Accessibility links

"Зорлыққа көндігуге болмайды"


Айман Омарова, адвокат, құқық қорғаушы
Айман Омарова, адвокат, құқық қорғаушы

Қазақстандық адвокат Айман Омарова АҚШ үкіметінің биылғы International Women of Courage Award, яғни Халықаралық батыл әйелдер сыйлығын иеленді. Бұл сыйлық 2007 жылдан бері кәсібін атқара жүріп, қайраткер ретінде танылған әйелдерге беріледі.

Айман Омарова (Умарова болып та жазылады - ред.) әйелдер мен балалардың сексуалдық зорлық-зомбылыққа ұшырауы сияқты ауыр қылмыстық істер бойынша маманданған. Ол саяси себеппен түрмеге қамалған адамдардың да құқықтарын қорғайды. Жүлдесін алуға Вашингтонға барған адвокатпен Азаттық телефон арқылы сұхбаттасты.

Азаттық: Халықаралық батыл әйелдер сыйлығына лайық деп танылған он әйелдің бірі болғанын білген кезде қандай сезімді бастан кештіңіз?

Айман Омарова: Қатты таңырқап қалдым. Ең батыл әйелмін деп айта алмас едім. Мұнда (Вашингтонға – ред.) түрлі мәселелермен күресіп жүрген әйелдер жиналыпты. Дәл мені таңдап алғанына хош болдым. Соңғы бірнеше жыл ішінде көп жайтты бастан өткердім ғой. Бір сөзбен айтқанда – сенімдеріне рақмет.

Азаттық: Бұл сыйлықтың сіз үшін мәні не?

Айман Омарова: Бұл – қызметімді, ұмтылған мақсатымды бағалағандары. Айналысып жүрген шаруам оңай нәрсе емес, еңбегімді бағалапты. Жалғыз емес екеніме, осылайша еңбек етіп жүрген басқа да әйелдердің бар екеніне қуанам. Мұны бағалай білетін адамдардың барлығына қуанам.

Көре отырыңыз: Адвокат Айман Омарова: Зорлықты тыю үшін бақылау қажет

Адвокат Айман Омарова: Зорлықты тыю үшін бақылау қажет
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:48 0:00

Азаттық: Қазақстандағы адам құқықтары ахуалы мен жергілікті құқық қорғаушылардың қызметіне қатысты халықаралық қауымдастықтың назарын қандай жайтқа аударар едіңіз?

Айман Омарова: Ең әуелі әйелдердің құқықтарына назар аудартар едім. Мәселенің тамыры гендерлік теңсіздікте жатыр. Қазақстандағы негізгі мәселелердің бірі – қоғамның зорлық-зомбылыққа деген көзқарасы. Жылдар бойы кез-келген зорлық-зомбылықтың қылмыс екенін дәлелдеп келеміз. Зорлыққа көндігуге болмайды, түсінесіз бе? Бірақ, зорлық құрбанына: «Өзің кінәлісің!» дейтіндер бар.

Азаттық: Биыл жүлдені табыс етушілердің қазақстандық үміткерлерге көңіл бөлгені нені байқатады?

Әлсіз адамның клиентіме айналу мүмкіндігі күшті.
Адвокат Айман Омарова

Айман Умарова: Қазақстандағы зорлықпен күрес көптің көзіне түсті деп ойлаймын. Бұл жерде лауреаттардың қай елден шыққаны маңызды емес, бұл елдерде адамдардың құқықтары үшін қаншалықты жігермен күресіп жатқаны маңызды.

Азаттық: Өзіңіз адвокат ретінде қатысатын істерді қалай таңдайсыз?

Айман Умарова: Клиенттерімнің басты бөлігі – жағдайы нашар әйелдер. Барлығының істері күрделі категорияға жатады. Күрделі дегеніміз – істің қиындығы соншалықты, ақтығын дәлелдеу мүмкін болмай қалған жағдайлар. Мұндай іске қатысу арқылы ауқымды мәселенің бар екенін қоғамға көрсетем. Мысалы Жібек Мусинованың ісін алайық. Маған: «Бұл – кәнігі қыз зорлау ғой» дегендер болды. Жоқ, бұл іс өзгеше еді. Бірінші рет қазақ әйелі зорлау туралы ашық мәлімдеме жасады.

Кейбір қылмыстық істерге қатысу үшін тұтас жүйемен күресуге тура келеді. Бір адамға көмектесу арқылы қоғамға жәрдем қылатын істерді алам. Қоғамның өзекті мәселелерін ашып көрсетем. Мұндай іс кез болып, жүзеге асып жатса, гонорар туралы ойламаймын да. Әлсіз адамның клиентіме айналу мүмкіндігі күшті.

Азаттық: Ендігі жоспарыңыз не?

Айман Умарова: Өзім құсап көмекке ең мұқтаж адамдардың құқықтарын қорғайтын жас адвокаттар мен заңгерлер үшін тренинг ұйымдастыратын құқық сауаты мектебін ашқым келеді. Ешкім ұмыт қалмасын деймін.

Азаттық: Сұхбатыңыз үшін рақмет!

XS
SM
MD
LG