Ресейдің "ықпал аймағы", "қаралау науқанының" құрбаны және Алматыдағы TikTok House

Ресей президенті Владимир Путин.

Мәскеу өз көршілері арасынан нелікен Киевпен ерекше араздасты? Қазақстанның «демократияға ұмтылмауының» бұған қандай қатысы бар? АҚШ қазағы Сәуле Омарова нәсілі мен тегіне бола сынға ұшырады ма? Қазақ TikTok-шыларының «әлемді жаулағанынан» не түседі? Әлем баспасөзінің аптадағы сұрақтары осы болды.

ПУТИН НЕГЕ АШУЛАНДЫ?

Мәскеу мен Киев арасындағы текетіресте дау Ресейдің «ықпал аймағы» туралы ғана болып тұр ма? Осы сұраққа жауап іздей келе британдық Financial Times сарапшысы Гидеон Рахман Ресейдің көршілері Қазақстан мен Украинаны демократияға ұмтылыс тұрғысынан да салыстырады.

Ресей президенті Владимир Путиннің биыл шілдеде жарық көрген «Орыстар мен украиндардың тарихи бірлігі туралы» деп аталған эссесін талдаған автор онда «украиндарға деген өлмес махаббат пен қырып жіберемін деп қорқыту қатар айтылатынына», Путиннің көрші ұлтты «бірде қандас бауыр, ал бірде неонацист деп сипаттайтынына» мән береді және хатты «әйелінің махаббатына бөлене алмаған қатыгез күйеудің» реакциясына теңейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Украина түбінде Ресей әскері көбейді. Батыс газеттері соғыс болуы мүмкін дейді

«Алайда Мәскеудің Украинаға басып кіруге ашық дайындалып жатқанымен қатар алып қарасақ, Путин эссесінің мазмұны ерекше үрейлі болып көрінеді. Қазір Украинамен шекарада 90 мыңдай Ресей әскері, танкілер мен артиллерия тұр. Өткен аптада Путин Батысты Ресейдің «қызыл сызығын» аттап кетпеуге үндеп, сес көрсеткен мәлімдеме жасады. Байден әкімшілігінің өкілдері Ресей Украинаға «2022 жылдың басында» шабуылдауды жоспарлап отыр деп болжайды. Вашингтон мен Лондондағы саясаткерлер бұл әскери жоспар Кремльдің шынымен агрессияшыл ниеті бар екенін және оның жоғарыдан келіп жатқанын көрсетеді» деп жазады автор.

Путинді тек Ресейдің «ықпал аймағына» басқа державаның еніп кетуі ғана ашуландырып отырған жоқ деген автор Мәскеудің дәл Украина сияқты алдымен Ресей империясының, содан соң Совет одағының құрамында болған Қазақстанмен «жақсы қарым-қатынасын» мысалға келтіреді.

Оның айтуынша, Кремль Қазақстанға ықпал ету жөнінен Қытайдан жеңілсе де, бұған бәлендей ашулана қойған жоқ:

«Путин құрамына Қазақстан да кіретін Еуразия экономикалық одағын құру арқылы Орталық Азияға ықпалын сақтап қалуға тырысты. Бірақ Мәскеудің амбициясы Пекиндікімен сәйкес келді. 2013 жылы Қытай төрағасы Си Цзиньпин Қазақстан астанасы – Астанада (қазіргі Нұр-Сұлтан – ред.) «Бір белдеу – бір жол» бастамасын жариялады. Қазақстан қазір Ресейге қарағанда Қытаймен көбірек сауда жасайды (Қазақстанның сыртқы сауда айналымы көлемі бойынша Ресей – бірінші, Қытай екінші орында тұр – ред.) Путиннің «Единая Россия» партиясында кейбіреулер Қазақстанның солтүстігіндегі жерге таласып жүргенімен, бұрынғы совет республикасы Мәскеудің ықпал аймағынан шығып бара жатқанына Кремль көп қарсылық білдіріп отырған жоқ» деп жазады FT.

Қытай лидері Си Цзинпин (оң жақта) мен Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев Батыс Қытайдан Батыс Еуропаға жүк таситын теміржолдың ашылу салтанатында. Астана, 8 маусым 2017 жыл.

«Орыстар Қазақстанның айырмашылығы – ол Қытаймен қорғаныс саласында байланысып отырған жоқ деп санайды. Бірақ Астана (Нұр-Сұлтан – ред.) мен Пекин арасының жақындай түсуі қауіпсіздікке кесірін тигізері анық».

Дегенмен, автордың айтуынша, бұл да ең маңызды нәрсе емес. Батысы – Украина Қазақстан сияқты емес, ол демократия жолымен кетіп барады.

«Қазақстан мен Украина арасындағы басты айырма – Қазақстан демократияға айналуға еш тырысып отырған жоқ. Ал Украина, керісінше, Путиннің Ресейде жасағандай авторитар режим орнату әрекетіне табанды түрде қарсы тұрып келеді. Украинадағы жүйе жемқорлыққа батқан әрі көп жағынан дұрыс жұмыс істемейді. Бірақ елде нәтижесі белгісіз сайлау, ашық азаматтық қоғам бар» дейді автор.

Оның айтуынша, «Батыс либерализмі» Ресейге мүлде келмейді деп айтуды ұнататын» Кремль үшін Украинаның «Ресейдегіден басқа саяси жолға түсуі» «ыңғайсыз сұрақтар туындатады».

«Украинаның Путинді қатты ашуландыруының басты себебі де осы болар, бәлкім. Батыс альянсының қазіргі кезек күттірмес міндеті – бұл ашуды жаппай экономикалық санкция салу қаупімен тоқтата тұру ғана» деп қорытады Гедеон Рахман.

СӘУЛЕ ОМАРОВА – «АЯУСЫЗ ҚАРАЛАУ НАУҚАНЫНЫҢ» ҚҰРБАНЫ

Financial Times Қазақстан тумасы Сәуле Омарованың АҚШ-та валюта басқармасы жетекшілігінен үміткерліктен бас тартқанына да мақала арнады. Кандидатурасын алып тастау жөнінде өтінішті Омарованың өзі жазған. 55 жастағы Омарованы АҚШ валюта басқармасының жетекшілігіне ел президенті Джо Байден ұсынған еді. Жақында АҚШ конгресінде Сәуле Омарованың кандидатурасы талқыланып, республикашылдар оның Совет одағында туып-өскеніне шүйліккен.

18 қараша сенатта өткен тыңдауда республикалықтар Омароваға Совет одағында комсомол құрамында болғанына қатысты сұрақтар қойған. Сенаттағы республикалық Пэт Туми Совет одағы тарағанға дейін Мәскеу мемлекеттік университетінде оқығанын, Карл Маркс жайлы ғылыми еңбек жазғанын Омарованың бетіне басқан. Тағы бір республикалық Джон Кеннеди "сізді профессор дейін бе әлде жолдас дейін бе?" деп кекесінмен сөйлеген (Совет одағы кезінде компартия мен комсомолға мүшелерге "жолдас" деп қайырылатын еді).

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Ол нағыз қазақ". АҚШ валюта басқармасы жетекшілігіне ұсынылған Сәуле Омарова кім?

Британ басылымына қазан айында берген сұхбатында Омарова өзін сынаушыларды «нәсілшілдік танытты» деп айыптап, «тек әйел ғана емес, аз ұлт өкілі болғаны» үшін осындай сынға тап болғанын айтқан. Дегенмен, өзінің айтуынша, сыншылары оның жынысы мен нәсіліне қарағанда банктерді бақылау жүйесін қатаңдату саясатына көбірек қырын қараған.

Қазақ қызы Омароваға тек Республикалық партия ғана емес, Байденнің өзі кіретін Демократиялық партияның да кей өкілдері қарсы болды. Мәселен сенатор-демократтар Джон Тестер мен Марк Уорнер жергілікті банктерге ереже жұмсартқан 2018 жылғы заңға Омарованың сын айтқанын еске салды. Бұған қоса оларға үміткердің «экономиканың қай секторларына қарыз беруді шешетін ұлттық инвестициялық орган құру» ұсыны ұнамаған. Сондықтан сенатор Пэт Туми «АҚШ қаржы жүйесінің жарамсыздығы жөнінде Омарованың идеяларына қатысты қос партияда консенус орнағанын мәлімдеген».

Дегенмен Омарованы жақтаушылар оның «аяусыз қаралау науқанының» құрбаны болғанын айтты.

«Мол тәжірибесі мен екі партияда да жұмыс істеген қызметіне қарамастан, ықпалды топтар профессор Омарованың көзқарастары мен еңбектерін бұрмалады. Үрейлі қызыл маккартизмді еске салатын аяусыз қаралау науқанында олар оның отбасына, тегіне және Америка идеалдарына шүйлігіп, ұят қылық жасады» деді сенатор-демократ Шеррод Браун.

«ӘЛЕМДІ ЖАУЛАП ЖАТҚАН» ҚАЗАҚ TIKTOK-шылары

«Дүниежүзіндегі ең әйгілі TikTok House Алматыда орналасқан, бірақ бұған жұрт тегіс разы емес». Қазақстандықтардың әлеуметтік желідегі жетістіктері туралы EurasiaNet мақаласы осылай басталады.

«Былтыр Yolo House-тың артында тұрған алматылық жеті жасөспірімге «сендер әлемдегі ең танымал TikTok команда боласыңдар» десе, «кекетіп тұрсың ба?» деген болар еді. Дегенмен әлемде TikTok House-тар арасындағы ең үлкен аудитория – 22 миллион жазылушы жинау үшін оларға бір жылдан аз ғана уақыт қажет болды» деп жазады автор. Олар 2019 жылы желтоқсанда құрылған Лос-Анджелестегі The Hype House-тың өзін басып озған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ АҚШ "TikTok Қытаймен ақпарат бөліседі" деп күдіктенеді. Қазақстан бұған қосыла ма?

TikTok House деген не? «Бұл – блогерлер, яки влогерлер қысқа, ойын-сауық видеоларын түсіріп, бірге өмір сүретін кәдімгі үй. Олар бұл видеоларды Пекинде орналасқан ByteDance компаниясына қарайтын TikTok әлеуметтік желісіндегі ортақ аккаунтқа арнап жазады».

«Мен әлем жастарына Қазақстанның мәдениетін таныстырамын, керемет қой» дейді осы топтың жұлдызы, 18 жастағы Алина Ким. Ол – бұрынғы Совет одағы аймағындағы ең ықпалды TikTok-шы, оның 32 миллион фоллоуері бар.

Топтың видеолары қарабайыр: «ойсыз жастарға арналған күлкілі би, жай хореографиялық қимылдар». Сонда да олардың көрермені өте көп. Жай шөпте жатып, музыка ырғағымен жер тепкілеген үш жасөспірімнің видеосы 3 миллион қаралым, жарты миллиондай лайк, бірнеше мың комментарий мен репост жинаған. Көп видеоның сөзі де жоқ, тек арасында ағылшын, орыс тілдерінде сөйлейтіндер болады.

Басылымның жазуынша, влогерлер арнайы компаниямен келісім-шарт жасасып, солармен жұмыс істеп жатыр, табысы құпия. Бірақ бір басылымға берген сұхбатында олардың жетекшісі әр қатысушыға айына 1 млн теңге (2300 доллар) төлейтінін айтқан. «Кеңсесі» – Алматыдағы қарапайым 3 бөлмелі пәтер.

Бұл топтың жұмысына сынмен қарайтындар, бұл «жастарды ақылсыздыққа, бос күлкіге үйретеді» деп кейитіндер жетеді. Мысалға олардың әлемде көш бастап тұрғаны туралы жаңалықтың астына «мақтанатын түк те жоқ», «бұл – жастардың деградациясы», «олар наша шекпей ме, тексеру керек, тым күдікті адамдар» деген сияқты комментарийлер жазылған.

«Жастар танымал блогерлер камераға аузы-басын қисайтып-ақ көп ақша табатынын көріп, сол жолмен жүргісі келеді» дейді алматылық адвокат Нұрбек Молдалиев.

Дегенмен, оларды жай еріккен адамдар деп атауға келмейді. Олар танымал болғанымен қоймай, қоғамдық пікірге әсер ететін адамдарға айналып келеді деп жазады автор.

«[Алина] Ким өте танымал. Алматы көшелерінде адамдар танып, онымен селфиге түсуді өтініп жатады. Тамызда ол «қала әкімшілігі «талантты жастардың өзін танытуы үшін не істей алады?» деген тақырыпты талқылау үшін Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевпен онлайн кездесу өткізген. Мәскеуде ол орыстілді әлемдегі әйгілі телевизиялық шоу - Comedy Club-қа түсу үшін Мәскеуге де барды».

ТикТок қолданып отырған адам. Көрнекі сурет.

Әлеуметтанушы Айман Жүсіпованың айтуынша, Yolo мүшелері Қазақстанның консерватив қоғамындағы шекараларды бұзып жатыр.

Совет одағында өскен адамдарды интернет-инфлюенсерлердің көп табыс табуы шамдантады. «Өскенде балалары блогер болғанын қалайтын ата-ананы әлі кездестірмедім» дейді Жүсіпова.

Дегенмен топтың влогерлері бұған қынжылмайды. «Әлемде барлығы, тіпті әлеуметтік желідегі трендтер де жылдам өзгеріп жатыр. Өткен шақпен өмір сүрмей, осыған бейімделу керек» дейді Yolo мүшесі Родион Кан.