"Электронды үкіметті дамыту индексі бойынша көрсеткіші жоғары Қазақстан неге өзінен кейін тұрған Ресейдің цифрлық платформасына зәру? Неге озық елдердің тәжірибесі ескерілмей, сол салада айтарлықтай жетістікке жетпеген елден көмек сұрау қажет болды?".
"Сорос" қоры сарапшылар кеңесінің 17 қыркүйекте тараған мәлімдемесінде осылай деп жазылған. Қор өкілдері онда Қазақстан үкіметінің ресейлік Сбер компаниялар тобымен Қазақстанның цифрлық үкіметіне арналған платформа құру жөнінде меморандумына алаңдаушылық білдірген.
Мәлімдеме авторлары бүкіл қазақстандықтарға тікелей қатысы бар маңызды шешімнің қоғам немесе жергілікті IT-қауымдастықсыз қабылданғанын сынап, төмендегі бірнеше мәселе сарапшылар алаңдаушылығын тудырып отыр дейді:
- Өнімнің өзі әлі жасалмаса да, оны сатып алу жөнінде келісу және артықшылықтарын айту;
- Министр Бағдат Мусин елдегі 400 шақты ақпараттық жүйенің басын қосатын бір платформа жасаймыз дейді. Ал халықаралық тәжірибеге сүйенсек, қауіпсіздік тұрғысынан дерек қорының бір жерде емес, орталықтанбаған базада сақталғаны тиімдірек;
- Жобаның құны алдын ала есепке қарағанда, 500 млн теңгені құрайды. Алайда атқарылатын жұмыс пен қызметтің осы сомаға сәйкестігін көрсететін экономикалық негіздемесі жарияланбады. Мұндай қымбат жоба байқау арқылы жүргізілуі тиіс болатын.
Сарапшылар мәлімдемеде жоба қазақстандықтардың цифрлық тәуелсіздігі мен жеке дерек қауіпсіздігіне қауіп төндіреді деп алаңдаған.
Мәлімдеме соңында Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне бағытталған бірнеше сұрақ та бар. Атап айтқанда, "электронды үкіметті дамыту индексі бойынша көрсеткіші жоғары Қазақстан (2020 жылы рейтингте 29-орынды иеленді) неге өзінен кейін тұрған Ресейдің (36) цифрлық платформасына зәру болды?" деп сұраған. Мәлімдеме авторлары оған қоса, "Сингапур, БАӘ-дан бөлек елдердің тәжірибесі зерттелді ме?" деген сұрақ қояды.
"Мысалы, мемлекеттік дерек қорын кешенді қорғау бойынша жетістікке жеткен Эстонияның X-Road жүйесі (EGDI индексінде үшінші орында тұр). Бұл жоба Қазақстан үкіметіне бірнеше рет таныстырылып, үкімет қызығушылық білдірген. Неге озық елдердің тәжірибесі ескерілмей, сол салада айтарлықтай жетістікке жетпеген елден көмек сұрау қажет болды?" делінген мәлімдемеде.
Олар Сбер компаниясының артықшылығын негіздей алатын салыстырмалы анализдің бар-жоғын да сұраған.
Мәлімдеме авторлары меморандум мен техникалық-экономикалық негіздеме және өзге де құжаттар ашық ресурста жариялануы тиіс және азаматтық қоғаммен талқылануы керек деп санайды.
3 қыркүйекте Қазақстан үкіметі ресейлік Сбер компаниялар тобымен Қазақстанның цифрлық үкіметіне арналған платформа құру жөнінде меморандумға қол қойған.
Бұл меморандум Қазақстан қоғамында түрлі пікір туғызды. Әлеуметтік желі қолданушылары, арасында IT-қауымдастық өкілдері де бар, жоба елдің тәуелсіздігіне қауіп төндіретінін алға тартып, платформаны отандық немесе батыс компанияларына неліктен сеніп тапсырмады деген сұрақ қойды.
Бұған дейін Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Сбер платформасы Қазақстанға "ең қолайлы жүйе" және "ҰҚК талаптарына сәйкес келеді" деп мәлімдеген. Оның айтуынша, алдын ала есепке сәйкес, жобаға 500 млн доллар жұмсалуы мүмкін, бірақ оның бір бөлігі ғана ресейлік компанияға жұмсалады.
ПІКІРЛЕР