Қазақ боксшы үшін "ең нашар олимпиада". Бибосыновтың жеңілісі Қазақстанға ауыр тиді

Төрешілер өзбек боксшысы Хасанбой Дусматов (көк формада) пен қазақ боксшысы Сәкен Бибосыновтың (қызыл формада) жекпе-жегінің нәтижесін жариялаған сәт. Париж, 2 тамыз 2024 жыл.

Олимпиадада 51 келіде бокстасқан қазақ боксшысы Сәкен Бибосынов басты қарсыласы өзбекстандық Хасанбой Дусматовқа жеңілгені Париждегі Қазақстан делегациясына ауыр соққы болды. Парижде жеті боксшының алтауы жартылай финалға шыға алмай қалған соң ерлер құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов "бұл біз үшін нашар олимпиада" деп мәлімдеді.

"ҚИЫН ӘРІ ФИНАЛДАЙ БОЛҒАН ЖЕКПЕ-ЖЕК"

Жекпе-жекте бес төрешінің үшеуі Дусматов, екеуі Бибосынов жеңді деп шешті. Рингтен ентіге түскен Бибосынов "қолдан келгеннің бәрін жасадым" деп өкінішін білдірді.

- Қарсыласымды жеңісіммен құттықтаймын. Басты қарсыласым еді. Олимпиадаға келіп, ел намысын қорғағаныма шүкір. Бірақ ел намысын абыроймен қорғай алмадым деп ойлаймын. Токио олимпиадасында қола медаль алған соң Парижге алтын медаль алам деп келген едім. Қателіктер болды, қателікпен жұмыс жасаймыз, - деді.

Ал Дусматов жартылай финалға шыққаннын залда жиналған өзбек жанкүйерлерімен бірге тойлап, кейін "қиын әрі финалдай болған кездесуді ұтып алдым, енді алтын алуға әрекет қыламыз" деп қысқа қайырды.

Хасанбой Дусматов (көк формада) пен Сәкен Бибосыновтың (қызыл формада) жекпе-жегі. Париж, 2 тамыз 2024 жыл.

Дусматов пен Бибосынов осыған дейін бірнеше рет бокстасып, барлығында өзбек боксшысы жеңіске жеткен еді. Қазақ жанкүйерлерінің көбі Парижде Бибосынов Дусматовқа қарымта қайтарады деп күткен.

Париждегі Қазақстан делегациясының басым бөлігі Бибосыновтың жеңілісін ауыр қабылдап, бұл "Париж олимпиадасындағы ең қиын күн" деп бағалады.

Бокстан Қазақстан ерлер құрамасы Париж олимпиадасында жеті салмақта жеті боксшы әкеліп, тек біреуі ғана жартылай финалға шықты. 2 тамызда 80 келіде Нұрбек Оралбай әзербайжандық Мурад Аллахбердиевтен басым түсті.

Осыған дейін Асланбек Шымбергенов (71 кг), Қамшыбек Қоңқабаев (+92 кг), Махмұд Сабырхан (57 кг), Айбек Оралбай (92 кг), Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63,5 кг) жеңіліп қалған еді. Сарапшылар тарапынан боксшылардың дайындығына сын айтылған. Ал 1 тамызда Айбек Оралбай мен Базарбайұлы жеңілген соң Қазақстан ұлттық олимпиада комитеті төрешілер шешіміне шағым түсірген. Бірақ олимпиадада бокста төрешілер шығарған нәтиже өзгермейді.

Бибосынов жеңілген соң Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов олимпиада жайлы сөзін "Париж ойындары біз үшін сәтті өткен жоқ" деп бастады.

- Біреуді кінәламаймыз, барлығын халық көріп отырған шығар. Жігіттер барын жасады. Енді ринг осындай болып тұр. Париж бізге құтты болған жоқ. Қателік әрбір адамда болады. Чемпион болғанда да болады. Жігіттер барын салып бокстасып жатыр. Кімнің қолын көтерді сол жеңді. Олимпиада біз үшін нашардың нашары болды. Токиода екі қола алдық, бұл жолы екі қола да болмай қалды. Енді шешімді басшылар қабылдайды, біз өз жұмысымызды атқардық, боксшыларды дайындап әкелдік. Боксшылар барын салды, жеңіс берді-бермеді, оны біз шешпейміз ғой, - деді ол.

Хасанбой Дусматов (көк формада) пен Сәкен Бибосыновтың (қызыл формада) жекпе-жегі. Париж, 2 тамыз 2024 жыл.

Қазақстан тәуелсіз ел ретінде қатысқан олимпиада ойындарына негізінен боксшыларға көп үміт артады. Токио-2020 олимпиадасына дейін Қазақстан боксшылары олимпиададан алтынсыз қайтпайтын. 1996 жылғы Атланта олимпиадасында бір, 2000 жылғы Сидней олимпиадасында екі, 2004 жылғы Афины, 2008 жылғы Пекин, 2012 жылғы Лондон, 2016 жылғы Рио олимпиадасында бір-бір алтын жеңген. Ал Токио ойындарында Сәкен Бибосынов пен Қамшыбек Қоңқабаев қола медаль ғана иеленген еді.

Енді 4 тамызда Парижде Нұрбек Оралбай жартылай финалда Хавьер Кристиан Пиналеспен (Доминикан Республикасы) бокстасады. Нұрбек Оралбайда қазір олимпиаданың кем дегенде қола жүлдесі бар. Ереже бойынша, олимпиадада жартылай финалда жеңілген боксшы қола медальды алады.

Қазақстанның бокстағы жалғыз үміті Нұрбек Оралбай (оң жақта) әзербайжандық Мурад Аллахбердиевпен бокстасып жатыр. Париж, 2 тамыз 2024 жыл.

Оралбайдың Парижде алтын медаль я қола медаль алса да, бәрібір олимпиададан кейін Қазақстан боксшыларының нәтижесі елде әлі қызу талқыланары анық.

Қазірге дейін Қазақстан Париж олимпиадасында бір алтын, екі қола медаль иеленді. Дзюдодан Елдос Сметов 60 келіде чемпион атанса, 66 келіде Ғұсман Қырғызбаев қола жүлдеге ие болды. Бұған қоса, нысана көздеуден Ислам Сәтпаев пен Александра Ле қола жүлдегер атанды. Олимпиада 11 тамызда аяқталады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Қазақстан Парижде бокс төрешілерінің үстінен шағым түсірді. Жағдайдың анық-қанығы"Рингте әрең жүр". Парижде үш боксшының жеңілісінен соң құраманың дайындығына сын айтылды"Соңғы олимпиадасында барын салған" Ғұсманның қола жүлдесі"Қазақ жігіттеріне жігер сыйладым деп ойлаймын". Сметов Париждегі алтын жүлдесі хақындаНысана көздеушілер Қазақстанға "жүлде қоржынын ашып берді"