Accessibility links

Украина Ресейдің жерлерін "оккупацияламайды"


Ресейдің Курск облысы Суджа қаласында жүрген украиналық әскери. 16 тамыз 2024 жыл.
Ресейдің Курск облысы Суджа қаласында жүрген украиналық әскери. 16 тамыз 2024 жыл.

Украина Ресейдің Курск облысына шабуылы жалғасып, қазір жүздеген шаршы шақырым жерді бақылап отыр. Бірақ Украина президентінің кеңесшісі Михаил Подоляк "Курск облысына шабуыл Ресей жерін оккупациялау емес, буфер аймағын құру" дейді.

Украина президенті Владимир Зеленски 19 тамызда Украина әскері Ресейдің Курск облысында 1250 шаршы шақырым болатын 92 елді мекенді бақылауда ұстап отыр деп мәлімдеді. Ол Украина күштері Курскіге шабуылды жалғастырып, алға қойған мақсаттарды орындап жатыр деді. Ал Мәскеу Украина әскері Курск облысындағы Сейм өзенінен өтетін үшінші көпірдің қирағанын растаған.

Зеленскийдің кеңесшісі Михаил Подоляк.
Зеленскийдің кеңесшісі Михаил Подоляк.

Зеленскийдің кеңесшісі Михаил Подоляк 19 тамызда "Настоящее время" телеарнасына берген сұхбатында "Украина Ресейдің елді мекендерін я жерлерін басып алуға, үлкен қалаларына шабуыл жасауға ниетті емес" деп мәлімдеді.

— Ресей шекара аймақтарын Украинаның 70-80 шақырымындағы азаматтық инфраструктурасы мен бейбіт халқын атқылауға пайдаланып келгенін жақсы білесіздер. Курск облысына да, шекарадан екі шақырым жерге артиллерия, баллистика мен дүркіндете ататын жүйелерін, аэродромдарын орналастырып жатыр... Сондықтан бұл мәселені шешіп, тұрғындарды қорғаудың екі жолы бар. Біріншісі — Украина аумағынан ракета мен алысқа ұшатын ракеталар атқылау. Бірақ бұл үшін мұндай ракеталар көп болуы керек және батыс елдерінен алған қаруларды Ресей аумағына атуға рұқсат қажет. Екінші әдіс — Курск облысында көріп отырғанымыздай, құрлық операциясы, — дейді ол.

Украина Ресейдің 92 елді мекенін басып алғанын айтады
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:14 0:00

6 тамызда Украина күтпеген жерден Ресейдің Курск облысына шабуыл жасап, аймақтан 120 мың адам эвакуацияланды. 18 тамызда Зеленский мәлімдемесінде "мақсатымыз — Ресейдің барынша көп әскери мүмкіндігін, соғысу мүмкіндігін азайтып, барынша қарымта шабуылға шығу. Яғни, Курск облысындағы операциямыз — агрессордың аумағында буфер аймағын құру" деген еді.

Подоляк Курск облысында Украинаның бақылауындағы елді мекендерде қалған халық жайлы "Киев халықаралық гуманитарлық заңнамалардағы барлық талапты орындайды" деп мәлімдеді.

"Біз бейбіт тұрғындарды тіркейміз. Халықаралық талапқа сай, біз бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігіне жауап береміз" дейді ол.

Бұған дейін Украина президенті Зеленский Курск облысына шабуыл кезінде "ресейлік көп солдат тұтқынға түскенін, алда оларды Ресей тұтқында ұстап отырған украиналықтармен алмастыратынын" айтқан еді. Подоляк та Курск облысына шабуылда Украина "тұтқын алмасу қорын" айтарлықтай толтырдық деп отыр

— Әскери борышын өтеп жүрген қатардағы жауынгерлерді тұтқынға алдық. Олар – мобилизациямен соғысқа алынғандар емес, келісім-шартқа қол қоймағандар. Тұтқынға түскендер көп. Украина оларды алмастыруға дайын. Ресей тұтқында ұстап отырған украиналық әскерилер мен бейбіт тұрғындар да көп. Алдағы уақытта тұтқын алмасу процесі жылдамдауы тиіс, — дейді Подоляк.

Курск облысы Суджа қаласы. 16 тамыз 2024 жыл.
Курск облысы Суджа қаласы. 16 тамыз 2024 жыл.

Зеленскийдің кеңесшісі Курскіге шабуыл Ресейді келіссөздерге итермелеудің бір әдісі екенін де ашық айтады.

— Ресей ақылға сыятын талаптармен келіссөз үстеліне отыру үшін мәжбүрлейтін үш құралды қолдану керек. Соның бірі – әскери, бұл әдісті қазір Курск облысында көріп отырмыз... Ресей бір уақытта бірнеше соғыс жүргізе алмайтын көрсетті. Олар әскер саны жағынан басымдыққа ие болып, тар, кіші бағытта ғана соғыса алады. Ал басқа форматтағы соғыста Ресей жеңілмек. Екіншісі – соғыспен қатар экономикалық қысым, яғни, соғысу Ресейге қымбатқа түсуі керек. Үшіншісі – репутацияға әсер ететін дипломатиялық қысым. Курск облысындағы жағдайдан соң соғыс жайлы бейтарап позицияда отырған елдердің өзі Путинді әлемдік лидер ретінде қабылдаудан қалады, — дейді Подоляк.

Зеленскийдің кеңесшісі сұхбатта Ресей бұған дейін Украинаның оккупацияланған аумақтарын беруді, санкцияларды алып тастауды, басшыларды тұтқындау ордерлерін жоюды талап етіп келгенін айтады.

— Бұл — келіссөз деп айта алмаймын. Бұл ақылға қонбайтын ұстаным, — деп санайды Подоляк.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG