ЕҚЫҰ-ның полицейлік миссиясы Орталық Азияны "балқандандырудың" басы емес пе?

«Қырғыз Косовосына жол берілмейді!» деген жазу ұстап, ЕҚЫҰ-ның полицейлерін Қырғызстанға енгізуге қарсылық білдіріп тұрған азамат. Ош, 26 шілде 2010 жыл.

Азаттық радиосының дөңгелек үстелінде Қырғызстанға ЕҚЫҰ полициялық күштерін енгізу мәселелері талқыланды. Қырғыз омбудсмені Турсунбек Акун қырғыздар өз тағдырын өзі шешуге қабілетті деп есептейді.

Заманауи саяси терминологияда «Балқан» деген сөз айтыла қалса, есіңе бірден ұлтаралық жанжал мен осы өңірде бәсекеге түскен ұлы державалар түседі. Саяси болжам жасаудың шебері Збигнев Бжезинский «Ұлы шахмат тақтасы» атты танымал кітабында жазғанындай, «Еуразияның да өз «Балқаны» бар, алайда «Еуразиялық Балқан» әрі анағұрлым ауқымдырақ, әрі халқы тығыз орналасқан және ұлттық құрамы да әрқилы».

Збигнев Бжезинский «Еуразиялық Балқанға» тоғыз елді енгізіпті. Олардың көпшілігі постсоветтік республикалар, атап айтқанда – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Түркіменстан сияқты Орталық Азия мемлекеттері.

Орталық Азияда осы өңірдегі тұрақсыздықтың пайда болуында дәл осы ішкі факторлардың елеулі рөл атқаратындығын АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі бұрынғы кеңесшісі және сыртқы барлау жөніндегі президенттік кеңестің мүшесі Збигнев Бжезинский дәл болжады. Америкалық саясаттанушының пікірінше, дәл осы ұлттық құрамының әркелкілігіне байланысты бұл өңірдің мемлекеттері «ішкі және сыртқы жанжалдар алдында осалдау келеді, осылардың барлығы жиыла келіп құдіреттілеу көршілеріне олардың ісіне араласуға мүмкіндік береді». Қазір дәл осындай жағдай қалыптасып отыр.

ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлері жақында ғана Алматының маңында болған кездесуде Қырғызстанға полицейлік миссия жіберу туралы ұсынысты қолдады. Бұл жайында Қазақстан сыртқы істер министрі және ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы Қанат Саудабаевтың өзі хабарлады.

Қырғызстанның өзіндегілер елге ЕҚЫҰ полицейлік миссиясының келу мүмкіндігі жайындағы әңгімеге түрлі көзқарастар білдіріп отыр.

Қырғызстанға ЕҚЫҰ полицейлік миссиясының келуі Орталық Азияны балқандандырудың белгісі емес пе? Азаттық радиосының кезекті дөңгелек үстелінің тақырыбы осылай деп аталады.

Дөңгелек үстелге: Роман Василенко – Қазақстан СІМ халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы; Фархад Талипов – өзбектің тәуелсіз саяси талдаушысы (Ташкент, Өзбекстан); Турсунбек Акун – қырғыз омбудсмені (Бішкек, Қырғызстан); Вадим Дубнов – «Азат Еуропа»/ «Азаттық» радиосы Орыс редакциясының постсоветтік мемлекеттер жөніндегі журналисі және сарапшысы; Досым Сәтбаев – саясаттанушы, Тәуекелді бағалау тобының директоры (Алматы, Қазақстан) қатысты.

Дөңгелек үстелді Азаттық радиосының қызметкері Сұлтан Хан Аққұлұлы жүргізді.

АҚ БЕЛГІ ТАҚҚАНДАР

Жүргізуші:

– ЕҚЫҰ хатшылығы жанындағы Жанжалдардың алдын алу жөніндегі орталық жетекшісі Герберт Зальбер Қырғызстан президенті Роза Отунбаевамен келіссөздер жүргізді. Келіссөздер нәтижесі бойынша, алдағы бірнеше аптаның көлемінде ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттер полиция күштерінің 52 сардары төрт айға Қырғызстанның оңтүстігіне жіберілетін болды.

Полиция күштерінің құрамы тағы 50 адамға көбеюі мүмкін және олардың елде болу мерзімі жергілікті жағдайға байланысты ұзартылуы ықтимал. Қырғызстанға жіберіліп отырған полицейлер жергілікті милициямен және халықтың түрлі топтарының қолдауымен жұмыс істеулері керек.

Қырғызстан президенті Роза Отунбаева бұл полиция күштері жергілікті құқық органдарына кеңес беріп, сонымен бірге жергілікті милиция қызметкерлерін даярлауға жәрдем көрсетеді деді.

Полиция миссиясын жіберу жөніндегі формалды шешімді ЕҚЫҰ-ның Венадағы Тұрақты кеңесі қабылдауы керек.

Венада қандай шешім қабылданды, ЕҚЫҰ-ның полицейлік миссиясы дегеніміздің өзі не, оның алдына нақты қандай міндеттер қойылады? Осы сұрақтарға қысқаша жауап алу үшін алдымен сөзді Василенко мырзаға берсек.

Роман Василенко:

– Алматы маңында сыртқы істер министрлерінің келісуі бойынша Қырғызстанға 52 полиция сардарынан тұратын консультативтік топты жіберу жөніндегі шешімді Венада формалды түрде бекітті. Алдын ала келіссөздер барысында (оның ішінде қырғыз билігімен де келіссөздер өткізілді) белгіленгеніндей, оның негізгі міндетіне қоғамдық тәртіпті қалпына келтіру, Қырғыз Республикасы ішкі істер министрлігі аумақтық бөлімшелерінің әлеуетін нығайту, ұлтаралық шиеленісті бәсеңдетуге ықпал ету жатады.

Осының барлығы гуманитарлық дағдарысты жұмсартып, жергілікті жерде саяси диалогты жалғастыруға жағдай туғызуы керек. Аталған топ қыркүйектің 1-не дейін Қырғызстанның оңтүстік облыстарына жіберіледі. Полицейлік миссия құрамында ЕҚЫҰ елдері күш құрылымдарының қызметкерлері болады. Олар өз елдерінің полиция киімдерін киіп, жеңдеріне қырғыз тілінде «ЕҚЫҰ-ның полицейлік кеңесшісі» деген жазу жазылған ақ белгі тағып алады.

ҚЫРҒЫЗ ОМБУДСМЕНІНІҢ ҚАРСЫЛЫҒЫ

Жүргізуші:

– Қырғызстанға ЕҚЫҰ полицейлік миссиясының келуі, америкалық танымал саясаттанушының болжағанындай, Еуразияны, атап айтқанда Орталық Азияны балқандандырудың белгісі емес пе?

Вадим Дубнов:

– Меніңше «балқандандыру» деген теңеу дәл айтылмаған сияқты. Дәл осы жағдайда бұлай деп айтуға негіз жоқ. Мен Қырғызстандағы
Вадим Дубнов – Азат Еуропа/Азаттық радиосы орыс редакциясының постсоветтік мемлекеттер жөніндегі журналисі және сарапшысы.
жағдайды Балқанмен салыстырмас едім. Балқан елдерінде жағдай мүлде өзгеше болатын. Ол жақта саяси суперұлты орнаған, орталық билігі бар үлкен мемлекет қирады. Ол жақтағы оқиғалар сценарий бойынша өрбіді. ССРО-да да дәл осылай болуы мүмкін еді. Бір жақсысы, бұлай болған жоқ. Қырғызстандағы жағдайды балқандандырудың бір түрі деген сөз меніңше дұрыс емес.

Иә, қазіргі уақытта мемлекеттің ішінде бақылаудан шығып кеткен аймақ бар екені рас, онда қайғылы оқиғалар болып та жатыр. Мен Қырғызстанды елден ерек ел деп атамас едім. Көп елдердегі оқиғалар осы сюжет бойынша өрбіді. Мүмкін оның біреуінде қатаңырақ, ал екіншісінде жұмсағырақ болған шығар. Бір жерлерде ол дами түссе, енді бір жерлерде ақырындап бәсеңдеуге көшті. Бұл үдеріске осы аймақта үлкен рөл атқарып отырған өзге де алып елдер араласпай тұрған кезде Қырғызстанды балқандандыру туралы әңгіме айтудың қажеті жоқ.

Турсунбек Акун:

– Қырғызстанға полицейлік миссияны жанашырлықпен жіберіп отырғанын түсінеміз. Бұл – халықаралық ұйымдардың, оның ішінде ЕҚЫҰ-ның бізге консультативтік көмек бергісі келіп отырған ізгі ниеті. Алайда мына бір мәселелер назардан тыс қалыңқырап отыр.

Мәселе мынада, біз – Қырғызстан халқы бұл топты қабылдай алмаймыз. Қандай жағдай болса да қырғыздар өз тағдырын өздері шешуге қабілетті. Әрине, бізде толып жатқан кемшіліктер бар, құқық органдарының, күш құрылымдарының жұмысын жақсарту қажет. Бірақ қырғыздар ежелден өз мәселесін өзі шешіп келе жатқан дана халық.

Екінші жағынан, БҰҰ-да Қырғызстанның жалауы желбіреп тұр. Біз тең құқылы державамыз. Және, әрине, біздегі болып жатқан жағдай үлкен қасірет. Бірақ бұл ұлтаралық жанжал. Ал бізге өзге елдерден консультативтік көмектің жіберілуін ұлтты қорлау деп есептеймін. Ел тұрғындары дәл осы қорланушылық сезіміне байланысты аталған консультативтік кеңестің енгізілуіне қарсы пикеттер өткізді.

Бұған дейін Құлов мырза ҰҚШҰ күштерін енгізу жөнінде ұсыныс жасады, енді біреулер БҰҰ-ның күштерін енгізуді ұсынды, Роза Отунбаева Ресей әскерлерін енгізуді жақтады. Бірақ мен омбудсмен, Қырғызстан азаматы ретінде бұған қарсы болдым.

Біз, Қырғызстан тұрғындары өз тағдырымызды өзіміз шеше аламыз және шешіп жатырмыз. Бізге сырттан әкелінген полиция күштерінің ешқандай қажеті жоқ. Оның үстіне, бұл адамдар біздің тілімізді, салт-дәстүрімізді білмейді. Мысалы, ертең оларға қарсы оқ ататын болса, олар қашып кетеді. Мен ЕҚЫҰ-ны, халықаралық ұйымдарды сыйлаймын. Олар адам құқығын қорғау үшін, еркіндікті дамыту үшін талай жұмыс істеді. Бірақ әскерді, дәл осы 52 адамды енгізудің ешқандай қажеттілігі жоқ.

Фархад Талипов:

– Балқандандыру сценариі жайындағы әңгімені тәуелсіздіктің алғашқы кезеңдерінде айтуға болатын еді. Социалистік жүйе күйреп, Совет Одағы тарап, Югославия мемлекеті тарай бастаған кезде Балқанның өзінде балқандандыру басталды. Яғни, өте ауыр дағдарыс және жергілікті жерлердегі саяси жағдайдың тығырыққа тірелуі мемлекеттің тарауына, территориялық талаптар мен ұлтаралық және дінаралық
ЕҚЫҰ полицейлерін Қырғызстанға енгізуге қарсылық акциясына шыққандар. Ош, 26 шілде 2010 жыл.
жанжалдарға алып келді.

Тәуелсіздіктің басында Орталық Азияда да мұндай жанжалдардың болуы ықтимал еді. Алайда мұнда бұл оқиғалардың барлығы бірдей болған жоқ. Оның үстіне, Балқаннан айырмашылығы, тәуелсіздіктің басында, Түркменстанды қоса алғанда, Орталық Азиядағы барлық бес мемлекет Совет Одағының Орталық Азиядағы бұрынғы әкімшілік-аумақтық шекаралары мемлекетаралық шекара ретінде танылады деп жариялады. Яғни олардың аумақтық мәселеде бір-біріне қояр талабы жоқ деген сөз.

Бұл өте үлкен жетістік еді. Өйткені Балқан елдеріндегі жанжалға дәл осы аумақтық бөліну себепкер болған-тын. Бұл жақта мұндай бөлісу болған жоқ. Керісінше, бұрынғы әкімшілік шекараларды мемлекетаралық шекара деп таныды.

Өздеріңізге белгілі, Орталық Азияны мекендейтін халықтың басым көпшілігі мұсылмандар. Сол себепті Балқан елдеріндегідей аса ауқымды ұлтаралық жанжалдардың өрбуіне негіз болмады. Егер Орталық Азияда жанжал туындау мүмкіндігі болса, ол бәрібір балқан елдерінің сценариі бойынша дамуы мүмкін емес еді.

Роман Василенко:

– Қырғыз әріптесімнің пікіріне үлкен құрметпен қараймын. Бірақ жағдайды түсіндіре кеткім келеді. Мәселе мынада, Қырғызстанға полиция кеңесшілерін жіберу туралы шешімді ЕҚЫҰ-ға мүше барлық 56 мемлекет қабылдады. Оның ішінде Қырғызстанның өзі де бар. ЕҚЫҰ-ға көмек сұрап өтініш айтқан да Қырғызстанның дәл өзі. Ол келіссөздерге алдымен уақытша үкіметтің, содан соң толыққанды үкіметтің өкілдері қатысты.

Яғни, менің айтайын дегенім, аталған шешім Қырғызстан президенті Роза Отунбаеваның тікелей өз пікірі мен ұстанымын ескере отырып қабылданды. Қырғызстан ЕҚЫҰ-ның тең құқылы мүшесі екендігін де атап өткім келеді. Оның туы Қазақстанның туымен қатар желбіреп тұр.

Мүмкін, адамдар аталған топтың міндеті жайында толық білмейтін шығар? Түсіндіре кетейін, бұл топ консультативтік көмек көрсету үшін жіберілмек. Бұны ЕҚЫҰ тарапынан көрсетілген көмек деп түсіну қажет. Ал тіл мәселесіне келсек, полиция миссиясына қатысатын қызметкерлерді таңдау барысында олардың ең болмағанда орыс тілін білуіне назар аударылады. Бұл олардың жергілікті тұрғындармен және Қырғызстан ІІМ-дегі әріптестерімен сөйлесуі үшін қажет.

Аталған қадам ЕҚЫҰ үшін тәжірибе сияқты болып отыр. Ол өз мандаты аясында бір нәрсені шынайы жасауға қабілетті екендігін көрсетуі керек. ЕҚЫҰ-ның полицейлік миссиясына әлдебір бақылаушыларға қарағандай қараудың қажеті жоқ. Біздің қырғыз әріптесіміздің дауыс ырғағына қарағанда солай сияқты. Халықаралық қауымдастық Қырғызстандағы маусым оқиғаларына жанашырлықпен қарап, көмектескісі келіп отыр, оның бұдан кейінгі салдарының алдын алғысы келеді. Қырғызстанның халқы осыны түсінуі қажет.

Досым Сәтбаев:

– Иә, сепаратизм қаупі, әлдебір арандатушы күштердің ұлтаралық жанжалдарды бастауға әрекеттенуі Балқан елдерінде 1990 жылдары болған жанжалдарды еске түсіргенімен мұндағы жағдай ол оқиғалардан өзгерек. Ал енді полиция күштерін енгізу туралы
Досым Сәтпаев – саясаттанушы, Тәуекелді бағалау тобының директоры.
ЕҚЫҰ-ның соңғы шешімі Қырғызстандағы жағдайды жақсарту үшін жасалып отыр.

Қырғызстанның өзі де мүшесі болып табылатын ҰҚШҰ, ШЫҰ тәрізді жекелеген аймақтық құрылымдар, өкінішке қарай, кезінде осы оқиғаларға жедел араласа алмады. Әрине, осы тұрғыдан келгенде Қырғызстандағы жағдай әлі де тұрақсыздау болып тұр.

Бұл жерде әлдекім өзіне жауапкершілік алуы керек деп ойлаймын. Қазіргі сәтте бұл жауапкершілікті ЕҚЫҰ-ның өз мойнына алғаны жақсы болды. Олардың қолынан бұл шаруа келе ме, жоқ па, мәселе онда емес. Ең бастысы, осы бағыттағы алғашқы қадам жасалды.

ЕҚЫҰ-ға өзге де халықаралық құрылымдар қолдау көрсетеді деп үміттенгіміз келеді. Бірінші кезекте Қырғызстанның өзі мүшесі болып табылатын құрылымдар қолдау көрсетсе дұрыс болар еді. Бұның бәрі балқандандыруға алып келеді деп дәл қазір айтудың қажеті жоқ. Бұл бар болғаны елдегі шиеленісті бәсеңдетудің әрекеті ғана.

«ҮШІНШІ КҮШТЕР... МӘСЕЛЕНІ ШЕШПЕЙДІ»

Жүргізуші:

– Қырғызстанның оңтүстігіндегі жағдайды тұрақтандыру ЕҚЫҰ полицейлік миссиясының қолынан келе ме?

Роман Василенко:

– Қалай дегенмен де жергілікті жерлерде олардың болмағанынан болғаны жақсы. Сондықтан менің жауабым нық: полицейлік миссия жағдайды тұрақтандыруға көмектесе алады.

Вадим Дубнов:

– 50 полицей жағдайды тұрақтандыру үшін емес (өйткені 50 полицей жағдайды өзгерте алмайды), саяси парыз ретінде енгізіліп отыр. Бір жағынан Қырғызстан Ресеймен қарым-қатынасын жақсартып отыр. Және де бұны жасамасына болмайды, өйткені оған тәуелді.

Екінші жағынан, ол әлдебір кеңістікте болуы керек. Қазіргі жағдайда бұл кеңістік ЕҚЫҰ болып шықты. Мұндай жағдайда Қырғызстан көпвекторлы саясат ұстануға мәжбүр. ЕҚЫҰ мен полицейлер – бұл екінші вектордың жүзеге асуы. Бішкек осындай қадамға барғанда әлгі 50 полицей елдің оңтүстігіндегі жағдайға ықпал етеді деп үміттеніп отырған жоқ.

Турсунбек Акун:

– Қырғызстанда мемлекет тарап жатқан жоқ, керісінше бірігуде. Менің полицейлерге қарсы болу себебім, олар тек тіл білмейді ғана емес, олар тұтастай алғанда Қырғызстан халқын білмейді. Иә, төрт айда істің мән-жайын түсініп, жағдайды түзету қиын. Екіншіден, бұл жерде
Турсунбек Акун – қырғыз омбудсмені.
қырғыздар да, өзбектер де агрессивті көңіл-күйде. Сондықтан да енді олардың назары президентке немесе қарулы күштерге емес, дәл осы полицейлерге ауады.

Мемлекет беделінен айрылады, үшінші күштердің енгізілуі вирус сияқты. Біз өзімізді қорланғандай сезінеміз. Өз мәселемізді өзіміз шеше алмайтын сияқтымыз. Біз шындықты айтпағандықтан ақпараттық соғыстан жеңіліп қалдық. Үкіметтік емес сектордың өкілдері, құқыққорғаушылар қырғыздарды тонаушылар деп көрсетті.

Бірақ қырғыздар өзбек халқына қарсы геноцид жасаған жоқ. Бұл жерде екі жақтан да кінә бар. Алдымен өзбектер қырғыздарға бас салды, ал ертесіне қырғыздар өзбектердің сазайын берді. Сойқанға қатысқандардан ешкім де жазасыз қалған жоқ. Өздеріне не керек екендігін қырғыздар мен өзбектердің өздері жақсы біледі. Ал уақытша келетін үшінші күштер мәселені шешпейді.

Фархад Талипов:

– Полиция миссиясының алдында сәл өзгерек міндет тұр. Елу шақты полиция қызметкері жағдайды тұрақтандыра алмайды деп ойлаймын. Бұл жайында айтудың да қажеті жоқ. Мен ЕҚЫҰ полицейлік миссиясының алдында дәл осындай міндет тұр деп те ойламаймын.

Менің ойымша, ЕҚЫҰ өзінің мүшесі болып табылатын елдегі мұндай жағдайға араласпай отыра алмайтын еді. Осылайша ЕҚЫҰ осындай жағдайда қалай әрекет жасаудың тәсілдерін байқап көріп жатқан сияқты. Екінші жағынан, ЕҚЫҰ-ның араласуы
Ойраннан соң. Ош қаласы, 28 маусым 2010 жыл.
Қырғызстандағы оқиғаларға әлдебір халықаралық сипат береді.

Құрметті омбудсменнің айтуынша, Қырғызстан жағдайды өз күшімен түзей алады екен. Мен мұндай пікірге сенімсіздікпен қараймын. Олай болса, жанжалдың алғашқы күндерінде-ақ Қырғызстанның қазіргі басшылығы жанжалды реттеуге қабілетсіздігін айтып, не себепті халықаралық қауымдастықтан, атап айтқанда Ресейден көмек сұрады? «Бәрін өзіміз шеше аламыз» деген сөздің өзі олардың өздері шеше алмайтындығын көрсетіп тұр.

Бірақ бұл полицейлік миссияның да қолынан келмейді. Ал енді мәселенің халықаралық мәртебе алуы белгілі бір деңгейде келісім мен бейбітшілікке қол жеткізуге ықпал етуі мүмкін. Халықаралық деңгейде жағдайға өзгеше көзқараспен қарауға мүмкіндік туады. Қырғызстанның оңтүстігіндегі қырғыздар да, өзбектер де қазір қатты қызбалыққа бой алдырды. Олар бұны жай ғана қабылдай салмайды. Бірін бірі айыптаулары мүмкін. Омбудсменнің айтуынша, барлығын өзбектер бастаған екен. Бірақ бұған керісінше пікір-көзқарастар да бар. Халықаралық миссия барынша шынайы ақпаратты жинап, ортақ бағалауға қол жеткізе алуы мүмкін.

Досым Сәтбаев:

– Әрине, бұған дейін 20 жыл бойы Ақаев та, Бакиев те назар аудармаған бұл мәселені бір ғана миссияның күшімен шешіп тастау мүмкін емес. Бұл мәселені елдің қазіргі басшылығының шешері де неғайбыл іс. Бұл ұлтаралық жанжалдардың түбірі советтік кезеңнен бері созылып келеді.

Полицияның консультативтік тобын енгізу туралы ЕҚЫҰ-ның шешімін дипломатиялық қадам деп қарау қажет. Әсіресе қаржылық, материалдық тұрғыда ЕҚЫҰ-ның бұл бастамасын өзге де халықаралық ұйымдар қолдаса дұрыс болар еді. Өздеріңізге белгілі, елдегі тәртіп пен жақында ғана қабылданған Конституциясын қорғау үшін Қырғызстанның қазіргі басшылығының еш мүмкіндігі жоқ.

Жүргізуші:

– Әңгімелеріңізге рақмет.