Accessibility links

Мәскеу биржасы санкцияға ілінді. Теңге мен Қазақстан биржасына қалай әсер етеді?


Қазақстандық қор биржасы иелерінің бірі – Мәскеу биржасы Ресейдің әскери агрессиясы салдарынан АҚШ санкциясына ілікті. Бұл Қазақстандағы қор және валюта нарығы мен теңге бағамына қалай әсер етеді?

АҚШ осы айда Ресейдегі ірі биржа холдингіне санкция салды. Американың қаржы министрлігі Мәскеу биржа арқылы әскери мақсатқа капитал тартқан, Ресей азаматтары мен "дос мемлекеттер" "Ростех", "Вертолеты России" сияқты қорғаныс кәсіпорындарының құнды қағаздарын сатып алып, инвестиция құйған деп есептейді.

Ресейге қарсы санкциялар Қазақстанға да әсер етеді. Өйткені Астана Ресей экономикасы басымдыққа ие Еуразия экономика одағына мүше. Мәскеу – Астананың негізгі сауда серіктестерінің бірі.

РУБЛЬ ЮАНЬҒА ТӘУЕЛДІ. ТЕҢГЕНІҢ ЖАЙЫ НЕ БОЛАДЫ?

Мәскеу биржасы санкцияға ілінгеннен кейін доллар және еуромен сауда жасауды тоқтатты. Қазір биржадағы негізгі валюта – юань мен рубль. Қытай валютасының Ресейдегі позициясы күшейіп келеді: енді рубльдің қымбаттауы немесе құлдырауы юаньға байланысты. Рубльдің қалай өзгеретіні белгісіз. Валюта бағамына экономикалық, саяси және психологиялық факторлар әсер етеді. Әлемде юань девальвациясы мен валюта соғысы болуы мүмкін деген болжам бар. Сарапшылар осыны ескеріп, рубль тұрақты болып қалады дегенге сенбейді. Оның үстіне, кей сарапшылар рубль құнсызданады деп отыр.

Солтүстіктегі көршінің валютасына қарай икемделетін қазақстандық теңгенің жайы не болмақ?

Қазақстандық экономист Арман Байғановтың пікірінше, Мәскеу – Қазақстанның негізгі сауда әріптесі, шетелден әкелінетін тауардың төрттен бір бөлігі Ресейден келеді. Сондықтан көрші елдегі валюта мәселесі елеусіз қалмайды.

– Ресей экономикасы құлдыраған сайын, теңге бағамы өзгереді. Кез келген құлдырау бізге әсер етеді. Ресейден сатып алатын тауарлармен бірге инфляция келеді. Бірден болмаса да, әсерін байқаймыз. Ресей экономикасы әлсірей береді, біз Еуразия экономика одағына мүшеміз, Кеден одағындамыз, Ресеймен сауда көлемі үлкен. Сондықтан бұл мәселе біздің экономиканы да айналып өтпейді. Оларда девальвация болса, рубльдің ізінше теңге де құнсыздануы мүмкін.

Қазақстан импорты мен негізгі серіктес елдер туралы инфографика (орыс тілінде)
Қазақстан импорты мен негізгі серіктес елдер туралы инфографика (орыс тілінде)

Айдың басынан бері теңге біршама әлсіреді: 26 маусымда доллардың орташа бағамы 463,83 болды, 1 маусымда бұл көрсеткіш 447, 5 теңге еді. Кей сарапшылар теңгенің құлдырауын MOEX салынған санкциялармен байланыстырды. Бірақ Ұлттық банк мұның себебін Ресейге қарсы санкциялардан емес, Ұлттық қордан келетін транш көлемінің қысқаруынан көреді.

Көктемде су тасқыны салдарын жойып, әлеуметтік шығындарды жабу үшін билік Ұлттық қордан ақша алған. Қордағы долларды биржада сатудан теңге күшейді. Қазір Ұлттық қордан трансферт азайған соң, теңге әлсіреп жатыр. Қаржы жөніндегі сарапшы Арман Бейсембаев теңге бағамының санкцияға қатысы жоғын осылай түсіндіреді.

– Бұл бірінші кезекте, Ұлттық қордан келетін транш көлемінің азаюымен байланысты. Бұрын транштарды биржа арқылы конвертациялайтын. Маусымның басынан бері транштар екі есе азайды. Олар Ұлттық қордан алғысы келгеннің бәрін алды. Енді бұл транштар біртіндеп жоғала бастады, – дейді Бейсембаев.

Сарапшының пікірінше, қазір теңге тұрақтала бастаған, өйткені ұлттық валютаға жасанды қолдау көрсетіліп жатқан жоқ.

– [Ұлттық банк басшысы] Сүлейменов доллардың 460 теңге болуы бюджетте ескерілген деді. Бұған дейін теңге нығайып, доллар 439 теңгеге жетіп еді. Бұған сәуірде Ұлттық қордан миллиард доллар алу себеп болды. Мамырда 700-800 миллион, маусымда 400 миллион [доллар] алды. Осыған дейін Ұлттық қордан транш ретінде келген ақша екі есе қысқарды. Сондықтан теңгенің нығаю факторы күрт жойылды.

Ұлттық банк Мосбиржаға қарсы санкция теңге бағамына әсер етпейді дейді.

"Ресей бұрыннан санкциямен өмір сүріп келе жатқандықтан, олардың басқа биржасы, рубль/доллар сатылатын алаңдары бар. Қазір осы балама алаңдарға көшіп жатыр. Тиісінше, едәуір ықпалын көріп отырған жоқпыз", – дейді Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов.

Бір жыл бұрын Ұлттық банк теңгені рубльден "ажыраттық" деп мәлімдеген. Бірақ сарапшылар қаржы саласындағы өкілетті тұлғалар Қазақстанға тиімсіз рубль бағамына жол бергісі келмейді дейді.

Арман Бейсембаев теңгенің рубльге шаққандағы бағамы 1:5 болуы керек деп есептейді. Қазақстан сонда ғана Ресей тауарлары жаулап алатын ішкі нарықты сыртқы соққыдан қорғай алады.

– Бастысы – асыра сілтемеу. Рубльдің екі немесе үш теңгеден болуы – жақсы емес, өйткені өз тауарымызбен салыстырғанда, импорттық өнім арзандап кетеді. Бұл ішкі өндіріске тиімсіз. Ресей тауарларына тәуелділік артады. 2022 жылғыдай рубль 7-9 теңгеден болса, керісінше, ресейлік өнім қымбаттап, инфляция күшейеді. Отандық тауар өндірушілерге ол да зиян.

Теңгенің рубльге шаққанда әлсіреуі де – жақсылықтың нышаны емес.

– Бұл дұрыс болар еді. Бірақ отандық өнімдер бағасын қалай арзандатады? Ішкі өндіріс те импортқа тәуелді ғой. Бізде өндірістің тұйық жүйесі жоқ. Құрал-жабдық, бөлшектердің бәрі сырттан келеді. Көп затты Ресейден тасимыз. Демек өз тауарымыз болса да, бағасын арзандата алмаймыз. Өйткені импортқа тәуелділік бар. Өз өндірісіміз бар дейміз. Бірақ өндірістегі импорт үлесін қараңызшы. Отандық өнім дегеніміздің өзі импорттық құралдармен жасалған, – дейді Бейсембаев.

Қазақстанда шикізатқа тәуелді экономиканы диверсификациялау туралы айтылып келе жатқанына көп жыл болды. Бірақ іс жүзінде теңгені мықты валютаға айналдыратын диверсификация жасалған жоқ.

САНКЦИЯҒА ІЛІНГЕН АКЦИОНЕР

Мәскеу биржасы (MOEX) қазақстандық қор биржасы (KASE) акцияларының бір бөлігіне ие. KASE – қазақстандық эмитенттердің құнды қағаздары мен шетелдік валюталар сатылатын екі биржаның бірі (тағы бір биржа Астана халықаралық қаржы орталығында жұмыс істейді).

АҚШ Мәскеу биржасына санкция салған күннің ертеңіне Астана жағдайды бақылап отырғанын, KASE биржасындағы сауда әдеттегі тәртіппен жүріп жатқанын хабарлады. Кейінірек қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі KASE биржасына санкция салынбайды, ондай шектеулер енгізу үшін Мосбиржада 50 немесе одан көп пайыз акция болуы керек еді деді.

Мәскеу биржасы алдындағы жазу
Мәскеу биржасы алдындағы жазу

Қазір MOEX қазақстандық биржаның 13,1 пайыз акциясына ие. Мәскеу биржасы – KASE-нің екінші ірі иесі. Біріншісі – Қазақстан Ұлттық банкі.

Арман Бейсембаев Мәскеу биржасы кезінде KASE акционерлері қатарына Еуразия экономика одағына мүше елдердің (Қазақстан, Ресей, Армения, Беларусь, Қырғызстан) бірыңғай биржа кеңістігін құру мақсатымен қосылғанын айтады.

– Мәскеу биржасы кезінде KASE-ге ортақ қаржы нарығы бойынша интеграцияны күшейту, Еуразия экономика одағы негізінде ортақ биржа алаңын құру жоспарымен қосылған. Бұл жоспар әзірге немесе біржола тоқтап қалған сияқты. Әйтеуір, қазір белгісіз мерзімге дейін, – дейді эксперт.

Мәскеу биржасы 2019 жылы KASE-нің 3,3 пайыз акциясын сатып алған. 2020 жылы үлесін 13,1 пайызға жеткізді. Бұл Ресей Украинаға басып кірмей тұрып болған, кейін Батыс елдері Мәскеуге қарсы санкция салды. Экономистер Ресейдің стратегиялық мақсаты – Қазақстан биржасын өз ықпалында қалдыру болды дейді.

Қазір жағдай өзгерді, Мәскеудің биржа капиталындағы рөлі жағымсыз нәрсе саналады. Ресейлік Frank Media іскерлік басылымы 25 маусымда Ресей сауда алаңына жақын ақпарат көзіне сүйеніп, Қазақстан қор биржасы Мәскеуден 13,1 пайыз акциясын өзіне қайта сатуды сұрап отыр деп жазды. "Мосбиржа келісуі мүмкін", – дейді ақпарат көзі.

Келісімшарт құны белгісіз, бірақ іскерлік басылымдар сатылымға балама дайындықтар жүріп жатқанын жазды. KASE шілдеде акционерлердің кезектен тыс жиналысын өткізбек. Күн тәртібіндегі тақырыптардың бірі – сатып алу кезінде акция құнын анықтау әдісін өзгерту.

Қазақстан санкцияға ілінген компаниялардан акцияларын қайтарып алуды бұрын да байқап көрген. 2023 жылы "Бәйтерек" ұлттық холдингі ресейлік Сбербанктің "еншілес компаниясын" сатып алған. АҚШ Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясына байланысты Сбербанкке санкция салды. Қаржы саласындағы өкілетті тұлғалардың дерегінше, келісімшартта ресейлік "Сбербанкке" 130 милиард теңге көлемінде дивиденд төлеу қарастырылған. Банк атауы Bereke болып өзгерді, ал бір жылдан кейін оны катарлық Lesha bank 65 миллиард теңгеге сатып алды. "Бәйтерек" басшылығы Қазақстан еш шығын көрген жоқ деп мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG