Үкімет бюджет тапшылығын салықты өсіру арқылы жаппақ болды ма? "Ықпалы күшейіп жатқан" Пекин

Батыс басылымдары бұл аптада Тоқаев жариялаған «көлеңкелі экономикамен күрестің» салдарын неліктен шағын кәсіпкерлер тартып жатқанына үңілді. Сонымен қатар Ресей Украинадағы соғыспен жүргенде Пекин аймақтағы ықпалын күшейтіп жатқанын талдады. Одан бөлек мемлекеттің оңтүстіктің тұрғындарын солтүстікке көшіру бағдарламасы нәтиже бермегенін жазды.

KASPI АУДАРЫМДАРЫ НЫСАНАҒА АЛУ ЖӘНЕ ҮКІМЕТТІҢ "КӨЛЕҢКЕЛІ ТАБЫСПЕН КҮРЕСІ"

Eurasianet басылымы елде шағын кәсіпкерлердің Kaspi аударымдарды қабылдаудан бас тартып, қолма-қол төлемге көшкеніне назар аударды.

Бастапқыда отбасы мүшелерінің немесе достардың бір-біріне ақша аударуы үшін жасалған Kaspi bank-тің қосымшасын кейін кәсіпкерлер кеңінен қолдана бастады. 2023 жылдың аяғында салық органы көлеңкелі экономикамен белсенді күресіп, қосымша арқылы жасалатын ақша аударымдарын тексеретінін мәлімдеді. Мемлекеттік кірістер комитеті аударым бизнеске қатысы жоқ, кәсіпкер ретінде тіркелмеген үшінші тұлғаға түсетінін, сондай-ақ кәсіпкерлер чек бермей, түскен ақшаны көрсетпей, салықтан жалтаратынын хабарлаған. Салық органы үш ай қатарынан әрбір ай сайын жүзден астам адамнан ақша аударымы түскен жеке және заңды тұлғаларды тексермек.

Kaspi банкоматынан ақша алып жатқан жұрт.

Мұның нәтижесі көп күттірмеді: мобильді қосымшамен төлемді тек супермаркет, интернет дүкен мен ірі сауда желілері қабылдап жатыр. Ал шағын кәсіпкерлер жыл басынан қолма-қол төлемге көшті.

Мақала авторы Алматыда тұратын журналист Алмаз Куменов Kaspi аударымды нысанаға алудың артында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа экономикалық саясатын іске асыру ұмтылысы жатыр деп жазады.

Тоқаев үкіметке 2029 жылға қарай ішкі жалпы өнімді 450 миллиард долларға жеткізуді тапсырған. Қазір бұл көрсеткіш 260 миллиард доллар. Кей шенеуніктер экономикалық өсімге кедергі келтіретін факторлардың бірі − төмен салық деп түйді. Былтыр ұлттық экономика министрлігі қосымша құн салығын 2025 жылы 16 пайызға жеткізуді ұсынды, қазір ол 12 пайыз. Олар Қазақстандағы салық өзге елдермен, тіпті Еуразия экономика одағындағы мемлекеттермен салыстырғанда төмен деген уәж келтірген.

Журналист Нәубет Бейсенов «Америка дауысы» сайтындағы мақалада Әлихан Смайылов бастаған бұрынғы үкіметтің қосымша құн салығын арттыруға ұмтылғанын, ал Бектенов үкіметінің бұл бастаманы тоқтатқанын жазған. Бейсенов бұрынғы министрлер кабинеті қосымша құн салығын былтыр 6,2 миллиард долларға жеткен бюджет тапшылығын жабу үшін ұсынғанын жазды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Мобильді аударымдар және салық. Өкіметтің дегені іске аса ма?

Бизнес қауымдастықтың наразылығынан кейін Тоқаев қосымша құн салығын көтеруді кейінге қалдырды. Ол салықты жинау жүйесін жетілдіріп, көлеңкелі экономика үлесін төмендету керектігін айтты.

Tickmill халықаралық брокерлік компанияның қаржыгері Арман Бейсембаевтың пайымдауынша, билік пен халық арасында «үкімет шектен тыс салық жинамайды, ал мұның қарымтасы ретінде халық мемлекеттен көп нәрсе талап етпейді» деген үнсіз келісім бар. Бірақ салық жүйесін бұлайша қатаңдату билік пен халық арасындағы келісімге қайшы.

«Жемқорлық билік жүйесін жайлағанын бәрі біледі. Халық шенеуніктер қалтасына басатын салықты төлегісі келмейді», дейді Бейсембаев Eurasianet-ке берген сұхбатында.

Жемқорлықты жоймай, көбірек салық төлеуге мәжбүрлеудің арты наразылыққа ұласуы мүмкін. Оның белгілері қазірдің өзінде байқалады. Қаңтар айында шағын дүкені бар жүз шақты кәсіпкер Алматы қаласының әкімдігіне барып, бөлшек сауда салығын 4 пайыздан 2 пайызға төмендетуді сұрады. Олар ірі супермаркеттер мен онлайн сауда платформалары шағын дүкендерді тұншықтырып жатқанын жеткізді.

Экономист Меруерт Махмұтова басылымға берген сұхбатында мемлекет бюджет ақшасын тиімді және ашық жұмсауға басымдық беруі керектігін айтты.

«Өкінішке қарай, шенеуніктердің халық қалай өмір сүретінінен, кәсіпкерлер қалай жұмыс істейтінінен хабары аз. Олар үшін жақсы статистиканы көрсету маңызды. Осыдан келіп жете ойластырылмаған шешім қабылдайды», дейді Махмұтова.

"ҚЫТАЙ АЙМАҚТАҒЫ ЫҚПАЛЫН КҮШЕЙТІП ЖАТЫР"

Ресей Украинадағы соғыстан босамай, АҚШ-тың назары Таяу Шығыстағы ахуалға ауған тұста Қытай Орталық Азиядағы ықпалын күшейтіп жатыр, деп жазады Тбилисидегі Еуропа университетінің халықаралық қатынастар жөніндегі Эмиль Авдалиани Еуропа саясатын талдау орталығының (Center for European Policy Analysis) сайтында.

Былтыр Қытай мен Орталық Азия арасындағы сауда 89 миллиард долларға жетті, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 27 пайызға көп. Бұл соманың 60 миллиард доллары – Қытай экспорты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Пекиннің "қарыз тұзағы". Қытай Қазақстанның табиғи байлығын "көбірек иемдене түсті ме?"

Сарапшы Қытайдың Түркіменстаннан өзге аймақтағы елдермен саудасы өскеніне назар аударады. Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда 41 миллиард долларға жетті, 2022 жылмен салыстырғанда бұл үштен бірге көп. Душанбе мен Пекин саудасы 50 пайызға артып, 3,9 миллиард доллар болған.

Қытай мен Қазақстан елде автомобильдерді бірлесіп өндіріп жатыр. Орталық Азия Қытай көліктерін экспорттаушыға айналды, көліктің көпшілігі Ресейге жеткізіледі.

Пекин Өзбекстанның жаңартылатын энергия көздеріне инвестиция салмақ. Былтыр мамырда екі ел Қашқадария мен Бұқара облыстарында әрқайысының қуаты 500 мегават екі күн фотоэлектр станциясын салу туралы келісімге келді. «Бір белдеу – бір жол» бастамасы шеңберінде көп жыл бойы негізінен ресурстарды өндіруге инвестиция салып келген Қытай енді басқа салаларға инвестиция құя бастаған.

Хуситтердің Қызыл теңізде кемелерге шабуылынан кейін компаниялар Африканы айналып өтуге тырысып жатыр. Бұл Қытайдың Орталық Азияға назарын күшейтеді. Себебі Қытай мен Еуропаны Орталық Азия арқылы жалғайтын Орта дәліздің маңызы арта түспек.

Авдалианидің пайымдауынша, аймақта Қытай ықпалының күшеюі Мәскеудің позициясына көлеңке түсіре бастады. «Кремль Қытайдың жетістігіне наразы, бірақ ол туралы ашық айта алмайды. Қытай Украинадағы соғыста Ресейге жанама көмек көрсетіп жатыр, Мәскеу бұған басымдық береді. Батыспен текетірес жалғасып жатқан тұста дәл осы жайт Мәскеудің Пекинге қатысты саясатын белгілейді», дейді автор.

"ОҢТҮСТІКТЕН СОЛТҮСТІККЕ КӨШУ БАҒДАРЛАМАСЫ НӘТИЖЕ БЕРМЕДІ"

Eurasianet басылымы сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың оңтүстіктің тұрғындарын Ресеймен шектесетін солтүстік аймаққа көшіруге арналған мемлекеттік бағдарлама нәтиже бермегенін мойындағанын жазды.

20 ақпан күні сенатта сөйлеген Әшімбаев кейінгі жылдары солтүстік облыстарда халық саны азайғанын айтты. Есесіне халқы тығыз орналасқан оңтүстік өңірлерге көшіп барушылар көп болса, маңызды өнеркәсіп орындары орналасқан солтүстікке қоныс аударғысы келетіндер аз.

2014 жылы іске қосылған «Серпін-2050» бағдарламасы оңтүстіктің жастарын солтүстікке көшіру үшін білім беру, техникалық және ауыл шаруашылық мамандықтары бойынша тегін оқытып, жұмысқа орналастыру.

«Еңбек» бағдарламасы оңтүстіктен солтүстікке және шығысқа қоныс аударғандарды жұмыспен қамтып, пәтерақы мен коммуналдық төлемақыны өтейді. Ресми мәлімет бойынша, 2017-2021 жылдар аралығында осы бағдарлама бойынша солтүстік пен шығысқа 32 мың адам қоныс аударған. Оның жартысы − еңбекке жарамсыз, мүмкіндігі шектеулі жандар.

Әшімбаев сенатта қаралып жатқан көші-қон туралы жаңа заң солтүстікке көшуге ынталандыратын жаңа шараларды қамтитынын айтты. Үкімет «Ауыл Аманаты» бағдарламасы бойынша микронесие беру арқылы солтүстіктегі ауылдарда 12 мың жұмыс орнын құруды жоспарлап отыр.

Демографтардың болжамына қарағанда, 2050 жылға қарай солтүстік өңірдегі халықтың саны 600 мың адамға азаяды. Ал Алматы және Шымкент қалаларын есепке алмасақ, оңтүстікте халықтың саны 1,6 миллион адамға өспек.

Әшімбаевтың айтуынша, соңғы жылдары Солтүстік Қазақстан облысында халық саны 22 пайызға, Павлодар облысында 5 пайызға, Қостанай облысында 8 пайызға азайды.