1979 жылы 24 желтоқсанда Совет одағы Ауғанстанға әскер кіргізді. Совет-ауған соғысы басталды. Сол кезде босып кеткен ауғандықтар арасында осы елде тұратын қазақтар да бар еді. Олар Совет одағындағы коллективтендіру, ашаршылық және қуғын-сүргін кезінде сонда көшіп барған. Бүгінгі сол соғыстан кейін Ауғанстаннан Еуропа, Америкаға ауған эмигрант қазақ әйелінің тағдыры мен Ауғанстанда өмір сүріп жатқан қазақ диаспорасының қазіргі ахуалы баяндалады.
Подкасты тыңдаңыз:
Your browser doesn’t support HTML5
ХАСЕН ОРАЛТАЙ ҚОРЫНДАҒЫ ӘЛЕМ ҚАЗАҚТАРЫ
Азаттық радиосы Қазақ бөлімінде 28 жыл қызмет атқарып, арасында осы бөлімге басшылық қылған Хасен Оралтайдың Ұлттық академиялық кітапханадағы жеке қорында шетел қазақтарына арналған бумалар баршылық. Онда биыл қызмет көрсетіп жатқанына 70 жыл болған Азаттық радиосының эфирінен берілген хабарлардың жазбасы жинақталған. Советтік Қазақстандағы қазақтар, Шығыс Түркістан қазақтары, Еуропа мен басқа елдегі қазақтар туралы бұл хабарларда олардың тұрмыс-тіршілігі, мәдениеті жайында айтылады.
Хасен Оралтайдың жеке қорында сақталған Азаттықтың мұрағатынан мына бір хабардың жазбасы назар аудартты. Совет одағы 1979 жылы Ауғанстанға әскер кіргізгеннен кейін әзірленіп, эфирге ұсынылған бұл хабар мынандай қызықты хикаядан тұрады.
Бұл хабарды Мюнхен студиясы үшін әзірлеген – Нұркамал Пынар. Хабар жазбасының қысқартылған үлгісі – осы. Жазбаның емлесі сақталды.
ЭМИГРАНТ ӘСИЯ САЛДАРБЕКҚЫЗЫНЫҢ ХИКАЯСЫ
Батыс Германияның Мюнхен қаласында 1972 жылы халықаралық олимпиада ойындары өткізілген алаңда қыдырып жүрген ұзын бойлы, аққұба келген кексе әйел өзін әлгіннен бері бақылап тұрған бір топ туысын байқамаған-ды. Әйел оларды бағанадан бері көргенімен, қазақтар деп әсте ойламаған-ды. Алайда 1949 жылдың соңғы шенінде Қытайда коммунистік жүйе орнай бастаған соң, байырғы Шығыс Түркістанның Алтай-Тарбағатай өңірінен қашқан осынау кісілер де әлгі жалғыз жүрген кексе әйелдің өз туыстары еді. Бейтаныс әйел мен оған қарап отырған осынау топты солардың ішінде жас баланың нағыз қазақшамен "апа, бер кел!" деп өз шешесіне айқайлауы таныстырған еді.
"Апа, бері кел!" деген жас баланың дауысын естіген жалғыз әйел: "Қарағым-ай, қазақсыңдар ма?" деп көзіне жас алды.
Күтпеген жерден бір қазақ әйелімен кездескен әлгі балалы отбасы да: "Қайдан жүрсіз? Өзіңіз де қазақпысыз?" деп қаумалап әкеткен-ді.
Жалғыз жүрген әйел әлгі топтың нағыз қазақтар екеніне көзі жеткеннен кейін, егіле жылай отырып, басынан өткен осынау күйінішті кезеңдерді былайша түсіндіруге кірісті:
– Қарақтарым, мен де қазақпын ғой. Мен осы жерге Ауғанстаннан келіп тұрмын. Осында келіп, неміс үкіметінен саяси баспана сұрағанымызға екі-үш ай болды. Біздің еліміз – Ауғанстанды тағы да орыстар келіп басып алған-ды. Тағы да деп тұрғаным – біз баяғыда осы орыстар басып кіргеннен кейін, 1929 жылы Қазақстаннан қашып, Ауғанстанды паналадық. Енді міне, тағы сол орыстардан қашып, осында келдік. Біз Қазақстаннан қашқан кезде мен бес-алты жастағы бала екем. Ауғанстанға келгеннен кейін алдымен әкем өліпті. Кейін шешем қайтыс болды. Сөйтіп жетім балалар көрінгеннің қолында кеттік. Мені асырап алған бір ауғанстандық жергілікті бір қолбасыға апарып, тоқалдыққа берді. Сонда жүріп жеті балалы болдым. Ерім Ауғанстанның ақсүйектерінен екен, ол да дәрежесі көтеріліп, генерал болды. Атым – Әсия, әкемнің аты – Салдарбек. Оның әкесі – Сыдық. Ағайындарымыздың айтуына қарағанда, біз Ұлы жүзде Жалайыр боламыз. Ерімнің аты – генерал Мұхаммед Ислам. Ол кісі бірнеше жыл бұрын ажалы жетіп өлді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Махмет ешкімге бейімделмейді". Қозыбаев Құлмағамбетті неге қаралады?– Ал балаларым болса, ер жетті, – деп жалғастырған-ды Ауғанстаннан қашып шыққан қазақ әйелі Әсия Салдарбекқызы, – Үлкен қызымның аты – Айша. Оның ері Ауғанстанның Үндістан астанасы Дели қаласындағы елшілігінде істейтін дипломат еді. Ол Ауғанстанға орыстар басып кіргеннен кейін қызметін тастап, Америкаға кетті. Екінші қызымның аты – Әмина. Оның ері де Нью-Йоркте Ауғанстан елшілігінде қызмет атқаратын дипломат еді. Ол да орыстардың Ауғанстанға келуімен байланысты жұмысын тастап, Америка үкіметінен саяси баспана сұрады. Үшінші қызымның аты – Рона. Оның ері Ауғанстан әскери академиясында оқытушы және қолбасы болатын. Қазір Франкфурт маңында бір жерде тұрады. Батыс Германия үкіметінен саяси баспана алды. Ол кезінде Мәскеуде және Түркияда әскери академияларда оқыған. Екі балам ер жетпестен өлген. Ал екі ұлымның бірі болса, Ауғанстан кадет мектебінің студенті болатын. Ол да, және басқа ұлым да осында. Осы Мюнхен қаласында тұрамыз. Мақсатымыз – осында аялдай тұрып, Америкадағы қыздарымның жанына жету.
Қазақтың Ұлы жүзінің Жалайыр руынан шыққан, тағдырдың айдауымен бес-алты жасында "Қазақстанды орыстар басып алды" деп Ауғанстанға қашқан жұрттың құрамында болған Әсия Салдарбекқызы мен Орта жүздің Керей руынан шығып, Қытайда коммунистік жүйе орнаған соң Үндістан арқылы Түркияға келіп орналасып, енді Батыс Германияда тұратын әлгі үй-іші құба жонда көшіп келе жатып, қауышқан екі елдей болып, нағыз туыстарша шүйіркелесіп кетті.
Кешікпей-ақ Әсия Салдарбекқызына Іnternational rescue committee (Халықаралық құтқару комитеті) арқылы АҚШ-қа қоныс аударып, сондағы қыздары мен жиендеріне қауышу мүмкіндігі берілгені белгілі болды.
Сөйтіп бес-алты жасында "Қазақстанды орыстар басып алды" деп Ауғанстанды паналаған Әсия апай енді "Ауғанстанды орыстар басып кірді" деп Батыс Еуропаға келіп, содан Атлант мұхитының ар жағына бір-ақ тартқалы отыр.
(Азаттық радиосының эфирінен шамамен 1980 жылы берілген хабардың бейімделген жазба нұсқасы. Архив құжатынан нақты қай жылы, қай күні эфирге шыққанын анықтау мүмкін болмады).
40 ЖЫЛДАН КЕЙІНГІ АУҒАН ҚАЗАҚТАРЫ
Бұл 1979 жылы басталған совет-ауған соғысында Еуропа мен Америкаға бас сауғалаған эмигрант қазақ әйелінің хикаясы болды. Әке-шешесі советтік Қазақстаннан Ауғанстанға барып, жастай жетім қалған оның тағдыры аянышты. Енді оның өзі Совет одағы Ауғанстанға әскер енгізген соң жылы орнын суытып, басқа елге бой тасалауға мәжбүр.
Содан бері геосаяси жағдай өзгерді. Бірақ Ауғанстан сол соғыстың зардабын әлі де тартып келеді. Мызғымастай көрінген Совет одағы 1988 жылы Ауғанстаннан әскерін шығарған соң көп ұзамай ыдырап тынды. Ал Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған соң шетел қазақтарын елге шақырды. Арнайы бағдарламалар қабылданды, шеттен көшіп келетіндер үшін квота да бөлінді. Сол үшін белгіленген талаптар уақыт аралығында өзгеріске ұшырап, шеттен келетін қазақ көші саябырлағанымен, керуен әзірге тоқтаған жоқ.
Қазіргі Ауғанстандағы қазақтардың жағдайы қалай? Бұл туралы биыл, 2023 жылдың 16 – 23 желтоқсаны аралығында Ауғанстан солтүстігіне сапарлап келген шығыстанушы Жомарт Жеңісұлын сөзге тарттық. Сұхбаттың қысқартылған нұсқасы Жомарттың баяндауында ұсынылып отыр.
ШЫҒЫСТАНУШЫ ЖОМАРТ ЖЕҢІСҰЛЫНЫҢ КӨРГЕНДЕРІ
Біз 16 желтоқсанда Қазақстаннан шығып, 17 желтоқсанда өзбек жері арқылы Тәжікстанға жеттік. Сол күні ауған-тәжік шекарасынан асып, Ауғанстанның солтүстік провинциялары арқылы өтіп, Балх аймағының орталығы Мазари-Шариф қаласына барып тоқтадық. Осы қаланың айналасында болдық. Уақыттың тығыздығына байланысты Ауғанстанның тек солтүстік аймақтарында ғана бола алдық.
Осы жердегі кісілердің айтуынша, елдің басқа да аймақтарында бірді-екілі қазақ отбасылары бар екен. Олардың көбі сауатсыз, жеті атасын толық білмейді. Тек руын ғана біледі. Дегенмен арғы тегін білетін қазақтарды да кездестірдік. Олардың аталары Қазақстандағы 20 ғасыр басындағы саяси науқандар кезінде сонда көшіп барған. Негізінен Кіші жүздің кете руынан, Қоңыраттың алғи, ноғай руларынан, Дулаттың оймауыт руынан 5-6 отбасын кездестірдік. Осы оймауыттар өздерін қазіргі Түркістан облысы аумағындағы Шаяннан бардық дейді. Біз сөйлескен Асан Асадолла "руым – Дулат, оның ішінде оймауыт" дейді. Айтуынша, әкесі 1929 жылы Шаяннан Мазари-Шарифке көшіп барыпты. "Әкем төрт жыл бұрын қайтыс болды. Тірі кезінде атажұртқа қайтайық деп айтатын" дейді Асан Асадолла.
Қазір салыстырып қарасам, Шаянда оймауыттар қалмапты. Бәрі Сарыағашта, Сайрамда екен. Олардың қазір Қазақстанға көшіп келуіне кедергі – қағазбастылық.
Оларды елге қайтару үшін құрамына этнограф, тарихшы және лингвистер қамтылған комиссия құрылу керек.
Антропологиялық жағынан қарағанда, олардың бәрі қазаққа ұқсайды. Тіл жағына келгенде көбі өзбек тілінің қыпшақ диалектісінде сөйлейді. Олар мал шаруашылығымен қатар егіншілікті де қатар атқарады. Елдегі қазақтар сияқты олар да мал шаруашылығының қыр-сырын біледі.
Кезінде Германияның көмегімен Қазақлы ауылында мектеп ашылған. Қазақлы деген – бөктерде орналасқан 2-3 қышлақтан тұратын ауыл. Бұл ауыл Балх провинциясының Саманган қаласынан 60 километр оңтүстікте орналасқан. Қазір өкінішке қарай қыз балалардың мектепке бару мүмкіншілігі шектелген. Сауатты адамдар аз. Дегенмен қазіргі үкіметі білім саласында елеулі істер бастап жатыр. Жергілікті қазақ әйелдері де басқа ауғанстандық әйелдер сияқты беттерін жауып жүреді. Дәл сол Мазари-Шарифте пәрәнжі киіп жүрген қазақ апаларын көрдік. Солармен сұхбат құрдық, антропологиялық ерекшеліктерін анықтадық. Ол кісілер де оймауыт екен.
Біз болған жерлерде саны жағынан ең көп, 50-60 үйден тұратын қаңлылар екен. Ауғанстандағы тағы бір қазақ руы – наймандар өз тілін толық ұмытқан. Олар қазіргі уақытта тәжікше сөйлейді. Десе де өздерін тәжіктерге қоспайды екен. Наймандар – қаңлылардан кейін саны көп ру.
Аралас неке де көп кездеседі. Жалпы алғанда ауған қазақтарынан тарихи отанына қайтып оралғысы келетіндер жеткілікті.
Бұл сапарымызды Ауғанстанның жаңа үкіметі тұсындағы Орталық Азия елдерінің тарихи-ғылыми мекемелері ұйымдастырып отырған алғашқы экспедицияларының бірі деп санасақ болады. Алдағы уақытта Ауғанстан қазақтары туралы үлкен семинар өткізсек деп отырмыз.
Мазари-Шариф қаласынан 60 километр жерде, таудың басында Әзірет Сұлтан деген ескерткіш бар екен. Бірақ жергілікті қазақтар оның кім екенінен, ескерткіштің тарихынан хабары жоқ екен. Сонымен қатар Мазари-Шариф қаласында Қожа Ахмет Ясауи көшесі бар. Оның да қай кезде солай аталғаны беймәлім.
Діни тұрғыдан да зерттеу жүргіздік. Ондағы қазақтардың барлығы Исламның сүннит ағымын, матуриди бағытын ұстанады екен. Араларында діни сауатты адамдар көп. Жергілікті биліктің салафизммен байланысына қарап қауіптенуге себеп жоқ.
Қазіргі жаңа үкімет түркітілдес халықтармен саяси одақ құрған. Жаңа үкімет үкімет құрамында да түркітілдес азаматтар бар. Балх провинциясы сауда палатасы төрағасының орынбасары – қазақ жігіт. Ол Өзбекстанмен, Қазақстанмен жақсы қарым-қатынас орнатқан. Мәселен, осы сауда палатасы арқылы Ауғанстан Қазақстаннан астық алып отыр.
Ауғанстанда қазақи жер-су атауры көптеп кездеседі. Мысалы, Балх провинциясында Дулат тауын көрдік. Алшын өзені, Алшын ауданы, Қатаған ауданын кездестірдік. Біз барған Шерхан бәндар жерін кезінде Қызылсу деп атаған екен. Өкінішке қарай, қазіргі үкімет осы түркі жер-су атауларын тәжікшеге ауыстырып жатыр. Жергілікті халық оған қарамастан бұрынғы атауымен атай береді.
"ОЛАРДЫҢ ОРНЫНДА КЕЗ КЕЛГЕН ҚАЗАҚ БОЛУЫ МҮМКІН ЕДІ"
Бүгінде Ауғанстанда жасап жатқан қазақтардың ең үлкен мәселесі – Қазақстанға оралу. Ауған қазақтарының атамекенге қайтамыз ба деген үмітпен Қазақстанның Кабулдағы елшілігіне барып, талай табалдырық тоздырғанын Азаттық бұрын да хабарлаған.
ВИДЕО: "Мен де қазақ баласымын, көмектесіңіздер!" Ауғанстан қазақтары Қазақстаннан жәрдем сұрайды
Қазақстан сыртқы істер министрлігі Ауғанстан қазақтарының этностық сипатына күманмен қарайтынын білдірген. Сыртқы саясат мекемесі бұған қатысты "тексеру" туралы айтып, жауап берген.
Ал шығыстанушы Жомарт Жеңісұлы Азаттыққа берген сұхбатын былай тұжырады:
– Жол жүріп келген соң былай деп көз алдыма елестеттім. Тағдыр деген қызық қой. Ауған қазақтарының орнында мен де болып қалуым мүмкін бе едім деп ойлаймын. Менің аталарым сол кезде кетіп қалса, қазір мен де аяғыма мәсі киіп, басыма сәлде орап Ауғанстанда жүрер ме едім, кім білсін? Олардың орнында кез келген қазақ болуы мүмкін еді... – дейді ол.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Бала-шағамызбен аш отырмыз". Атамекенге жетуді аңсаған Ауғанстан қазақтарының мұңыОсы мақаладағы тақырып туралы толығырақ "Азаттық радиосына – 70 жыл" подкасының бүгінгі эпизодында айтылады.
Аудиоподкастың барлық эпизодымен Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдауға болады.