Токио олимпиадасында Қазақстан сегіз қола медальмен жалпы командалық есепте 83-орын алды. Спортқа миллиардтап қаржы бөліп, жарыстардағы жеңістерді пропаганда ретінде пайдаланатын Қазақстан олимпиадада мұндай төмен нәтиже көрсетпеген еді. Сарапшылар сегіз қола Қазақстан спортының қазіргі шынайы көрінісі, сондықтан ел спортына түбегейлі реформа керек деп санайды.
"КЕШІРІМ СҰРАЙМЫН"
Қазақстан Токио олимпиадасында тек қола алып жатқан тұста бапкерлер мен алтын ала алмаған спортшылар жұрттан кешірім сұраумен болды.
Грек-рим күресінен барған үш балуан бірінші белдесуде жеңіліп қалған соң ұлттық құраманың бас бапкері Бақтияр Байсейітов сәтсіздік үшін жанкүйерлерден кешірім сұрады. Боксшы Әбілхан Аманқұл да ширек финалда жеңілген соң жеке бапкері Нұрлан Ақүрпеков те "жанкүйерлердің үмітін ақтамағанымыз үшін басымды иіп кешірім сұраймын, сенімдеріңізді ақтамадық" деді.
Қазақстан жанкүйерлері алтын алады-ау үміттенген каратэші Дархан Асадилов те қола жүлде алып қалған соң "кешірім сұраймын, жанкүйерлер қола медалімді қабылдар..." деп қысқа қайырды.
Бірақ Қазақстан құрамасын Токиоға бастап апарған делегация басшылары – мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Ұлттық олимпиада комитеті (ҰОК) спорт дирекциясының басшысы Елсияр Қанағатов олимпиада аяқталғанымен нәтижеге қатысты әзірге пікір білдірмеді.
ҰОК-ны басқаратын Тимур Құлыбаевтың (экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы, елдегі миллиардерлердің бірі) тарапынан да әлі мәлімдеме болмады.
Ал спорт комитетінің төрағасы Серік Сәпиев 5 тамызда өткен брифингте "Қателіктермен жұмыс болады, жаттықтырушылар кеңесі де өтеді. Біз бас бапкерді тағайындағанда барлық жауапкершілік соның мойнында болады, себебі сол оқу-жаттығу жиындарының, жарыстардың графигін түзеді. Нәтиже спортшыларға да байланысты. Оларда жарысқа шыққан соң соңына дейін бар күшін салуы керек" деген еді.
ОЛИМПИАДАҒА ДАЙЫНДЫҚҚА 15 МЛРД ТЕҢГЕ
Қазақстан 1996 жылдан бері тәуелсіз ел ретінде жазғы олимпиадаға қатыса бастаған. Токиоға дейінгі олимпиадалардың барлығында Қазақстан спортшылары кемі бір алтын алатын. Ең сәтсіз деген Афина-2004 олимпиадасында бір алтын, төрт күміс, үш қола медаль иеленген еді.
Ал Токиода дзюдодан Елдос Сметов, ауыр атлетикадан Игорь Сон мен Зүлфия Чиншанло, еркін күрестен Нұрислам Санаев, каратэден Дархан Асадилов пен Софья Берульцева, бокстан Қамшыбек Қоңқабаев пен Сәкен Бибосынов қола медаль алды.
Қазақстан мол қаржы бөліп, көп үміт артатын бокс құрамасы алғаш рет олимпиадада алтын медальсіз қалды. Тоғыз боксшының бірде-бірі финалға жете алмады. Күрестің үш түрінен – грек-рим күресі, еркін күрес және әйелдер күресінен Токиода бір қола ғана бұйырды.
Елде жанкүйерлер тарапынан бюджет қаржысына жаттығатын спортшылардың Токиода алтын ала алмағанына сын көбейген тұста Қазақстан мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов жергілікті Tengrinews.kz сайтына үкіметтен спортшылардың жаттығуына жылына 10 млрд теңгедей ақша бөлінетінін айтты.
"Биыл 15 миллиард теңге бөлінді, бірақ бұл қаржы екі олимпиадаға арналған. Ақпанда Пекинде қысқы олимпиада болады. Бұл аймақтағы әкімдіктердің кәсіби спортқа бөлетін қаржысынан әлдеқайда аз" дейді Қожағапанов.
"СПОРТҚА ҚАРЖЫ ӘДІЛ БӨЛІНБЕЙДІ"
Токио олимпиадасынан соң үкіметте, бапкерлер арасында көп жиын-жиналыс, есеп беру өтері анық. Алайда Азаттық сөйлескен сарапшылар Токиодағы сәтсіздік жиындармен шешілмейтінін, үлкен реформа керегін айтады.
Спорт статистикаларын зерттеумен айналысатын спорт шолушысы Айдос Рымқұл Токиодағы нәтиже Қазақстан спортында "ұзақ жылдар бойы жүргізілген жүйесіз саясаттың кесірі" деп санайды.
- Қазақстанда басымдық бокс, күрес, ауыр атлетикаға берілді. Осы үш спорт сәтсіздікке ұшырап еді, бүкіл олимпиадада алтынсыз қалды. Бізде жүзу, жеңіл атлетика, командалық спорт түрі дамымаған. Жүзуде бір ғана спортшының 5-6 алтын алуға мүмкіндігі бар. Күрес, бокс, ауыр атлетикаға көп қаржы керек емес. Сондықтан басшылар тез-тез нәтиже береді деп, осы спорт түрлеріне ақша құяды. Жүзу, жеңіл атлетика, гимнастика сынды медаль көп сарапқа салынатын спорт түрлеріне қажырлы еңбек керек. Аймақта спортты басқаратын басшылар қызметте уақытша отырады. Ешқайсының келесі жылы қайда отыратыны белгісіз. Бәрі бұл қызметте трамплин сияқты отырады. Содан кейін дамуға жүйелі түрде көңіл бөлмейді, - дейді ол.
"Мемлекет кәсіби спортты қаржыландырмауы керек. Оның орнына балалар мен жасөспірімдер спортына ақша бөлуі тиіс. Ал кәсіби спортты кәсіби клубтарға беруі керек" деп есептейді Айдос Рымқұл.
Ал 2014 жылы Сочи олимпиадасына барған блогер, спорт сарапшысы Аршат Ораз Токио олимпиадасы алдында Facebook парақшасында "Қазақстан көп қола алатын олимпиада басталды" деп жазған еді.
Оның сөзінше, биылғы олимпиадада Қазақстан төмен нәтиже көрсететіні басында белгілі болған
- Токиодағы сегіз қола - Қазақстан спортының қазіргі шынайы көрсеткіші. Шетелдік сараптама агенттігі де, букмекерлер де қазақстандық спортшылардың мүмкіндіктерін төмен бағалады. Спортқа жауаптылар да жоғары нәтиже көрсетеміз деп алдын ала уәде берген жоқ (Олимпиада алдында ҰОК мен үкімет медаль жоспарын жарияламаған еді – Ред.). Яғни, осындай көрсеткіш болжанды, жанкүйерлер ғана басқа нәтиже күтті, - дейді ол.
Аршат Ораздың пайымдауынша, Токиодағы сәтсіздікке спорттағы қаржының әділ бөлінбеуі де себеп.
- Бәлкім жаңа өзгерістер үшін осындай фиаско болғаны да дұрыс болған шығар. Меніңше, спортқа берілетін қаржы әділ бөлінбейді. Көп бөлігі футболға кетіп жатыр. Нәтижесінде басқа спорт түрлері дамымайды. Сондықтан спорт бюджетін қайта қарастырған жөн. Сондай-ақ спортқа арналған нақты бағдарлама да жоқ. Мұндай бағдарлама біраз жыл уақыт алады. Бұл бағдарлама нәтиже бергенше шыдап, күтуге тура келеді. Мұнымен айналысатын бөлек спорт министрлігі болуы керек, - дейді сарапшы.
Қазақстан сегіз қоламен Токио олимпиадасын 83-орында аяқтады. Орталық Азия елдері арасында үш алтын, екі күміс алған Өзбекстан 32-орында, екі күміс, екі қола иеленген Қырғызстан 71-орында, бір күміс жеңген Түркіменстан (бұл олимпиада тарихындағы алғашқы медалі) 77-орында тұр. Ал Тәжікстан спортшылары Токиода жүлдесіз қалды.
Жалпы командалық есепте олимпиаданың соңғы күніне дейін Қытай (38 алтын, 32 күміс, 18 қола) бірінші орында келе жатқан. 8 тамызда АҚШ бұл елді басып озды (39, 41, 33). Командалық есепте үздік бестікке Жапония (27, 14, 17); Ұлыбритания (22, 21, 22); Ресей олимпиада комитеті (20, 28, 23) енді.
Келесі олимпиада ойындары 2024 жылы 26 шілде – 11 тамыз арасында Парижде өтуі тиіс.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Жүйені түбегейлі өзгерту керек". Қазақстан грек-рим балуандары үшін ең сәтсіз олимпиада"Тырыстым, әлім жетпеді". Қазақстан алтын күткен боксшылар жеңіліп қалдыСметов: Токиоға алтын үшін келгенмін, барымды салдым, қолаға да қуаныштымынҚанаған мұрын, нокдаун. Қазақстан боксшысы Қоңқабаев олимпиадада қалай жеңілді? Тоғыз боксшы, тоғыз үміт, тоғыз жеңіліс. Қазақстан бокстан олимпиадада алтынсыз қалды