Шыңжаңдағы туыстарын қайтаруды талап еткен топ наразылықты көлік ішінде өткізуге мәжбүр болды

Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында Шыңжаңдағы туыстарын қайтаруды талап етіп жүрген топ наразылықты көлік ішінде өткізуге мәжбүр болды. 27 желтоқсан 2021 жыл. Видеодан алынған скриншот.

Шыңжаңдағы туыстарын Қазақстанға қайтаруды талап еткен топ Алматыда Қытай консулдығы алдындағы наразылықты көлік ішінде өткізуге мәжбүр болды. Блогер Байболат Күнболатұлы Facebook парақшасында оқиғадан тікелей эфирде хабар таратты.

Онда полицияның оларды Қытай консулдығына жібермей тұрғаны көрінеді. Консулдық маңында наразылық кезінде ұстаған азаматтарды отырғызатын автобус та тұрды. "Егер біз шықсақ, бізді бірден ұстап әкетеді" деді наразылар. Бұдан соң олар талаптарын көлік ішінде айта бастады.

"Менің балаларымды іздеп, Қытай консулдығы алдына шыққаныма бүгін 323 күн болды. Олар хабар-ошарсыз кетті. Консулдық бізге жауап бермейді. Біз күресімізді тоқтатпаймыз. Ыстық болсын, суық болсын, қар жаусын, жаңбыр жаусын, бәрібір Қытай консулдығы алдынан кетпейміз" деді көлік ішінде Қытайдағы үш ұлын қайтаруды талап етіп жүрген зейнеткер Халида Ақытхан.

Көлік ішінде блогер Байболат Күнболатұлын қоспағанда, төрт адам болды. Олар да талаптарын кезекпен-кезек айтып шықты.

Қытайдағы бауырына іздеу салған Гауһар Құрманалиеваның айтуынша, өткен бейсенбі күні де дәл осындай жағдай болып, наразылар көлік ішінде отыруға мәжбүр болған.

Полиция оларды консулдық маңына жібермеу себебін түсіндірмеді. Бұған дейін жергілікті билік олардың наразылықтарын "заңсыз" деп атаған. Алматы әкімшілік соты оларға "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны үшін" бірнеше рет айыппұл салған.

  • Қытайдың Шыңжаң өлкесінде "жазықсыз қамалған немесе бостандығы шектелген" туыстарын Қазақстанға қайтаруды талап еткен бір топ 2021 жылдың адам ақпан айынан бері Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында наразылық акциясын өткізіп келеді. 27 желтоқсанда олардың акция өткізгеніне 323 күн болды.
  • Наразылар бұған дейін "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп айыпталып, жалпы сомасы төрт миллион теңгеге дейін айыппұл төлеуге мәжбүр болған. Кейінгі кезде полицияның оларды ұстауы жиілеген.
  • Шамамен 10 айдан астам уақытқа созылған акция кезінде Қытай консулдығынан наразылар алдына ешкім шықпады. Жергілікті полиция наразы топты консулдық маңына жібермей, аумақты көлікпен бақылап келеді.
  • Наурыз айында Қытайдың Қазақстандағы елшісі Шыңжаңда қамалғандардың "Қытай азаматы" екенін және олардың "Қытай заңын бұзғанын" айтқан. Қазақстан сыртқы істер министрлігі "өзге елдің ішкі ісіне араласа алмайтынын" алға тартып келеді.
  • Халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері Пекинді Шыңжаң өлкесінде ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге де мұсылмандарға "геноцид" жасады деп айыптаған. Пекин мұны жоққа шығарған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Үржардан Шыңжаңға барып, лагерь азабын тартқан екі қазақтың тағдыры"Си Цзиньпиннің қатысы бар". Ұйғыр трибуналы Қытай Шыңжаңда геноцид жасап жатыр деп шешті"Қазақстан да қауіпті ел". Шыңжаңнан қашқандарды Нұр-Сұлтан неге қорғай алмайды?