Accessibility links

Украина үшін соғысып жүрген түркімен азаматы: Мұсылман адам ақиқат жағында болуы керек


Украинада соғысып жүрген еріктілердің бірі.
Украинада соғысып жүрген еріктілердің бірі.

Украин армиясының қатарында Ресейге қарсы соғысып жүргендер арасында Орталық Азия елдерінен келгендер аз емес. Солардың бірі – ​өзін Әбу Юнус деп атайтын 44 жастағы түркімен азаматы. Ол Ресей Украинаға басып кірген күннен бастап шейх Мансур атындағы еріктілер батальонының құрамында Украинаны қорғап соғысып жүр. Аталған батальонда негізінен мұсылмандар, Шешенстан мен Солтүстік Кавказдың өзге аймақтарынан келген азаматтар бар.

– Мен өзім Түркіменстан азаматымын. [Біз] диктаторлық Путин режиміне қарсы соғысып жатырмыз, – деді ол өзі жөнінде.

Әбу Юнус – мерген. Қазір ол қызу шайқас жүріп жатқан Бахмут қаласында. Үйіндіге айналған бұл қалада күн сайын әрбір метр, әрбір үй үшін соғыс жүріп жатыр.

– 24 ақпанда таңертең маған Ресей Украинаға басып кіргенін айтты. Ертесінде әскери комиссариатқа бардым. Қорқақ сияқты елден қашып кетуге ар-ұятым жібермеді. Маған Украина ұнайды. Керемет ел, жұрттың маған қарым-қатынасы керемет, мұнда мені қабылдады. Оларды сатып кете алмадым, – деді ол.

– Оның үстіне, өзім мұсылманмын. Мұсылман адам әрдайым ақиқат жағында болуы керек, құқығы тапталғандар жағында болуы керек. Ал Ресей – террор мен диктатура әкелген ел, – деді түркімен азаматы.

Әбу Юнус Түркіменстанның Лебап облысынан келген. Украинада 2018 жылдан бері тұрып келе жатыр. Киевке бірнеше күнге келіп, бес жылға қалып қойған.

– Осы жаққа келдім. Шынымды айтсам, жұрт маған қатты ұнады. Олардың маған деген қарым-қатынасы. Олар мұсылмандарды құрметтейді. Керемет ел. Еркіндік. Бассыздық деген атымен жоқ. Полицейлер білгенін істемейді. Құрметпен қарап, сөйлеседі. Тұтас алғанда, Еуропаға келдім, – деді ол.

Мансур атындағы батальонда Шешенстаннан келгендерден бөлек, қырғыздар, өзбектер және өзгелер соғысып жатыр. Мигранттар Ресей жағында да бар. Басым бөлігі – бұрынғы тұтқындар немесе Ресей азаматтығын алу үшін келісімшартқа отырғандар. Әбу Юнус Ресей түрмесінде отырып, ресейлік "Вагнермен" келісімшарт жасасқан Орталық Азиядан келгендерді түсінбейтінін айтады. Оның сөзіне қарағанда, орыс әскері вагнерліктерді "оқ жемі" ретінде пайдаланады. Ондайлардың соғыста тірі қалуы неғайбіл.

Түркімен азаматы мигранттарды ешбір шартқа келіспеуге үндейді, тіпті "түрмеден босатып, Ресей азаматтығын береміз" деп уәде етсе де, Ресей жағында соғыспауға шақырады.

– Бұл жаққа келіп өлгенше, тағы сонша мерзім түрмеде отырған абзал. Бұл жақта сұмдық болып жатыр. "Вагнерліктер" тұтас қырылып жатыр. Оларды атып түсіреміз, ал оларды "оқ жемі" ретінде пайдаланады. Қарапайым мысал келтірейін. Украин әскерінің позициясын анықтау үшін, украин минометі немесе танкісі қай жақтан атып жатқанын білу үшін олар әуелі "оқ жемі" ретінде 10 "вагнерлікті" жібереді. Ал украиндер оларды атады. Ал Ресей командирлері жоғары жақтан оларға қайдан оқ атылғанын көреді. Міне, осылайша пайдаланады, – деді ол.

– Басқыншылар – бұл Украинаға басып кірген путиндік режим... Оларға тіпті опат болып өлу де бұйырмайды, бөтен жерде қаңғып өледі. Мешітте түсірілген роликті көрдім: ол жақта адамдарды [соғысқа қатысып] азаматтық алуға шақырып жатыр. Ресей азаматтығын алу үшін осы жаққа келгісі келетіндерге айтарым: егер осында келіп, жай атып көріп, кетеміз деп ойласаңдар, қателесесіңдер. Мұнда қырылып жатыр. Орыстардың өзі соғыстан қашып жатыр, ал сендер болсаңдар, азаматтық үшін келесіңдер. Мұны тастаңдар. Оданша өз елдеріңе, отандарыңа сүйеніңдер, – деді ол.

Әбу Юнус соғысқа қатысқаны үшін өз елінде қудалауға ұшырайтынын түсінеді. Бірақ одан қорықпайтынын айтады.

– [Түркіменстанға] барамын – өлтірсе, өлтірсін, түрмеге қамаса – қамасын. Не істейміз? Өмір бойы үнсіз қала бермейсің ғой. Егер маған бірдеңе болса, демек, солай болуға тиіс шығар. Енді одан қорқуым керек пе? Алладан басқа ешкімнен қорықпаймын, – деді ол.

Әбу Юнус өз еліндегі жағдайға көңілі толмайтынын, Түркіменстан билігін ашық сынаудан қорықпайтынын да жеткізді.

– Маған қоқан-лоқы жасай алмайды: ол жақта ешкімім жоқ. Ол жақтан кетіп қалғанмын. Бассыздықтан әбден мезі болдым. Ал мұнда, Украинада өзімді таптым, өзімді таныдым. Не үшін өмір сүретінімді, не үшін өмірге келгенімді түсіндім. Мен әлдебіреуге емес, Жаратушыға бас ию үшін дүниеге келдім, – деді ол.

Әбу Юнус түркімен азаматтарын өз тағдырын өзгертуге үндеді.

– Бір нәрсені өзгерту үшін халықтың өзі қозғалуы керек. Біреу келіп, сен үшін ештеңе істеп бермейді. Түркімен халқына төзімділік тілеймін: Құдай қаласа, ақылға келеді... Сол кезде қазір үнсіз отырғандар қадам жасай бастайды. Біздің ата-бабамыз – [Құдайға] сеніп, дәстүрді сақтаған түркімендер... қазіргі түркімендерді көрсе, өздеріне еш қатысы жоғын айтар еді, – деді.

XS
SM
MD
LG