Сенбі, 18 қыркүйек күні Алматыдағы Абай Құнанбайұлы ескерткіші алдында өткен митингіде белсенділер Қазақстан тәуелсіздігіне төнген қауіп, биліктің АЭС салу бастамасы, цифрландыру, елдегі Қытай нысандары, өкіметтің әлеуметтік желілерді шектеуге талпынысы және өзге мәселелерді қозғады.
Наразылық акциясына қатысушылар биліктен 2006 жылғы Алматыдағы Шаңырақ оқиғасынан кейін 18 жылға сотталған диссидент ақын Арон Атабек пен құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп таныған өзге де азаматтарды босатуды талап етті. Прокуратура өкілдері бүгінгі шараның "заңсыз" екенін ескертті. 1,5 сағатқа созылған акциядан кейін жиналғандар шерулетіп полиция бөлімшесіне барды.
Азаттық Абай ескерткіші алдындағы акциядан тікелей трансляция жүргізді:
Жарты сағаттан кейін наразылық митингісі өтіп жатқан жерде интернет байланысы өшіп қалды.
"ҚАЗАҚСТАНДЫ РЕСЕЙ МЕН ҚЫТАЙҒА КІРІПТАР ЕТТІ"
Жиында сөйлегендердің көбі билікті сынап, Қазақстанды экономикалық тұрғыда Қытайға кіріптар етті, Ресейге тәуелді қылып жатыр деп айыптады. Бүкіл халыққа тиесілі мемлекет байлығы талан-таражға түскенін тілге тиек еткен наразылар оны мемлекет меншігіне тез арада қайтару қажетін айтты.
– Тәуелсіздік Назарбаевтың отбасы мен оның айналасындағыларды байытуға арналған құрал емес. Ол бүкіл қазақстандықтардың құндылығы, оны қорғау керек, – деді "Демократиялық партия" құру жөніндегі бастамашыл топ жетекшісі, азаматтық белсенді Жанболат Мамай.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Сарапшылар: E-gov бойынша рейтингісі жоғары Қазақстан неге өзінен кейін тұрған Ресей платформасына зәру?Ол Қазақстанның ақпараттық жүйесін ресейлік платформаға көшіру мақсатын көздейтін меморандум елдің тәуелсіздігі мен ақпараттық қауіпсіздігіне қатер төндіреді деп, Қазақстан одан бас тартуы қажет деп мәлімдеді.
– Қазір цифрландыру болады. Онан соң ортақ валюта деген шығады. Содан кейін ортақ парламент дегенді шығарады. "Шекараны Ресей әскері күзетеді" дейтін болады, – деді тәуелсіздіктен айырылу қаупі барын айтқан Мамай.
Жанболат Мамай Қазақстан басшылығының елде АЭС салу туралы мәлімдемесін сынап, атом станциясы бүкіл қазақстандықтардың өмірін қауіпке тігіп қана қоймай, Ресейге тәуелді етіп қоятын жоба деді.
– Біз мына әскери қоймада жатқан қару-жарағымызға ие бола алмай отырмыз. Ал ертеңгі күні АЭС салып, онда жарылыс болса, Алматы я Алматы облысы не болады? Станцияны Алматы облысына салайын деп жатыр. Одан бөлек, АЭС дегеніміз бұл Ресейге тағы тәуелді болу деген сөз. Тағы да Ресей мамандары мен сарапшылары сол жерде жұмыс істейді. Өйткені бізде АЭС жүргізе алатын маман жоқ. Қытайға да экономикалық тұрғыда тәуелді болуға шақ тұрмыз, – деді белсенді.
Митингіде сөйлеген белсенді Нұрбол Бәйтереков Алматы облысындағы Қытай жобаларының бірін мысалға келтіріп, "Қытай экспансиясына" алаңдайтынын айтты.
– Мұнда полиция, ҰҚК өкілдері, қарапайым жұрт бар. Сол себепті айта кетейін. Сіздер жарты күн уақыт бөліп, Алматы төңірегіндегі Бұғытыға кетіп бара жатқан жолды көріңіздерші. Қытайлар жүздеген гектар жерді темір шарбақпен қоршап алған. Әлі қаймағы бұзылмаған кен орнын билік сатып жатыр. Біз тек бір ғана зауыттың жерін көрдік. Ал елдегі 56 зауыттың жерін көретін болсақ, онда мыңдаған гектар жер болады. Оларды қандай заңмен беріп жатырмыз? 25 жылдан кейін оларды қайтарып ала аламыз ба? - деді Нұрбол Бәйтереков.
"МИТИНГІГЕ КЕЛМЕУ МҮМКІН ЕМЕС"
Жиынға келгендер елде шындықты айтқандар, билікті сынағандардың қудаланып жатқанын сынап, қазақстандық құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп таныған Арон Атабек, белсенділер Кенжебек Әбішев, Алмат Жұмағұлов сынды азаматтарға бостандық беру мәселесін көтерді.
Жиналғандар 15 жылдан астам түрмеде отырған диссидент ақын Арон Атабекті "қазақтың Манделасы" деп атап, биліктен оны дереу түрмеден босатуды талап етті.
Шараға қатысушылар тәуелсіздікке қауіп төнген шақта "биліктің бассыздығынан" халықтың ашу-ызасы шегіне жетіп, жарылуға шақ тұрғанын мәлімдеді.
– Қазіргідей жағдайда митингіге келмеу мүмкін емес. Тек ниет керек. Қайдағы үрей? Бәріміз бала-шағаны асырап жатырмыз, бала-шаға өссін дейміз. Бала-шаға деп бата жасаймыз. Ал олардың болашағына балта шауып жатыр. Олардың болашағы біздің мойнымызда, - деді жиналғандардың бірі.
Семей қаласының тұрғыны Қуаныш Бәкірланов Қазақстанның шикізат ресурстарын мемлекет меншігіне қайтару қажетін айтты.
– Қазақстанның жер қойнауы байлықтарын талан-таражға салып жатқан компаниялармен келісімді үзіп, мемлекет меншігіне қайтару керек, – деді ол.
Жиналғандар биліктің әлеуметтік желіні шектеу талпынысына да тоқталып, мұны үкіметтің сөз бостандығын тұншықтыру ниетімен байланыстырды.
Бір жарым сағатқа созылған митингіден кейін жиналғандар Республика алаңы арқылы Алматы қаласы полиция департаментіне шерулетіп барды. Бірақ полиция оларға кедергі жасаған жоқ. Бұған дейінгі осыған ұқсас шараларда полиция әдетте белсенділерді қоршап, жылжытпай тастайтын.
– Полиция шағын топқа шерулетіп жүруіне мүмкіндік беру арқылы "міне, билік бұларды ұстамайды, өз адамдары" деп айтқызу үшін осылай жасап жатыр деп санаймыз. Бұл биліктің қитұрқы амалы, – деді белсенді Жанболат Мамай.
Ұйым өкілдерінің айтуынша, олар митинг өткізетінін әкімдікке әлеуметтік желі арқылы ескерткен.
"Абай ескерткіші қалада ресми түрде бекітілген митинг өткізетін орындардың арасында болмағанықтан оған қатысты қағаз түрінде әкімдікке ескерту өткізудің қажеті болмады" деген еді белсенді Инга Иманбай акция өтерден бір күн бұрын.
Соңғы ақпаратқа қарағанда, митингі өтпес бұрын тіркелмеген "Демпартияның" кемінде алты белсендісі ұсталған. Үш белсенді 15 тәулікке қамалған. Абзал Достияров, Аружан Дүйсебаева, Гүлнәр Мирмамбетоваға шешім шыққаны-шықпағаны әзір белгісіз.
- Қазақстанда қандай да бір митинг өтетіні хабарланған кезде полицияның шара өтпей тұрып белсенділерді үйінен ұстап әкетуі, көшеге шығармауы, әкімшілік қамауға алуы әдетке айналған.
- Былтыр қабылданған бейбіт жиын өткізу тәртібі туралы заң акцияны ұйымдастырушыларды жергілікті әкімдікке ескерту жасап, "мақұлдауды" күтуге міндеттейді. Аталған заңға сәйкес, шаралар тек арнайы белгіленген жерлерде ғана өтуі тиіс. Мұндай орындар көбіне елді мекен орталығынан алшақ жерде орналасады. Әкімдік келісім бермеген шара "заңсыз" деп саналады, оған қатысушыларды билік жауапқа тартады.
- Көптеген халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен сарапшылар аталған заң Қазақстан азаматтарының конституциялық құқығын шектейді деп санайды.