18 қарашада АҚШ сенатында Қазақстан тумасы Сәуле Омарованың АҚШ валюта басқармасының жетекшілігінен кандидатурасы талқыланған тыңдау өтіп, сенаттағы республикалықтар оның Совет одағында туып-өскеніне шүйлікті.
55 жастағы Омарованы АҚШ валюта басқармасының жетекшілігіне ел президенті Джо Байден ұсынған. Ол 1966 жылы Орал қаласында туып, 1991 жылы АҚШ-қа қоныс аударған, кейін АҚШ азаматтығын алған.
Мамандығы заңгер Омарова Джордж Буш президент болып тұрғанда АҚШ қаржы министрлігінде жұмыс істеген.
Ол сенаттағы тыңдауға дейін конгресте де бірнеше рет жауап берген еді. Омарованың кандидатурасын сынағандар оның бұрын желіде жазған жазбалары мен айтқан сөздеріне шүйлігіп, оны "радикал" және "социалист" дейді.
18 қараша сенаттағы тыңдауда республикалықтар Совет одағында комсомол құрамында болғанына қатысты сұрақтар қойды. Сенаттағы республикалық Пэт Туми Омарованың Совет одағы тарағанға дейін Мәскеу мемлекеттік университетінде оқығанын, Карл Маркс жайлы ғылыми еңбек жазғанын мінеді. Тағы бір республикалық Джон Кеннеди "сізді профессор дейін бе әлде жолдас дейін бе?" деді (Совет одағы кезінде компартия мен комсомолға мүшелерге "жолдас" деп қайырылған).
Ал сенаттағы демократтар Омарованы қорғап, республикалықтардың әрекетін сынады. Демократтар Омарова бұл қызметке лайық деп санайды. Омарова коммунист емес екенін, "коммунизм идеологиясын қолдамайтынын" айтты. Ол "қай жерде туатынымды таңдай алмаймын ғой" деді.
"Отбасым коммунистік режимнен зардап шекті. Отбасымның жартысын көрмедім. Апам Сталин режимінің құрбаны бола жаздады. Бұл - менің есімде қалғандары ғана. Бұл менің кім екенімді көрсетеді. Осы елге келдім, америкалық болғаныма мақтан тұтамын" деді ол.
Омарова Орал қаласындағы №21 мектепте оқыған. Мектеп директоры Омарованың озат шәкірт болғанын айтады. Мектеп архивінде сақталған сынып журналында кілең беске оқығаны жазылған.
– Мектепті 1984 жылы алтын медальмен бітірді. Елу жыл ішінде мұндай жетістікке бар-жоғы 30-ақ оқушы жеткен. Сәуле физика-математика олимпиадаларының бәріне қатысқан. Зиялы отбасыда тәрбиеленген. Анасы туберкулез диспансерінде әдістеме бөлімін басқарған, – дейді мектептің қазіргі директоры Лаура Шаркубенова.
Оның сөзінше, ол кезде мектеп санаулы жыл бұрын ашылған, ал Омарова оны алтын медальмен бітірген бірінші оқушы болған.
ПІКІРЛЕР