Accessibility links

АҚШ мұнай экспорттаушы елге айналуы ықтимал


АҚШ президенті Барак Обама мұнай ұңғымасының қасынан өтіп барады. Нью Мексика, 21 наурыз 2012 жыл. Көрнекі сурет
АҚШ президенті Барак Обама мұнай ұңғымасының қасынан өтіп барады. Нью Мексика, 21 наурыз 2012 жыл. Көрнекі сурет

Халықаралық энергетика агенттігінің есебіне қарағанда, алдағы бес жылда Солтүстік Америкада мұнай өндіру көлемі күрт артпақшы. Бұл бетбұрыс мұнай нарығына қалай әсер етпек?

Азаттық тілшісі осы турасында білмек болып, IHS ғаламдық болжау компаниясының вице-президенті, әлемдегі мұнай саудасының саясат пен экономикаға ықпалы туралы кітаптардың авторы Дэниел Ергинмен сұхбаттасқан еді.

«ТАҢЫРҚАЙТЫН ДӘНЕҢЕ ЖОҚ»

Азаттық: – Мұнай саудасындағы бетбұрыс туралы алғаш естігенде не ойладыңыз?

Дэниел Ергин: – Меніңше, мұнда таңғаларлық ештеңе жоқ. АҚШ-тағы мұнай өндірісі 2008 жылдан бері 43 пайызға өсті. Осы өсімнің өзі Нигерияның бүкіл мұнай өндірісіне пара-пар. Сөйтіп Солтүстік Америкада өндіріліп жатқан мұнай мен газдың арқасында болған бұл төңкеріс жағдайды мүлдем басқа арнаға бұрып жіберді.

Азаттық: – Соңғы жазған кітабыңызда таза да тұрақты энергия көздерін іздеу қажет екенін айтқансыз. Мұнайдың көп болуының жақсы жағы бар ма?

Дэниел Ергин: – Бұл – ғаламдық нарық мұнаймен жақсы қамтамасыз етіледі
Дэниел Ергин.
Дэниел Ергин.
деген сөз. Яғни қазір қалыптасқан жағдай өзгеріп, әлемдік мұнай саудасы теңеседі. Бұдан мұнай нарығы тұрақталады. Жұрт осыдан бес жыл бұрынғыдай мұнай өндіру көлемінің азаюынан, не көбеюінен қорқып отырмайды.

Азаттық: – Мұнай қорының таусылуынан үрейлену жаңа, орны толатын энергия көзін іздеуге деген құлшынысты оятқан еді. Бұл жаңалық осы үдерісті тоқтатып тастамай ма?

Дэниел Ергин: – Жоқ, олай болмайды. Мұнайдың көптігі, не оның таусылуынан қауіптену қалпына келетін энергия көздерін іздеуге деген құлшынысты арттырды. Бірақ көп жағдайда біз нәтиже тез бола қояды деп күтіппіз. Бұл жобалардың жүзеге асуы үшін әлі көп уақыт керек.

Азаттық: – Солтүстік Америкада мол мұнайдың табылуы энергетика өндірісіндегі парадигманы өзгерте ме?

Дэниел Ергин: – Тарихта мұнай қоры таусылуға жақын деген әңгіме шыққан сайын жаңа технологиялар, жаңа қорлар мен аймақтар ашылып, энергетика саласында теңгерім орнап отырады. Сонымен қатар біз анағұрлым үнемшіл бола бастаймыз. Сондықтан екі тараптан – сұраныс тұрғысынан да, ұсыныс жағынан да көп өзгеріске ұшыраймыз. Жел және күн энергиясын пайдалану – өткен ғасырдағы инновациялық жаңалық болса, энергетикалық тепе-теңдіктің орнауы және тақтатас газы – осы ғасырдағы жаңалық болып тұр.

АҚШ ЭКОНОМИКАСЫНА ЖАҢА СЕРПІН

Азаттық: – АҚШ-тың мұнай импорттаушы елден экспорттаушыға айналуы оның сыртқы саяси ұстанымына қалай әсер етуі мүмкін? Бұл «Иранның кесірінен бүкіл Парсы шығанағын тұрақсыздық жайлауы ықтимал» деген үрейді сейілте ала ма?

Дэниел Ергин: – Иә, 1970 жылдардан бері Парсы шығанағы мен ондағы мұнай экспорттаушы елдердегі тұрақтылық ғаламдық экономика үшін ең басты мәселе болып келді. АҚШ-тың Парсы шығанағынан импорттап келген мұнайының үлесі
Мексика шығанағына төгілген мұнайды тазап жүрген кемелер. АҚШ, Луизиана штаты, 27 шілде 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
Мексика шығанағына төгілген мұнайды тазап жүрген кемелер. АҚШ, Луизиана штаты, 27 шілде 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
аса көп емес. Соңғы бірнеше жылдың көлеміндегі АҚШ импорттаған мұнайдың 8 пайызы ғана Парсы шығанағынан тасылған. Бірақ мәселе – осы импортталған өнімнің ғаламдық экономикалық тұрақтылыққа тигізетін әсерінде. АҚШ-та табылған «қою мұнайды» (тақтатас пен құмды жер қыртыстарынан өндірілетін мұнайлы концентрат), Канададағы мұнайлы құмдарды, Бразилиядағы мұнай кенін ескерер болсақ, Батыс жарты шарының өзін-өзі қамтамасыз ететін жағдайы бар. Өзін-өзі толық қамтамасыз етеді дей қою қиын, себебі импорт толастаған жоқ. Бірақ бұл жағдай Батыс жарты шары мен АҚШ-тың ұстанымын өзгертетіні рас.

Бұл үдерістің онша ескерілмей келген, тек президент Барак Обама 2012 жылғы халыққа жолдауында атап көрсеткен және бір ықпалы – АҚШ экономикасының өсіміне әсер етуі. Біздің IHS компаниясының болжамынша, жоспардан тыс мұнай және газ өндірісінің арқасында АҚШ-та 1,7 миллион жұмыс орны ашылмақ. Өткен жылы бұдан үкімет қазынасына 62 миллиард доллар табыс түсті. Сондықтан бұл жағдай дағдарыстан бері тұралап қалған АҚШ экономикасын бір серпілтті деуге болады.

ЕУРОПАДАҒЫ ПІКІР ҚАЙШЫЛЫҒЫ

Азаттық: – Тақтатас газына, әсіресе Франция сияқты Еуропа елдері тыйым салған, не тыйым салу қарастырылып жатқан гидравликалық өндіріске қатысты көзқарасыңыз қандай?

Дэниел Ергин: – АҚШ-та тақтатас газын өндіру осыдан он жыл бұрын басталған. Кезінде табиғи газ өндірісіндегі үлес салмағы екі-ақ пайыз болса, қазір оның үлесі 40 пайызға жеткен. Президент Обама тақтатас газының табиғатқа тигізер зиянын анықтау мақсатында құрған комиссияның мүшесі болдым. Құрамына беделді ғалымдар кірген бұл комиссияның ұйғарымы мынау болды: өндіріс процесі кезінде табиғатқа зиянын тигізбеуі үшін дұрыс басқарып, тиісінше қадағалап отыру керек. Қазір бұл көбіне штаттар деңгейінде ғана қадағаланып отыр. Бірақ, біздің ойымызша, қатаң бақылау арқылы өндірісті жалғастыра беруге болады.

Еуропаның бұған көзқарасының өзгеше болатын себебі – онда жағдай да басқаша. Ұлыбритания үкіметі тақтатас газы өндірісін дамыта бергісі келген. Бірақ онда бұрғылау және барлау жұмыстары енді басталып жатыр, сондықтан шикізат қорының көлемі белгісіз. Еуропа Одағының энергия жөніндегі комиссары Еуропа тақтатас газы өндірісін дамытуды ойластыруы керек деп мәлімдеді. Франция қарсылық білдірді, ал Германия бұған көбіне саяси тұрғыдан енжар қарап отыр. Польша мен Украина мұндай газ өндірісін экономикалық даму және энергетикалық қауіпсіздік тұрғысынан өте маңызды деп санайды, алайда олар онша белсенді қимылдай алмай жатыр.

Яғни мемлекеттер арасында пікір айырмашылығы көп. Франция сияқты елдерде табиғатты қорғаушылардың ашық қарсы шығып отырғаны рас, бірақ Еуропада мұның қарқыны бәсеңдеу. Меніңше, соңғы бірнеше айдың көлемінде біраз түбірлі өзгерістер болды. Еуропадағы өнеркәсіп секторы арзан энергия көзін тапқан Солтүстік Америкамен бәсекеде жеңіліп қаламыз деп қобалжи бастады.
АҚШ мұнай өңдеу зауыты маңында тұрған қытайлық мұнай танкерлері. АҚШ, Нью-Джерси штаты, 24 тамыз 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
АҚШ мұнай өңдеу зауыты маңында тұрған қытайлық мұнай танкерлері. АҚШ, Нью-Джерси штаты, 24 тамыз 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Бұған тіпті қытайлар да қобалжып жатыр. Еуропа қазір бастан кешіріп отырған рецессияны, жұмыссыздық деңгейінің өсуін ескерсек, олар шикізат өндірісінің осы түрін дамытып, АҚШ сияқты пайдаға кенелудің қажет екені жайлы айта бастауы мүмкін.

АҚШ-тың энергетика департаменті жақында ғана осымен екінші мекемеге сұйылтылған газды Жапонияға экспорттауға рұқсат берді. Демек, бұл – АҚШ шикізат қоры осыдан бірнеше жыл бұрын болжағаннан артық деген сөз. Оның үстіне бұл жұрттың көпшілігі қолай көретін көміртегі аз өнім түріне жатады. Жапондар оны жабылып қалған атом электр станцияларының орнына пайдаланбақ. Ал Қытай ауаны шектен тыс ластайтын көмірді табиғи газбен алмастыруды көздейді. АҚШ оларға өнім жөнелтіп отырады. Осыдан бес жыл бұрын мұны көзге елестетудің өзі мүмкін емес еді.

Азаттық тілшісі Хизер Мейер алған сұхбатты ағылшын тілінен Мұхтар Екей аударды.
XS
SM
MD
LG