Курскідегі шайқас, "ҰҚШҰ беделіне соққы" және "кедейлене түскен" Қазақстан

ҰҚШҰ-ға мүше елдердің тулары жанында отырған Ресей басшысы Владимир Путин.

Батыс басылымдары бұл аптада Ресейдің Курск облысына Украина шабуылдап жатқан кезде Кремльдің Орталық Азиядағы серіктестері үнсіз қалып, Мәскеуге қолдау көрсетпегенін жазды. Сонымен қатар девальвациядан күнкөрісі төмен топтар зардап шегіп, одан сайын кедейлене түскенін талдады. Одан бөлек Ресейдің соғыс машинасына көмектесіп жатқан құпия делдалдардың арасында Қазақстан бар екеніне тоқталды.

УКРАИНАНЫҢ КУРСКІГЕ ШАБУЫЛЫ: ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫҢ "ҮНСІЗДІГІ"

АҚШ-тағы Diplomat басылымы Украина Ресейдің Курск облысына шабуылдап жатқан уақытта Мәскеудің Орталық Азиядағы жақтастары үнсіз қалып, Кремльге көмек көрсетпегенін жазды.

Украина қарулы күштерінің ядролық державаға аяқ астынан жасаған шабуылы Ресей президенті Владимир Путиннің «ұлы және жеңілмейтін ел» деген тезисінің күл-талқанын шығарды. Мақала авторы АҚШ-тағы Миннесота университетінің ғылыми қызметкері Отабек Акромов Украинаның Курск облысындағы операциясы Ресейдің ұлы держава ретіндегі стратегиялық әлсіздігін көрсетті дейді.

«Ресей Украинадағы конфликтіде оқшау қалды, себебі НАТО-ға ұқсас әскери альянс − Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына кіретін Қазақстан, Беларусь, Армения, Қырғызстан мен Тәжікстан және оған кірмейтін [өзге серіктестер] не әскери, не саяси қолдау көрсетпеді», дейді Акромов.

Орталық Азия елдері Ресей кіретін ҰҚШҰ-ға мүше немесе Мәскеумен одақтастық келісімдерге қол қойған. ҰҚШҰ жарғысында: «Егер мүше мемлекеттің біріне басқа ел немесе елдер шабуыл жасаса, бұл осы келісімге кіретін барлық елге қарсы жасалған шабуыл болып саналады», делінген. Өзбекстан ҰҚШҰ-ға кірмесе де, 2005 жылы Ресеймен одақтастық қарым-қатынас туралы келісімге қол қойған.

Қырғызстанда өткен ҰҚШҰ әскери жаттығуы. 11 қазан 2024 жыл.

Автор Курскідегі Украинаның операциясы кезінде Ресейдің аймақтағы серіктестерінің үнсіз қалуы ҰҚШҰ тек қағаз жүзіндегі ұйым екенін айғақтап, ҰҚШҰ мен Ресейдің аймақтағы беделін түсірді деп жазды.

ҰҚШҰ-ның қауқарсыздығы туралы мәселе бірінші рет көтеріліп тұрған жоқ. 2010 жылы Қырғызстандағы этникалық қақтығыс кезінде Беларусь басшысы Александр Лукашенко ұйымды Бішкекке көмекке келмегені үшін сынады.

Өзбекстанның (1999 және 2012 жылдары) ұйымнан шығуы ҰҚШҰ беделіне сызат түсірді. Былтыр Таулы Қарабақта Әзербайжанның операциясы кезінде ҰҚШҰ әрекетсіз қалды, кейін Армения бұл ұйымға мүшелігін тоқтата тұрды.

Айта кететіні, Украинаның Курск облысындағы операциясы кезінде Ресей ҰҚШҰ-дан көмек сұрамады.

Акромовтың жазуынша, аймақта Ресейдің беделі түсіп жатқан кезде Орталық Азия аймақта интеграцияны күшейте алады. 9 тамызда Астанада өткен Орталық Азия елдері басшыларының саммитінде Өзбекстан президенті Шавхат Мирзияев Ресей – Украина соғысы аймақтың саудасына кері әсер еткенін, аймақ интеграциясы бұл мәселені шешуге септесетінін мәлімдеді. Сонымен қатар Ресейдің әлсіреуі Вашингтонға аймақтағы процестерге белсендірек қатысуға жол ашады.

Алайда Ресей әлсіреп жатқанда бес ел аймақтағы интеграцияға бірігуге қаншалық дайын деген сұрақ басы ашық күйінде қалып отыр. Қазақстан мен Өзбекстан интеграцияны жеделдетуді жақтағанымен, оны институционализациялауды барлық елдің басшысы бірдей қолдап отырған жоқ. Сондай-ақ АҚШ-тағы президент сайлауында Дональд Трамп жеңіске жетсе, Вашингтон аймақтың тәуелсіздігін нығайту талпынысын сақтап қалар-қалмасы белгісіз, дейді автор.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қазақтан я армяннан көмек сұрамақсыз ба?" Ресей ҰҚШҰ-ға қолқа сала ма?

"ДЕВАЛЬВАЦИЯНЫҢ САЛДАРЫН КЕДЕЙ ТОПТАР ТАРТЫП, ЖАҒДАЙЫ НАШАРЛАЙ ТҮСТІ"

Австралиядағы Conversation басылымы Қазақстандағы девальвация кедейлердің қалтасын одан бетер қағып, жағдайын нашарлатқанын жазды.

Мақала авторлары Ливерпуль университетінің профессоры Анатолий Количев, Назарбаев университеті жоғары бизнес мектебінің деканы Джозеф Конингс пен Бельгиядағы Левен католикалық университетінің ғылыми қызметкері Джорис Хосте 2015 жылы Қазақстанда болған девальвация тұтынушылар өміріне қалай әсер еткенін зерттеген.

Зерттеу нәтижесіне қарағанда, девальвация күнкөрісі төмен топты одан бетер кедейлендіріп, ауқатты тұтынушыларды байыта түсті.

2015 жылдың тамызында үкімет теңге бағамын ұстап тұруды тоқтатқан соң, доллар бағамы 188 теңгеден 255 теңгеге бір-ақ шарықтады. Үкімет бұл қадамға мұнай бағасы төмендеп, екі негізгі сауда серіктесі – Ресей мен Қытай өз валютасын құнсыздандырған соң барған. Теңгенің долларға шаққандағы айырбастау бағамы 37 пайызға, тағы үш айдан кейін 56 пайызға, алты айдан кейін 78,5 пайызға құнсызданды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Мәскеу биржасы санкцияға ілінді. Теңге мен Қазақстан биржасына қалай әсер етеді?

Валютаның девальвациясынан кейін әдетте инфляция деңгейі көтеріледі, себебі шетелден импортталатын тауардың ұлттық валютадағы құны қымбаттайды.

Ғалымдар өз зерттеуінде елде жұмыс істейтін халықаралық ритейлер мен оның бәсекелестерінің сауда есептерін зерттеген. Ритейлер дүкендерінде азық-түлік бағасы девальвациядан соң орташа есеппен 20 пайызға қымбаттады.

Бірақ оның салдары барлық тұтынушы үшін бірдей болмаған. Кедей тұтынушылармен салыстырғанда бай тұтынушыларға ол қатты әсер етпеген. Ауқатты тұтынушылар үшін өмір сүру құны 16 пайызға қымбаттаса, кедей топтар үшін бұл көрсеткіш 24 пайыз болды.

Себебі ритейлер шетел тауары бағасын қатты көтермеген, аз табыс түссе де оны сатуды көздеген. Мұндай тауарды көп ретте ауқатты тұтынушылар сатып алады. Осылайша ритейлер шетелдің қымбат тауарын сатып алатын ең ауқатты тұтынушылардан айырылып қалғысы келмеген.

Есесіне, девальвациядан кейін тұтынушылар жергілікті өнімді қымбат бағаға ала бастады, ритейлер жергілікті тауардан тұрақты пайда көрген. «Ритейлер девальвация ауыртпалығын кедей тұтынушыларға салған тәрізді», дейді зерттеушілер.

Сонымен қатар ритейлер, бәлкім, ауқатты тұтынушылардың көңілінен шығу үшін кейбір жергілікті тауарды шетел тауарымен алмастырған. Күнкөрісі төмен тұтынушылардың балама тауарға қол жеткізуі қиындаған.

Зерттеу нәтижесіне сүйенген авторлар бірнеше қорытындыға келген. Біріншіден, ұлттық валютаны құнсыздандыру елдің халықаралық беделіне ғана емес, тұтынушыларға да әсер етеді. Сондықтан үкімет экономикада өзгеріс жасамас бұрын, мұның ішкі және сыртқы салдары туралы ойлануы керек.

Екіншіден, девальвация әл-ауқаты әртүрлі топтарға әрқилы әсер етуі ықтимал. Кей жағдайда жергілікті тауардың бағасы көтеріліп, күнкөрісі төмен тұтынушыларға зиян тигізеді.

Үшіншіден, компания девальвациядан соң тактикалық әрекетке көшіп, нарықтағы үлесі мен бәсекеге қабілеттілікті сақтап қалу үшін өнімдерді шетел тауарымен алмастырады. Бұл ретте оның салдарын есепке алмайды.

ҚАЗАҚСТАН РЕСЕЙДІҢ СОҒЫС МАШИНАСЫНА КӨМЕКТЕСІП ЖАТЫР МА?

Британдық Economist газеті «Ресейдің соғыс машинасына көмектесетін құпия делдалдар» атты мақаласында соғыстан кейін Мәскеу және Еуропамен саудасы өсіп жатқан Қазақстанды сөз етеді.

Батыс салған санкцияларға қарамастан Ресейдің экономикасы тез өсіп жатыр. Екінші тоқсанда жылдық өсім 4 пайызға жетсе, оның алдыңғы тоқсанында 5,4 пайызға жетті. Неліктен?

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Соғыс және санкция: Қазақстан фирмалары Ресей шабуылына қалай көмектесіп жатыр?

«Оны түсіну үшін Қазақстанға қараңыз. Былтыр Орталық Азиядағы бұл республиканың технологиялық саласы үлкен жетістікке жетті», дейді басылым. Мәскеу Украинаға басып кіргелі Еуроодақ өз компанияларына көптеген технологиялық өнімді Ресейге сатуға тыйым салды. Бірақ бұл экспорттың орнын Қазақстандағы небәрі 50 компания толтырды. Қазақстанның Ресейге экспорты 2021 жылы 40 миллион доллардан 2023 жылы 298 миллион долларға бір-ақ өсті. Ал Еуропаның Қазақстанға электронды импорты 250 миллион еуродан 709 еуроға жетті. «Қазақ компаниялары кенет кеңейді немесе Ресей компаниялары бұрынғы еуропалық тасымалдаушыларға апаратын айналма жол тапты ма?» дейді басылым.

Еуроодақтың санкциялары Мәскеу соғыста қолдана алатын тауарды Ресейге экспорттауға тыйым салады. Оның ішінде жартылай өткізгіштер, дрондар, шарлы мойынтіректер мен миротолқынды пештер бар. Дегенмен Лондондағы Royal United Services институтының дерегінше, Ресей 2022 жылдың ақпаны мен тамызы аралығында сатып алған, соғыста қолданатын құралдардың жартысынан көбі Еуропа не АҚШ-та жасалған компоненттерден тұрады. Еуроодақтың Қазақстанға машина экспорты 2021 жылмен салыстырғанда 2022 жылы екі есе артып, 2023 жылы тағы 23 пайызға өсіп, 6,4 миллиард еуроға жетті.

Еуроодақ санкцияларды айналып өтуді тоқтату үшін үшінші елдер мен оларға тыйым салынған тауарды тасымалдап жатқан еуропалықтарға санкция саламыз деп қорқытқанымен, әзірге бірнеше компанияны ғана қара тізімге кіргізді.

Economist санкцияларды айналып өтуді тоқтату үшін Еуроодақ Орталық Азия мен Кавказ үкіметтерінен көмек сұрауы керек дейді. «Бірақ аймақтағы басшылар Ресейге жақын, ол қарым-қатынасты бағалайды және ережені бұзудан жеке пайда көреді. Еуропа олар пайда көретіндей ұсыныс жасай алады». Мысалы, Еуроодақ Арменияға 270 миллион еуро бөлген соң, ол ел Ресеймен сауда жасайтын компанияларды жаба бастады. Немесе Еуроодақ қатаң шараларға барып, үшінші елдерге экспортқа тыйым салып, банктерге шектеу қоя алады. «Мәселе Еуроодақ Украинаға тигізер пайда қатаң санкция режимін енгізуге тұра ма дегенге барып тіреледі. Оның қазіргі ұстанымы бұл оған тұрмайтынын көрсетеді».