Accessibility links

Сәуле Омарова АҚШ валюта басқармасы жетекшілігіне үміткер болудан бас тартты


Сәуле Омарова.
Сәуле Омарова.

АҚШ-та валюта басқармасы жетекшілігінен үміткер болып, республикашылдар тарабынан қатаң сынға ұшыраған Қазақстан тумасы Сәуле Омарова кандидат болудан бас тартты. Бұл жөнінде Ақ үйге сүйенген Reuters агенттігі хабарлады.

55 жастағы Омарованы АҚШ валюта басқармасының жетекшілігіне ел президенті Джо Байден ұсынған. Ол 1966 жылы Орал қаласында туып, 1991 жылы АҚШ-қа қоныс аударған, кейін АҚШ азаматтығын алған.

Сәуле Омарованың АҚШ валюта басқармасының жетекшісіне бас үміткер екені биыл тамызда белгілі болған. Қыркүйекте Джо Байден оны Қаржы министрлігі құрамындағы Валюта басқармасының жетекшісі қызметіне ұсынуға ниетті екенін білдірген кезде АҚШ қоғамында қызу талқы туған. Банктер мен республикашылдар Омарованың идеяларын тым радикал санап, оған қатты қарсылық танытқан.

Бұған дейін АҚШ конгресінде Сәуле Омарованың кандидатурасы талқыланып, республикашылдар оның Совет одағында туып-өскеніне шүйліккен.

Reuters'тің жазуынша, Байден әкімшілігі құны 1,75 трлн доллар болатын әлеуметтік қолдау және ғаламдық жылынумен күрес шараларын қабылдату үшін барлық демократтардың қолдауына зәру болып отырған шақта ол ұсынған Омарова кандидатурасы мақұлданбай отыр. Ақпаратқа қарағанда, сенаттағы кемінде он демократ оның кандидатурасын қолдамаған.

Ақ үй мәлімдемесінде Байден оның қаржы саласын реттеудегі "терең сараптамасын" мақтап, "оның жеке басына шүйліккендерді" сынаған.

Сәуле Омарова – Байден әкімшілігі ұсынып, кері қайтарылған үшінші кандидат. Бұған дейін әкімшілік бюджет басқармасы жетекшілігіне Нира Танден мен Ішімдік, темекі, қару-жарақ және жарылғыш заттарды реттеу бюросының жетекшілігіне Дэвид Чимпан ұсынылып, үміткерлер кері қайтарылған.

АҚШ-та валюта басқармасының жетекшілігіне кандидатты президент ұсынғанмен сенат мақұлдайды. Сәуле Омарова кандидатурасы бекітілуі үшін сенаттағы демократтар бірауыздан оны қолдауы тиіс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG