Қазақстандық спортшы Елдос Сметов дзюдодан 60 келіде Токио олимпиадасында қола медаль алды. Бұл – Сметовтің олимпиада ойындарындағы екінші жүлдесі. Ол 2016 жылы Риода күміс жүлде алған. Токио жарысынан кейін 28 жастағы спортшы не айтты? Жарыс жайлы не деді? Париж олимпиадасына қатыса ма? Балуанмен сұхбатты ұсынамыз.
- Токиода барымды салдым. Дегенмен бұл олимпиадаға алтын үшін келгенмін. Қолымнан келгенін жасадым, бірақ бұйырғаны үшінші орын екен. Аллаға шүкір. Қазір қуанышты сезімдемін, сөзімді айтып жеткізе алмаймын. Өйткені барымды салдым. “Әттең-ай” дейтін ештеңе жоқ. Осы уақытқа дейін не тәжірибе жинадым, күреске деген бойымда не қасиет бар, соның бәрін салдым деп ойлаймын.
-Жартылай финалдағы белдесуде жапониялық екі дүркін әлем чемпионы Такатомен кездестіңіз. Кездесу он минуттан артық уақытқа созылды. Такато жеңді, ол олимпиада чемпионы да атанды. Жартылай финалдағы белдесу жайлы не айтасыз?
- Жартылай финал (біраз ойланып тұрды)... Білмеймін не жетпегенін, жартылай финалда да барымды салдым. Өзім көбіне шабуыл жасадым, бірақ өзім шабуылдан құладым. Жеңілдім деп еш өкінбеймін, өйткені қолымнан не келді татамиде соны жасадым. Такато менімен күреске финалдық кездесу деп шықты. Себебі залда оның менімен кездесу алдындағы көңіл-күйін көріп отырдым. Менімен шығатын кезде “мен үшін ақтық айқас” деген көңілмен шықты. Екеуміз де соңына дейін күрестік. Ол өз елінде дегеніне жетті (күлді).
- 2016 жылы Рио олимпиадасында күміс медаль алып қалғанда Токиода алтын алмай қоймаймын деп едіңіз. Бұл мақсат орындалмады. Париждегі олимпиадаға қатысу ойда бар ма?
- 2016 жылы Риодан кейін 2020 жылғы олимпиадаға барып алтын алу керекпін деген мақсат қойғам. Бірақ бұл олимпиададан кейін білмеймін. 2024 жылғы олимпиадаға бара аламын ба, бара алмаймын ба, көреміз. Қазір елге барып демаламын, денсаулықты қалпына келтіру керек. Кішігірім жарақаттарымды емдеймін. Жұрт көзіне көрінбейтін, бірақ жаныма бататын жарақаттар бар. Өзімді баптасам, денсаулығым жақсы болса ел намысын неге қорғамасқа?
Енді Токиода бес балуанымыз жарысқа түседі. Маған бұйырмаған алтын соларға, бауырларыма бұйырса деймін. Арманым сол Қазақстан дзюдодан алтын алса деймін. Жалпы бұл жеңісім үшін отбасыма, ата-анама, жан жарыма, бала-шағама, туыстарыма алғыс айтамын. Солар шын мәнінде қорғаным, жанашырым. Мен үшін тілек тілеп, қиналатын жандар. Өзімнің отбасым, бауырларым үшін күрестім. Отанды сүю отбасынан дейді ғой. Одан кейін отаным, халқым үшін күресемін.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Олимпиада алтынын армандайтын" Сметов Токио татамиінде қола алды- Олимпиадаға дайындық қалай өтті? Токио ойындарының бір жылға шегерілуі жаттығуға қалай әсер етті?
- Пандемия кесірін тигізбесе пайдасын тигізген жоқ. Біраз жаттығу үзілді. 2020 жылдың басында бабымыз жақсы болып еді, пандемия басталған соң сегіз-тоғыз ай жаттығудан алыстап қалдық. Жаттығу жасамасақ салмақ көбейіп кетеді дегендей... Бастысы, барлық қиындықты жеңіп шықтық. Бұл да бір тарих.
- 28 жастағы Сметов қола медальға таласта Торнике Цьякадоеаны (Нидерланд) жеңді. Алғашқы айналымдарда түрік Михраш Аккуштан, ширек финалда оңтүстік кореялық Ким Вон Джиннен (әлем чемпионатының екі рет қола жүлдегері) таза, яғни иппон әдісімен басым түсті.
- Сметов 2015 жылы әлем чемпионатында, 2014 жылы Азия ойындарында алтын алған.