Париждегі бір алтын мен алты жүлде спорттың дамығанын көрсете ме?

Қазақстан делегациясы Париж олимпиадасының ашылу салтанатында. 26 шілде, 2024 жыл.

Қазақстан Париж олимпиада ойындарын бір алтын, үш күміс, және үш қола жүлдемен жалпы есепте 43-орында аяқтады. Қазақстанның Токио олимпиадасымен салыстырғанда нәтижесі жақсарса да, Париждегі көрсеткішке қатысты сұрақ көп.

"ҮМІТТЕРІҢІЗДІ АҚТАЙ АЛМАДЫМ"

– Шынымды айтсам болмады, қатты медаль алғым келді. Бірақ дайындығым жетпеді ме, білмеймін. Қазақ халқынан кешірім сұраймын. Үміттеріңізді ақтай алмадым, – деді олимпиаданың соңғы күні белдескен балуан Әлішер Ерғали бәсекелесінен жеңіліп қалғаннан кейін.

Әлішер Ерғали (сол жақта) олимпиадада иран балуаны Азарпирамен белдесіп жатыр. Париж, 11 тамыз, 2024 жыл.

Еркін күрестен 97 келіде кілемге шыққан Ерғали ширек финалда Бахрейн атынан күресіп жүрген ресейлік Ахмед Тажудиновтен (Парижде чемпион болды), одан соң жұбаныш белдесуінде иран балуаны Амир Әли Азарпирадан жеңілді. Бұл – Қазақстанның Париж олимпиадасындағы жүлдеге таласқан соңғы спортшысы еді.

Ұлттық құрама Парижде Токио–2020 олимпиадасындағы нәтижесін жақсартқанымен (Жапонияда 8 қола ғана алған), жанкүйерлердің көңілі толмайды. Бұған қоса, Қазақстанның нәтижесін 8 алтын медаль жеңіп алған (бесеуін бокстан иеленді) Өзбекстанның нәтижесімен салыстырып жатқандар да көп.

Бокстан ерлер құрамасындағы жеті спортшының алтауы жартылай финалға жетпей жеңілгені де бұл талқыны күшейтті. Әдетте бокстан олимпиадада алтын медаль күтетін Қазақстан екі олимпиада қатарынан алтын жүлдесіз қалғаны жанкүйерлерді де, бапкерлерді де, боксшылардың өздерін де жабырқатты. Күміс медаль алған Нұрбек Оралбай тұғырдан түсе сала медалін шешіп, журналистерге сұхбат беруге ықылас танытпады, баспасөз мәслихатына да қатыспады. Ал қола жүлде иеленген Назым Қызайбай "алтын алуға келген едім" деп жылап жіберді.

Ерлер құрамасындағы алты боксшы – Қамшыбек Қоңқабаев, Сәкен Бибосынов, Асланбек Шымбергенов, Мұхаммедсабыр Базарбайұлы, Айбек Оралбай мен Махмұд Сабырхан бірінен соң бірі жеңілгенде ұлттық құрама бапкері Мырзағали Айтжанов та "нашар нәтиже" екенін мойындады.

12 тамызда Қазақстан бокс федерациясы инстаграм парақшасында Айтжанов пен басқа да бапкерлердің "Париждегі төмен нәтижеге байланысты" отставкаға кеткені жайлы ақпарат жариялап, кейін өшіріп тастады.

Спорт журналисі, Bek Sport телеграм-арнасының авторы Бек Төлеу Парижде боксшылардың үшінші раундта болдырып қалғаны жаттығу мен дайындыққа қатысты сұрақтар туғызғанын айтады.

– Парижде бокстан алтын медальсіз қалуымыз кездейсоқ деп ойламаймын. 2018 жылы Джакартадағы Азия ойындарында, Токио-2020 олимпиадасында, 2023 жылы Ханчжоудағы Азия ойындарында бокстан алтын медаль болмады. Төрт ірі жарыста алтын жүлдесіз қалуымыз кешенді мәселе барын көрсетеді. Бәлкім, бапкерлер штабын өзгерту керек, – дейді ол.

Your browser doesn’t support HTML5

Қазақ спортшыларының нәтижесіне халық риза ма?

"ЕЛ СПОРТЫНДА ПРОГРЕСС БАЙҚАЛМАЙДЫ"

Қазақстанның еркін күрес құрамасы Париж олимпиадасында жүлдесіз қалды. Бұған қоса, әйелдер күресі мен ауыр атлетикадан Қазақстан алғаш рет олимпиада жолдамасын иелене алмай қалғаны да олимпиада алдында сынға ұшыраған.

Париж олимпиадасы алдында сарапшылардың көбі "елде олимпиадада алтын алатын" фавориттер жоқ екенін, спортшыларға лицензия иеленудің өзі қиынға түсіп жатқанын айтқан. Бұған қоса, Қазақстанның 2023 жылы Қытайда өткен жазғы Азия ойындарында жалпы есепте ондыққа іліге алмай қалғаны да спортшылардың Парижде жақсы нәтиже көрсете алатынына күмәнді күшейтті.

Франциядағы олимпиаданың бірінші күні дзюдошы Елдос Сметов (60 келіде) чемпион атанып, жанкүйерлер бір қуанып қалған. Бірақ Париждегі кейінгі сәтсіздіктерден ел спортындағы коррупция мәселесі сөз болып, спортқа бюджеттен бөлінетін қаржы жөнінде сұрақтар қойыла бастады.

Елдос Сметов (ақ формада) олимпиада финалында франциялық Лука Мхекидземен белдесіп жатыр. Париж, 27 шілде, 2024 жыл.

Қазақстан 2023 жылы спортқа бюджеттен 300 млрд теңгеден аса қаржы бөлген. 2021 жылдан бері елде Атырау облысы, Алматы қаласы спорт басқармасының шенеуніктері "ақша жымқырды" деген күдікке ілінді. Бұған қоса, биыл ақпанда спорт комитетін басқарған Самат Ерғалиев "спортқа бөлінген 218 млн теңгені жымқырған" деген күдікпен ұсталған. Бұл іс бойынша тергеу әлі жүріп жатыр.

Бек Төлеудің пікірінше, Париждегі бір алтын, үш күміс, үш қола медальмен Қазақстан спорты дамып жатыр деуге келмейді.

– Жүлделердің сапасы жағынан Токио олимпиадасындағы көрсеткіштен ғана озып тұрмыз. Ел спортында прогресс байқалмайды. 2000 жылғы Сидней олимпиадасындағы үш алтын алған көрсеткішті дұрыстап жаңарта алмай жүрміз. Париж олимпиадасында жүлде алады деген балуан Азамат Дәулетбеков, боксшылар Сәкен Бибосынов, Асланбек Шымбергенов, Махмұд Сабырхан жүлдесіз қалды. Демек жүйелі мәселе бар, сол мәселені анықтап, шешу керек. Бұған қоса Кения, Ресейден шақырған он шақты спортшыдан ешкім медаль алмады. Шетелден спортшы шақыруға кеткен ақша да ақталмады, – деді ол.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Халық алтын талап етуге хақылы". Париж ойындары Қазақстан үшін қаншалықты маңызды?

"ЖЕҢІЛ АТЛЕТИКА МЕН ЖҮЗУДЕН КЕНЖЕ ҚАЛЫП ЖАТЫРМЫЗ"

Ал Париж олимпиадасын телеарнада жүргізген спорт комментаторы, журналист Есей Жеңісұлы "Токио олимпиадасынан кейін көп нәрседен қорытынды шығармағанымыз Парижде көрінді" деп есептейді.

– Токиода спортшыларымыз финалға шыға алмаған еді. Сондықтан Парижде алтын мен күмістің Токиомен салыстырғанда басым болуы жаман емес. Демек белгілі бір дәрежеде өсу бар деуге болады. Бірақ Париж олимпиадасына 48 алтын сарапқа салынатын жеңіл атлетикадан жарыстарға сегіз спортшымыз қатысты. 37 алтын таратылатын жүзуден екі спортшымыз барды. Басқа елдер осы спорттарды дамытып жатқанда біз кенже қалып қойдық. Бокстан екі олимпиадада алтынсыз қалдық. Осыдан соң өзімізге "бокстан үлкен нәтиже күте берудің қажеті бар ма? Бокстан қай жерден қателік жіберіп алдық?" деген сұрақ қоюымыз керек, – дейді ол.

Қазақстаннан Париж олимпиадасына 78 спортшы (теннисшілер Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева "денсаулығына байланысты" олимпиадаға қатыспады) барып, дзюдо, грек-рим күресі, спорттық гимнастика, нысана көздеу, бокстан жүлде алды.

Париж олимпиадасынан хабар таратқан спорт журналисі Ерік Ілиясов "нәтиже жұрт ойлағандай болмаса да", спорттық гимнастика мен нысана көздеуден медаль болғанына баса назар аударды.

– Орталық Азия елдерінің бәрі жекпе-жек, күш салатын бокс, күрес түрлері, таэквондо, ауыр атлетика, дзюдодан жүлде алып жатыр. Бұл да жақсы. Бірақ Қазақстан спорттық гимнастикадан күміс, нысана көздеуден қола алғанын жетістік деп айтар едім. Жүлде алған спорт түрлерінде алуандылық бар, – дейді ол.

Нариман Құрбанов Париж олимпиадасының финалында жаттығуын орындап жатыр. 3 тамыз, 2024 жыл.

Олимпиада алдында спорт журналисі Шалқар Естен спортшылардың дайындығына, спортқа бюджеттен ақша бөлініп жатқандықтан халықтың жүлде талап етуіне хақысы бар деген еді. Ал Париж олимпиадасына арнайы барған спорт комментаторы Рауан Оқас спортқа бөлінген бюджетке қайта аудит жасалып, есебі сұралуы керек деп біледі.

МИНИСТРЛІК: СПОРТТА АЛҒА ЖЫЛЖУ БАР

12 тамызда спорт және туризм министрлігі ресми сайтында Париж олимпиадасын қорытындылап, "Қазақстан спортшылары халықаралық ұйымдардың болжамдарын жоққа шығарып, алтын иеленгенін, құрама Токио олимпиадасымен салыстырғанда айтарлықтай алға жылжығанын" айтты.

Париж олимпиадасы алдында Inside the Games және Sports Illustrated басылымдары "Қазақстан алтын медаль алмайды" деген болжам жасаған еді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Орталық Азия спортшыларының сарапшыларға тосын сый болған жеңістері

Дегенмен министрлік бокс, теннис, жеңіл атлетика және велоспорт сынды спорт түрлеріне "реформалар мен өзгерістер қажет" деп санайды.

"Бұл спорт түрлері бойынша нәтижелер күткен деңгейге сәйкес келмейді. Бұл спорт түрлерінде басқару жүйесін ауыстыру, даму стратегиясын қайта қарау, сондай-ақ спортшылардың халықаралық аренада бәсекеге қабілеттігін қамтамасыз ету үшін күшейтілген дайындық қажет. Дегенмен осы спорт түрлеріндегі сәтсіздіктерге қарамастан, жалпы алғанда құрама табысты өнер көрсетті" деп қорытындылады министрлік Париж олимпиада ойындарын.

Боксшы Назым Қызайбай Париж олимпиадасында. 6 тамыз, 2024 жыл.

Елде Париж олимпиадасының нәтижесіне көңілі толмаған жанкүйерлер тарапынан сын көбейіп жатқанда, спорт журналисі Есей Жеңісұлы "ардагер спортшылардың еңбегі ақталғанына қуанғанын" айтты.

– Өмірін спортқа арнаған дзюдошы Елдос Сметов, балуан Демеу Жадыраев, боксшы Назым Қызайбайға олимпиадада осындай медаль керек еді. Елдос пен Демеу – тәжірибелі спортшылар, ал боксшы Нұрбек Оралбай, гимнаст Нариман Құрбанов, нысана көздеуден Ислам Сәтпаев пен Александра Ле – жас спортшылар. Демек, Париж олимпиадасы Қазақстан үшін тәжірибе мен жастық жақсы көрініс тапқан дода болды, – деді ол.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақ боксшы үшін "ең нашар олимпиада". Бибосыновтың жеңілісі Қазақстанға ауыр тиді