Шымкент тұрғыны Гүлшат Қамысбаева ұлы 21 жастағы Сүндет Түркіменбайды босатуды талап етіп, видеомәлімдеме жасады.
Оның сөзіне қарағанда, Алматыға емделуге келген ұлы 5 қаңтарда Төле би мен Байтұрсынов көшелерінің қиылысындағы ауруханадан шығып, үйіне келе жатқанда жамбасына оқ тиіп, ауруханаға түскен. 8 қаңтарда полиция ауруханаға кіріп, аяғына гипс қойылып, балдақпен жүрген ұлын "тәртіпсіздікке қатысы бар күдікті" ретінде ұстап әкеткен. Туыстары содан бері Сүндеттен хабар үзілгенін айтады. Олар кейін оның СИ-18 тергеу изоляторында отырғанын білген, тамақ, дәрі апарып, кездесуге тырысқанмен көрсетпеген.
"Ұлым митингіге қатыспаған. Кінәсіз баламды СИ-18 түрмесінде неге ұстап отыр? Менің балам кінәсіз" деп жылайды 21 қаңтар күнгі видеомәлімдемеде Гүлшат Қамысбаева.
Сүндет Түркіменбайдың бауыры Нұрболат Түркіменбай інісінің оқиғаға еш қатысы жоғын айтады. Ол сол күні ауруханаға барып, дәрігерге қаралған. Видеомәлімдемеде де анасы барлық құжаттарды көрсетеді.
– Бастапқыда інім ауруханаға 28 желтоқсанға жазылғысы келген. Ол күні адам көп болғандықтан 5 қаңтарға жазылған еді. 5 қаңтарда келіншегіммен бірге барады, түсте дүрбелең басталған кезде ол інімнен көз жазып қалған екен. Інімнің айтуынша, ауруханадан шығып үйге қайтып келе жатқанда оқ тиген, - деді Нұрболат Түркіменбай.
Азаттық тілшісі адвокаттан және СИ-18 мекемесінен жауап ала алмады.
Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстанның түкпір-түкпірінде туыстарының заңсыз ұсталғаны, азапталғаны жөнінде хабарлар көбейген. Құқық қорғаушылардың айтуынша, қаза болғандар, жараланғандар және ұсталғандар арасында бейбіт тұрғындар бар.
Оқиғаға кездейсоқ тап болып, мерт болған немесе жараланғандар жөнінде Азаттық тілшілері бұған дейін жазды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Оқ жамбасымды тескен". Шымкенттегі оқиғада жараланған екі адамның айтқаныБилік он мыңға жуық адамның ұсталғанын айтты. 700-ге жуық қылмыстық іс қозғалған. Оның ішінде терроризм бабы бойынша - 44 іс, жаппай тәртіпсіздік бойынша – 34 іс, адам өлтіру бабы бойынша 15 іс ашылған. 780 адам күдікті ретінде ұсталған.
Жүздеген белсенді "бейбіт митинг заңын бұзды", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айыппен жазаланған.
Жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар билікті бейбіт шеруге қатысқан, пікірін айту құқығын жүзеге асырғысы келген азаматтарды қудаламауға, оларды дереу босатуға шақырған.
Халықаралық ұйымдар Қазақстан билігінің халыққа күш қолдануын айыптап, Еуропарламент Қазақстан шенеуніктеріне санкция салу мәселесін қарастырып жатыр.