Accessibility links

"Рингте әрең жүр". Парижде үш боксшының жеңілісінен соң құраманың дайындығына сын айтылды


Қазақстандық боксшы Қамшыбек Қоңқабаев (қызыл формада) пен испаниялық Аюф Гадфа арасындағы жекпе-жек. Париж. 29 шілде, 2024 жыл.
Қазақстандық боксшы Қамшыбек Қоңқабаев (қызыл формада) пен испаниялық Аюф Гадфа арасындағы жекпе-жек. Париж. 29 шілде, 2024 жыл.

Париж олимпиадасында Қазақстанның үш боксшысы бірінші айналымда бәсекесінен жеңіліп қалды. Боксшылар рингте барын салғанын айтады. Ал сарапшылар боксшылардың физикалық дайындығын сынға алды.

"ҰТЫЛҒАНДЫ МОЙЫНДАУ КЕРЕК"

Париж олимпиадасында 71 келіде бокстасқан Асланбек Шымбергенов иорданиялық Зейяд Ишаиштан, Қамшыбек Қоңқабаев испаниялық Аюф Гадфадан (ата-анасы марокколық) жеңілді. Екі жекпе-жек те 2:3 есебімен (бес төрешінің шешімі ұпайға бөлінеді) аяқталды. Ал 51 келіде Махмұд Сабырханды испаниялық Хосе Квилес 1:4 есебімен жеңіп кетті.

Қазақстандық боксшы Махмұд Сабырхан (қызыл формада) испаниялық Хосе Квилеспен бокстасып жатыр. Париж. 31 шілде, 2024 жыл.
Қазақстандық боксшы Махмұд Сабырхан (қызыл формада) испаниялық Хосе Квилеспен бокстасып жатыр. Париж. 31 шілде, 2024 жыл.

Жеребе тартылғанда жанкүйерлер дәл осы үш боксшы бірінші кезеңде-ақ жеңіліп қалады деп күтпеген еді. Мәселен, 32 жастағы Қоңқабаев финалға дейін жетіп, басты бәсекелесі – өзбекстандық Баходир Жалоловпен (Токио-2020 олимпиадасының чемпионы) алтынға таласады деген болжам да болған.

Үш боксшы жеңілгеннен кейін "рингте барын салғанын, қолдан келгеннің бәрін жасағанын" айтты.

"Көнеміз енді, не істейміз?" деді Шымбергенов жекпе-жек аяқталған соң. Ал Қоңқабаев "төреші кімнің қолын көтерді, сол ұтты. Бәрін шаршы алаңның сыртынан көрдіңіздер" деп қысқа қайырды. Сабырхан "ұтылғанды мойындау керек" деп қорытындылады олимпиадасын.

"ТӨРЕШІЛЕРГЕ КІНӘ АРТПАЙМЫЗ"

Токио-2020 олимпиадасында, былтырғы Азия ойындарында Қазақстан боксшылары шетінен жеңілгенде жанкүйерлер мен бапкерлер тарапынан да төрешілік әділетсіз болды деген сөз көп айтылған. Мәселен, Қытайдағы Азия ойындарында Асланбек Шымбергенов жапон Севон Окадзавадан жеңілгенде әділетсіз шешім болды деген еді. Бірақ Париж олимпиадасында төрешілер шешіміне сыннан гөрі боксшылардың бабына, боксына жанкүйерлер тарапынан желіде сын көп айтылып жатыр.

Ұлттық құрама бапкері Мырзағали Айтжанов Парижде Шымбергенов жеңіліп қалғанда "Төрешілер жеңісті қарсыласқа берді, жеп қойды деп те айта алмаймыз, тең дәрежедегі кездесу болды. Бізге берсе олар да үндемес еді" деген.

Қазақстан ұлттық олимпиада комитетінің бас хатшысы Жанар Өтешова да телеграм-арнасында "Олимпиада ойындарында төрешілікке қатысты сұрағымыз жоқ" деп жазды.

Ал ұлттық олимпиада комитетінің президенті, белгілі боксшы Геннадий Головкин де қазақстандық әр боксшының жекпе-жегін спорт кешенінен тамашалап жүр.

"ҮШ РАУНД АЯҚТА ТҰРА АЛМАЙДЫ"

Олимпиадаға барған қазақстандық жеті боксшының үшеуі бірінші айналымнан аса алмай қалған тұста Пекин олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев "жігіттердің физикасы өте нашар" деп сын айтты.

"Екінші раундта демалыстары қиындап, рингте әрең жүр. Соққылары аз. Соққы комбинациясы тіпті аз. Үш минутта қаншама соққы жаудыруға болады?! Үш раунд аяқта тұра алмайды... Бір сұрақ: әрбір боксшы лицензия алған соң олимпиадаға дейін неше жекпе-жек өткізді? Практика бар ма? Мысалы, мен жарты жылда 22 жекпе-жек өткіздім. Бас бапкерге айтатын сөзім жоқ тіпті..." деп жазды Сәрсекбаев Facebook-тегі постында.

Асланбек Шымбергенов (қызыл формада) иорданиялық Ишаишпен бокстасып жатқан сәт. Париж. 28 шілде, 2024 жыл.
Асланбек Шымбергенов (қызыл формада) иорданиялық Ишаишпен бокстасып жатқан сәт. Париж. 28 шілде, 2024 жыл.

Бокс туралы жазатын "Бей в кость" телеграм-арнасының авторы, спорт журналисі Леонид Юрьев жеңілген үш боксшы рингте сылбыр қимылдап, әлсіз жүрді деп есептейді.

– Асланбекте де, Қамшыбекте де күш болмады. Асланбектің қарқынды бәсеңдетпеуге күші жетпеді, иорданиялық бәсекелесі оны соққының астына алды. Иорданиялық боксшы белсенділігінің арқасында жеңді. Сабырханның арсеналында мықты техника бар, бірақ сол техниканы көрмедім, алға ұмтыла берді. Біздің боксшылардың дайындығында мәселе бар. Бапкерлерге сұрақ көп. Неге біздің боксшылар бокстасудың орнына төбелес стиліне көшіп кетеді? Мұның бәрі бокстағы тұтас проблеманы көрсетеді, – деді ол Азаттыққа тілшісіне.

Парижде Қазақстан бокс құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов Шымбергеновтің жеңілісі жөнінде пікір айтқанымен, Қоңқабаев пен Сабырханның олимпиаданы аяқтағанына қатысты ештеңе демеді.

Дегенмен бокстан Қазақстанның ерлер құрамасының әлі де жүлде алуға мүмкіндігі бар. 31 шілдедегі жағдай бойынша, Париждегі олимпиадада Сәкен Бибосынов (51 келі), Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63,5 кг), ағайынды Нұрбек (80 кг) және Айбек Оралбай (92 кг) жүлдеге таласады.

Бұдан бөлек, әйелдер боксынан Назым Қызайбай (50 кг) мен Карина Ибрагимова (57 кг) да рингке шығады.

Қазірге дейін Қазақстан ұлттық командасы Париж олимпиадасында бір алтын, екі қола медаль иеленді. Дзюдодан Елдос Сметов 60 келіде чемпион атанса, 66 келіде Ғұсман Қырғызбаев қола жүлдеге ие болды. Бұған қоса, нысана көздеуден Ислам Сәтпаев пен Александра Ле қола жүлдегер атанды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG