Accessibility links

Шанхай ынтымақтастық ұйымынан пайда бар ма?


ШЫҰ-ға мүше елдердің басшылары. Бішкек, 14 маусым 2019 жыл.
ШЫҰ-ға мүше елдердің басшылары. Бішкек, 14 маусым 2019 жыл.

Бішкекте Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер басшыларының саммиті аяқталды. Жиында терроризм, есірткімен күрес, Иранның ядролық келісімі, Тегеран мен Вашингтонның қарым-қатынасы талқыланды. Кейбір сарапшылар «бұл ұйымда Қытайдың үстемдігі басым» деп есептейді. Ал енді бірі Таяу Шығыста қақтығыс болып жатқан аймаққа ШЫҰ сияқты ұйым керек деп санайды.

ҚЫТАЙ МЕН РЕСЕЙ ИРАНДЫ ҚОЛДАДЫ

Саммитке Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қытай жетекшісі Си Цзиньпин, Ресей президенті Владимир Путин, Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков, Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияев, Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Пәкістан премьер-министрі Амир Кхан қатысты. Олар Бішкек декларациясын қабылдады.

Ауғанстан президенті Ашраф Гани, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Иран президенті Хасан Рухани, Моңғолия президенті Халтмаагийн Баттулга бақылаушы ретінде келді.

Саммитте Қасым-Жомарт Тоқаев киберқауіпсіздікті күшейту үшін қосымша жұмыс қажет екенін айтты. Ол ШЫҰ басқа да халықаралық ұйымдармен байланысты күшейтуге шақырды. Қазақстан президентінің пайымдауынша, ШЫҰ Еуразия экономикалық одақ, Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерінің ассоциациясы, БРИКС (Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай, ОАР) және Еуропа одағымен бірігіп жұмыс істеуі тиіс. Тоқаев ШЫҰ-ның басқа да халықаралық ұйымдармен бірігіп жұмыс істеу идеясын бұрын Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұсынғанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ саммитінде. Бішкек, 14 маусым 2019 жыл.
Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ саммитінде. Бішкек, 14 маусым 2019 жыл.

Иран президенті Хассан Роухани ШЫҰ саммитінде «АҚШ аймақтың және әлемнің тұрақтылығына қауіп төндірді» деп айыптады.

«АҚШ соңғы екі жылда экономикалық, қаржылық және әскери ресурстарын пайдаланып, барлық халықаралық ережелерді бұзып жатыр» деді ол.

Хассан Роухани АҚШ «Иран ядролық келісімінен» шығып кетсе де, Тегеран шарттарды орындай беретінін айтты.

Қытай басшысы Си Цзиньпин Иранның айналасында болып жатқан жағдайларға қарамастан, Тегеранды қолдайтынын жеткізді. Ресей президенті Владимир Путин «Иран келісімінен» шығып кеткен АҚШ-тың әрекетін сынады.

«​ҚЫТАЙДЫҢ ҮСТЕМДІГІ МЕН ОА ЕЛДЕРІНІҢ МҮМКІНДІГІ»​

Кейбір халықаралық сарапшылар «ШЫҰ – Ресей мен Қытайдың Батысқа қарсы қолданатын платформасы» деп санайды. Ал пәкістандық саясаттанушы «ұйымның болашағынан көп үміт күтеді».

Үндістанның Қырғызстандағы бұрынғы елшісі Пхунчок Стобданның ойынша, ШЫҰ-да Қытай мен Ресейдің үстемдігі басым.

«Ұйымның жиындарында бұл ашық айтылмаса да, ШЫҰ әр қадам АҚШ-тың үстемдігіне қарсы жасалатынын аңғаруға болады. ШЫҰ мүше елдер арасындағы экономикалық және қауіпсіздік бойынша ортақ келісімдер орындалғанын естідіңіз бе? Біріккен жобалардың көбі екі жақты ғана жүзеге асып жатады. Мысалы Қытай-Қазақстан, Қытай – Қырғызстан, Қытай-Тәжікстан арасындағы келісімдер» дейді ол Азаттықтың Қырғыз қызметіне берген сұхбатында.

Үндістандық сарапшы «Қытай бұл ұйымды өз мүддесіне пайдаланады, ал Орталық Азия елдері өз мүдделерін қорғауға тырысып жатыр» деп санайды.

«Қазақстанның ұйымда біраз беделі бар шығар. Ал Орталық Азияның басқа елдері осы ұйым арқылы Ресей, Қытай және Үндістанмен байланыс орнатуға мүмкіндік іздейді. Бір жағынан ШЫҰ-ға мүше елдер АҚШ-пен қарым-қатынасты дамытқысы келеді. Бұл елдер АҚШ-пен қатынасты ШЫҰ-ның қатысуынсыз жасай алады» дейді Пхунчок Стобдан.

Қытай басшысы Си Цзиньпин Бішкектегі жиында отыр. 14 маусым 2019 жыл.
Қытай басшысы Си Цзиньпин Бішкектегі жиында отыр. 14 маусым 2019 жыл.

Орталық Азияны зерттеп жүрген сарапшы Брюс Паннердің ойынша, «ШЫҰ-ға мүше елдер қажет болса Батысқа қарсы бір ұстанымды қолдауы мүмкін. Ал өз араларында келіспеушілік туындаса, ШЫҰ үнсіз қалады».

«2005 жылғы Әндіжандағы оқиғадан кейін Өзбекстан бұл ұйымды Ханабадтағы әскери базадан АҚШ әскерін шығаруға пайдаланды. Ресей мен Грузия арасында Осетия мен Абхазия үшін талас басталғанда Мәскеу ШЫҰ-ға мүше елдерден қолдау күткен. Бірақ Қытай қолдамай қойғандықтан Мәскеудің ойы жүзеге аспады. Ұйымға мүше Үндістан мен Пәкістан арасында жағдай ушыққанда ШЫҰ ешқандай қадам жасамады. Ал әлем елдері Ресейді бір іске айыптап жатса, ШЫҰ-ға мүше елдер Мәскеуді қолдап шығады немесе үнсіз қалады. Бір сөзбен айтсақ, ШЫҰ-ға мүше елдердің бірі әлемге ұнамайтын іс жасаса, саммиттерде сол елге қолдау көрсетеді» дейді ол.

Ал пәкістандық саясаттанушы Замир Ахмед Аваан ұйымның болашағына сенеді және ШЫҰ аймақты Батыстың қысымынан сақтап тұр деп санайды. Оның ойынша, Таяу Шығыста, Ирак, Ливия және Ауғанстанда соғыс пен қақтығыс болып жатқанда аймақтағы қауіпсіздік пен экономиканы қорғайтын осындй ұйым болуы керек.

«Ұйымда Қытай үстемдік құрады деген пікірмен келіспеймін. Қытай дамып жатыр, бірақ бұл елдің де өз мәселесі бар. Осы ұйымға мүше елдер арасындағы келіспеушіліктер ШЫҰ аясында шешіледі деп сенемін. Қырғызстанның ұйымдағы орны ерекше. Менің ойымша, ұйымдағы шағын елдер де, үлкен елдер де тең құқыққа ие. Мысалы, Қырғызстан осы ұйым арқылы сауда, инвестиция және қауіпсіздік саласы бойынша пайда көріп, ұйымның дамуына үлесін қоса алады деп ойлаймын» дейді ол.

Саясат, экономика мен қауіпсіздік мәселесін талқылайтын, Мәскеу мен Пекиннің ықпалы басым ұйым 2000 жылдардың басында құрылған. ШОС-қа Ресей, Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстан мүше. 2017 жылы ұйым қатарына Үндістан мен Пәкістан қосылған. Ауғанстан, Беларусь, Иран мен Моңғолия бақылаушы ел статусына ие.

Бішкектегі жиынға қатысқан басшылардың кейбірі 14-15 маусымда Душанбеде өтетін Азия континенті лидерлерінің саммитіне қатысады.

Мақала Азаттықтың Қырғыз қызметінің ақпараттары негізінде жазылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG