Алматы әкімдігі белсенділерді 8 наурызда Қазақстан әйелдерінің қауіпсіздігі тақырыбында шеруге шығуға рұқсат етпеді. Былтырдан бастап хат жазса да, олардың дегені орындалмады. Бұл белсенді қыз-келіншектердің наразылығын тудырды. Олар әкімдіктен шешімді өзгертуді талап етіп, бірінен соң бірі пикетке де шықты. Бірақ бұдан да нәтиже болмады. Неге?
Азаматтық белсенді Гүлбақыт Өтебай – әкімдіктің марш өткізуге рұқсат етуін талап етіп, пикетке шыққандардың бірі.
— Қазақстанда өмір сүру қауіпті. Әсіресе, әйелдерге. Салтанат Нүкенованың оқиғасы – көрсеткіш (Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың әйелі былтыр жыл соңында қаза тапты. Оның өліміне байланысты күйеуі қамауға алынды — ред.) Қанша жерден бай болсаң да, қанша жерден жолдасың жақсы отбасынан шықса да, бәрібір де сондай [қауіпті] жағдайда қалуың мүмкін. Бір жерге барсаң қасыңда міндетті түрде құрбың болуы керек. Кешкісін кешіксең анаң уайымдайды. Бұл қалай норма болады? Ұл балаға "кешкі 8-ге дейін үйге кел" деп айтпайды ғой, мысалы, — дейді Гүлбақыт.
— Сен әйел болғандықтан "Сен қызсың ғой", "саған олай шығуға болмайды", "былай істемеуің керек", "былай киінбеуің керек", "былай сөйлемеуің керек", "жұрт не дейді" деген сияқты нәрселер айтылады, — дейді Гүлбақыт. Ол 8 наурызға жоспарланған маршта осының барлығын айтып, үнін жеткізгісі келген.
Ол жақында Алматыдағы саябақта қолына "Қазақстанда өмір сүру қауіпті, соны мойындап, жүйені өзгертейік" деген жазу жазылған плакат ұстап пикетке шықты. Өткен-кеткендер арасында оны қолдап, рух бергендер де болды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Әйелге қарсы жасалған атышулы қылмыстардан кейінгі петиция мен флешмобтар. Жағдай өзгере ме?МАРШТЫ ТАЛАП ЕТКЕН БІР КІСІЛІК ПИКЕТТЕР
Ақпан-наурызда Гүлбақыт сияқты шеру өткізуді талап етіп пикетке шыққандар көп. Олардың арасында ерлер де бар. Және мұндай пикеттер тек Алматы емес, басқа қалаларда да болды. Олар Алматы әкімдігінің әйелдер шеруіне рұқсат етпегеніне наразы болды. Бір қызығы, тіпті бір адам тұрған пикеттің өзіне белгісіз азаматтар кедергі келтіруге тырысты.
Мәселен 3 ақпанда "ҚазФем" қозғалысының белсендісі Вероника Фонова Алматыда "Мен мемлекетпен зорлық-зомбылық, жемқорлық, әйел құқықтары туралы сөйлескім келеді" деген жазу жазылған плакат алып шықты. Ол бірнеше күннен соң тағы пикет өткізіп, маршқа рұқсат беруді талап етті.
— Әйелдерге қатысты станкинг, харрасмент сияқты проблема өте көп. Соңғысы тіпті тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң жобасының кешегі талқылсында елеусіз қалып, бұл мәселеге көңіл де бөлінбеді. Оны қойып, мәжіліс депутатынің өзі "әйелдерді тілі ұзын болғандықтан ұрады" деді. Әйелдерді ұрып-соғады, отбасындағы жанжалда әйел мен бала өліп те жатады, ал мемлекет болса сол туралы бізбен сөйлесіп, диалог орнатудан қашады, — деді Фонова.
Мемлекетті диалогқа шақырып тұрғанда белгісіз ер адам Фонованың плакатын тартып алмақ болып, пикетке кедергі жасағысы келген.
Мұның алдында мәжіліс депутаты Анас Баққожаев әйел құқықтары мен бала қауіпсіздігі жөніндегі заң жобасын талқылау кезінде отбасындағы кикілжің кейде "әйелдердің ұзын тілінен" туатынын айтқан.
4 ақпанда қостанайлық Әнел Әлиғазина тұрмыстағы зорлық-зомбылық, әйелдерді кемсіту тақырыбында бір адамдық пикет өткізді. Ол бұл акцияның өзіне 9 айдан бері әзер рұқсат алғанын айтады. Оған да әлдебір бейтаныс адам келіп, кедергі жасамақ болды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Ұят әрі қорқынышты болса да айтуға тиіспіз". Әйелдер зорлық-зомбылықты ашық айыптай бастадыБелсенділердің айтуынша, мұндай арандатулар әйел құқығын қорғауды талап еткендердің саяси наразылығының қадірін кетіру, олардың шынымен қоғамға іріткі салатын топ ретінде көрсету мақсатында жасалады.
"ҚОҒАМДЫҚ ТӘРТІПКЕ ҚАУІП"
Билік органдарының марш өткізуге қарсылық білдірген ресми уәжі – "бұл тақырыппен марш өткізу қоғамдық тәртіпке қауіп төндіреді".
Алматы әкімдігі белсенділердің былтыр жаздан бері марш өткізуді сұрап жазған үш хатын кері қайтарған. Феминистер тіпті әкімдік шешіміне қарсылық білдіріп, сотқа да берген. Ол да нәтижесіз.
— Бізге берген жауаптардың барлығы — сырғытпа жауап. Былтыр көктемдегі өтінішімізге, "тәжірибе көрсеткендей бұл тақырыптағы жиындар қоғамдық тәртіпке қауіп төндіреді" деген жауап келді. Біз мұны сотта дауладық, бірақ екі инстанция да тура осы мазмұнда жауап беріп, рұқсат етпеудің заңды екенін айтты. "Қазақстандағы әйелдердің қауіпсіздігі" деген тақырыптағы бейбіт митинг я шеруден қандай қауіп барын не әкімдік, не сот та түсінідіріп берген жоқ, — деді құқық қорғаушы Любовь Воронцова.
Әйел құқықтары мәселесін 8 наурызда қайта көтеруге бұл жолы үлкен негіз бар. Бұған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенованың қазасы себеп. Тергеу жас келіншек күйеуінің қолынан қаза тапты деп, Бишімбаевқа бірнеше баппен айып тақты. Ал экс-министр айыпты жоққа шығарады. Салтанаттың қазасынан соң жүздеген әйел желіде басынан өткен оқиғаларын, күйеуінен, бірге тұратын адамнан қалай таяқ жегенін ашық айта бастады. Қазақстанда тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы петиция жарияланып, оған 120 мыңнан аса адам қол қойып, арнайы заң қабылдауды, әйелге зәбір көрсететіндерге жазаны күшейтуді талап етті. 8 наурызда марш өткізгісі келген топ та осы тақырыпты көтеріп, қоғам назарын аудартқысы келген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Экс-министрдің өз жұбайын өлтірді деген күдікпен ұсталғаны әйелдердің жағдайын өзгерте ала ма?БҰҰ-ның дерегінше, Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жылына 400 адам көз жұмады. Бұл дегеніңіз, күніне бір әйел өліп, тағы бір әйел өлім аузында жатады деген сөз. Сарапшылардың айтуынша, орта есеппен күніне мың әйел зәбір көреді және олар ресми статистикаға енбей қалады.
"САЯСИ КҮШКЕ АЙНАЛУ ҚАУПІ"
Белсенділердің айтуынша, билік әйелдер маршынан саяси қауіп көреді.
— Бұлар біздің саяси күшке айналып кетуімізден қорқады, әйелдер бойына күш жинап, саяси билікке таласады деп үрейленеді, — дейді "Феминита" ұйымының өкілі Гүлзада Сержан. Оның айтуынша, "патриархатқа қызмет етіп жүрген" қала басшылығында "мыналарға дес беріп қойсаң, бұлар ертеңгі күні қасыма отырып алып, менімен бірге қосылып, осы қаланы билеуге қатысады" деген үрей бар.
— Үдей келе, әрине, әйелдердің қозғалысы әйелдердің саясатқа дендеп кіруіне жол ашады. Оны түсінігі бар адам қуанып қабылдауы керек. Билікте жүрген көзі ашық, көкірегі ояу адам өзіне ұқсамайтын басқа адамдардың мемлекетті қосылып басқаруға талпынып жатқанына қуануы керек, — дейді Гүлзада Сержан.
Қазақстанда рұқсат етілген әйелдер маршы бір-ақ рет, 2021 жылы өтті. Мыңға жуық адам қатысқан бұл шарада әйелдер құқығы мен теңдік, харассмент пен кемсітудің барын, оны жою туралы сөз болды. Бұдан кейін әкімдік мұндай шараға рұқсат бермей келеді.
Әйелдер маршын ұйымдастырушылардың бірі, заңгер Айгерім Құсайынқызының ойынша, марш болсын деп жүрген белсенділер шын мәнінде үлкен нәрсені емес, Маслоудың қажеттіліктер пирамидасындағы ең негізгі нәрселердің бірі – қауіпсіздік үшін күресіп жүр.
— Қауіпсіздік болған кезде ғана біз кәсібімізді, үнемі телеарналардан айтылатын әйел бақытын ойлай аламыз. Бізде қауіпсіздік болмаса, әйел бақыты болмайды. Қазақстанда қай әйел түнгі 11-ден кейін өзін қауіпсіз сезінеді? Ондай әйел өте аз деп ойлаймын. Кіші болсын, үлкен болсын, біздің мәселеміз ортақ. Біз әртүрліміз, шығу тегіміз әртүрлі, түрлі тілде сөйлейміз, біздің құндылықтарымыз да әркелкі. Біздің бірақ біріктіретін бір мәселе – қазақ әйелінің қауіпсіздігі, — дейді Айгерім Құсайынқызы.
Оның айтуынша, билік қоғамда "әйелдің орны – үйде" деген ұғымды бекітіп, әйелдерді саясаттан алшақ ұстағысы келеді.
— Қазір барлық жерде "қыздарымыздың мақсаты — білімде, ғылымда жетістікке жету емес, ана болу" деген пікір айтылып жатыр. БАҚ -та "әйел саясатта не істейді, әйел бақыты —отбасы, ошақ қасы, асханада бол, балаң бақытты болса, күйеуің табысты болса болды емес пе, саған басқа не керек?" деген пікір ашық айтылады.Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрессең, сен дәстүрге қарсысың, сен нағыз әйел емессің, сен нағыз қазақ әйелі емессің. Саясаттағы әйелдердің үлесі азайған кезде бізде барлық салада деградация болады, — дейді Айгерім Құсайынқызы.