Accessibility links

Қазақстан Парижде бокс төрешілерінің үстінен шағым түсірді. Жағдайдың анық-қанығы


Қазақстандық боксшы Мұхаммедсабыр Базарбайұлы Париж олимпиадасында. 1 тамыз 2024 жыл.
Қазақстандық боксшы Мұхаммедсабыр Базарбайұлы Париж олимпиадасында. 1 тамыз 2024 жыл.

1 тамызда Париж олимпиадасында Қазақстан екі боксшысы жеңіліп қалған соң нәтижеге күмән келтіріп, төрешілердің шешіміне шағымданды. Қазақстан қай жекпе-жектің нәтижесімен келіспейді? Халықаралық олимпиада комитеті төрешілер шешімін өзгерте ме?

"НӘТИЖЕМЕН КЕЛІСПЕЙМІЗ"

Бокстан олимпиадада 92 келі салмақта Айбек Оралбай Әзербайжан құрамасындағы Лоренсо Альфонсодан (Кубада туған) жеңіліп, жартылай финалға шыға алмай қалды. Төрешілер бірінші раундтың қорытындысы бойынша Оралбай, ал қалған екі раундта Альфонсо басым болды деп шешті. Қорытынды есеп – 1:4.

Одан соң 63,5 келіде бокстасқан Мұхамедсабыр Базарбайұлы ширек финалда грузиялық Лаша Гурулиден жеңіліп қалды – 2:3. Бұл жекпе-жекте де төрешілер бірінші раундта Қазақстан боксшысы, екінші раундта Грузия өкілі басымырақ болды деп ұйғарды. Ал үшінші раундта үш төреші Гурули, екі төреші Базарбайұлы жеңді деп шешім шығарды.

Мұхаммедсабыр Базарбайұлы мен Лаша Гурули Париж олимпиадасында бокстасып жатыр. 1 тамыз, 2024 жыл.
Мұхаммедсабыр Базарбайұлы мен Лаша Гурули Париж олимпиадасында бокстасып жатыр. 1 тамыз, 2024 жыл.

Екі боксшы да жеңілгенін мойындамады. Жекпе-жектен соң аренадағы журналистерге сұхбат бермей, көңілсіз күйде залдан шығып кетті.

Ал Айбек Оралбай жеңілген соң Қазақстан ұлттық олимпиада комитеті (ҰОК) ресми сайтында "бокстан олимпиаданы ұйымдастырып жатқан Paris boxing Unit ұйымына кейбір қазақстандық боксшылардың жекпе-жегінде төрелік еткен төрешілердің үстінен шағым түсірдік" деп мәлімдеді. Қазақстан тарабы "төрешілердің әділетсіздігіне назар аударуды" сұраған.

Базарбайұлы жеңілген соң боксшы Геннадий Головкин басқаратын ҰОК осы жекпе-жек нәтижесін түсіндіруді талап етіп, Paris boxing Unit (PBU) шағым түсіргенін мәлімдеді.

"Біз бұл нәтижемен келіспейміз және PBU-дан түсініктіме талап еттік. Бұдан Халықаралық олимпиада комитеті хабардар. Біздің ойымызша, қазақстандық боксшы 2024 жылғы Олимпиаданың жартылай финалына жолдама беретін маңызды кездесуде жеңіске жетті", – деді ҰОК бас хатшысы Жанар Өтешова.

ҰОК "Олимпиадада бокс турнирін ұйымдастырушылар ескертуді қаперге алып, тексеруге уәде берді. Көрсетілген төрешілердің жұмысын тексеру басталды" деп мәлімдеді.

ХОК ЖЕКПЕ-ЖЕК НӘТИЖЕСІН ӨЗГЕРТУІ МҮМКІН БЕ?

Парижде бокс жарысын негізінен Халықаралық олимпиада комитетіне қарайтын PBU ұйымы ұйымдастырып жатыр. Ережеге сай, олимпиададағы жекпе-жектерге төрешілердің шығарған шешімі өзгермейді, кездесу қайта өтпейді.

"Шағым қарау процедурасы жекпе-жек нәтижесіне әсер етпейді. Регламентке сай, өтіп кеткен жекпе-жектің нәтижесі өзгермейді. Бірақ төрешілер жұмысында қателік табылса, олар жарыстан шеттетіледі", – деп мәлімдеді ҰОК ресми сайтында.

Айбек Оралбай (оң жақта) Әзербайжан құрамасындағы Альфонсомен бокстасып жатыр. Париж, 1 тамыз, 2024 жыл.
Айбек Оралбай (оң жақта) Әзербайжан құрамасындағы Альфонсомен бокстасып жатыр. Париж, 1 тамыз, 2024 жыл.

Ал Жанар Өтешова "Өткен жекпе-жектің нәтижесін қайта қарау мүмкін емесін де түсінеміз. Алайда біз ірі халықаралық жарыстағы төрелік әділ әрі таза болғанын қалаймыз" деді.

Базарбайұлы-Гурули жекпе-жегінде германиялық Хольгер Куссмауль, оңтүстік кореялық Чонжин Ким, канадалық Джеффри Верховен жеңісті Грузия боксшысына; ирандық Бабак Бордбар Хаггиги мен венгриялық Пироска Веки жеңісті Қазақстан боксшысына берген.

Қазақстаннан Парижге жеті ер, үш әйел боксшы жолдама алған еді. Қазір ерлер арасында екі боксшы (51 келіде Сәкен Бибосынов, 80 келіде Нұрбек Оралбай), әйелдер арасында да екі боксшы (50 келіде Назым Қызайбай, 57 келіде Карина Ибрагимова) қалды.

1 тамызға дейін Махмұд Сабырхан (57 кг), Асланбек Шымбергенов (71 кг) және Қамшыбек Қоңқабаев (+92 кг) бірінші жекпе-жекте жеңіліп қалған.

Бұл үш боксшы жеңілген тұста ҰОК бас хатшысы Жанар Өтешова 31 шілдеде "Олимпиада ойындарында төрешілікке қатысты сұрағымыз жоқ" деген еді.

БОКСТАҒЫ ТӨРЕШІЛЕР ДАУЫ

Токио-2020 олимпиадасына дейін боксты Әуесқой бокс федерациясы (сол кезде AIBA, қазір IBA деп аталады) ұйымдастырып келген. 2016 жылы Рио олимпиадасында 91 келі салмақ дәрежесіндегі бокс финалында төрешілер қазақстандық Василий Левит ресейлік Евгений Тищенкодан жеңілді деп ұйғарған соң шу болған. ХОК сол жекпе-жекте төрелік еткен төрешілерді олимпиададан шеттеткен.

Одан соң Рио олимпиадасындағы бокс нәтижелеріне күдік туындап, 2017 жылы AIBA-ның сол кездегі президенті тайпейлік Ву Чинг Куо бокстан аластатылған еді.

2021 жылы ХОК тапсырысымен канадалық заңгер Ричард Маклареннің зерттеу тобы АIBA-ға қатысты тексеріс жүргізіп, бокс жарыстарында және Рио олимпиадасында федерация басшылары мен судьялар "пара алғанын анықтаған". Зерттеуде Қазақстанның да пара бергені, қазақстандық төрешінің пара сұрағаны айтылған. Бұдан бөлек, зерттеу тобы Рио олимпиадасында қазақстандық Василий Левит төрешілердің теріс әрекетінен зардап шеккен деп мәлімдеген.

Осы шудан кейін ХОК AIBA ұйымын олимпиададан шеттетіп, Токио және Париж олимпиадасын өзі ұйымдастырды. Ал бокстан әлем чемпионатын ресейлік Умар Кремлев басқаратын IBA (бұрынғы AIBA) өткізеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG