НАРАЗЫЛЫҚ ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ?
Ақпанның 10-ы күні Алжир президенті Әбделазиз Бутефлика сәуірде өтетін сайлауға қатысатынын жариялаған. Оның жазбаша мәлімдемесін мемлекеттік телеарналардың бірі таратты. Осыдан кейін елде жастар жаппай наразылыққа шығып, Бутефликаның биліктен кетуін талап етіп жатыр. Наурыздың 2-сі күні мыңдаған адамның наразылығын полиция күшпен басуға тырысқан. Полициямен қақтығыста 180-ге жуық адам зардап шеккен.
Бутефлика бұған дейін төрт рет сайлауға түсіп, жеңіске жеткен. 2013 жылы инсульт алып, содан бері жұрт алдына шықпады. Мәлімдемелерін елдегі телеарнадағы тележүргізушілер немесе маңайындағы көмекшілері оқып жүр. Халықаралық ақпарат агенттіктері Бутефликаның қазір Швейцарияда емделіп жатқанын хабарлады. Әлемдік ақпарат құралдарының жазуынша, алты жыл бұрын инсульт алған Бутефликаның жүріп-тұруы қиын.
Наурыздың 4-і күні ол елдегі сенімді өкілдері арқылы сәуірдің 18-і күні өтетін президент сайлауына кандидатурасын ұсынды. Сайлау комиссиясы "кандидаттар сайлауға түсетіні туралы өтінішін өз қолымен әкеліп тапсыру керек" деп талап еткен. Бірақ елдің конституциялық кеңесі "Бутефлика өтінішін өзі әкеп беруге жағдайы жоқ" деп, оған құжаттарын сенімді өкілдері арқылы тапсыруға рұқсат берген.
"САЙЛАУДА ЖЕҢСЕ, БІР ЖЫЛДАН КЕЙІН БИЛІКТЕН КЕТЕДІ"
Президент штабының басшысы "Бутефлика қайта сайланған жағдайда бір жылдан кейін биліктен кетеді. Бір жыл ішінде "ұлттық кеңеспен" қайта сайлау өткізу жайын талқылауды жоспарлап отыр. Ол қайта өтетін бұл сайлауға қатыспайды" деп хабарлады.
Ел президентінің саяси қарсыластарының пайымдауынша, Бутефликаның денсаулығы ел басқаруға келмейді және ол Алжирдегі тұрмысты жақсартатын экономикалық реформа жасауға қауқарсыз.
Reuters ақпарат агенттігінің дерегінше, елдегі 30 жасқа толмаған жастардың 25 пайызы жұмыссыз.
Наурыздың 5-і күні елдің бірнеше қаласында мыңдаған студент көшеге шығып, Бутефликаның кандидатурасына наразылық танытты. Ең үлкен шеру ел астанасы Алжир қаласында өтті. Наразылар қолдарына "Ойын бітті", "Қазіргі жүйе құрысын" деп жазылған плакаттар ұстап шықты. Бұл наразылық кезінде полиция күш қолданған жоқ. Бірақ арнайы жасақ қаладағы негізгі көшелерді жауып тастады. Ел әскерінің жетекшісі, генерал-лейтенант Гаед Салах елдегі қауіпсіздіктің бұзылуына жол бермейтінін мәлімдеді.
Салах ел ішінде "халықтың шырқын бұзғысы келетін партиялар бар" екенін де айтты. Бірақ ол нақты партияның атын атаған жоқ.
Наурыздың 6-сы күні Бутефлика басқаратын "Халықты азат ету фронты" партиясының бірнеше мүшесі шерушілерге қосылды. Бірнеше министр өз еркімен отставкаға кетті. Әлеуметтік желіде халықты жұма, наурыздың 8-і күні "миллиондар маршына" шақырып жатқандар көп.
1991 жылы Алжирде исламистік топтар мен билік арасында азаматтық соғыс басталды. Ал Бутефлика билікке елдегі азаматтық соғыс кезінде, яғни 1999 жылы келді. Ол Алжирдегі азаматтық соғысты тоқтатып, елде бейбітшілік орнатты.
Қазір наразылыққа шыққандардың арасында "президентке қарсы емеспіз, ол Алжир үшін көп іс тындырды. Бірақ қазір президент болуға денсаулығы келмейді" дейтіндер де бар.
Сәуірдің 18-і күні өтетін президент сайлауына 15 кандидат тіркелген. Наурыздың 13-і күні Алжир сайлау комиссиясы кандидаттардың есімін жариялауы тиіс.
ПІКІРЛЕР