Accessibility links

"Соңғы олимпиадасында барын салған" Ғұсманның қола жүлдесі


Дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев Париж олимпиадасында қолаға таласта жеңіске жеткен сәт. 28 шілде, 2024 жыл.
Дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев Париж олимпиадасында қолаға таласта жеңіске жеткен сәт. 28 шілде, 2024 жыл.

Париж олимпиадасында қазақстандық Ғұсман Қырғызбаев 66 келіде қола медаль алды. Бұл жүлдеге апарар жолда ол мықты дзюдошыларды қапы қалдырды. Биыл бірде-бір жарыста жүлде алмаған дзюдошы карьерасын аяқтар шақта олимпиада жүлдегері атанды. Ғұсманның олимпиада медаліне дейінгі жолына үңіліп көрелік.

32 жастағы Ғұсман Қырғызбаевтың дзюдодағы жолы жеңіл болған жоқ. Ол алдымен 60 келі салмақта күш сынасқан еді. Бірақ бұл салмақта 2016 жылғы олимпиададан бастап Елдос Сметов лидер саналды да, Қырғызбаев олимпиадаға бара алмай жүрді. Токио олимпиадасына да Сметов жолдама алып, Қырғызбаев елде қалған еді.

Сметов Токио-2020 олимпиадасында қола медаль алып, 2021 жылғы әлем чемпионатына бармады. Сол кезде Ғұсман Қырғызбаев 60 келі салмақта әлем біріншілігіне қатысып, күміс жүлде иеленген. Осы әлем біріншілігінен соң ол бірден 66 келіге ауысып, олимпиадаға жолдама алуға тырысты. Олимпиадаға рейтинг бойынша жолдама алатын 16 дзюдошының соңғысы болып лицензияға ілінген.

Бұған қоса, ол 66 келіге ауысқан соң тек 2022 жылы Астанадағы Азия чемпионатында қола, 2023 жылы Гранд Слам жарысының Астанадағы кезеңінде күміс медаль ғана иеленген. Ал биыл өзі қатысқан бірде-бір жарыста жүлде алмаған еді. Содан болса керек, Қырғызбаевты Парижде медальға үміткерлер қатарына қосқандар аз болды.

Бірақ ол Парижде 66 келідегі фаворит – оңтүстіккореялық Ан Ва Ульды жеңді. Ан – Рио олимпиадасының күміс, Токио олимпиадасының қола жүлдегері әрі 2015 жылғы әлем чемпионы. Одан кейін Франция үміт артқан Валид Хярды таза жеңіспен (иппон) жығып кетті.

Ғұсман Қырғызбаев франциялық Валид Хярды жеңген сәт.
Ғұсман Қырғызбаев франциялық Валид Хярды жеңген сәт.

Бірақ жартылай финалда бразилиялық Уильян Лимадан жеңіліп қалды.

– Жартылай финалда [Лиманы] жеңуге болар еді. Алдыңғы екі қарсыластан [Ан Ба Уль мен Валид Хярдан] мықты деп айта алмаймын. Кішкене босаңсып қалдым ба, білмеймін. Негізі, тактикам бойынша, біраз шаршатқым келген. Оның шабуылын күтпей қалдым, – деді ол қолаға таластан соң Азаттық тілшісіне.

Лима Қырғызбаевты аяқтан шалып құлатып жатқан сәт. 28 шілде, 2024 жыл.
Лима Қырғызбаевты аяқтан шалып құлатып жатқан сәт. 28 шілде, 2024 жыл.

Ал марапаттау рәсімінен соң "медальді мойныма таққанға дейін финалға шығып кетуге болатын еді ғой деген ой болған еді, бірақ медаль тағып, қолымды көтергеннен кейін қайырлысы осы деп, бұл жүлдеге де қуандым" деп ағынан жарылды.

Ғұсман Парижге аутсайдер болып келгенін өзі де іштей сезгенін, бірақ карьерасын аяқтар тұста бар күшін салғанын айтты.

60 келіде сегіз-тоғыз жыл күресіп келдім. 66 келіге ауысып, 60 келіде алмаған олимпиада лицензиясын алып, Алланың қалауымен қола медальға ие болып отырмын. [Менен жүлде күтпегенін] іштей білемін. Қазір 32 жасқа келіп жатырмын. Соңғы олимпиадам ғой. Не болса да осы жерде [бар күшімді] жұмсап кетейін деп барымды салып, қолдан келгеннің бәрін істедім, – деді ол Парижде.

Қырғызбаев Париж олимпиадасының қола медалін алған сәт. 28 шілде, 2024 жыл.
Қырғызбаев Париж олимпиадасының қола медалін алған сәт. 28 шілде, 2024 жыл.

Ғұсман үшін Париж олимпиадасының қоласы карьерасындағы "ең бағалы жүлде". Өзі айтқандай, спорттағы жолын аяқтап жатса, бұл қола медаль оның карьерасына қойылған әдемі нүкте болмақ.

– Осы жүлденің жолында біраз нәрсені құрбандыққа шалдық. Салмақ қуып қиналдық. Отбасымның қасында болмаймыз. 365 күннің 300 күнінде жаттығуда, жарыста боламыз. Сол үміт ақталды, – деді Париж олимпиадасының қола жүлдегері қазақстандық журналистерге.

29 шілдедегі жағдай бойынша, Париж олимпиадасында Қазақстан ұлттық құрамасында бір алтын, екі қола медаль бар. 28 шілдеде дзюдошы Елдос Сметов 60 келіде чемпион атанса, нысана көздеуден Ислам Сәтпаев пен Александра Ле командалық жарыста қола медаль иеленді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG