Қазақстанда құқық қорғаушылар құрастырған саяси тұтқындар тізімі тағы жаңарды. 21 қаңтар құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина тізімнің тағы бес белсендімен толыққанын хабарлады. Жаңа тізімге Асқар Қайырбек, Ербол Есхожин, Әсел Оңланбекқызы, Нұржан Мұхаммедов және Еркін Сабаншиев енген.
Олардың барлығы елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысы және "Көше партиясына" қатысы бар деп күдікке ілініп отыр. Қазақстан соты "экстремистік ұйым" деп таныған ҚДТ мен "Көше партиясын" Еуропарламент "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған. Құқық қорғаушылар екі ұйымға қатысты шыққан сот шешімінің жарияланбағанын айтып, сынаған.
Қоғамдық саяси маңызды мәселелер жөнінде пікірлерін ашық айтқан астаналық белсенділер Асқар Қайырбек, Ербол Есхожин, Әсел Оңланбекқызы желтоқсанның аяғы мен қаңтардың басында ұсталған. 24 желтоқсанда тергеу органдары Есхожин мен Қайырбекті айыптау бабының сипатын өзгерткен. Адвокаттарының айтуынша, егер бұрынғы айып бойынша оларға 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылса, жаңа айып бойынша оларға 6 жылға дейін түрме жазасы қаупі төнген.
6 қаңтарда Қайырбектің тергеу изоляторында соққыға жығылғаны хабарланды. Артынша оны "ұрып-соқты" деген түрме қызметкерінің үстінен "қызметтік өкілетін асыра пайдалану" бабы бойынша іс қозғалғаны белгілі болды. Бірақ бірнеше күн бұрын құқық қорғаушылар Қайырбекке изоляторда қысым жалғасып жатқанын, оны "соққан" қызметкердің жұмыстан әлі шеттетілмегенін хабарлап алаңдаған.
Тізімде қалған екі белсендінің бірі Нұржан Мұхаммедов қазір Шымкенттің "Сәуле" мөлтекауданындағы ИЧ-167/11 түзеу мекемесінде қамауда жатыр. 6 қаңтарда полиция оның үйін тінтіп, өзін алып кеткен. Прокуратура өкілдері Мұхаммедовтің 405-бап бойынша күдікке ілінгенін айтқан.
Ол бұған дейін "саяси тұтқындарға бостандық талап еткен" жиындарға қатысып, Қытай экспанциясына, жердің сатылуына қарсы шыққан. Сол үшін ол бірнеше рет әкімшілік жауапқа тартылған. Сот Мұхаммедовті "заңсыз митингіге қатысқаны үшін" бірнеше рет 5 күннен 15 күнге дейін қамаған. Қараша айында оған "полицияға тіл тигізді" деген айып тағылып, 220 мың теңгеден астам (80 айлық есептік көрсеткіш) айыппұл салынды. Осыған дейін бірқатар белсенділер Мұхаммедовті босатуды талап етіп, интернетте акция бастаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Түркістан облысында белсенді Мұхаммедовтің қамалуына наразылық білдірген әйел басын тақырладыҚұқық қорғаушылардың мәліметінше, Алматы облысы Талғар қаласының тұрғыны Еркін Сабаншиев былтыр 30 қазанда ұсталған. Ізінше үйқамаққа алынған. Ол 10 қаңтарда елде мәжіліс және мәслихат сайлауы өткен күні орталық алаңда ұсталған. Тергеу соты бұдан соң үйқамаққа алу туралы шешімнің күшін жойып, тергеу изоляторына жіберген. Сабаншиев саяси талаптармен бірнеше рет жалғыз адамдық пикетке шығып, 488-баппен (бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу) әкімшілік жазаға тартылған.
Кейінгі кезде құқық қорғаушылар саяси тұтқындар тізімін жиі жаңартып жүр. Соңғы рет 23 желтоқсанда 8 белсендіні саяси тұтқындар қатарына қосқан. Оның алдында 30 қарашада бірнеше белсендінің саяси іс бойынша қудаланып жатқанын мәлімдеген.
Қазақстанда алғашқы саяси тұтқындар тізімі 2013 жылы жасалған. Құқық қорғаушылар саяси тұтқын деп танығандар қатарында ақын әрі диссидент Арон Атабек, 2016 жылғы Жер митингісінен кейін сотталып, түрмеде отырған белсенді Макс Боқаев, жаңаөзендік белсенді Ержан Елшібаев та бар.
Қазақстан билігі "елде азаматтар саяси пікіріне байланысты қудаланады" деген пікірмен келіспейді және "саяси тұтқындар жоғын" айтып келеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Назарбаевтың күшіктері" дегені үшін 212 мың теңге кесті. Ербол Есхожиннің үкімі