АҚШ бас консулы Шыңжаңдағы туыстарын қайтаруды талап етіп жүрген топ белсендісімен кездесті

АҚШ бас консулы Кэролайн Сэвидж және белсенді Байболат Күнболатұлы. Алматы, 18 қазан 2021 жыл. Байболат Күнболатұлының Twitter-дегі парақшасынан алынған.

18 қазанда Алматыда АҚШ-тың Қазақстандағы бас консулы Кэролайн Сэвидж Шыңжаңдағы туыстарын қайтаруды талап етіп, 250 күннен бері наразылық өткізіп жүрген топ белсендісі Байболат Күнболатұлымен кездесті. Бұл жөнінде белсендінің өзі хабарлады.

Байболат Күнболатұлының сөзіне қарағанда, наразылар жағынан өзі ғана қатысқан. Кездесуде шамамен 20 шақты адам болған.

"Жалпы бізде болып жатқан жағдайларды баяндадым. Нақтылап айтсақ, Шыңжаңда қамалып жатқан туған-туыстарымызды елге алып келу үшін шамамыз келгенше шапқылап жүргенімізді айттым. Ол кісілер де бұл мәселені қадағалап отырғанын, адам құқығы мәселесіне ерекше назар аударатынын айтты" деді ол Азаттық тілшісіне.

АҚШ бас консулдығы кездесу жөнінде әзірге хабарлама таратпады.

Қазан айының басында АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі Шыңжаңда қалған туыстарын қайтаруды талап етіп, сегіз айға жуық Қытайдың Қазақстандағы өкілдіктері алдында наразылық білдірген азаматтардың бейбіт жиын өткізу құқығын қолдайды деп мәлімдеген. Елшілік хабарламасы Қытайда қамалған туыстарын қайтаруды талап еткен 10 адамның Нұр-Сұлтанда ұсталып, кезекті рет жалпы жиынтығы миллион теңгеге жуық айыппұл алған күні жарияланған.

АҚШ елшілігі бұған дейін де Қытайдағы қысымды айыптап, "бейбіт түрде өз ойларын білдіру үшін жиналған адамдарды қамауға болмайтынын" мәлімдеген.

Байболат Күнболатұлының айтуынша, жуырда Қазақстан сыртқы істер министрлігінен Қытайда қамалған қазақтарға байланысты жауап алған.

– СІМ-нен осы мәселені жалпы қарастырып жатқаны жөнінде хат келді. Онда Қазақстанның Қытаймен қайта-қайта келіссөз жеделдетіп жүргізіп жатқаны айтылған. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақстан СІМ мен Қытай елшілігі, Үрімжі қаласындағы Қазақстанның паспорттық виза алу қызметі мен сол жақтағы кеңсе арасында, Пекиндегі Қазақстан елшілігі мен Қытай сыртқы істер министрлігі арасында келіссөздердің жүріп жатқаны жөнінде жазылған – деді белсенді.

  • Қазір наразылардың Қытай консулдығы алдындағы акциясының жалғасып жатқанына 250 күннен асты. Олар Шыңжаңда қамалған немесе қайта алмай отырған туыстарын Қазақстанға қайтаруды талап етеді. Олардың сөзіне қарағанда, Қытай билігі туыстарын жазықтан-жазықсыз сотсыз қамап, қудалаған. Кейбірін үйқамақта ұстап, Қазақстанға баруына тыйым салған.
  • Сәуір айында Қытайдың Қазақстандағы елшісі Шыңжаңда қамалғандардың "Қытай азаматы" екенін және олардың "Қытай заңын бұзғанын" айтқан. Қазақстан сыртқы істер министрлігі "өзге елдің ішкі ісіне араласа алмайтынын" алға тартып келеді.
  • Халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері Пекинді Шыңжаң өлкесінде ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге де мұсылмандарға "геноцид" жасады деп айыптаған. Пекин мұны жоққа шығарған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

249-күн: Қытайдағы туысын іздегендер наразылықты Алматыда жалғастырып жатыр Сот Шыңжаңда қалған туыстарын қайтаруды талап еткен 10 адамға тағы миллион теңгеге жуық айыппұл салдыҚытайдың лагерьлерінде балалар да "қамауда отыр""Төрт күн азаптап, екі қолы істемей қалды". Лондон тыңдауында қазақтар Қытай лагерінде көргенін баяндадыХалида Ақытхан. Шыңжаңдағы үш ұлынан тірідей айырылған ананың күресі