Accessibility links

Шетелдік белсенділер: "Жаңаөзендіктер босатылсын"


"Жаңаөзен ісі" бойынша үкім оқылған сәт. Ақтау, 4 маусым 2012 жыл
"Жаңаөзен ісі" бойынша үкім оқылған сәт. Ақтау, 4 маусым 2012 жыл

Жаңаөзендегі қанды оқиғаға қатысты сотталғандарды босату туралы үндеуге интернет арқылы қол жинау жалғасып жатыр. Үндеу Қазақстан президентінің атына жазылған.

Желтоқсанның 19-ы күні "Жаңаөзен ісі" бойынша сотталған мұнайшыларды босатуға шақырған үндеуге 10 мыңнан астам адам қол қойып үлгерді. 2011 жылғы желтоқсанның 16-17 күндері Жаңаөзен мен Шетпеде 17 адам қаза тапқан қанды оқиғаға қатысты қозғалған іс бойынша ондаған адам "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырғандары үшін" сотталған еді.

Жеті ай бойы еңбек жағдайын жақсартып, жалақысын өсіруді талап еткен "ҚазМұнайГаз" мұнайшыларының ереуілі полиция күшімен басып-жаншылған болатын. Ереуіл Жаңаөзен қаласының орталық алаңында бейбіт түрде өтіп жатқан. 2011 жылғы желтоқсанның 16-сы күні алаңда мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылатын болып, оның соңы қирату мен өртеуге ұласқан еді. Сол сәтте полиция демонстранттарға оқ атқан. Қаза тапқандардың ішінде мұнайшылар да, бейбіт қала тұрғындары да болды.

Жаңаөзендегі оқиғаға қатысты өткен сотта 37 адамға айып тағылды. Олардың үшеуі ақталып, бесеуі рақымшылыққа ілініп, 16-сы шартты, 13-і түрлі жазаға кесілген еді. Кейінірек сотталғандардың алтауына қатысты шыққан сот үкімі жеңілдетілді. Әлі түрмеде отырған жеті адамның ішінде Роза Төлетаева, Таңатар Қалиев, Шабдал Уткилов, Талғат Сақтаганов, Нарын Жарылғасынов, Қанат Жүсіпбаев пен Мақсат Досмағамбетов бар. Бұлардың көпшілігі - ереуілдеген мұнайшылардың арасынан сұрыпталып шыққан, журналистер мен құқық қорғаушылармен ашық сөйлесіп келген белсенділер.
Жаңаөзен ісі қаралған сот отырысында туыстары айыпталушыларға қол бұлғап тұр. Ақтау, 17 сәуір 2012 жыл
Жаңаөзен ісі қаралған сот отырысында туыстары айыпталушыларға қол бұлғап тұр. Ақтау, 17 сәуір 2012 жыл

Бірқатар халықаралық құқық қорғау және кәсіподақ ұйымдары сотталған мұнайшыларды қамаудан шығару туралы өтініш айтып келеді. LabourStart сайтында жаңаөзендік мұнайшыларды түрмеден босатуға шақырған үндеуге қол жинау жүріп жатыр. Бұл шараны халықаралық кәсіподақ ұйымы Қазақстанның тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясымен бірлесе ұйымдастырған. Оларды қолдаушылардың қатарында Ресейдің еңбек конфедерациясы, IndustriAll жаһандық кәсіподағы, Халықаралық азық-түлік одағы мен Орталық Азиядағы адам құқықтары ассоциациясы бар.

Үндеуге қол қойғандар Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты өкілетін пайдалана отырып, мейірім көрсетуге, қамаудағы жаңаөзендік мұнайшыларды босатуға шақырады.

Белсенділер президент Назарбаевтан "әлеуметтік араздық тудыруға" қатысты заңды өзгертуді, осы заңды пайдаланып құқық қорғаушыларға, қоғамдық және кәсіподақ белсенділеріне қысым жасауға жол бермеуді сұрайды.

Жаңаөзендегі трагедиялық оқиғалардан соң "әлеуметтік араздық қоздыру" айыбы бойынша оппозициялық "Алға" партиясының жетекшісі Владимир Козлов 7,5 (жеті жарым) жылға сотталған еді.
XS
SM
MD
LG