Батыс басылымдары бұл аптада үкіметтегі ауыс-түйістер негізінен үстіртін сипатта болғанын тоқталып, президент Тоқаевтың Олжас Бектеновті премьер-министр етіп тағайындауының астарында не жатқанына үңілді. Сонымен қатар биліктің саяси наразылықтан қауіптенетін «паранойясы» Тоқаевтың «еститін үкімет» мантрасын әжуаға айналдырғанын жазды. Бұдан бөлек Еуроодақ аймақтағы Қытай ықпалына тұру үшін Орталық Азияға байланысты стратегия қабылдағанын талдады.
ЖАҢА ҮКІМЕТ, "АХУАЛДЫ ӨЗГЕРТПЕЙТІН ҮСТІРТ АУЫС-ТҮЙІСТЕР"
АҚШ-та шығатын Diplomat басылымы жаңа премьер-министр Олжас Бектенов небәрі төрт министр ауысқан, негізінен ескі министрлер кабинетімен жұмыс істейтінін жазды.
Осы аптада премьер-министр лауазымына тағайындалған 43 жастағы Бектенов 2022 жылдың ақпанынан 2023 жылдың сәуіріне дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы қызметін атқарған. Содан кейін президент әкімшілігі жетекшісі қызметіне ауысты.
Жаңа үкіметте небәрі төрт-ақ министр ауысты: Мәди Тәкиев қаржы министрі, Ақмарал Әлназарова денсаулық сақтау министрі, Шыңғыс Арынов төтенше жағдайлар министрі, Нұрлан Байбазаров ұлттық экономика министрі болып тағайындалды.
Мақала авторы Алматыда тұратын журналист Паоло Сорбелло экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев тұсында министрлер қызметтен түсерден бұрын ұрыс естіп, сынға қалатынын еске салады. Назарбаев осылайша қандай да бір кемшілік үшін министрлер кінәлі, ал өзі ахуалды бақылауда ұстап тұрғанын көрсеткісі келетін. Тоқаев ауыс-түйісті бұл жолы еш эмоциясыз, едел-жедел өткізе салды.
Саясаттанушы Ғазиз Әбішев Бектеновтің тағайындалуын заңсыз шығарылған активтерді шешімді түрде қайтару және жемқорлықтан тазалау науқанымен байланыстырды.
«Экс-президент Назарбаевтың туыстары мен оның төңірегіндегі жоғары лауазымды шенділердің ұсталып, оларға үкім шыққанын ескерсек, сол бағыттағы «тазалау» ары қарай жалғасатыны анық», дейді Сорбелло.
Ал Eurasianet басылымы Тоқаев премьер-министр ретінде саяси сахнада салыстырмалы түрде аса танымал емес тұлғаны тағайындағанын жазды.
Мақала авторы Алмаз Куменов Бектенов бұған дейін үкіметте, былтыр сәуірден бері президент әкімшілігінде қызмет етсе де, негізінен жемқорлыққа қарсы агенттіктің төрағасы қызметінде танылғанын келтіреді.
Бектенов осы агенттікті басқарған тұста экс-президент Назарбаевтың туыстарының бизнесіне қатысты тергеу басталған. Қанды Қаңтар оқиғасынан кейін утилизация алымын жинайтын, Назарбаевтың кіші қызы Әлия Назарбаевамен байланысты «Оператор РОП» компаниясы нысанаға алынды. Тоқаев утилизация алымын жеке компания емес, мемлекеттік орган жинауы керек деп мәлімдеп, «Оператор РОП» компаниясын жабуды тапсырды.
Жемқорлыққа қарсы агенттік Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыны 2022 жылдың наурызында ұстап, үстінен «алаяқтық» және «сеніп тапсырылған мүлікті иемдену және ұрлау» баптары бойынша іс қозғады. 2022 жылдың қыркүйегінде сот оны алты жыл жазаға кесті.
Автор үкіметтегі ауыс-түйіс негізінен үстіртін сипатта болғанын, үкіметтің көптеген мүшесі өз орнында қалғанын жазды. Сарапшылар ауыс-түйісті айтарлықтай өзгеріс деуге болмайды деп топшылайды.
Саясаттанушы Димаш Әлжанов үкіметтің басындағы адам маңызды шешім қабылдап, өз бетінше реформаны іске асыра алмайды, президентке есепті болып қала береді дейді.
«Билік халықтың шынайы қажеттілігіне жеткілікті көңіл бөлмейді, режим өзімен-өзі, яғни қоғамның мүддесі мен проблемасынан оқшау өмір сүріп жатыр», дейді Әлжанов.
"ШЕНЕУНІКТЕРДІҢ ПАРАНОЙЯСЫ" ЖӘНЕ ТОҚАЕВТЫҢ "ЕСТИТІН ҮКІМЕТ" МАНТРАСЫ
Eurasianet басылымы Тоқаевтың «еститін үкімет» жайлы уәдесіне қарамастан, елде митинг пен шеруге рұқсат алу әлі де қиын, ал билікті сынайтын белсенділер қамалуы мүмкін екенін жазды.
2019 жылдың шілдесінде Тоқаев үкімет азаматтардың сыны мен ұсыныстарына жедел жауап береді деп мәлімдеген. Алайда көптеген белсенді үшін бұл тек уәде күйінде қалды.
Былтыр қарашада Астанадағы мейрамханалардың бірінде бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенова ауыр соққыдан қаза болған. Бишімбаев күдікті ретінде ұсталды. Осы оқиғадан кейін әйелдер құқығын қорғайтын белсенділер Алматы мен Астанада митинг өткізбек болды. Митинг өткізу үшін жергілікті билікке хабар беріліп, рұқсат алынуға тиіс. Әкімдіктер митинг өтетін орында ол күні басқа іс-шара жоспарланған деген себеппен өтінішті кері қайтарды.
Feminita құқық қорғау тобының негізін қалаушылардың бірі Жанар Секербаева бұл уәжді биліктің сылтауы деп есептейді. Оның айтуынша, бұл – белсенділер митинг өткізбек орында дәл сол күні мәдени іс-шара немесе жөндеу жұмыстары кенет жоспарланған жалғыз жағдай емес.
Белсенділердің сөзінше, әкімдік әдетте үкіметке қолдау білдіретін ұйымдардың іс-шарасына қала орталығынан орын береді. Секербаеваның ойынша, бұлайша таңдап әрекет ету биліктің тәуеліз топтар қоғамда тым қатты ықпалға ие болады деп қауіптетінін көрсетеді.
Мақала авторы Алмаз Куменов кей диссиденттер бұдан да күрделі мәселеге тап болғанын келтіреді. Олардың бірі – әйгілі марафоншы, «Алға, Қазақстан!» тіркелмеген партиясының жетекшісі Марат Жыланбаев. Ол елде экстремистік деп танылған Мұхтар Әблязовтің «“Қазақстан демократиялық таңдауы” ұйымынан тапсырма алып, оның қызметін қаржыландырған» деген айыппен жеті жылға сотталды.
45 жастағы журналист, Youtube платформасындағы «Не дейді?» бағдарламасының авторы Думан Мұхаммедкәрімге де экстремизмге байланысты айып тағылды, ол былтыр маусымнан бері қамауда отыр. Жақында оның соты өтуге тиіс. Мұхамедкәрімге мұндай айыптың тағылуына Әблязовтен алған сұхбаты түрткі болған.
Автор Тоқаев Қанды Қаңтар оқиғасынан кейін саяси жүйені либерализациялауға уәде беріп, «Жаңа Қазақстан» мантрасын алға тартқанын еске салады. Саяси партияларды тіркеу процедурасы жеңілдегенімен, іс жүзінде билікке жақын партиялар ғана тіркеле алды. Парламент мәжілісінің сайлауына бірмандатты округтерден саяси партиялардың кандидаттарымен қатар тәуелсіз кандидаттар қатысқанымен, автор шын мәнінде тәуелсіз үміткерлердің бірде-бірі жеңіске жете алмады дейді.
Құқық қорғаушы, Қазақстандағы адам құқықтары бюросының жетекшісі Евгений Жовтис шенеуніктердің паранойясына саяси наразылықты арам пиғылды топтар пайдаланып кетуі мүмкін деп қауіптенуі себеп деп есептейді.
«Қаңтар оқиғасы кезінде наразылық пен митингілердің ушығуы неге апаратынын көрдік. Билік Назарбаевтың айналасындағы адамдар наразылық потенциалын есе қайтару үшін пайдаланып кетуі ықтимал деп қауіптенеді, соның алдын алуға тырысып жатыр», дейді Жовтис.
Жовтистің пайымдауынша, Қазақстан Ресейге қарсы санкцияларды сақтап, Украинаға басып кіруді қолдамай, өзін «дұрыс» ұстап отырған уақытта халықаралық қауымдастық адам құқықтары мәселесіне көз жұма қарайды.
«Бірақ диссиденттерге қысымды күшейту қоғамдағы наразылық көңіл күйді күшейтіп жіберуі мүмкін», дейді ол.
ЕУРООДАҚ ҚЫТАЙДЫҢ АЙМАҚТАҒЫ ЫҚПАЛЫНА ҚАРСЫ ТҰРУҒА ҰМТЫЛЫП ЖАТЫР МА?
АҚШ-та орналасқан Еуропаның саясатын талдау орталығы (Center for European Policy Analysis) Еуроодақ аймақтағы Қытай ықпалына қарсы тұру үшін «Ғаламдық шлюз» бағдарламасын ілгерілетіп жатқанын талдады.
Мақала авторы Оңтүстік Кореядағы Хангук шет тілдер университетінің Еуроодақты зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Мехмет Фатих Озтарсу Еуроодақ жаңа стратегия арқылы аймақтағы Қытайдың ықпалын әлсіретуге тырысып жатқанын жазды.
Қытай 2013 жылдан бері «Бір белдеу – бір жол» бастамасы арқылы аймаққа қомақты инвестиция салып, өз позициясын бекіте түсті. Былтыр мамырда Сиан қаласында Қытай мен Орталық Азия басшыларының саммитінде Пекин аймақта іске асатын ұзақ мерзімді жобаларын жариялап, құны 4 миллиард доллар келісімшарттарға қол қойылды.
Еуроодақ бұған жауап ретінде «Ғаламдық шлюз» стратегиясы аясында 2027 жылға қарай ғаламдық инфрақұрылымдық, цифрлы және климатпен байланысты жобаларға 300 миллиард еуро құймақ. Стратегияда Орталық Азияға басымдық беріледі.
Қаңтар айының аяғында Еуроодақ Қытай мен Еуропаны Орталық Азия арқылы жалғайтын Транскаспий дәлізіне 10 миллиард доллар инвестиция құятынын жария етті.
Мақала авторы Еуроодақ Орталық Азиядағы стратегиясына сенімді болғанымен, оны іске асыруға біршама кедергі бар дейді. Қытайдың аймаққа жақындығы және экономикалық әлеуеті Пекинді үстем ойыншы ететіні сөзсіз. Еуроодақтың аймақта жобалары іске асқан күннің өзінде Пекинмен аймақта бәсекелесуі қиын.
Автор жаңа стратегия екі тарапқа да тиімді нәтиже береді дейді. Бұл – серктес елдердің мойнына қарыз қамытын байламайтын және олардың сұранысын өтейтін ашық инвестициялар.
ПІКІРЛЕР