бар, – деді ол. Ресей статистикасы бойынша, Шешенстан халқының саны 2021 жылы 1,51 миллион адам болған. Оның ішінде 420 мыңы зейнеткер, 551 мыңы бала болған. – Соғысқа аттандыруға нешеуі жарайтынын нақты білмеймін, кемі 300-400 мың болар. Жасы маңызды емес. Қалай болғанда да, бәріміз әскери комиссариатқа немесе қазір соғысып жатқандардың қатарына қосылуымыз керек.

Он бес жыл бойы билікте отырған Қадыровтың адам құқықтарын өрескел бұзатыны жиі айтылады. Ол – Ресейдің Украинаға басқыншылығын белсене қолдаушылардың бірі. 25 қазанда жарияланған видеода Қадыров Украинаны "біздің Ресейдің жері" деп атап, украиндарды тұтқынға алып, тіпті "өртеу" керек деді. "Украиндар" деп тұтас халықты меңзегенін, не тек әскер адамдарын тұспалдағанын дәл айту қиын.

Қазір Шешенстан билігі ер азаматтардың намысын қоздырып, Украинадағы соғысқа тарту науқанын жүргізе бастады. Жуырда парламент спикері Магомед Даудов республикалық билік өкілдерімен болған кездесуде "арнайы операцияны түсіндіру" міндетін қойды. Спикердің соғысты осылай атауы Кремльдің ұстанымынан шығып тұрғандай. Кездесуде ол – ішкі істер министрлігі мен ұлттық гвардия құрылымында мыңнан астам бос орын бар екенін айтты.

Осы кездесуден кейін тұрғындар дін қызметкерлерінен туыстарын Украинаға баруға шақыруға кеңес беретін үндеу ала бастаған.

Шенеуніктер сарбаздардың "Ресей мүддесін қорғауға құлшына қоймаған пайдасыз шешендерді" сынаған видеоларын жариялай бастады.

– Сақалдарыңды бояп, тар шалбар киіп, шемішке шағып отырып әңгіме айтасыңдар, – дейді Курчалов ауданы ішкі істер бөлімінің басшысы Рустам Агуев. – Алланың атымен ант етемін, бауырларым соғысып, өліп жатқанда көшеде жүруге ұялар едім. Бұл масқара ғой. Тарихымызға кір келтіріп жатырсыңдар. Үйге оралсақ, ешбіріңді көшеге жүргізбейміз.

Бұл видеоны 30 қазанда Шешенстанның баспасөз және ақпарат министрі Ахмед Дудаев жариялады.

– Тіпті, батыл әйелдеріміз де әскери әрекеттер аумағында белсенді әрекет етуі керек. Әрине, мұндай жағдайда ешбір ер адам әрекетсіз қалмауы керек, – дейді Дудаев жазбасында.

Рамзан Қадыров Жеңіс парадында. Грозный, 9 мамыр 2022 жыл.
Рамзан Қадыров Жеңіс парадында. Грозный, 9 мамыр 2022 жыл.

27 қазанда Қадыров та видео жариялап, соғыспайтын шешендерді шүберекке теңеген.

– Ей, шешендер! – дейді Қадыров. – Қалай үйлеріңде тыныш ұйықтап жатырсыңдар? Таң қаламын. Мыңдаған адам болып мешітте, әскери комиссариаттар мен бөлімшелерде неге жиналмайсыңдар? Қандай адамсыңдар? Отбасыларыңа не айтасыңдар? Әйелінің есебінен күн көретін ерлердің қатарынан боласыңдар.

Қадыров сәуірде шешендердің "әскери операцияға" ерікті түрде қатысу жағынан бәріне үлгі екенін айтқан еді.

– Ресейліктердің бәрі мұны көріп отыр және бағалайды, – деген еді ол Telegram арнасында.

Гудермес қаласындағы әскерилерді дайындау орталығы Украинаға апта сайын 200 адам жіберіп жатыр деген еді Қадыров тамызда.

Президент Владимир Путин жариялаған мобилизация ресми түрде аяқталғанына қарамастан, 29 қазанда Қадыров Шешенстанда әскерге шақыру жалғаса беретінін айтып, Шешенстанда қосымша дайындық бөлімдерін құруға шақырды.

Қорғаныс министрлігі мобилизация 1 қарашада аяқталғанын мәлімдеді.

Шешенстанда мобилизация таңдап жүргізілді дейді Германиядағы Ичкерия сепаратистік республика өкілі Хизир Сүлейменов. Оның сөзінше, мобилизацияға көбіне 1990, 2000 жылдары Ресейге қарсы соғысқан шешендер мен солардың туыстары ілінген дейді.

"Шешенстан тәуелсіздігін жақтайтындардың үйіне әскери киім киген бірнеше адам барады да, шақырту табыстайды" деді Сүлейменов. "Кейінгі бірнеше күнде менімен бір бөлімде соғысқан адамның ұлы мен жиенін алып кеткенін естідім".

Мобилизацияға паспорт алуға өтініш білдіргендер мен мобилизация туралы жағымсыз пікір білдіргендер де ілініп жатыр дейді шешен белсенділері.

Мобилизациядан кейін наразылыққа шыққан әйелдер ұсталған. Оппозиция белсендісі Ибрагим Янгулбаев The Insider басылымына олардың ұлдарын, күйеулері мен басқа да туыстарын Украинаға жіберіп жатқанын айтты.

Ресей құқық қорғаушысы Светлана Ганнушкина биліктің ұят, заңсыз әрі жабайы тірлікке барғанын айтады.

– [Биліктің] заңсыз әрекеттеріне қарамастан, Шешенстанда қарсы шығып жатыр. Олардың көбі әйелдер, себебі оларға ер адамдарға қарағанда жақсырақ қарады, – дейді ол.

Азаттық радиосы Кавказ қызметінің дерегіне сүйеніп жазылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG