Батыс басылымдары бұл аптада Ресейде терактіден соң Орталық Азия азаматтарына шабуыл жиілегенін, бұл аймақта "Ресей шын мәнінде қандай дос?" деген сұрақ тудырғанын жазды. Сонымен қатар су тасқыны кезінде әлеуметтік желіде сын айтқандарға айыппұл салынғанын, бұл – биліктің ақпарат алаңын бақылауда ұстауға талпынып жатқанын талдады. Бұдан бөлек өткен аптада Орталық Азияға сапарлау үшін қымбат ұшақ жалдаған Ұлыбритания сыртқы істер министрі Дэвид Кэмерон сынға қалғанына тоқталды.
РЕСЕЙДЕГІ ТЕРАКТ: ОРТАЛЫҚ АЗИЯ БАСШЫЛАРЫ СӘУІРДЕ НЕ ҮШІН КЕЗДЕСТІ?
22 наурыз күні Мәскеуде "Крокус Сити Холдағы" террористік шабуылдан кейін Ресейде Орталық Азия тұрғындарына қарсы өршіген ксенофобия аймақта Ресей шын мәнінде қандай дос деген алаңдаушылық тудырды, дейді Орталық Азияны зерттеуші, журналист Брюс Панниер аймақ туралы жазатын Times of Central Asia басылымындағы мақалада.
Терактіден кейін Ресейде Орталық Азиядан келгендерге қарсы шабуыл жиілеген соң, сәуір айында Орталық Азия басшыларының кездесулері өтті.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 4-5 сәуір күндері Хиуада Өзбекстан президенті Шавхат Мирзияевпен кездесті. Тура сол уақытта Түркіменстан Халық мәслихатының төрағасы, экс-президент Гурбангулы Бердімұхамедов Тәжікстанға барып, сол елдің басшысы Эмомали Рахмонмен кездесті. Қызғызстан президенті Садыр Жапаров 18-19 сәуір күндері Қазақстанға келді, ал бұл күндері Өзбекстан президенті Мирзяев Рахмонмен келіссөз жүргізу үшін Тәжікстанға барды.
Бұл кездесулерде екіжақты келісімдерге қол қойылып, бауырлас елдердің қарым-қатынасы сөз болды. Бірақ Ресейдегі ахуалдың талқыланған-талқыланбағаны ресми мәліметте айтылмады.
140-тан астам қаза тапқан терактіні тәжіктер жасағаны хабарланды, олардың кейбірі Ресей азаматтығын алса, енді біреулері еңбек мигранттары болып жүрген. Ресейде Өзбекстан, Қырғызстан мен Тәжікстаннан келген кемінде төрт миллионға жуық еңбек мигранты жұмыс істейді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресейде терактіден кейін аз ұлттарға қарсы ксенофобия күшейдіБасылым терактіден кейін Орталық Азиядан келушілерге қысым күшейгеніне назар аударды. Оларды әуежайда құжаттарды қосымша тексеру үшін ұзақ уақыт, кейде тіпті 24 сағат бойы ұстады. Полиция Орталық Азияның еңбек мигранттары тұрып жатқан жатақханаларға рейд жүргізді.
"Ресей Орталық Азияны отарлаушы ел болды, аймақтың басшылары бұл тарихты жақсы біледі. Совет Одағы ыдыраған соң, Орталық Азия мен Ресей басшылары кездескен сайын тарихи достық қарым-қатынас пен серіктестік туралы сөз қозғайды" дейді журналист. Дегенмен, автордың пайымдауынша, Орталық Азия тұрғындарын бұған иландыру қиын.
Ресейдің кей әсіреұлтшылдары мен саясаткерлері "тарихи жерді қайтару" туралы даулы мәлімдеме жасап, көп ретте Қазақстанның аумақтық тұтастығына қол сұғатын талап қояды.
Панниердің жазуынша, 2022 жылдың ақпанынан бері Ресей мен Орталық Азияның жоғары лауазымды тұлғалары мұндай мәлімдемелер жеке адамның пікірі және Ресейдің ұстанымын білдірмейді деп жүрді.
Былтыр желтоқсанда Ресей жазушысы және саясаткері Захар Прилепин Өзбекстан мен Совет одағында болған өзге елдерді Ресейге қосып алуға шақырып, бұл Ресейде орыс тілін білмейтін өзбек еңбек мигранттарының мәселесін шешеді деп қайырған. Ал Ресей тарихшысы Михаил Смолин НТВ арнасында революцияға дейін өзбектер, қазақтар және әзербайжандар болмағанын мәлімдеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Көп жерімізден айырылдық". Путин "Ресейдің сыйлығы" жайлы тағы айттыОсы оқиғадан кейін Өзбекстан парламентінің төменгі палатасы спикерінің орынбасары Әлішер Қадыров мұндай мәлімдемелер Ресей үкіметінің ұстанымын білдірмесе, билік оны неге шектемейді деген мәселе көтерді. "Ресей бұл риторикаға мүдделі сыңайлы" деді Қадыров.
Панниер "Крокус Сити Холдағы" терактіге дейін Орталық Азия азаматтарына қарсы шабуылдарды белгілі бір топ жасаса, терактіден соң қатардағы ресейліктердің шабуылы жиіледі дейді.
"Ресей шенеуніктері өз халқын бұл шабуылдарды тоқтатуға үндеуге мүдделі емес сияқты, Ресей полициясы шабуыл жасағандарды ұстауға келгенде белсенділік танытпады" дейді автор.
Панниер Орталық Азия басшылары бір-бірімен кездескенде осы мәселені жария емес түрде талқылаған деп топшылайды. "Олар өз халқына Ресей – одақтас, серіктес және дос екенін жария түрде айтуы керек. Бірақ басты мәселе, бұған өзгелер, тіпті Орталық Азия жетекшілерінің өздері сене ме?" деп қорытады Панниер.
ТАСҚЫНДА СЫН АЙТҚАНДАРҒА САЛЫНҒАН АЙЫППҰЛ
АҚШ-та шығатын Diplomat басылымы су тасқыны кезінде сын айтқандарға әкімшілік айыппұл салынғанын жазды.
Кейінгі айда Қазақстанның солтүстік және батыс өңірлері алапат су тасқынына тап болды. 23 сәуірдегі мәлімет бойынша, 120 мың адам қауіпсіз жерге көшірілді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 16 сәуірде Петропавлға барғанда су тасқынын республикалық ауқымдағы апат деп бағалап, оның салдарынан болған барлық шығын өтеледі деп уәде етті.
Дегенмен мақала авторы Кэтрин Путцтың жазуынша, зардап шеккен өңірлердің билігі сын естігісі келмейді.
30 сәуір күні журналист Рауль Упоровқа Орал қаласының әкімшілік соты "ұсақ бұзақылық" бабы бойынша 73 840 теңге көлемінде айыппұл салды. Упоров әлеуметтік желіде жариялаған полиция майоры Байарыстанов қол қойған рапортта "журналистердің су басқан жерден ақпарат таратуына тыйым салынғаны туралы видео түсіріп, пікір айтқанда балағат сөз араластырғаны" жазылған.
20 сәуір күні Батыс Қазақстан облысының төтенше жағдайлар департаменті БАҚ өкілдері су басқан жерге баруға және ол жақтан хабар таратуға тыйым салынатынын хабарлаған. Мұны "журналистердің өмірі мен қауіпсіздігі үшін қажет шара" деп түсіндірді.
Су тасқыны мен оның салдары туралы хабар таратып жүрген Упоров Instagram-стористе бұл шешімді сынаған.
Ал Қызылорда қаласындағы белсенді Гүлназ Серікбаеваға келген полиция оған Facebook әлеуметтік желісі арқылы жалған ақпарат таратты деген айып тақты. Серікбаеваның өзі Facebook желісіндегі жазбаны телеарна мен БАҚ-тың "су тасқынында өтеу үшін оның өлексесін көрсету керек" деген ақпаратына сүйеніп жариялағанын айтады. Серікбаева өз постында бұл хабарды мысқылдап: "Өлексені таба алмасаңдар, Бишімбаевтың көріпкеліне хабарласыңдар" деп қайырған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тасқында сын айтқандар жазаланды. Биліктің халықпен коммуникациясы қандай?Diplomat басылымы су тасқынына байланысты төтенше жағдай басталғалы бері ішкі істер министрлігі 13 әкімшілік және жалған ақпарат таратқаны үшін екі қылмыстық іс қозғады деген статистиканы келтіреді.
Автор Кэтрин Путц топан судың беті қайтып, қалпына келтіру жұмыстары басталған шақта билік сынды қабылдамай алмай, ақпаратты бақылағысы келетінін көрсетті дейді.
ОРТАЛЫҚ АЗИЯҒА САПАРЛАУ ҮШІН ҚЫМБАТ ҰШАҚ ЖАЛДАҒАН КЭМЕРОН СЫНҒА ҚАЛДЫ
Британдық Guardian газеті Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Дэвид Кэмерон жақында Орталық Азия мен Моңғолияға сапарлау үшін құны 42 миллион фунт стерлинг ұшақ жалдап, өз елінде басы дауға қалғанын жазды.
Басылымның жазуынша, Дэвид Кэмерон өткен аптада Орталық Азиядағы бес ел мен Моңғолияға келіп кету үшін Embraer Lineage 1000 қымбат ұшағын мінген. Ұшақты басқаратын Union Aviation чартер компаниясы өткен аптада өз сайтында ұшақ бортында "ең талапшыл жолаушылардың талғамынан шығатын" меню ұсынатынын, ал сомелье шарап таңдауға көмектесетінін жазды.
Ұшақ бортында асхана үстелі, ұзын дивандар тұрған демалыс орны бар. Лейборист партиясының мүшесі Эмили Торнберри X әлеуметтік желісінде: "Кэмеронға бір аптаның ішінде бірнеше елге бару үшін ұшақ керек болғанын түсінемін, бірақ салық төлеушілер есебінен нарықтағы ең қымбат ұшақты жүздеген мың фунтқа жалдау мұны ақтамайды", деп жазды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Кэмерон аймаққа не үшін келіп кетті? Орталық Азия еркін сауда аймағын құра ала ма?Кэмерон аймаққа келердің алдында Ұлыбритания үкіметі "сыртқы істер министрі бұл сапарда британ бизнесінің мүддесін ілгерілетуге және аймақ мемлекеттерінің егемендігін қолдауға 50 миллион фунт стерлинг қаржы бөлінетінін хабарлайды" деген.
X әлеуметтік желісінде аймаққа 50 миллион фунт қаржы құйылатынын жариялау үшін құны 42 миллион фунт ұшақ мінген Кэмеронды сынаушылар көп.
Ұлыбритания сыртқы істер министрлігінің өкілі Кэмеронның қымбат ұшақ мінгенін былайша түсіндірді: "Сыртқы істер министрі Ұлыбританияның мүддесін ілгерілету үшін шетелге сапарға шығуы керек. Бұл [ұшақ жалдау] мұны іске асырудың ең тиімді жолы болды. Сапар туралы шешім қабылдағанда сапаға баға қаншалықты сәйкес келетіні есепке алынады, сапар құны ашықтық үшін жарияланып отырады".