Германия университеттерінде имамдар даярлайтын бөлімдер ашу жоспарлануда

Германиядағы мұсылмандардың мешітте намазға жығылған сәті. Фёльклинген қаласы, 12 қаңтар 2010 жыл.

Еуроодақ мемлекеттерінде кедейлік пен оқшаулау проблемасын шешу - мұсылмандарға қоғамның еті үйренуіне оң әсер етпек. Анда-санда Еуропаның әр тұсында ксенофобиялық пиғыл байқалғанымен, ондағы жұрт өздеріндегі мұсылман қауымдастығына үйреншікті жайт ретінде қарайды.

ӨЗАРА СЫЙЛАСТЫҚ ПЕН ТӨЗІМДІЛІК ТАПШЫЛЫҒЫ

Бельгиялықтар Брюссельді қауіп-қатерге толы қала деп санайды. Олардың ойынша, аталған қаланың кедейлер тұратын махаллаларын негізінен Мароккодан келген және басқа да келімсек топтар ортасынан шыққан қылмыскерлер билеп-төстейді, деп жазады «Гардиан» газеті.

Таяуда болған үш жанжалды оқиға көптеген адамдардың бұл қала жөніндегі әлгіндей пікірін тек күшейте түсті. Ол оқиғаның біреуінің барысында, қарулы тонау ұйымдастырмақ болғандардың ойлағандары іске аспай, ақыр соңында, қашып бара жатқан қылмыскер Калашников автоматымен полиция қызметкерін атып өлтіріп кеткен еді, деп атап көрсетеді газет.

Оқиғадан соң іле-шала Бельгияның бұқаралық ақпарат құралдары арналарында көшедегі қылмыспен күрес және оған ең қатал шара қолдану арқылы бөгет қою туралы мақалалар мен ой-пікірлердің қалың тізбегі жарияланып, ел құлағын шулатты.

Бұлардың сарыны жалпы Британ жұртшылығына да таныс, деп жазады «Гардиан». Осындай дүркіреген айғай-шу ішінде бәрін ақыл таразысына салып, салиқалы жолмен шешу дұрыс дегендердің пікірі, мылқаудың өлең айтқаны тәрізді, еленбей қалды.

Брюссель ауыр қылмыс жасау әрекетінің саны бойынша әлемдегі ең қауіпсіз астаналар қатарында деп есептеледі. Тіпті, бұл қала іс жүзінде Еуропадағы ең қауіпсіз астана болуы да ғажап емес.

«Гардианның» жазуынша, бойынан нәсілшілдік пен діни ерекшелену сарыны сезілген қоғамдық талқылаулар Брюссельдің жағдайы күрделі саналатын ықшам аудандарының тұрғындары арасында реніш сезімінің тарауына себеп болған.

«Өзіміз бұқаралық ақпарат құралдары арқылы естіп-біліп жатқан қылмыс оқиғалары оқта-текте болмаса, тұрақты түрде болатын нәрсе емес. Көше қылмысын қатаң ауыздықтау керек деп қақсайтын мына әңгіменің бәрі мені мезі қылды. Біз бұны қоғам боп талқылауға тиіспіз, алайда мұндай талқылау өзара сыйластық пен төзімге негізделгені дұрыс», – дейді 32 жастағы Кәмал есімді марроколық

БҰЛ МӘСЕЛЕ ШЫНАЙЫ ТЕҢДІК БОЛҒАНДА ШЕШІЛЕДІ

Көңілі қалу мен реніш сезімі, әсіресе, жаман атағымен аты шыққан Курегем махалласында кең тарап отыр.

Компьютерлік графика маманы әрі әлеуметтік қызметкер боп жұмыс істейтін Эрик Гийссен Брюссельде жиырма жылдай уақыт тұрып келеді. Оның кәсібі – фильмдер түсірумен айналысу арқылы Курегем бозбалаларының өмірден өз орнын табуына көмек беру. Эрик Гийссен өзі тәрбиелеп жүрген жандардың өмірге немқұрайды боп кеткенін байқаған.

Ол шешімін таппай отырған мәселенің көп екенін мойындайды. Дегенмен, дейді ол, айқай-шу тудыруға жаны құмар бұқаралық ақпарат құралдары мен қарақан басының қамын ғана күйттейтін саяси қайраткерлер бұл қиын-қыстау ахуалды одан әрмен күрделі етіп отыр. Маман – суретшінің пікірінше, аталған түйінді шешудің нақты жолы – кедейлік пен әлеуметтік оқшаулау мәселесін шешуде жатыр.

Брюссель қаласының халықтың жан басына шаққандағы жалпы ішкі табысының көрсеткіші Еуроодақ ішіндегі осындай орта көрсеткіштен 230 пайыздай көлемде алда тұр. Алайда, қалада шеті құралатын байлық негізінен дәулеттілер мекен ететін махалла тұрғындары және мұнда басқа қалалардан келіп жұмыс істеушілер қалтасына кетіп жатыр.

Ал Брюссельдің кедей махаллаларында, басқа астаналардың көбінен бір ерекшелігі, елдегі жұмыссыздықтың ең жоғары көрсеткіші тіркелген. Ол көрсеткіш 18 пайызды маңайлайды. Гийссеннің айтуына қарағанда, Курегем тәрізді ықшам аудандарда жастар арасындағы жұмыссыздық көрсеткіші тіпті 50 пайыздық деңгейді ауқымдаған болуы да әбден мүмкін, деп атап көрсетеді «Гардиан».

«Курегем тәрізді жерлерде ең керек нәрсе – ол көбірек инвестиция салу», – деп түсіндіреді Эрик Гийссен.

Дегенмен, көбірек инвестиция салу орнына билік Курегем мен Брюссельдің кедейлер тұратын басқа да махаллаларын дамыту жөніндегі жобалардан қаражатты кері қарай аударып жіберіп отыр. Дүниежүзілік экономикалық дағдарыстың зардабын елдің бәрі тартып жатқанда, білім беру және жұмыспен қамту мәселесін реттеуге ұмтылған билік назарына иммигранттар махалласы ілінбепті, деп жазады «Гардиан».

«Егер жұмыс орындары ашылып, басқа да мүмкіндік жасалса, онда қазіргі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі өз-өзінен шешімін табады. Біз әлдеқайда жетілген әлеуметтік-экономикалық интеграциялау шарасын іс жүзіне асыру арқылы әлеуметтік оқшаулауды ауыздықтауға тиіспіз», – деп мәлімдейді Кәмәл.

МЕШІТТІ ҚОРЛАУ

Жергілікті қоғамға айғай-ұйғайсыз сіңу мәселесі Франция мұсылмандарының да басын қатырып отыр. Мысалы, таяуда Сент-Этьен қаласындағы мешіт қорланды.

«Монд» газетінің айтуынша, онда салынып жатқан үлкен мешіт қабырғасында ондаған нәсілшілдік әрі мұсылмандарға қарсы сипаттағы жазу пайда болғанын жұрт аяқ астынан таңертеңгі мезетте байқаған.

Ол жазулардың арасында «Франция – француздарға», «Бұл жерде араб тіліне орын жоқ», «Хайль Гитлер» деген тәрізді сөздер болыпты. Газеттің хабарлауынша, өткен жылдар ішінде мұндай жазу Францияның басқа қалаларындағы бірқатар мешіттер қабырғасына да жазылған екен.

Жергілікті жұртшылық аталған вандализм іс-әрекетін айыптады, деп атап көрсетеді басылым. Рона-Альпы провинциясының Аймақтық мұсылмандар кеңесі өзінің коммюникесінде бұзақылар ісін «пасық қимыл» деп атап, қатаң сынады.

Рона-Альпы провинциясының Аймақтық мұсылмандар кеңесінің мәлімдемесін еврейлер қауымдастығы да қолдапты.

«Біз, еврей қауымдастығы, ғибадатханаларды бүйтіп қорлауға қатысты мәселеде мұсылман қауымдастығына толық тілеулеспіз. Мен әділет тез арада салтанат құрады деп үміттенем», – деп мәлімдеді еврейдің Рона-Альпы-орталығы діни кеңесінің жетекшісі Марсель Дрейфю. Ол қабырғадағы сөзді жазушылар әрекетіне «жексұрын қылық» деп баға берді.

«SOS-Нәсілшілдік» ұйымы өз тарабынан аталған оқиғаға байланысты коммюнике таратты. Онда былай делінген: «Бұл нацистік және кісікиіктік сипаттағы жазудың тағылығы ешбір бұлталақсыз әрі батыл түрде айыпталуы тиіс».

Рона-Альпы провинциясының Аймақтық мұсылмандар кеңесі аталған басбұзарлыққа байланысты ел билігіне үлкен мешіттер маңайына бақылау камерасын орнату жөніндегі өз өтінішін тағы да қайталап жеткізді. Бұл кеңес сонымен қатар, Франциядағы исламофобияның өсуі жөніндегі мәлімет жинаумен айналысатын «парламенттік ақпарат миссиясын құруды» талап етіп отыр, деп атап көрсетеді «Монд» газеті.

ИМАМ ДИПЛОМЫН... ГЕРМАНИЯДА ОҚЫП АЛУҒА БОЛАДЫ

Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауына қарағанда, Германияда мұсылмандарды қоғамдық құрылымдарға интеграциялау мәселесі әлдеқайда сәттірек іс жүзіне асырылып жатқан көрінеді.

Мәселен, таяуда Германия үкіметіне осы мемлекеттегі Ғылыми кеңес елдегі екі - үш университетте ислам дінтану факультетін ашу жөнінде ұсыныс жасады, деп жазады «Тагесшпигель» газеті.

Ислами дінтану ғылымын оқыту аясын кеңейту туралы кеңес ұсынысы саясаткерлер арасынан да, Германиядағы мұсылман қауымдастығы тарабынан да кең қолдау тауып отыр.

Федералдық Солтүстік Рейн-Вестфалия аймағы үкіметінің интеграция істері жөніндегі министрі Армин Лашет Германия жоғары оқу орындарында ислами дінтану ғылымын оқытуды кеңейту туралы ұсыныс толығымен қолдау көрсетілуге лайық дейді.

«Бізге өзіміздің қоғамда өсіп, өз университеттерімізде білім алған имамдар көбірек қажет. Германияға екі-үш жылдай ғана бұрын келген әрі жергілікті қоғамдық ахуалдың жай-жапсарын түсінбейтін кісілер, мәселен, Түркиядан келгендер, интеграциялық саясаттың бүгінгі күнгі талабына сай емес болып отыр. Сондықтан, Ғылыми кеңестің ұсынысын дереу іс жүзіне асыру керек», – деп мәлімдеді Армин Лашет.

Сарапшылар Ғылыми кеңестің ұсынысын Германияда мұсылмандарды қоғамдық құрылымдарға интеграциялау мәселесін шешудегі түбірлі бетбұрыс деп бағалауда.

Бұған дейін Германия жоғары оқу орындарында ислами дінтану ғылымын оқытуды заңдастыру талпыныстары университеттердің жеткілікті мүдделілік танытпауынан сәтсіздікке ұшырап келген еді.

Бұған елдегі ислам негіздерін оқыту жүйесінде алуан түрлі көптеген бағыттың болуы да өзінің кері әсерін тигізбей қоймады. Мұсылман балалары осы бағыттар аясында оқып, өмірдегі өзінің рухани бағыт-бағдарын тауып келді, деп атап көрсетеді газет.

Ислам діні негіздерін оқыту ісіне білікті мамандар мен ғалымдарды тарту көзделіп отыр. Оқу процесін ұйымдастырумен қоғамдық негізде құрылатын діни кеңестер айналысатын болады.