Алматыда Қытайдың консулдығы алдында Шыңжаңда қалған туыстарын қайтаруды талап етіп жүрген бір топ адам Нұр-Сұлтанға келді. Олар енді осындағы Қытай елшілігі алдында наразылықтарын жалғастыратынын жеткізді.
Олардың сөзіне қарағанда, жеті айдан астам уақыт бойы консулдық алдындағы наразылық барысында "бірде-бір қызметкер іштен шығып, жауап бермеген".
21 қыркүйекте он шақты адам Нұр-Сұлтанда оң жағалаудағы Қытай елшілігіне барған. Бірақ ол жақта полицейлер "ғимаратта ешкім жоғын, елшіліктің ескі ғимаратына баруға" кеңес берді.
Гүлбаран Өмірәлі есімді Алматы тұрғыны бауырының ұлы Азамат Айболатұлының Қытайда "жазықтан-жазықсыз" қамалғанын айтып, туысын босатуды талап етіп келіп тұрғанын айтты.
– Ол Іле Қазақ облысы, Қорғас ауданы, Сарыбұлақ ауданында тұрады. Бұл бала 13 жасында жазғы демалыс кезінде (ол кез Қытайдың дінге жол берген кезі – Г.Ө) екі ай намаз үйренгені үшін, бір ауылдың молдасын ұстап, сол молданы ұрып-соғып мойындатып, менің балам бастаған бір топ бала жазықсыз сотталып отыр. Бауырымның жалғыз баласы. Бауырым аурушаң болды. Ол жерде арыздануға құқығың жоқ. Арыздансаң, алып кетеді. Сол үшін мен Қазақстанда бауырымның баласы жазықсыз екенін және 2016 жылдан бері ұсталғандардың бәрінің жазықсыз екенін айтып, арызданып жүрмін. Бауырымның баласын шапшаң босатсын! – деді Гүлбаран Өмірәлі.
Азаттық оқиғадан тікелей эфирде хабар таратты:
Наразылар талаптары орындалмаса, елшілік алдында қонатынын жеткізді. "Осында жатамыз, қонамыз. Мейлі, үсіп өлерміз" деді олар.
Шараны полиция мен азаматтық киім киген бірнеше адам бақылады.
Бұған дейін наразылар Алматыдағы Қытай консулдығы реакция білдірмегендіктен тамыз айынан соңынан бастап сол жақта түней бастаған еді. Жақында полиция оларға шатыр тігіп отыруға тыйым салған.
Сәуір айында Қытайдың Қазақстандағы елшісі Шыңжаңда қамалғандардың "Қытай азаматы" екенін және олардың "Қытай заңын бұзғанын" айтқан. Қазақстан сыртқы істер министрлігі "өзге елдің ішкі ісіне араласа алмайтынын" алға тартып келеді.
Бұған дейін Алматы соты Қытай консулдығы алдында пикет өткізген адамдарды бірнеше рет әкімшілік жауапқа тартқан.
- Халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері Пекинді Шыңжаң өлкесінде ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге де мұсылмандарға "геноцид" жасады деп айыптаған. Пекин мұны жоққа шығарған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Төрт күн азаптап, екі қолы істемей қалды". Лондон тыңдауында қазақтар Қытай лагерінде көргенін баяндадыХалида Ақытхан. Шыңжаңдағы үш ұлынан тірідей айырылған ананың күресіАҚШ Шыңжаңда адам құқығын бұзуға атсалысқан 34 ұйымды "қара тізімге" қосты"Атажұрттың" "үнін өшіру" әрекеті және "Яндексті" ығыстыратын қытайлық DidiҚытай консулдығы маңында пикет өткізгендерге айыппұл салынып, бір белсенді 15 күнге қамалды