Accessibility links

Чехияда Гавелді жерлеу рәсімі өтті


Әскерлер Вацлав Гавелдің мәйіті салынған табытты қасиетті Вит шіркеуінен алып кетіп барады. Прага, 23 желтоқсан, 2011 жыл.
Әскерлер Вацлав Гавелдің мәйіті салынған табытты қасиетті Вит шіркеуінен алып кетіп барады. Прага, 23 желтоқсан, 2011 жыл.

Чех халқы 76 жасына қараған шағында қайтыс болған бұрынғы президент Вацлав Гавелмен қоштасып, үш күн аза тұтты. 1989 жылы «Мақпал» төңкерісі кезінде билікке келген диссидент жазушы Вацлав Гавел Чехословакияның соңғы президенті, кейін тәуелсіз Чехияның тұңғыш президенті болып сайланды.

Гавел қайтыс болған 18 желтоқсаннан бастап, Чехияның мемлекеттік мекемелері мемлекеттік туды төмен түсіріп, ал тұрғындардың кейбірі ұлт жетекшісінің қазасына қайғырып, үйлерінің шатырына қара ту іліп қойды.

МЕМЛЕКЕТТІК ДЕҢГЕЙДЕ ӨТКЕН ЖЕРЛЕУ РӘСІМІ

Қаралы күндерде ойын-сауық мекемелерінің көпшілігі жабылды немесе шектеулі түрде жұмыс жасады. Концерттік бағдарламалары бар телеарна, театр және кинотеатрлар кестелерін өзгертті. Көптеген спорттық жарыстар кейінге қалдырылып, кейбір халықаралық жарыс уақытын өзгерту мүмкін болмағандықтан, ойыншылар қолдарына қара лента тағып шықты.
Чехияның тұңғыш президенті Вацлав Гавелдің табыты қасиетті Вит шіркеуіндегі қоштасу рәсімі басталар алдында. Прага, 23 желтоқсан, 2011 жыл.
Чехияның тұңғыш президенті Вацлав Гавелдің табыты қасиетті Вит шіркеуіндегі қоштасу рәсімі басталар алдында. Прага, 23 желтоқсан, 2011 жыл.

Бірқатар елдердің жетекшілері бастаған мыңдаған адам Вацлав Гавелдің сүйегін орталық шіркеуден Прага қамалына дейін алып барды. Чехияның бұрынғы жетекшісі Вацлав Гавелдің мәйіті салынған табыт жұмаға дейін чех президенттерінің тарихи резиденциясына қойылып, бірнеше мың адам үш күн бойы ұлт жетекшісімен қоштасып қалу үшін ұзын-сонар кезекте тұрды.

Драматург, ағартушы, режиссер, философ, жазушы, гуманист, диссидент, құқық қорғаушы, саясаткер – Вацлав Гавел өзінің өмірін азаттық үшін күреске, демократия мен адам құқықтарының сақталуына арнап, әрдайым жекелеген адамдардың, біртұтас елдің еркіндігі үшін күресті.

1960-шы жылдары театрда жұмыс істеп жүрген кезінде Вацлав Гавелдің аты «Балабақшадағы мереке» және «Ескерту» деген пьессаларымен шыққан. Оның драматургиялық шығармаларындағы басты тақырыптар - билік, бюрократия және тіл мәселелері еді. «Прага көктемі» аталып кеткен оқиға кезінде, Гавел саяси пікірталасқа қатысып, демократиялық қоғам құруға үндеген.

Варшава келісіміне мүше елдердің Прагадағы наразылықты әскери күшпен басып тастауынан кейін Гавелдің демократиялық реформалар жүргізуге шақырған үндеулеріне тыйым салынып, елге белгілі диссидентке айналған ол саяси тұтқындардың құқығын қорғап, адам құқығы үшін күресетін «Хартия 77» азаматтық тобын құруға атсалысты. Демократиялық реформаларға үндеген әрекеттері үшін Гавел 5 жылға түрмеге жабылды.
Прага қамалының кіре берісінде Вацлав Гавелдің өлімін аза тұтушы халық. 23 желтоқсан 2011 жыл
Прага қамалының кіре берісінде Вацлав Гавелдің өлімін аза тұтушы халық. 23 желтоқсан 2011 жыл


1989 жылғы «Мақпал» төңкерісінен кейін Вацлав Гавел коммунистерге қарсы «Азаттық форумы» қозғалысын құрды. 1989 жылдың 29 желтоқсанында Чехословакияның президенті болып сайланды. Оның билігі тұсында Чехословакия бейбіт қалыпта екіге бөлініп, Чехия мен Словакия өз алдарына тәуелсіз елдер болып жарияланды. Екі мерзім Чехия президенті болған Вацлав Гавел билігі тұсында бұл ел НАТО-ға кірді, елдің нарықтық заманға өтуі кезінде аса үлкен қиындықтар болмады.

ЕУРОПАНЫ КОММУНИЗМНЕН ҚҰТҚАРУШЫ

Әлбетте саясаткер, мемлекет қайраткері ретінде Гавелдің де сыншылары көп болды. Бірақ ол саяси одақтастары сияқты қарсыластарына да өзін сыйлата білді. Гавел үшін ұстамдылық пен жеке басты сыйлау - бәрінен жоғары тұрған құндылықтар болатын.

Вацлав Гавел Еуропадағы, жалпы әлемдегі өктемшіл, әрі тоталитарлық биліктерге қарсы күресіп, халықтың мүддесін көздеп, Еуропаны коммунизмнен азат еткен символға айналды. Кішкентай ғана елдің басшысы болғанымен, Вацлав Гавел халықаралық қауымдастықта, әсіресе, Еуропада өте беделді тұлға болды.
Чехияның туын жамылған бала Вацлав Гавелдің рухына бағыштап шырақ жағып тұр. Прага қамалы, 23 желтоқсан 2011 жыл
Чехияның туын жамылған бала Вацлав Гавелдің рухына бағыштап шырақ жағып тұр. Прага қамалы, 23 желтоқсан 2011 жыл

Сондықтан болар Гавелмен қоштасуға мыңдаған адам жиналып, көбісінің жанары қимастықтан шыққан шынайы жасқа толы болды. Гавел өмірден өткен күннен бастап, Праганың халықаралық әуежайына Вацлав Гавелдің есімін беруді ұсынған топтың қол жинауы басталды.

Жұма күні адам құқықтары мен демократия жаршысы болған Вацлав Гавелді соңғы сапарға шығарып салуға 50-ге жуық елдің басшылары келді. Олардың арасында Франция президенті Николя Саркози, Ұлыбритания премьері-министрі Дэвид Кэмерон, Словакия президенті Иван Гашпарович, Еуропалық комиссия басшысы Жозе Мануэль Баррозу, Еуропалық парламент төрағасы Ежи Бузек, АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон, АҚШ-тың бұрынғы президенті Билл Клинтон, Польшаның бұрынғы президенті Лех Валенса және АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Мадлен Олбрайт сияқты белгілі тұлғалар болды.

СИПАТЫ БӨЛЕК ӨЛІМДЕР

2011 жылы бірқатар елдің жетекшілері биліктен айрылып, кейбірі өмірден өтті. Олардың арасында Хосни Мүбәрәк, Муаммар Каддафи, Зин әл-Абидин Бен Али, Әли Абдолла Салех, Ким Чен Ир және Вацлав Гавел бар
Вацлав Гавелдің жерлеу рәсімінде Чехиядағы Қазақстан елшілігі атынан қойылған венок. Прага, 21 желтоқсан, 2011 жыл.
Вацлав Гавелдің жерлеу рәсімінде Чехиядағы Қазақстан елшілігі атынан қойылған венок. Прага, 21 желтоқсан, 2011 жыл.
.

Ливияның бұрынғы жетекшісі Муаммар Каддафи билікке наразы шерушілерді күшпен жаныштаған соң, өз халқының қолдауынан билік басында отырып айрылып қалды. Ал Чехияның тұңғыш президенті Вацлав Гавелдің қазасына қатысты үш күн аза тұтқан чехтар ұлт жетекшісімен бес күн қоштасты. Вацлав алаңында жағылған шырақтар айналасын жап-жарық қылып тұрды.

Ал биылғы желтоқсанның 17-і өмірден өткен коммунистік Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ирдің қазасы туралы мәлімет екі күннен кейін ғана жарияланды. Ким Чен Ирмен қоштасу рәсімі желтоқсанның 28-і өтеді.
XS
SM
MD
LG