Accessibility links

«Тегеран тирандары». АҚШ пен Израиль Холокост форумында Иранды айыптады


Израиль премьер-министрі Бенжамин Нетаньяху форумда сөйлеп тұр. Иерусалим, 23 қаңтар 2020 жыл.
Израиль премьер-министрі Бенжамин Нетаньяху форумда сөйлеп тұр. Иерусалим, 23 қаңтар 2020 жыл.

23 қаңтарда Иерусалимде Освенцим лагерін (Аушвиц-Биркенау) азат ету оқиғасына 75 жыл толуына орай әлемдік Холокост форумы өтті. Жиында Израиль президенті Реувен Ривлин форумға келген әлем лидерлеріне «еврей халқының қайғысына ортақтасқанына» алғыс айтты. АҚШ пен Израиль өкілдері Иранды қазіргі жер бетіндегі ең ірі антисемитизм режимді ел деп айыптады.

Форумда сөз алған Ривлин «антисемитизм еврей халқын тоқтата алмайды» деп, антисемитизм мен расизмді «қатерлі дерт» деп атады.

Холокост құрбандарын еске алу мемориалы Яд Вашемдегі жиын Еуропа мен әлемде еврейлерге қарсы көзқарас өршіп тұрған тұста өтті.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде германиялық нацистер мен олардың жақтастары Освенцим лагерінде (Аушвиц-Биркенау) бір миллионнан астам адамды өлтірген. Олардың басым бөлігі еврейлер еді. Ал германиялық нацистердің 1933-1945 жылдары жүргізген еврейлерді жою операциясы – Холокост – кезінде алты миллионға жуық еврей өлтірілген. 1945 жылы 27 қаңтарда совет әскері нацистердің ең ірі концентрациялық лагері Освенцим азат еткен.

Жиын кезінде Ривлин Освенцим лагерінде болған солдаттың «Мұндай айуандық өлген құрбандарды көрген жер терең күрсінді» деген сөзін айтты.

Израиль президенті Реувен Ривлин форумда сөйлеп тұр. 23 қаңтар 2020 жыл.
Израиль президенті Реувен Ривлин форумда сөйлеп тұр. 23 қаңтар 2020 жыл.

Иерусалимде өткен әлемдік Холокост форумына 40-тан астам елдің ресми өкілдері келді. Олардың арасында Ресей президенті Владимир Путин, Франция президенті Эммануэль Макрон, британ принці Чарльз, АҚШ вице-президенті Майк Пенс, Германия, Италия, Австрия президенті бар.

Жиында Израиль премьер-министрі Бенжамин Нетаньяху Иранға сөзбен шабуыл жасап, «жер бетіндегі ең антисемитизм режиміндегі ел» деп айыптады.

Ол Иран билігін «Тегеранның тирандары» деп атап, «әлемде тағы бір Холокостқа жол берілмейтінін» айтты

Нетаньяху «ашық түрде ядролық қару жасап, жер бетіндегі еврейлердің жалғыз елін құртқысы келетін бірден-бір антисемитизм режиміндегі елге қатысты бір позицияда болуымыз керек» деді.

АҚШ вице-президенті Майк Пенс әлем елдерін «Холокосты мойындамай отырған» Иранға қарсы тұруға шақырды.

Тегеран антисемитизм айыбын жоққа шығарады. Иран еврейлер елінің саясатына қарсы екенін, палестиналықтарды қолдайтынын, бірақ еврей халқына қарсы ешқандай жаман ниеті жоғын айтады.

Польша президенті Анджей Дуда Иерусалимдегі форумға қатысудан бас тартты. Израиль Польша басшысын жиында сөйлейтіндер қатарына қоспаған. Форум ұйымдастырушылар Ресей, Франция, Британия, АҚШ, Германияның ресми өкілдерін жиында сөйлейтіндер тізіміне енгізген.

Ресми Варшава Путиннің өткен айда айтқан «Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуына Польша да жауапты» деген сөзіне шамданып, 27 қаңтарда Освенцим лагерінде өзінің жеке еске алу шарасын өткізетінін мәлімдеді.

Иерусалимдегі форумда сөз алған «Путин Екінші дүниежүзілік соғыс әлі күнге дейін қазіргі саяси жанжалдарды тұтатуға себеп болып келеді. Өкінішке орай, соғысты еске алу, соғыстан алған сабақтардың барлығы қазір саяси бәсеке құралына айналып барады» деді.

Франция президенті Иерусалимдегі жиында «антисемитизм тек еврейлердің ғана мәселесі емес» деді. Оның пайымдауынша, демократияның қас жауы антисемитизм қазір қайта бас көтеріп келеді.

Канада премьер-министрі Джастин Трюдо «әлем бұл қайғының қайталануына жол бермеуі керек» деп жазды.

Аушвиц-Биркенау – Краковтан батысқа қарай 60 километр жердегі Освенцим қаласының маңында 1940-1945 жылдары жұмыс істеген немістердің концентрациялық және өлім лагерьлерінің кешені.

Освенцимнен азат етілген тұтқындар.
Освенцимнен азат етілген тұтқындар.

Освенцим лагері Польшаға немістер басып кіргеннен бір жыл өткен соң, яғни 1940 жылы жұмыс істей бастады. Еврейлермен қоса онда 85 мың поляк, 20 мың сыған, Еуропа елдерінің басқа 12 мың азаматы және Совет одағының шамамен 15 мыңға жуық әскери тұтқыны өлтірілген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG