Адвокат Жанар Балғабаева түрмеде аштық жариялап жатқан белсенді Ермек Нарымбаев аштығын 25 қараша кешкі сағат 6-да тоқтататынын мәлімдеді. 24 қарашада белсендінің аштық жариялағанына 53 күн болды. Осы уақыт аралығында Ермек Нарымбаевтың салмағы 79 килодан төмен түскен. Ол аштықты бастаған кезде салмағы 114 килограмм болғаны айтылған. Адвокат Жанар Балғабаева онымен бір күн бұрын жолыққан.
"Бұрын маған оны арбамен алып келетін. Кеше (23 қарашада) оны екі адам қолтықтап әкелді. Себебі өздігінен жүре алмайды. Сөйлеуге шамасы жоқ. Бір рет медициналық жедел жәрдем шақыртқан" деді Азаттыққа адвокат Жанар Балғабаева.
Белсенділер Ермек Нарымбаевтың түрмедегі жазбаларын әлеуметтік желіде жиі жариялап келеді. 24 қарашада Фейсбуктағы Ермек Нарымбаевтың аккаунты да белсендінің аштықты тоқтататынын жазды.
"[Денем] қатты ауырып тұр, басым айналады. Тезірек 25.11.22 жетсем екен. Асыға күтіп жүрмін" деп жазылған Ермек Нарымбаевтың аккаунтында.
Қазан айының басынан бері аштық ұстап жатқан белсенді әділ сайлау өткізу, сайлау учаскелерінің хаттамаларын ОСК сайтына жариялауды талап еткен.
Бұған дейін орталық сайлау комиссиясы сайлаудың "әділ өтетінін" айтқан, алайда белсендінің өзге талабы жөнінде "бір күнде орындалатын шаруа емес" деп мәлімдеген еді. Қылмыстық атқару жүйесі комитеті түрмедегі белсенді Ермек Нарымбаевтың аштық акциясынан хабардар екенін, аштық акциясын бастаған 3 қазаннан бері дәрігерлер оны "бақылауға алғанын" бұған дейін мәлімдеген.
Халықаралық ұйымдар 20 қарашада өткен кезектен тыс президент сайлауының "бәсекесіз" өткенін, "сайлау күні бейбіт митинг өткізу және пікір айту еркіндігі шектелгенін" айтқан. Ал сайлау күні тәуелсіз бақылаушылар учаскелерде түрлі заңсыздықтар болғанын (бақылаушыны учаскеге кіргізбеу, учаскеде жүруіне, сурет-видео түсіруге тыйым салу және тағы басқа) хабарлады.
Ермек Нарымбаевтың денсаулығы нашарлап бара жатқан шақта жақтастары мен адвокаттары, жақындары оның хәліне алаңдаған. Кейбір белсенділер оны аштықты тоқтатуға үндеген.
Ермек Нарымбаев бұған дейін де ең ұзақ аштық акцияларын басынан өткерген. 2010 жылы Алматы облысындағы түрмеде 73 күн аштық ұстаған белсенді 41 килограм салмақ тастаған. Айтуынша, "өзіне жасалған әділетсіздіктерге" қарсылық білдірген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Адвокат: Ермек Нарымбаевтың салмағы 80 келіден азайып, жүрек талмасы да ұстағанЕрмек Нарымбаевтың аштық жариялап жатқанына 40 күн: Адвокат белсендінің кездесуге шамасы жоғын айттыАдвокат: Ермек Нарымбаевтың аштық акциясы – Тоқаев әкімшілігіне саяси месседжОмбудсмен түрмеде аштық жариялап жатқан белсенді Ермек Нарымбаевтың денсаулығы туралы айттыБір топ белсенді 29 күннен бері аштық жариялап жатқан Ермек Нарымбаевтан акциясын тоқтатуды сұрады